Коронавирус пандемиясына байланысты әлемде көптеген спорт жарыстары, Токио олимпиадасы кейінге шегерілді. Спортшылар да бұрынғыдай жаттығу залына емін-еркін бара алмай, жоспарлаған жарысы кейінге қалып, спорт кестесіне көп өзгеріс енгізілді. Өткен апта Шымкентте бокстан Қазақстан чемпионаты өтті. Сарапшылар еліміздегі № 1 спорт саналатын боксшыларымыздың әлеуеті бұрынғыдай емес екенін айтуда.
Azattyq Rýhy КСРО-ның спорт шебері, ҚР еңбек сіңірген бапкері, республикалық спорт колледжінің директоры – Амалбек Тшановпен сұхбаттасып, карантиндегі спорт колледжі студенттерінің оқу-жаттығуы, қазақстандық спорттың жай-күйі жайында әңгімелесті.
КАРАНТИННІҢ СПОРТҚА ӘСЕРІ
– Амалбек мырза, күн сайын оқудан бөлек, жаттығуды қажет ететін спорт колледжі студенттерінің онлайн сабағы, күнделікті жаттығуы қалай өтіп жатыр?
– Біздің колледжде пандемияға байланысты тиянақты оқу-жаттығу процессін жүргізуі жай мектептерге қарағанда өте қиын. Егер, оқу-жаттығу болса оны қашықтан оқытып, тапсырмасын беріп, қадағалауға болады. Ал, спорт болған соң тікелей қатынасты, бетпе-бет байланысты талап етеді. Осыған қарамастан, министрлік тиісті іс-шараларды қабылдай отырып, әрбір жаттықтырушы өз бағдарламасымен таңертең және кешкі жаттығуды балаларға көрсетіп отырады. Оқу процесі шалғай ауылдардағы балалар үшін біраз қолайсыздық туғызып жатыр. Интернет қолжетімсіздігі, компыютер, планшет жетіспеушілігі бар. Соның кесірінен студенттер дәріске 100% қатыспайтын кездер туындайды. Наурыздан бері біраз уақыт өтті ғой. Жаттықтырушылар да, мұғалімдер де сабаққа келгенде оқу-жаттығудың жаңа форматын іздестіруде. Көмек ретінде әлеуметтік жағдайы төмен колледждің 10 студентіне планшет алып бердік.
Қалалық бас санитардың рұқсатымен, колледж студенттерінің 30%-ын жаттықтыруға рұқсат алдық. Қазір Қазақстанның құрама командасында ойнайтын жастарды осы жерде жаттықтырып жатырмыз. Бірақ олар жатақханада жатпайды, өздері пәтер жалдап, жаттықтырушыларының үйінде тұрып, дайындалып жатыр. Кеше ғана күрестен Қазақстан біріншілігі өтті. Біздегі 19-21 жастағы спортшыларымыз ересектердің жарысына қатысады. Ересектер арасындағы Қазақстан біріншілігіне қатысқан біздің студенттердің екеуі еркін күрес пен грек рим күресінен 1-орын иеленіп, чемпион атанды.
– Жарыс кезіндегі спортшыларымыздың жағдайы көңіл толарлықтай ма, себебі, олардың үлкен залдарда тұрақты жаттықпағанына бір жылға жуық уақыт болып қалды...
– Иә, кеше жарыстарда республиканың түкпір-түкпірінен келген спортшылардың физикалық мүмкіндігі бұрынғымен салыстырғанда төмендеп кеткенін байқадық. Көпшілігі шаршы алаңға шыққанда соңына дейін шыдамай, шаршап қалып жатыр. Бұл да уақытша құбылыс қой, пандемия біткен соң бәрі өз қалпына келеді деп сенеміз. Жарыстар тоқтап қалғандықтан, спортшыларда да мотивация аз.
ҚАЗАҚСТАНДЫҚ БОКС
– Осы аптада Шымкент қаласында бокстан Қазақстан чемпионаты басталды. Елімізде тұңғыш рет ерлер және әйелдер командалары бір рингке шықты. Қазір боксшыларымыздың қауқары қандай?
– Қазақстан боксы тәуелсіздік алғалы бері қарай Олимпиадалардан бірде-бір рет медальсіз оралған емес. Мұның өзі біздегі бокс деңгейінің жоғары екенін көрсетеді. Сол кездегі құрама командалар әзір де төмен түсе қойған жоқ. Коронавирус басталғалы бір жылға таяп қалды, қазір қандай өзгерістер болып жатқанын айту қиын. Жексенбі күнгі жарыстан кейін бәрін сарапқа салуға болады.
– Шәкірттеріңіз Абылайхан Құсайынов пен Батыр Жүкембаев кәсіпқой боксқа кетті. Бүгінде қос спортшы немен айналысып жүр?
– Батыр мен Абылайханды қоса алғанда, біздің республикалық спорт колледжін бітірген 5 спортшымыз Америкада жүр. Батыр Жүкембаев үздік нәтиже көрсетіп келеді. Қазіргі бұлардың деңгейі әуесқой боскпен айналысқан кезбен салыстырғанда өте жоғары, екеуі де жеңіліссіз жақсы келе жатыр. Батыр америкалық құрылымдағы белбеуге ие болды. Қазір бұл жігіттердің әлемдік деңгейге шыатын уақыты келді. Кәсіби бокстың ерекшелігі өте көп, 12 раундқа шыдауға үлкен жігер керек. Біздің жігіттердің дайындығы өте жоғары. Алматыға келген сайын олармен тұрақты кездесіп тұрамын. Солардың бірі Қазақстан туын әлемдік додада көтереді деп сенеміз. Жалпы әуесқой спортта аса жоғары нәтиже көрсете алмай жүрген жастар кәсіби спортқа ауысқанда, басқа нәтиже көрсетеді. Батырдың осы жерде жарысқа қатысып жүргенде-ақ соққысы қатты болатын, кәсіби боксқа барған соң қарсыласын нокаутпен жеңіп жатыр.
«АУЫЛДАН КЕЛГЕН БАЛАЛАРДЫҢ КӨБІ ФАМИЛИЯСЫН ҚАТЕ ЖАЗАДЫ»
– Мемлекет басшысы бұқаралық спортты дамыту туралы жиі айтып жүр. Кеңес заманында аула спортына, жалпы, дене шынықтыруға деген жас буынның көзқарасы басқаша болды. Сіздіңше, бұқаралық спортты қалай дамыта аламыз?
- Елбасының өзі біздің халықтың 30%-ы спортпен шұғылдану керек деген міндет артты ғой. Міндет арту бір бөлек, ал оны іске асыру үлкен жұмыс. Кеңес кезіндегі мектептердің қайсыбірінде болмасын үлкен-кіші спорт залы болды. Сол кездегі мектептердің өзінде спортпен шұғылдану талабы өте күшті болатын. Қазіргі мектептерде спортқа деген ондай талап жоқ. Қазір тек сол білім, оқу деп жатыр. Жылына бізде 80 бала бітіреді. Олардың әрқайсысы өз мамандығына сәйкес оқытушы-жаттықтырушы деген диплом алып шығады. Біз оларға еш уақытта «ауылға бар!» деп бағыт бере алмаймыз. Кеңес заманында олардың ауылға баруы міндетті еді. Бізде мемлекет тарапынан спорт колледжінде оқитын әр балаға 1 млн 300 мың теңге бөлінеді. Бұл ақша әр баланың осындағы тамағы, коммуналдық қызметі сынды керегіне жұмсалады. Ол аз ақша емес қой. 7-ші сыныптап бастап оқыған бала 8 жыл, екі олимпиадалық циклден өтеді. 5 жыл мектепте, 3 жыл колледжде. Ал енді осы балаларды мемлекет қаржысына оқытқаннан кейін, неге біз оларды кем дегенде 3 жылдық бағыт-бағдар беріп, өз ауылына жібермейміз?! Екіншіден, ауылға барған бала көшеде қалмауы керек. Оның тұратын орны, тұрақты айлығы сияқты жағдай жасалуы тиіс. Бізде бас жағы жақсы жасалады да, соңы аяқсыз қалып жатады. Сол жаттықтырушы-ұстаздардың 30%- барған жерінде тұрақтап қалса, мұның өзі үлкен жеңіс.
– Біздің көп ауылда спорт залдары жетіспейді ғой. Тіпті, кейбір мектептерде олар мүлдем жоқ.
– Құрылысшы ретінде айтсам, қазір спорт нысандарын салудың еш қиындығы жоқ. Ол көп шығынды да талап етпейді. Біз қазір спорт залына қарағанда, мешітті көп саламыз. Бізде «Кім көп мешіт салса, сол пейішке барады» деген уағыздар жүреді. Кімнің қашан кететінін кім біледі?! Мен мешіттердің салынуына қарсы емеспін, бірақ қазіргі кезде жастарды спортқа көбірек тарту керек. Спортқа бейімделген жастардан жаман мінез шықпайды. Спортшы болу үшін әрбір ауылға - біздің балалар бейім келетін бокс, күрес, волейболға арналған спорт залдарын салуға болады. Осының бәрін міндеттейтін үлкен бір мемлекеттік тиянақты бағдарлама болуы керек. Мемлекеттің қазір оған мүмкіндігі бар. Спортшылардың 95%-ы шалғайдағы ауылдың, тұрмысы нашар отбасыладан шыққан балалар. Біздегі балалары 15000 теңге шәкіртақы алатын болса, соны ата-анасына жібереді. Қазақстанның спорттан болашағы бар екеніне ешқандай күмән жоқ, қазақтың небір талантты балалары бар. Спорттан бөлек, білімге де күш салуымыз керек. Себебі ауылдан келген балалардың көбінің сауаты өте нашар. Егер, фамилиясын қате жазады десем, сенбейтін боларсыз...
– Фамилиясын қате жазатын болса, базалық білім сапасының өзі төмен болып тұрғаны ғой?
– Иә, көпшілігінің қарапайым ғана базалық білімі төмен. Өкінішке қарай, көп ата-ана балалары спортпен айналысса, оған білім керегі жоқ деген қағиданы әбден сіңіріп алған. Маған келетін оқушылардан бірінші кезекте «Білім деңгейің қалай?» деп сұраймын. Көпшілігінің ата-анасы: «Ой, бұл спортпен айналысады ғой» деп баласы үшін жауап береді. Ертең ол баланың алдында не болатыны белгісіз ғой. Аяқ асты жазым болып, қол-аяғын зақымдап алса, спорт қалады ғой. Спортшының бәрі чемпион бола бермейтінін де естен шығармау керек. Өкінішке қарай, орыс бөліміндегілер жеңіл атлетика, суға жүзу сынды спорт түрлерімен айналысады және олардың білімге деген көзқарасы жоғары. Кейде мен осыған қиналамын. Ата-ананың бірінші міндеті – балаға білім беру. Жарысты жеңген кейбір жастарға микрофон берсе, екі ауыз сөздің басын құрай алмай отырады. Ол мақтаныш емес, оның жеңгені мақтаныш болғанымен, оның инттелектуалдық деңгейінің жоғары болуы маңызды. Біз қазір осыған көбірек көңіл бөліп жатырмыз. Әрбір ата-анаға «балалардың біліміне көп көңіл бөліңіздер!» деп өтініш айтқым келеді.
СПОРТ САЛАСЫНДАҒЫ МАМАНДАР ПРОБЛЕМАСЫ
– Жаңа сіз мемлекет спорт колледжіндегі әрбір балаға 1 миллион 300 мың теңге бөлетінін айттыңыз. Спорт колледжін бітірген студенттер әрі қарай қайда барады?
– Колледж бітіргеннен кейін, студенттеріміз жекеменшік спорт академиясына тапсырады. Қазақстан құрамасына келген балалар әрі қарай жаттығады. Біздің балалар 8 жыл колледж бітірген кезде 19-20 жаста болады, құрамаға кірген балалар одан әрі бір жаттықтырушының қолынан өту керек қой. Ал олардың толықтай қалыптасуына тағы 2-3 жыл қажет. Сол себепті, өзіміздің спорт академиямыз ашылу керек. Академияны бітіргенде олар 22-23 жасқа келеді, бізде оларды құрамаға толыққанды қосып, үлкен сеніммен шығарып салуымызға болады.
– Амалбек мырза, біздің спорт саласында сіздің көңіліңізден шықпайтын тағы қандай мәселелер бар?
– Легионерлердің Қазақстан атынан жарысқа қатысуын қолдамаймын. Шетелден талантты жаттықтырушыларды әкелуге болады. Футболдың 70%-ы шетел азаматтары. Ол қандай жеңіс, қандай футбол?! Осыдан кейін әлбетте біздің жастар өспейді. «Алаш» деген спорт клубымыз бар. Жасөспірімдер арасында «Қайратпен» тепе-тең ойнап жүрміз. Футбол үлкен қаражатты талап етеді. Жасөспірімдер спорты ешкімге керек емес. Біз әншейін бәрін айтамыз, мемлекет тарапынан жүйелі жұмыс жоқ. 2018 жылы жасөспірімдерді қабылдаған кезде бүкіл Қазақстаннан келген 200 баланың үшеуі ғана өтті. Жаттықтырушылардың таңдағаны сол. Директор ретінде таңдауға еш араласқан емес, бәрін кәсіби жаттықтырушыларға қалдырамын. «Бір қарын майды бір құмалақ шірітеді» деген. Бүкіл ұжымның ойынын бір талантсыз бала бұзуы мүмкін. Ал, таныс арқылы кіру - қай саладағы болсын жұмыстың быт-шытын шығарады.
– Сізге таныстарыңыз баласын алу туралы өтінішпен жиі келе ме?
– Көп келеді. Бірақ басымдық балалардың қабілетіне беріледі. Арасында көңілжықпастықпен екі-үш спортшы жүріп қалатын сәттер болады (күліп). Негізі, балаларды қабылдау жаттықтырушылардың еншісінде.
– Балаларыңыздың, немерелеріңіздің арасындас кәсіби спорт түрімен айналысатындар бар ма?
– Өкінішке қарай, жоқ. Бес немеремнің біреуі футбол ойнайтын, супер футболист болмаған соң «футболға кіре алмайсың, ол бөлек дүние» деп айттым. Өзі жалқаулау, еркелеу. Сонымен 10-шы сыныпты бітірген соң, оқуға көңіл бөлдік. Басқа немерелерімнің ешқайсында спортқа деген қызығушылық жоқ.