Коронадағдарыс дамыған да, дамушы да елдердің экономикасын аяған жоқ. Бірде бір мемлекет вирустың таралуына төтеп бере алмады. Салдарынан көптеген кәсіпорын жұмысы уақытша тұралап, шығын көлемі еселеп артты. Бұл тұста отандық шағын және орта бизнес иелеріне мемлекет қолдау құралы ретінде барынша көмектесуге тырысты. Елде Төтенше жағдай жарияланған сәтте «Атамекен» ҰКП елдегі шағын және орта бизнесті сақтап қалу мақсатында Үкіметке бірқатар ұсыныстарын жіберді, деп хабарлайды AzattyqRuhy.kz.
«Атамекен» ҰКП ШОБ комитеті пандемия басталғаннан бері шағын және орта бизнес қауымдастығын үйлестірумен, ШОБ-ты қолдау жөніндегі ұсыныстарын әзірлеумен айналысты. Үкіметке бірқатар ұсыныс жіберілді, министрліктермен талқыланды, алайда Үкімет ұсыныстардың барлығын бірдей қабылдаған жоқ», - деді ШОБ комитетінің мүшесі Берік Зайыров.
Үкімет тарапынан қолдау тапқан ұсыныстар:
Микро және шағын бизнесті жеке жеңілдікпен қаржыландыру. Бұрын барлық қаржыландыру түрі орта бизнестің жоғарғы сегментіне және ірі бизнеске бағытталған болатын;
Азаматтық-құқықтық сипаттағы келісімшарттар бойынша зейнетақы аударымдарының көлемін азайту;
Алайда мынадай маңызды ұсыныстарға қолдау көрсетілген жоқ:
Микро және шағын бизнес үшін арендалық төлемдерді субсидиялау.
Микро және шағын бизнес үшін ҚҚС бойынша лимитті ұлғайту.
Бюджеттен тыс қорларға төленетін салықтар мен төлемдерден босату мақсатында жасалған зардап шеккен кәсіпорындардың тізімін кеңейту (мысалы, білім беру қызметтері, киім тігу, өндіріс тізімге енгізілмеген, ал консалтинг енгізілді);
Микро бизнес үшін электрондық шот-фактуралардың (ЭСФ) күшін жою, Ілеспе жүкқұжаттар (СНТ) мен Виртуалдық қоймаларды енгізуді кейінге қалдыру.
Мемлекеттік кірістер комитетіне онлайн Кассалық аппараттардың деректерін беретін ФДО (ОФД) комиссиясының күшін жою.
Барлық утилизация төлемдерінің (утильсбор) күшін жою (автокөлікке, а/ш техникасына, кабельге және басқа да тауарларға).
Қараша айынан бастап ШОБ иелері жалақы қорынан жүзеге асырылатын кейбір салық түрлерін қайта төлеуді бастады. Еске сала кетейік, пандемиядан зардап шеккен кәсіпкерлер 2020 жылдың 1 сәуірінен бастап 1 қазанға дейін барлық төлем түрлерінен босатылған болатын.
«Зардап шеккен кәсіпкерлер жеке табыс салығы, міндетті зейнетақы жарналары, әлеуметтік салық, әлеуметтік аударымдар, әлеуметтік медициналық сақтандыру жарналары мен аударымдардан босатылды. Бұл «зардап шеккендер» тізіміне енгізілген кәсіпкерлер үшін елеулі қолдау болды. Өйткені, салықтар мен әлеуметтік төлемдер жалақының шамамен 35%-ын құрайды. Мысалы, 200 000 теңге жалақыны төлеу үшін кәсіпкер мемлекетке 70 000 теңге төлеуі тиіс», - деді Берік Зайыров.
Дегенмен 1 қазаннан бастап 1 қаңтарға дейін шағын және орта бизнестің зардап шеккен субъектілері үшін әлеуметтік аударымдар (3,5%) мен әлеуметтік медициналық сақтандырудан (3%) босатылу мерзімі ұзартылды. ШОБ комитетінің мәліметіне сүйенсек, әлеуметтік аударымдар мен әлеуметтік медициналық сақтандыру жалақы қорының 6,5%-ын құрайды. Президент кәсіпкерлерді бюджеттен тыс қорларға аударатын барлық төлемдерден босатуды тапсырды. Алайда, ШОБ комитетінің мүшесі Берік Зайыров Үкімет тапсырманы жартылай орындап, үш айға бизнесті міндетті зейнетақы жарналарынан босатпағандығын алға тартты.
Сондай-ақ, ШОБ комитеті мүшесінің айтуынша, кәсіпкерлер арасында экономиканың «зардап шеккен» секторларының тізіміне қатысты бірнеше сұрақтар туындаған.
«Мәселен, кәсіпкерлерден «Неге бұл тізімге консалтинг енгізіліп, білім беру қызметтері енгізілген жоқ? Неге бұл тізімге автомобиль саудасы енгізіліп, жеңіл өнеркәсіп енгізілген жоқ?» деген сұрақтар келді. Өз кезегінде «Атамекен» ҰКП ШОБ комитеті экономиканың зардап шеккен секторларының тізімін кеңейту жөніндегі ұсыныстарды жіберді. Себебі, пандемия тұсында расымен де барлығы зардап шекті. Алайда экономиканың «зардап шеккен» секторларының тізімі өзгертілген жоқ», - деді Берік Зайыров.
Елімізде көптеген мейрамхана иелері түгелдей табысынан айырылды. Дүркіретіп той-томалақ өткізуге ел билігі әлі де рұқсат берген жоқ. Салдарынан сән-салтаны жарасқан зәулім ғимараттардың есігі әлі күнге дейін жабық. Десе де, адамнан амал қалған ба? Кәсіпкерлер арасында тірлігін түзеп, бағытын өзгертіп, жаңа салаға бет бұрғандар да баршылық екен.
«Вероника Нұрпейісованың (Нұр-Сұлтан қаласы рестораторлар клубының төрайымы) пікірі бойынша, пандемия кезінде көптеген рестораторлар қайта бейімделді. Көбіне кәсіпорындар жартылай фабрикаттарды шығарумен немесе жеткізу қызмет түрімен айналысуды бастады. Шамамен жобалардың 80%-ы пандемияға дейін ондай қызмет түрлерімен айналыспаған. 5-7%-ы толығымен қайта бейінделді. Сонымен қатар, жиһаз өндірісі, сатып алу, сату және тағы сол сияқты салаларға ауысып кетті», - деді ШОБ комитетінің мүшесі.
«Атамекен» ҰКП берген мәліметіне сүйенсек, республика бойынша той өткізетін мейрамханалардың 50%-ы пандемия кезінде жабылып қалды. Бес пайызы суши, пицца, тез тамақтану, фаст-фуд жеткізу қызметіне көшкен. Олардың ішінде бірнешеуі ғана әрбір қалада толыққанды кафе мен мейрамханалар ашқан.
«Қазір олардың нақты санын айту мүмкін емес, өйткені барлығы бірдей infokazakhstan.kz сайтында тіркелу қажет екенін біле бермейді. Ал көбі бұл рәсімнен қорқады. Өйткені, олардың ашылуына бұрын да, қазірде де мемлекеттік органдардан рұқсат болмаған. Сондай-ақ пандемия басталғалы әлі күнге дейін ашылмаған немесе банкротқа ұшыраған жобалар бар. Оларға: фудкорттар, тойхана, караоке, бильярд, боулинг, түнгі клубтар кіреді. Қалған қызмет салаларының бәрі сақтық шаралары мен санитариялық-эпидемиологиялық қағидалар мен нормаларды сақтай отырып жұмыс істейді», - деді Берік Зайыров.
Қоғамдық тамақтану саласындағы мекемелердің табысы негізгі бірқатар себеп бойынша төмендеген. Мәселен, жұмыс уақытының 22:00-ге дейін шектелуі де кірістің ойдағыдай түсуіне кедергісін тигізіп отыр. Қоғамдық тамақтану орындарына келетін клиенттердің негізгі легі дәл осы 22:00-ден кейін келетінін ескерсек, бұл жүйе рестораторлардың экономикалық жағдайын қалыпқа келтіруге әлі де қолайсыз болып отыр.
«Клиенттердің көп жүретін кезеңін өткізіп алу себебінен жалпы айналымның 30-40 %-на дейінгі шығыны тіркелді. Сондай-ақ отыратын орындарда адамдардың сыйымдылығын 30 пайызға дейін қысқарту салдарынан мекемелердегі алынатын түсім бірталай төмендеді. Мекемелердің жалақы, коммуналдық қызметтерге төлем бойынша, жеткізушілері мен жалға берушілері алдында үлкен қарызы бар. Қоғамдық тамақтану саласындағы мекемелердің ғимараттарының 80%-ы жалға алынған. Бұл ретте қоғамдық тамақтану мекемелерінің иелері жеке тұлға ретінде бизнесті дамыту үшін несие алады. Карантиннің қалыптасқан апатты жағдайында адамдар банкроттық бабы бойынша өз қызметін тоқтата алмайды. Өйткені аталған жағдайда жеке тұлғаның банкроттығы сияқты ұғым жоқ» - деді Берік Зайыров.
Бұл тұста «Атамекен» ҰКП шағын және орта бизнес комитеті жеке тұлғалар үшін банкроттық бағдарламасын әзірлеу туралы ұсыныстың дайын екендігін айтты. Өйткені, бүгінде әлемдік дағдарыстың салдарынан кәсіпкерлер кіріссіз қалды. Бұдан бөлек, бизнес ашу мақсатында алған несиесін, сондай-ақ мемлекет алдындағы кез-келген басқа да берешегін жаба алмай отырғандар да жетерлік.
«Мемлекеттен шын мәнінде көмек көрсетілді. Жалақы, мүлік, жер және т.б. кейбір салықтар тоқтатылды. Алайда аталған іс-әрекеттер кәсіпорындардың жағдайын елеулі жақсартқан жоқ. Өйткені коммуналдық қызметтер өсіп кетті, жалға алу ақысын бәрібір де толық көлемде төлеу керек. Демек, кәсіпорындар бәрібір де минусқа жұмыс істеп жатыр», - деді ШОБ комитетінің мүшесі.
Просмотров материала: 942