Соңғы екі айда Қазақстандағы кітапханалардың жұмысына қатысты екі мәлімдеме жасалды. Нұр-Сұлтан қаласының мәслихат депутаты Мирас Шекенов елордада бір ғана кітапхана қалдырып, қалғанын жабу керек десе, Сенат депутаты Рысқали Әбдікеров электронды кітапхананы сапасыз жүзеге асқан жоба деп бағалады, деп хабарлайды AzattyqRuhy.kz.
Анықтама: 2007-2009 жылдарға арналған Қазақстан Республикасындағы ақпараттық теңсіздікті төмендетуге бағытталған мемлекеттік бағдарлама аясында Мәдениет министрлігі тұңғыш және әзірге жалғыз электронды кітапхана жобасын жүзеге асырған еді. Бағдарламаның жалпы құны 15 млрд теңгеге бағаланған.
Бүгін Azattyq Ruhy порталы Нұр-Сұлтандағы кітапханалардың жұмысы үшін бюджеттен қанша қаражат кететінін, мембағдарлама бойынша жасалған kazneb.kzэлектронды кітапхананың кітаптары қандай сапада екенін және Мәдениет министрлігінен Қазақстанның ұлттық академиялық кітапханасын қамтуға бөлінетін бір жылдық бюджет ашық дереккөздерде неге жоқ екенін жазады.
«ТЕҢІЗДЕГІ БІР ТАМШЫ СУ» ҮШІН ЖЫЛЫНА 90 МЛН ТЕҢГЕ КЕТЕДІ
Сенат депутаты Рысқали Әбдікеров еліміздің кітапхана қорында жалпы 112 миллионнан астам басылым бар болса, олардың тек 1,5 миллионға жуығы ғана электрондық нұсқада дейді. Яғни, кітапхана қорының тек 1,3% ғана электронды түрге аусықан. Бұл – бірінші мәселе. Екінші мәселе – Қазақстанның электронды кітапханасындағы кітаптың визуалды сапасы. Дәлірек айтсақ, сапасыздығы.
Анықтама: Қазақстан ұлттық электрондық кітапханасы kazneb.kz. Қазір онда әдебиеттің 60 мыңнан астам электрондық көшірмесі бар. Оның ішінде балаларға арналған электрондық кітаптар саны небәрі – 5 551.
«Бұл порталдағы цифрландырылған электрондық кітаптардың сапасы айтарлықтай емес, көңіл толмайтындығын атап өткен жөн. Себебі, жүктелген электрондық кітаптардың 3D нұсқасын оқу қиынға соғады, мәтіндері анық емес, бұлыңғыр. Ал, кейбір аудио-кітаптар мүлдем ашылмайды.
Басқасын есепке алмағанда, минстрліктің (Мәдениет министрлігінің – авт.) мәліметіне сәйкес, бұл порталға тек техникалық қолдау көрсетуге ғана жыл сайын 90 млн теңге қаражат бөлінеді екен. Алайда, порталдың қызметі айтқанымдай, сын көтермейді. Оның үстіне, өкінішке қарай, бүгінде Қазақстанда шығатын барлық басылымның электронды нұсқасы kazneb.kz порталында жарияланбай отыр. Мәселен, Білім және ғылым министрлігі шығаратын мектеп пән кітаптарының электронды нұсқалары толықтай қамтылмаған», - дейді Сенат депутаты Рысқали Әбдікеров.
Электронды кітаптардың сапасы қандай екенін тексерейік деп бірнеше кітаптың 3D форматын жүктедік. Word нұсқасы қисық демесеңіз, оқуға аздап жарамды, ал, басқа нұсқаларын оқу үшін лупа керек.
МӘДЕНИЕТ МИНИСТРЛІГІНЕН «МӘДЕНИ» КВЕСТ
Осы уақытқа дейін желіде «кітапхананы жабайық/жаппайық» деген талқылау жиі өтсе де, бюджеттен кітапханаларға деп жылына қанша қаражат бөлінетіні айтылмады. Қазақстан Республикасы ұстанған «ашық бюджет» саясатына жүгінсек, Мәдениет министрлігінің кітапханалар үшін бөлетін қаражатын кез келген адам интернеттен көріп отыруы тиіс.
Біз де ашық дереккөздерге сүйеніп, кітапхананың бюджетін біліп аламыз дегенге сенімді едік. Алайда, Мәдениет және спорт министрлігі жалпы бюджетті көрсеткенмен, тым болмағанда, Ұлттық академиялық кітапхананың бір жылғы бюджетін қолжетімді порталдарға жарияламаған. Электронды үкіметтің «Ашық бюджеттер» бөлімінде де, министрліктің сайтындағы «құжаттар» бөлімінде де ортақ бюджет бар да, кітапхананың ақшасы жоқ.
Анықтама: Мәдениет және спорт министрлігінің 2020 жылғы бюджеті 113 млрд 690 млн 105 мың теңге
Мәдениет министрлігінің баспасөз қызметі 2020-2025 жылдарға арналған бюджеттік бағдарламалардың бюджетіне сілтеме жіберді. Біздің «Ұлттық академиялық кітапхананы ұстауға бюджеттен қанша қаражат кетеді» деген сауалымызға ресми хат сұратып отыр.
Бірақ, ашық дереккөзден білгеніміз, Мәдениет министрлігі «Республикалық маңызы бар қоғамдық кітапханаларда ақпаратқа қолжетімділікті қамтамасыз ету» деген бағдарламасына 2019 жылы – 1 млрд 647 млн 298 мың теңге, 2020 жылға – 1 млрд 413 млн 128 мың теңге, 2021 жылға – 1 млрд 520 млн 529 мың теңге қарастырылған.
Бюджеттік бағдарламаның сипаты мынандай: «Мемлекеттік мекемелерді (үш кітапхана мен кітап палатасын) ұстауға кететін шығындар, кітапханаға келген адамдарға ең жақсы жағдай жасау, көрме мен презентациялар өткізу, оқырмандар конференциясын өткізу кететін шығын». Дегенмен, бағдарламада үш кітапхананың аты мен ұлттық палатаның жеке-жеке шығыны айтылмаған. Контрагентті тексере келе, Нұр-Сұлтан қаласында орналасқан Ұлттық академиялық кітапхананың жыл сайынғы салығы туралы ақпарат таптық. Салықтарына қарағанда, ұлттық академиялық кітапхана бюджетінің артқы цифрлары біраз «нөлге» тең.
Сөз басындағы Мирас Шекеновтің мәлімдемесіне қайта оралсақ. Ол елордадағы кітапханалардың барлығын біріктіріп, қордағы кітаптарды цифрландыру керек дейді. Бірақ, ұлттық кітапхананың электронды кітабына қарап, астаналықтардың көзі мен көңілін әзірге тек аяуға болады.
Ал, Azattyq Ruhy тілшісі мәслихат депутатына телефон соғып, тақырыпты тарқатуға тырысты. Бірақ, Шекенов мырза сырқаттанып жатырмын дейді, сондықтан, оның бұған дейін біраз БАҚ өкілдеріне берген пікірін айта кетсек.
«Карантин бүкіл жұмысты интернет арқылы атқаруға болатынын көрсетіп берді. Кітапхананың басты мақсаты – адамдардың кітап оқуы ғой. Бұрын кітап жетіспесе, қазір ондай проблема жоқ. Қазір кез келген астаналық өзіне керек кітапты сатып алады. Тіпті, желіден жүктеуге болады. Кітапханаға баратын адамдардың саны адам сенгісіз дәрежеде қысқарып кетті: 20 жыл бұрынғы жағдаймен салыстырғанда», - дейді Мирас Шекенов. Қысқаша айтсақ, мәслихат депутаты қаланың бюджетін оңтайландыру үшін кезең-кезеңімен кітапханалар санын азайтып, бір ортақ кітапхана жасақтап, электронды кітапхана құруды ұсынып отыр.
Жалпы, бұған дейін хабарлағынымыздай, Нұр-Сұлтан әкімдігіне қарасты үлкенді-кішілі 18 кітапхана бар. 18 кітапханада 133 адам жұмыс істейді.
Осы кітапханалардың басын қосып отырған Орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің биылғы бюджеті 314 млн теңге екенін анықтадық.
Ашық бюджеттер туралы сервистен қаражаттың көбі шынымен ғимараттардың коммуналдық шығыны, қызметкерлердің жалақасы, жалпы, кітапханаларды жарақтауға кететінін көрсетіп отыр.
Анықтама: Қазақстанда 3 940 кітапхана бар, соның ішінде 1892 кітапханада интернет жоқ. Республикалық, облыстық, қалалық, деңгейдегі Зағип және нашар көретін азаматтарға арналған 16 арнайы кітапхана бар. Бірақ оларда Брайль қарпі, үлкен қаріп, сондай-ақ заманауи цифрлық және DAISY форматтағы кітаптар қамтылмаған
Просмотров материала: 840