ІІМ жүйесіндегі күнделікті жұмыс қауіп пен қатерге толы. Тәуелсіздік жылдарында өзінің қызметтік міндеттерін орындау кезінде 797 полицей қаза тауып, 2604 қызметкер ауыр дене жарақаттарын алған екен, деп хабарлайды Aikyn.kz.
Биыл жыл басында Тобыл қаласындағы 102 қашықтан басқару пультіне Комсомольская көшесінің бойындағы үйде отбасылық жанжал туралы хабарлама келіп түседі. Патрульдік полицияның бригадасы 6 минут ішінде оқиға орнына шұғыл жетті. 28 жастағы мас еркек бұрын сотталған. Ішімдікке салынған ол қолына пышақ алып отбасы мүшелерін қорқытады. Полиция қызметкері Дархан Базарбаев мас еркекті ұстау кезінде пышақ жарақатын алады. Оқиға орнына жедел-жәрдем жеткенше полиция қызметкері мерт болады. Дархан Базарбаевтың артында 4 айлық баласы қалды.
Жол апатынан екі полицей қайтыс болды
Таяуда Щучинск қаласындағы Абылайхан және Сейфуллин көшелерінің қиылысындағы «Мебелин» дүкенінің жанында жол апаты болып, Lexus NX20 көлігінің жүргізушісі Бурабай аудандық полиция бөліміне тиесілі Lada-21214 қызметтік көлігіне соқтығысқан.
Апат салдарынан Lada-21214 қызметтік көлігінің жүргізушісі мен жанындағы жолаушы – Бурабай аудандық полиция бөлімінің учаскелік инспекторлары оқиға орнында қайтыс болған. Қаза тапқан полиция қызметкерлері қызметтік міндетін орындап, жол-көлік оқиғасы болған сәтте оқиға орнынан қайтып келе жатқан.
Жол апатына кінәлі азамат – 25 жастағы Щучинск тұрғыны бұрын Қылмыстық кодекстің 200, 346-баптары бойынша бірнеше рет сотталған, 2022 жылға дейін көлік құралын басқару құқығынан айырылған.
Қайтыс болған полиция қызметкерінің отбасына кім көмектеседі?
Тәуелсіздік жылдарынан бері ақмолалық 30 полицей қызметтік міндеттерін орындау барысында қаза тапты. Ашық дерек көзіне сүйенсек, соңғы 25 жыл ішінде Жамбыл облысының 47 полицейі қызметтік міндеттерін орындау кезінде қаза тапты. Шығыс Қазақстан облысында қаза тапқандар саны −37.
Артында 9 және 3 жасар екі баласы қалды
«Атырау-Орал» тас жолында болған көлік апатында Ақжайық аудандағы полиция бөлімінің басшысы 30 жастағы Айболат Нұрлыбеков жол апатынан қайтыс болды. Volkswagen Sharan мен жүк көлігінің соқтығысуы салдарынан үш адам қаза болды. Айболат Нұрлыбеков Ақжайық ауданындағы Тайпақ полиция бөлімі басшысының міндетін атқарған. Артында 9 және 3 жасар екі баласы қалды.
Көпірден секірген қызды құтқарып ажал құшқан полицей
Былтыр Атырау қаласында Орал өзеніне көпірден секірген бойжеткенді құтқарамын деп сержант ажал құшты. Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев ерлікпен қаза тапқан қызметкерлердің отбасына бір реттік емес, тұрақты негізде көмек көрсетілетінін айтқан еді. Ақымғалиевтар отбасына материалдық көмек көрсетуді министр ерекше бақылауға алды. ІІМ орталық аппаратының, өңірлік полиция департаменттерінің, қылмыстық-атқару жүйесінің қызметкерлері мен құтқарушылар, Ұлттық ұлан әскерилері Шалқардың отбасына материалдық көмек көрсеткен. Арнайы банк шотына қызметкерлер өз еркімен 29 миллион теңге жинапты. Шалқар көпбалалы отбасыдан шыққан. Үйленбеген әрі отбасының жалғыз асыраушысы еді. Полицияда қызмет етіп жүргеніне бес жыл ғана болған екен.
«Шалқар әкесі қайтыс болғаннан кейін 6 айдан соң қызметін атқару кезінде оқыстан қаза тапты. Ұлымды жерлеу кезінде барлығы жұдырықтай жұмылып көмектесті. Ақша жинап берді. Астанадан лауазымды тұлғаларға дейін келіп, ақтық сапарға шығарып салды. Ризамын. Мереке сайын хабарласып тұрады. Халық Шалқарымның ерлігін ұмытқан жоқ. Өзім көп балалы анамын. Үлкен қызым 22-де. Қалған балаларым мектепте оқиды. Ауылдық мектепте күзетші болып жұмыс істеймін. Қаржылай көмектен бөлек Атырау қаласынан екі бөлмелі пәтер береміз деген уәде болған еді. Кейін ІІД басшысы ауысты, әкім ауысты. Бірақ әлі де үмітім бар. Қазіргі пандемия жағдайында кімге, не айтарыңды білмейсің. Бірақ шүкір мемлекеттен жәрдемақы алып отырмын», − дейді Шарқардың анасы Ләззат Маженқызы.
Сын сағатта батыл шешім қабылдай алмаған
Осыдан 4 жыл бұрын 5 маусым күні сағат 14.28-де діни радикалды топ «Паллада» қару-жарақ дүкеніне шабуыл жасағаны есімізде. Дүкен сатушысы бірнеше жерден салынған пышақ жарақатынан сол жерде көз жұмған. Оқиға орынына жедел жеткен «Жедел Күзет» ЖШС екі қызметкерінің біреуі сол жерде радикалдардың оғынан қайтыс болса, біреуі жарақат алған. Жедел келген полиция мен шабуылдаушылар арасында атыс болып, үш полицей ауыр жараланады. Белгілі болғандай, дүкеннен шабуылдаушылар 17 қауіпті қаруды (3 ойықты мылтық, 14 тегіс ұңғылы қару), 3 газды тапанша, оқ пен пышақтарды алып кеткен. «Паллада» дүкеніне жасалған шабуылдан соң қарулы күдіктілер екі топқа бөлінген.
Олардың 6 адамнан тұратын бір тобы полицейлерден тартып алған патрул көлігімен өзге “Пантера” қару-жарақ дүкеніне шабуыл жасаған. Ол жерде екі адамға пышақ салып, біреуін жаралап, біреуін өлтірген. “Пантера” дүкеніне жеткен полиция қызметкерлері атыс кезінде үшеуін өлтіріп, біреуін жаралап және біреуін ұстаған. Ал өзге екі күдікті қашып кеткен. Олар кейінірек қала сыртында ұсталып, тұтқынға алынды.
Күдіктілердің екінші тобы жолаушылар автобусын бастап алып, қоғамдық көлікпен 6655 әскери бөліміне басып кіріп, әскери қызметкерлерге оқ жаудырады. Алайда бұл жерде белсенді қарсылыққа тап болған діни радикалдардың бірқатары қолға түссе, біразы із суытып үлгерген. Ұлттық гвардия қатарында қызмет ететін 3 әскери қайтыс болса, алтауы жараланған.
Жексенбіде демалып жатқан әскери бөлім сол күні қару-жарақ қоймасын сақтап қалды. Десе де, сын сағатта батыл шешім қабылдай алмаған әскерилер оқиға орнынан қашқан еді. Олар заң бойынша жазасын алған болатын.
Баспанамен қамтып, оқу ақысын төледі
Осындай қызмет бабымен қаза тапқан полиция қызметкерлерінің ерен ерліктері қаншама. ІІМ жүйесіндегі күнделікті жұмыс қауіп пен қатерге толы. Тәуелсіздік жылдарында өзінің қызметтік міндеттерін орындау кезінде 797 полицей қаза тауып, 2604 қызметкер ауыр дене жарақаттарын алған екен.
Олар бір отбасының асыраушысы, тірегі еді. Артындағы қалған отбасына мемлекет тарапынан қандай көмек көрсетілді?
«Жолдасым өткен айдың 15-де қызмет бабында қайтыс болды. ІІД тарапынан отбасымызға көмек болсын деп баспана берді. Әзірге жекешелендіріп алған жоқпыз. Бірақ өз аттарыңызға жаздырып береміз деп уәде берді. Үш балам бар. Жерлеу рәсімін Бурабай аудандық ішкі істер бөлімі толықтай өздері ұйымдастырды. Республиканың барлық ішкі істер саласы мамандары қаражат жинап берді. Бұл біз үшін үлкен көмек болды. Кенже баламыз 3-те. Қазір жұмыссызбын», − дейді Отарбаева Ғалия.
Ақмола облысында қызмет бабында қайтыс болған Ерлан Аскеровтың елордадағы «Шабыт» колледжінде оқитын ұлының екі жылдық оқу ақысын – 360 мың теңгені облыстық ІІД төлеп берген. Сонымен қатар, жақында қызмет бабында қаза тапқан Қанат Отарбаев пен Қанат Хамидуллиннің отбасына пәтер беру мәселесі қарастырылып жатыр.
Просмотров материала: 1 072