Пандемия Қазақстанды ғана емес, дүниежүзін алаңдатып тұр. Коронавирус дертінен әлемде көз жұмғандар өте көп. Негізгі салмақ денсаулық сақтау саласы мамандарына түскені анық. Бұл жүкті дәрігер қауым қалай көтерді? Алда екінші толқын басталады деген болжам бар. Бұған дайынбыз ба? Денсаулық сақтау министрі Алексей Цойға қойған сауалымыз да – осы, деп жазды Aiqyn.
– Алексей Владимирович, «коронавирустың екінші толқыны» басталатыны туралы ақпарат тарады. Бірінші кезеңде аурухана, техникалық жабдықтардың жеткіліксіздігі байқалды. Осы олқылық тағы қайталанбай ма? Ауруханада орындар, дәрігер, қаржы жеткілікті ме?
– Бүгіндері Қазақстанда жалпы эпидемиялық жағдай тұрақты, КВИ-ге байланысты жедел жәрдем шақырушылар шілде айымен салыстырғанда 5 есе азайды, инфекциялық және реанимациялық төсек-орынның тек 15 пайызында науқас бар. Алайда арқаны кеңге салып, босаңси алмаймыз.
Денсаулық сақтау министрлігі жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп дайындық жұмыстарын жүргізуде. Күзгі маусымда жалпы 51 126 инфекциялық төсек-орын болады, 5 542 реанимациялық орын дайын.
Бір тәулікте 164 адамнан коронавирус анықталды
Елордада оқу жылы басталғалы бері 18 оқушы коронавирусқа шалдыққан
Бір тәулікте пневмонияға шалдыққандар саны коронавирус көрсеткішінен де асып түсті
Қазір инфекциялық және провизорлық стационарларда өкпені жасанды желдететін 3 535 аппарат бар, қосымша тағы 2 030 данасын сатып алудамыз. 24 548 төсек-орын оттегімен қамтылған және жыл соңына дейін 8 100 мың төсек-орынды қосымша қамту жоспарланған. 11 өңірдегі аудандық ауруханаларға 53 отандық рентген аппараты сатып алынуда. Азаматтарды дер кезінде қажетті медициналық көмекпен қамтамасыз етуге толық мүмкіндік бар.
Мемлекет басшысы мен Үкіметтің тапсырмаларына сәйкес «Жұмыспен қамту» жол картасы, жергілікті бюджет және демеушілер қаражаты аясында 12 модульді инфекциялық аурухана салынып жатыр. Бүгінгі күні Алматы мен Талдықорған қалаларында құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталды. Жезқазған, Көкшетау, Қостанай, Ақтау, Атырау, Павлодар, Петропавл секілді 7 өңірде қазан айының соңына дейін аяқтау жоспарланған. Орал, Түркістан және Қызылорда қалаларында құрылыс-монтаж жұмыстары осы жылдың қараша-желтоқсан айларында аяқталуы керек.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Қазақстанда ПТР-тестілеу құны 22%-ға арзандайды. Тиісті келісімнен кейін тариф осы айдың соңына дейін бекітіледі.
Сондай-ақ еліміздегі зертханалар тәулігіне 48 мыңға жуық тест жасай алады. Өңірлерді зертханалық жабдықтармен қамтамасыз ету, мамандарды оқыту жұмыстарының нәтижесінде жалпы тестілеу қуатын тәулігіне 63 мың зерттеуге жеткізуге болады. Бүгінде елімізде 74 мыңнан астам дәрігер бар. Коронавирус инфекциясына қарсы күреске 28 мың бейінді маман тартылған. Сонымен қатар республикалық клиникалардағы медицина қызметкерлері, ЖОО профессор-оқытушылар құрамы және резидент дәрігерлерден кадрлық резерв жасақталды.
– Індеттің қашан келетіні, қанша адамның ауру жұқтыратыны туралы деректер нақты айтылады. Бұл болжамдар қалай жасалады және бұл жолғы дерт балаларға қауіпті деген сөз рас па?
– Өздеріңіз білесіздер, қазір әлемде COVID-19-ға шалдыққандар мен қайтыс болғандар қатары қайта көбеюде. Еуропа мен Азияның кейбір елдерінде науқас саны өсіп келеді. Италия, Германия, Беларусь жерінде сырқаттанғандар 30 пайыздан 60 пайызға артты.
Арнайы болжамдарға сәйкес, Қазақстанда да эпидемияға қатысты үш сценарий жасалды. Пессимистік сценарий бойынша егер адамдардың 60%-ы бетперде киіп жүретін болса, биыл қазан-желтоқсан айында науқастар саны шамамен 190 мыңға жетеді, 65 мың адамды ауруханаға жатқызу қажет. Мұндай жағдайда желтоқсанның ортасында локдаун енгізілуі мүмкін. Екінші сценарий бойынша азаматтардың 70 пайызы әлеуметтік арақашықтық пен бетперде режимін сақтаса, қазан-желтоқсан айында шамамен 90 мың адам ауырады, 30 мың адамды ауруханаға жатқызу қажет. Қаңтарда локдаун болжануда. Адамдар санитарлық дәрігердің талаптарын 100 пайыз сақтаса, қатаң карантиннің қажеті жоқ.
Енді балаларға келсек. Оқушылар арасынан да КВИ анықталды, кішкентай науқастармен байланыста болғандардың барлығы 14 күндік карантинде жатыр. Індет жұқтырғандар саны, әсіресе Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Павлодар облыстарында көп. Дәрігерлер 41 балаға мультисистемалық қабыну синдромы диагнозын қойды. Өкінішке қарай, Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында екі бала қайтыс болды.
Негізі, карантин режимінің талаптарын сақтауға қатысты 1 322 мектепте тексеру жүрді, еліміздің 10 өңірінде 159 орта білім беру мекемесі ереже бұзғаны анықталды. Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Түркістан облыстары мен Шымкент қаласындағы мектептерде қызметкерлер медициналық бетперде режимін сақтамаған.
Ереже бұзғандар туралы аудан, облыс әкімдері жазбаша түрде хабардар етілді. Барлық мектепте түсіндіру жұмысы жүргізілді. Білім басқармасы басшыларының және мектеп директорларының қатысуымен кеңестер өтті, сол жерде мониторинг барысында анықталған келеңсіздіктер талқыланды.
– Бірінші толқында науқастанған дәрігерлерге, көз жұмған дәрігерлердің отбасына жәрдемақы қалай төленді? Қанша дәрігерге төленді? Екінші толқында дәрігер жұмыста коронавирус жұқтырса, олар көктемдегідей ауырғанын дәлелдеу үшін тағы қол жайып, құжат жинап, жүгірмей ме?
– Биыл наурыз бен тамыз аралығында медицина қызметкерлеріне жалпы 77 млрд теңге үстемеақы төленді. Инфекция тараған қауіпті жағдайда жұмыс істеген медицина қызметкерлерінің саны эпидемиялық жағдайға байланысты ай сайын өзгеріп отырады. Бүгінгі таңда 5 913 медицина қызметкері өтемақы алды. Әрине, эпидемияға қарсы күреске қатысқан барлық медицина қызметкерін әлеуметтік төлемдермен қамтамасыз ету үшін тиісті шаралар қабылдаймыз.
Сонымен қатар кәсіби қызметін атқарып жүріп коронавирустан қайтыс болған 182 медицина қызметкерінің отбасына 10 млн теңгеден әлеуметтік өтемақы тағайындалды. Осылайша, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың коронавирус инфекциясының жаңа толқынына дайындық, қайтыс болған дәрігерлердің отбасына тиісті жәрдемақыны тексерусіз толық төлеу жөніндегі тапсырмасы аз уақытта орындалды.
COVID-19 және вирустық пневмонияға қарсы күреске тартылған медицина қызметкерлеріне үстемеақыны ай сайын Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры төлейді. Үстемеақы алатындардың тізімін өңірлердегі арнайы комиссия жасақтайды. Мемлекет басшысының биылғы халыққа Жолдауында COVID-19-ға қарсы күрес аясында денсаулық сақтау ұйымдарының қызметкерлеріне жыл соңына дейін ынталандыру ретінде өтемақы төлеуді тапсырған еді. Осы мақсатта 137 млрд теңге қаражат бөлінді.
– Вирустың бірінші толқынында дәрі-дәрмек жетіспеді. «СҚ-Фармация» тек мемлекеттік дәріханаларға дәрі жеткізуге міндеттіміз деп отырып алды. Қазір дәрі-дәрмек жете ме? Тағы да қоймаларда жатып қалмасына кепілдік бар ма? Провизор, дәрігерлердің жасырын дәрі сатуының қалай алдын аласыздар?
– Қазақстанда жазда дәрі-дәрмек тапшы болды. Осы келеңсіздік қайталанбау үшін министрлік дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселесі бойынша бірқатар шұғыл шара қабылдады. Бүкіл ел бойынша инфекциялық және провизорлық орталықтарда қор құрылды, осылайша бірыңғай дистрибьютор 16 млрд астам теңгеге дәрілік заттардың 91 атауын жеткізді.
Аталған шара инфекциялық және провизорлық орталықтардың жұмысын жеңілдетуге, COVID-19 жеңіл түрін амбулаториялық деңгейде емдеуге, халықтың дәрілік заттарға жұмсайтын қалта шығынын төмендетуге, мемлекеттің стационарлық емге бөлетін шығынын үнемдеуге мүмкіндік берді.
Сонымен қатар амбулаториялық деңгейде дәрі-дәрмектер тізімі кеңейтілді. Мәселен, дәрілік заттардың 5 атауын қамтитын COVID-19 жаңа нозологиясы енгізілді. Үйде коронавирусты емдеу үшін 1 миллион науқасқа тегін дәрі-дәрмектер қарастырылған. Сондай-ақ халықтың осал топтарын вакцинациялау үшін тұмауға қарсы вакцинаның 2 млн дозасы сатып алынды. Вакцинация 15 қыркүйекте басталды, бүгінде 1 млн адам екпе жасатты.
Бүгінгі таңда барлық өңірде 13 млрд теңгеден астам сомаға дәрілік заттардың тұрақтандыру қоры ұйымдастырылды.
– Мемлекет басшысы Жолдау барысында алғашқы медициналық көмектің қызметін қайта қарауды тапсырды. Қазір қандай жоспар әзірленуде? Жедел жәрдемнің тиімділігін арттыру үшін оны кезең-кезеңімен ақылы қылу қажетін ұсынатындар бар. Оған қалай қарайсыз?
– Денсаулық сақтау министрлігі халыққа көрсетілетін қызметтің сапасын және қолжетімділігін арттыру үшін 2021-2023 жылдарға дейінгі кешенді жоспар әзірлейді. Атап айтқанда, елді мекендердегі фельдшерлік-акушерлік, дәрігерлік амбулаториялық пункттердің материалдық-техникалық жағдайына айрықша мән береміз. Шалғайдағы елді мекендер үшін көліктегі медицина механизмі дамиды. Ауыл-аймаққа 100 бірлік жылжымалы медициналық кешен жеткізіліп, тиісті медициналық аппараттармен (рентген, УДЗ, ЭКГ, гинекологиялық тексеру жабдығы) қамтамасыз етіледі.
Енді балаларға келсек. Оқушылар арасынан да КВИ анықталды, кішкентай науқастармен байланыста болғандардың барлығы 14 күндік карантинде жатыр. Індет жұқтырғандар саны, әсіресе Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Павлодар облыстарында көп. Дәрігерлер 41 балаға мультисистемалық қабыну синдромы диагнозын қойды. Өкінішке қарай, Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында екі бала қайтыс болды.
Айта кететін мәселе, еліміздегі жедел жәрдем қызметі шақыртуларға қызмет көрсетіп үлгермейді. Сондықтан қосымша 3 мың мобильді бригада құрылды. Өзіңіз айтып отырған жедел жәрдем қызметін кезең-кезеңімен ақылы ету мәселесі осыған байланысты туындаса керек. Бірақ бұл алғашқы көмек көрсететін жедел жәрдем емес, мобильді бригада екенін ескерткім келеді. Осының аражігін ажыратып алған жөн. Бригадалар коронавирусқа күдікті немесе тұмау жұқтырғандарды қарап, олардан тест алады. Бір шақырған адамға екінші рет бармайды. Тест бір рет алынады және оның нәтижесі учаскелік дәрігерге беріледі. Ел аумағындағы азаматтарға алғашқы көмек қашанда тегін көрсетіледі.
– Қазір портал арқылы квота алып, ота жасату да, емханаға барып, ем алу да машақатты дүние. Ұзын сонар кезек. Дәрігерлер күніне 3-4 сағат жұмыс істейді. МӘМС медицинадағы кемшіліктердің көпшілігін жоя алмады. Аймақтарды айтпағанда елорда, Алматы емханаларында қаншама дәрігер жетіспейді. DAMUMED-те емделгендер туралы жалған ақпарат көп екені белгілі болды. Бұл бағытта қандай шаралар қабылдамақсыз?
– Әлеуметтік желілерде тараған жағдайдың барлығы шындыққа жанаспайды. Медициналық сақтандыру қоры көрсетілетін медициналық қызметтердің сапасына сараптама жүргізеді, әрбір өтінішті тексереді және заңбұзушылық анықталса, шара қабылдайды. Қаржы жалпы медициналық ұйымға бөлінеді, сондықтан қарапайым дәрігерге көрсетілмеген қызметті тіркеудің еш пайдасы жоқ. Қазір қорға пациенттер шағымдана алады – бізге бұл да көмек. Сондықтан ӘМСҚ халықты мобильді қосымшадағы деректерді тексеруге және заңбұзушылық анықталған жағдайда қорға немесе қордың филиалдарына хабарлауға шақырады.
Медициналық ұйымдар пациентке көрсетілмеген қызметті мекеменің жүктемесін көрсету үшін, қосымша қаржы алу үшін тіркеуі мүмкін.
ӘМСҚ 2020 жылы мониторинг жүргізіп, бірнеше кемшілік анықтады. Мұндай жағдайда медициналық ұйымға көрсетілмеген қызмет ақысының 300% мөлшерінде айыппұл салынады. Тексеру нәтижелері ҚР ДСМ Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетіне және олардың аумақтық департаментіне жіберіледі. Шартты бұзған жеткізушілер бар, оларға қатысты мониторинг қорытындысы прокуратураға, экономикалық тергеу қызметіне тапсырылады.
– Коронавирус эпидемиолог, инфекционист, реаниматолог, пульмонолог, кардиолог сияқты мамандардың аздығын байқатты. Бізде тағы қандай мамандар жеткіліксіз? Кадр тапшылығын шешу үшін қандай шаралар қабылдайсыз?
– Шынында да, пандемия кезінде бірқатар маманға сұраныс күрт өсті. Мәселен, 150-ге жуық эпидемиолог пен инфекционист, 321 реаниматолог, 41 пульмонолог, 144 кардиолог маманы қажет, сондай-ақ 128 рентгенолог, 244 педиатр, 44 жедел жәрдем дәрігеріне сұраныс бар. Кадр тапшылығын шешу үшін облыстардағы қажеттілікке қарай грант бөлінеді.
Айта кету қажет, заң бойынша мемлекет қаржысына білім алғандар, аймақтардағы мемлекеттік медициналық мекемеде кемі 3 жыл еңбек етуі тиіс. Бұл талап та маман тапшылығын шешуде нәтиже беріп отыр. COVID-19 инфекциясының алдын алуға 28 мыңнан аса маман қажет болды. Эпидемияға қарсы шараларды жүзеге асыру үшін жоғары оқу орны жанындағы клиникалық кафедралардың профессорлық-оқытушылық құрамынан 1 000 адам, резиденттерден 2 000 адам, еріктілерден 1 509 адамнан резерв жасалды.
Биыл қаңтардан бастап 60 мыңнан астам дәрігер, эпидемиолог пен медбике коронавирусқа қарсы күрес және індетті емдеу бойынша қысқа мерзімді оқу-курсынан өтті. 7 мыңнан астамы эпидемиология, жұқпалы аурулар және биоқауіпсіздік курстары бойынша оқытылды. Ал 95 эпидемиолог қайта даярлаудан өтті, биыл 20 қарашада қосымша 95 эпидемиолог, 100 инфекционист және 165 жедел шұғыл көмек көрсететін маман даярланады.
– Соңғы жылдары медицина университеттеріндегі студенттердің көпшілігін «жалпы практика дәрігері» (ВОП) етіп даярлау өзін-өзі ақтады ма? Бір салаға маманданған дәрігерлердің санын азайтып жіберген жоқ па? Өйткені резидентураға бөлінетін грант саны соңғы кезде күрт азайып кетті.
– Жалпы практика дәрігеріне қатысты қоғамда екіұшты пікір қалыптасқан. Десе де, денсаулық сақтау саласында сапалы қызмет көрсету үшін бұл таптырмас бастама деуге толық негіз бар. Мәселен, науқастарға емханаға барғанда жалпы практика дәрігерінің кеңесі ауадай қажет. Себебі ол терапевт, отоларинголог, кардиолог, аллерголог, офтальмолог және басқа да мамандардың орнын алмастыра алатын маман. Отбасылық дәрігер келушіні әрлі-берлі жүргізбей, қолда бар құралдармен нақты диагнозын да қойып бере алады. Әсіресе, кішкентай баласы бар ата-аналар үшін бұл өте ыңғайлы. Яғни, балаңызды өзіңіз барып жүрген дәрігерге апара аласыз. Ата-анасының денсаулығын білетін дәрігерге баланың да жағдайын түсіну жеңіл болады. Бұл жалпы практика дәрігеріне деген қажеттіліктің бір ғана мысалы.
Биыл «Жалпы медицина» мамандығы бойынша интернатураны мамандар 5 мамандық бойынша бітірді. Ал интернатураға түсушілер ЖПД бойынша қабылданды. Негізі, ЖПД маманы үшін тағылымдама тек 2021 жылы аяқталады. Биыл резидентураға мемлекеттік тапсырыстың жалпы көлемі 1 500-ді құраса, 950 отбасылық дәрігерге қажеттілік байқалады.
Отбасылық медицинада резидентураға бөлінген грант саны – 205. Келер жылы 651 отбасылық дәрігер бітіреді. 2020 жылғы ақпанда бекітілген мемлекеттік стандарттың 647 бұйрығына сәйкес, дәрігерлерді оқыту траекториясы өзгереді. Интернатура тек жалпы дәрігер үшін біржылдық болады және барлығы резидентурада оқуды жалғастыруы керек.
– «Аңсаған сәби» арқылы квотаға ие болу қалай іске асырылады? Жас мөлшері шектеле ме?
– Республикалық электронды денсаулық сақтау орталығының мәліметі бойынша, елімізде 9 467 әйел бедеулік диагнозымен есепте тұр.
2021 жылы іске қосылатын «Аңсаған сәби» бағдарламасына жасанды жолмен ұрықтандыру арқылы бала сүюге үмітті жұптар қатысады. Еліміздегі емнің тиімділігін дүниеге келген бала санымен бағалайтын болсақ, 30% деңгейінде, бұл еуропалық ең жақсы клиникалардағы нәтижемен бірдей. Пациент МӘМС аясында жылына 1 рет ЭКО жасата алады.
Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры 2020 жылы 1 105 ЭКО-ға 943 млн 826 мың теңге (1 ЭКО құны – 854 141 теңге) қарастырған. Президент халыққа Жолдауында ЭКО квотаны 7 мыңға жеткізуді, яғни 7 есе көбейтуді тапсырды. Қазақстанда 26 ЭКО-орталық жұмыс істейді, оның 21-і жекеменшік. Жалпы, осы күнге дейін елімізде ЭКО-ның көмегімен 22 мыңнан астам бала дүниеге келген.
– Коронавирусқа қарсы қазақстандық вакцинаның тиімділігі дәлелденді ме? ДДСҰ қандай баға берді? Оны егу жоспары қандай?
– Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы коронавирус инфекциясына қарсы қазақстандық вакцинаны клиникалық зерттеулерден өткізуге ресми түрде келісім берді. Денсаулық сақтау министрлігі Мемлекет басшысының тапсырмасын ескере отырып, COVID-19-ға қарсы вакцинация жасататын контингентті кеңейтуді ұсынады. Вакцинаның қауіпсіздігі мен тиімділігін бағалау мақсатында 2020 жылғы 17 қыркүйекте Ұлттық фтизиопульмонология ғылыми орталығының базасында қазақстандық вакцинаны клиникалық зерттеудің I кезеңін жүргізуге рұқсат берілді. 17 қарашада II кезеңнің клиникалық зерттеулері және 2021 жылдың 24 сәуірінде III кезең аяқталады.
Елдің COVID-19 вакцинасына қажеттілігін қамтамасыз ету үшін Денсаулық сақтау министрлігі вакцинацияланатын қауіпті топтарды анықтады: олар 60 жастан асқан созылмалы аурулары бар адамдар, медицина қызметкерлері, мұғалімдер. Алдын ала есепке сәйкес республика бойынша 2,8 млн адам немесе халықтың 15%-ы вакцина салдыруы тиіс. Ол үшін 5,6 млн доза вакцина қажет.
Вакцинаның қауіпсіздігі мен тиімділігі тексеріліп, ресми тіркеуден өткеннен кейін халықты жаппай вакцинациялау үшін қажетті доза сатып алынады.
– Әңгімеңізге рақмет!
Просмотров материала: 677