Биылғы шілдеден бастап «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі» туралы жаңа кодекс қабылданған. Соған сәйкес, елімізде мәйіт донорлығына келісім беру не қарсы болуды әркім көзі тірісінде таңдайтын болды. Бұрынғыдан өзгешелігі сол – өлер алдында марқұм еш таңдау жасамаған болса, туыстарының рұқсаты сұралатын болды. Миы өлген соң ағзаларын өзгеге беруге қазақстандықтар қалай қарайды? Дәрігерлер бұл жайлы не дейді?
Осыған дейін мәйіт донорлығы «Келісім презумпциясы» аясында жүзеге асырылатын. Яғни, көзі тірі кезде жазбаша өсиет қалдырып, ағзасын беруге қарсы екенін айтып кетпеген адамның рұқсатын сұрамастан ала беретін. Атап өтетін жайт сол марқұмның туыстарының қарсылығы саналмайтын. Бұл заңға қарсы шыққандар көбейіп, соңы сотқа ұласқан жағдай аз емес. 22 жастағы Серікболсын Көшербайдың миы өлген соң бүйрегі, бауыры мен жүрегін алып, басқаға салған. Марқұм ақтөбеліктің туыстары бұл жайлы естіген соң дереу сотқа жүгінеді. «Жақындары келісім берген соң трансплантация жасалыпты» деп қате ақпарат берген облыстық газет, мақала авторы және облыстық Денсаулық сақтау басқармасына қатысты шағым түсірілген болатын. Моральдық шығын ретінде миллион теңге сұрағанымен, дәрігерлердің ешқандай заң бұзбағанына байланысты ол іс тоқтатылған.
Байқасақ, осындай түсініспеушілік пен қарсылықтың осы кезге дейін нүктесі қойылмай келген. Ақ халаттылар «Келісім презумпциясының» шеңберінде жұмыс істеп жатқандарына сілтесе, туыстары жақынының денесі тілгіленіп, пышаққа түскеніне наразы болатын. Әлбетте, заң бойынша әрбір азамат бұл мәселеге қатысты таңдауын жасауға ерікті еді. Яғни, емханаға барып, келісім не қарсылық білдіретінін айтып, қажет форманы толтырса, құда да, құдағи да тыныш болуы тиіс. Дегенмен мұны құнттағандар кемде-кем. Тіпті, бастапқы кезде мұндай форманың бар екенінен емхананың да, халыққа қызмет көрсету орталықтарының да қызметкерлері бейхабар болып келгені рас.
Дәрігерлер сүйенетін құжат осыдан 11 жыл бұрын қабылданған. Бірақ биылдан бастап жаңа кодекс дайындалып, өзгеріс мәйіт донорлығына да қатысты болды. Сөйтіп, ендігіде туыстардың шешімі құрметтеліп, ескерілуі тиіс делінді. Бірақ барлық жағдайда емес. Айталық, қазақстандық азамат өлерінен бұрын өз еркімен өтініш қалдырып кететін болса, онда туыстардың сөзіне ешкім қарамайды. Сондықтан жақын-дарға мұндай ауыр шешім қабылдауға жауапкершілік жүктегеннен гөрі әркім өзі саналы түрде таңдауын жасағаны жөн секілді.
Егер өлген соң ағзамды әлдекімге салуға рұқсат беремін десеңіз, өзіңіз тіркелген емханаға барып, келісімді тіркейсіз. Бастысы, ақыл-есіңіз дұрыс, кәмелетке толған болсаңыз – болды. Одан бөлек, еGov арқылы рәсімдеуге де болады. Үйден шықпастан, ЭЦҚ кілтіңізбен кіріп, өтініш қалдырасыз. Келісетін болсаңыз, нақты қай мүшені алуға рұқсат бересіз немесе қай мүшеге мүлдем тиіспеу керек – бәрін көрсете аласыз. Тағы бір айта кетерлігі, көзқарасыңыз өзгерген жағдайда шешімді ауыстырып, кері қайтару да қарастырылған. Бірнеше рет өзгерткен болсаңыз, соның ішінде ең соңғысы басшылыққа алынады. Кімнің қарсы, кімнің келіскені туралы ақпарат толық құпияда сақталады. Ондай базаға республикалық үш координатор ғана кіре алады. Әрі тек сол адам өлген соң көреді. Ал қарсы болсаңыз, емханаға бармастан туыстарға бірауыз ескертсеңіз жарайды. Яғни, отбасында бұл маңызды мәселе талқыланып, шешім қабылдауға қатысты талқы болғаны тіпті жақсы. Одан бөлек, әрине ресми түрде қарсылық жазуға еш кедергі жоқ.
Трансплантация және жоғары технологиялық медициналық қызметтерді үйлестіру республикалық орталығының директоры Әділ Жұмағалиев кімдердің донор бола алмайтынын айтып берді. Қанша жерден келісім беріп тұрса да, кей адамдардың ағзасын дәрігерлер алмайды екен. «В, С гепатиті, ВИЧ, онкологиялық аурулар мен декомпенсация кезеңінде тұрған жүйелік ауруы барлар донор бола алмайды. Сонымен қатар балалардан, туыстары қалмаған және жеке басы анықталмаған адамдардан да ағза алмаймыз», – дейді маман.
Ағзаны салу туралы шешімді дәрігерлер консилиумы қабылдайды. Бәрі дұрыс болса, трансплант-координаторларға жібереді. Сөйтіп, науқас күту кезегіне тұрады. Егер қандай да бір жаңалық болса, оған дереу хабарласып, тез арада ота жасалады. «Биыл ағзасын салуға болатын 18 мәйіт болған. Оның 16-сының туыстары қарсылық білдіріп, сол күйі жерленді. Тек екеуінен рұқсат алып, соның арқасында 10 адамға трансплантация жасалды. Бізде қоғамда бұған қатысты әлі де түсініспеушілік бар. Мәселен, Қазақстанда 3 500 адам азға ауыстыруға тәуелді болып отыр. Оның ішінде, бауыр, бүйрек, көз, жүрек – бәрі бар. Ойлап қарасақ, дамыған елдерде көпшілігі келіседі. Бізге де сондай түсінік қалыптасса екен дейміз. 3 500 адам науқас қана, оның жанында кемі 4-5 жақыны алаңдап отырады. Сонда 15 мың адам күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырылып, ағза табылып қалар деп сарғайып күтіп жүр», – дейді белгілі трансплантолог және хирург Жақсылық Досқалиев.
Ересектерден бөлек, балалардың ағзасын алу тәжірибесі шетелде бар. Бірақ бұл тақырып бізге әлі тыйым болып көрінеді. 1994 жылы Италияда жеті жасар Николас атты бала атыс кезінде қайтыс болады. Сөйтіп, ата-анасы оның ағзасын мұқтаждарға беруге келіседі. Осыдан соң елдегі донорлық қарыштап дамып кетеді. Тіпті, жаңаша бағаланған құндылыққа қатысты мұндай әрекетті «Николас эффектісі» деп те атап кеткен. Қазақстанда балалар донорлығына рұқсат жоқ. Өйткені ересектердің мәйіт донорлығының өзіне келісім алу – қиямет-қайым. Ал бауыр еті баласының ағзасын алғанды тіпті жауыздық деп санайтындар бар. «Бүгінде ел бойынша 102 бала трансплантацияға мұқтаж. Заңда кәмелетке толмағандар туралы көрсетілмегендіктен, алуға рұқсат жоқ. Екінші жағынан, ересектердің өзіне қарсы болып отырғанда, нәрестелердің азғасын бермесі анық. Бұған менталитеттің әсері бар. Одан қала берді, медицина саласы қызметкерлеріне деген сенімсіздіктің салдарынан осылай болып отыр. Соңғы кезде коронавирустың кризисі де қосылды. Сонымен халық қазір дәрігерлерге сенбейді», – дейді Досқалиев.
Елдің түсінігі дегеннен шығады, кейбірі діни ұстанымына байланысты қарсылық танытып жатады. Осы ретте, исламда трансплантацияға қатысты қандай үкім барын қарап көрдік. Адамның денсаулығына қатер төнген жағдайда тіріден тіріге ағзаларды трансплантация жасау рұқсат болғандай, зәру болған жағдайда өлген адамның ағзаларын тірі адамға да ауыстыруға болады екен. Өлгеннен кейін мүшелерін басқа біреуге ауыстырған жағдайда оның құрметі төмендемейді. Сонымен бірге тірі адамның мүддесі өліге қарағанда жоғары тұрады. Донордың өзіне немесе өлгеннен кейін мирасқорларына ағза өтемі ретінде материалдық қажеттілігін қамтамасыз ету шартымен, сауда-саттық, пайда табу секілді мақсаттар көзделетін болса трансплантация жасау рұқсат етілмейді. Ал жалпылама алғанда, тіріден тіріге немесе өліден тіріге ағзаны ауыстыру үшін бірнеше шарт бар.
Шариғат көзқарасы жағынан ағза берушінің өлімі нақты болуы тиіс. Яғни, рухы тәнінен ажырап, бүкіл дене мүшелері қайта қалпына келтіре алмайтындай жағдайға жетіп, жерлеуге рұқсат беретін дәрежеде болуы керек. Клиникалық өлім немесе миы өліп, басқа дене мүшелері істеп тұруы шариғи өлім болып саналмайды. Тек жүрек соғысы, тынысы тоқтап, мидың бүкіл қызметтері істен шығып, рухы мен денесі бір-бірінен ажырағанда ғана өлік болып есептеледі. Адамның жаны шыққаны немесе шықпағаны үш адамнан құрылған білікті, сенімді медицина мамандарының жазбаша түрде куәлік етуімен болады. Бұл комиссия мүшелері мемлекеттік деңгейде расталған мамандар болу керек. Егер осы аталған шарттар орындалмай, адамның ағза мүшелері тасымалданса, оны өлтіргенмен тең күнәға батады.
Трансплантация жасау, шынымен де зәрулік жағдайда болуы шарт. Яғни, дәрігерлер науқасты тек тірі немесе өлі адамның сау мүшелері арқылы емдеуден басқа амалдың жоғын, әрі ауру адамға оның пайдасы тиетінін нақты айтуы тиіс. Ағзаны беруші адам өз еркімен тірі кезінде ақыл-есі дұрыс сәтінде өлгеннен кейін белгілі мүшелерін басқа адамға беруін өсиет еткен болуы шарт. Өйткені трансплантация жасау адамды қорлауға алып бармау керек. Яғни, өсиеті адамның денесі босап қалатындай көптеген ағза мүшелерін қамтымауы тиіс. Одан кейін ұрпақ тарату жүйесін басқаға салуға болмайды. Соңғы шарт: мұндай ота түрлері мемлекеттік деңгейде расталған, қатаң бақылау аясындағы мекемелерде жасалуы керек. Әрі ағзаны көшіру ешбір материалдық қайтарымсыз жүзеге асуы тиіс. Әділ Жұмағалиевтің айтуынша, бүгінге дейін бірде-бір діни ұйым қарсы шықпаған. Қайта қолдап, бірігіп жұмыс істеп жатқан көрінеді. Дәрігер-мамандар қалың көпшілікті донорлық жайлы жақсы пікірде болуға шақырады. Әлбетте, адам ағзасының саудасы «қара базарға» шығатыны туралы ақпаратты көрген адамның именіп қалатыны заңды. Дегенмен «3 500 адамның өмірі қыл үстінде тұрғанда, игі іс атқарған қайта жөн емес пе?», – дейді олар.
Просмотров материала: 827