Осыдан сегіз жыл бұрын мемлекеттік шекара маңындағы банда полицияны аяғынан тік тұрғызды. Олардың құрбаны - Қазақстаннан барған бірнеше кәсіпкер. Сол кезде бұл қылмыс халықаралық жанжалға ұласа жаздаған ед, деп хабарлайды SputnikNews.kz.
2012 жылдың ортасында Аламудун ауданының аумағында бірнеше ай бойы тәртіп сақшылары қарақшылардың ізіне түседі. Олар саудагер әйелдерді тонап қана қоймай, асқан жауыздықпен зорлаған. Бұл топтың темірдей тәртібі бар еді: ол – құрбандарды тірі қалдырмау. Бірақ қылмыскерлерден зәбір көрген әйелдердің бірі аман қалады...
Сол жылдары "Дордой" базары бүкіл Орта Азия аймағының көтерме саудагерлері арасында өте танымал еді. Демалыс күндері жүздеген саудагер, кейбірі топ-тобымен, енді бірі жалғыз жүріп Қырғызстанның шекарасын кесіп, арзан тауар сатып алу үшін осы базарға ағылады.
Қарақшылар туралы алғаш рет 2012 жылдың жазында айтыла бастады. Сол кезде 38 жастағы Петропавл қаласының тұрғыны олардың құрығына ілігеді. Қылмыскерлер әуелі оны зорлайды, кейін Үлкен Шу каналына ағызып жіберуге шешім қабылдайды. Бұл аз дегендей, саудагердің басынан бірнеше рет таспен ұрады. Әйелдің тыныс алмай жатқанына көз жеткізгеннен кейін оның денесін суға тастайды. Кейінірек белгілі болғандай, тірі қалған келіншекті жолдың шетінен жүк көлігінің жүргізушісі тауып алып, аудандық ішкі істер бөліміне алып келген.
...Таң қылаң бере АІІБ кезекші бөліміне қатты соққыға жығылған, киімдері қанға боялған әйел келеді. Кезекші милиционер оның әңгімесін тыңдай келе, мұның қарапайым тұрмыстық жанжал емес, қоғамдық резонанс тудыратын ауыр қылмыс екенін түсінеді. Тәртіп сақшысы зардап шеккен қазақстандық азамат туралы дереу басшылықты хабардар етеді. Бір сағат өтпей жатып, аудандық бөлімге ауыр қылмыспен айналысатын мамандар жетті. Олар тергеу барысында бірнеше әйелді зорлап, біреуін өлтірген қандықол қарақшылардың ізіне түседі.
Неден басталды
Банданың қылмысы туралы бәрін айтып беруге Шу қалалық ішкі істер басқармасының аға із кесушісі Айбек Парманасов келісті. Оның айтуынша, шекараға жақын маңдағы кеден бекетіне үш қарақшы арнайы құрбан іздеп келген. Қылмыскерлер сенбіге қараған түні осы бекет арқылы Бішкекке қомақты ақшасы бар саудагерлердің өтетінінен хабардар. Осылайша түннің бір уағында олар жалғызілікті әйелді байқайды. Қылмыстық топтың басшысы бір қарағаннан-ақ әйелдің саудагер екенін біледі. Енді оның сеніміне кіріп, өз көлігіне отыруға көндіру ғана қалады.
Сол түні әу бастан қылмыскерлердің жолы болды. Қазақстандық әйелді әрдайым кеден бекетінен алып кететін такси жүргізушісінің көлігі жолда бұзылып қалады. Соңғы сәтте ол саудагермен телефон арқылы хабарласып, болған жәйтты айтады. Ал кәсіпкердің түннің бір уағында бөтен елде далада қалғысы келмегені анық. Сондықтан оның жол шетінде тұрған такси жүргізушісінің ұсынысына келісуден басқа амалы қалмайды.
Жүргізуші бірден көлігінде тағы екі кәсіпкер отырғанын ескертеді. Оларды қарсы алу үшін әдейілеп келгенін, егер келіспесе, өздері кете беретінін айтады. Әйел амалсыз көнеді. Көлік трассаға шыға салысымен, әйелдің қасында отырған жолаушының бірі оның бетінен ұрады. Ал жүргізуші әйелге "тыныш отыр, әйтпесе өлім құшасың" деп қорқытады.
Осыдан кейін олар Үлкен Шу каналына келеді. Қылмыскерлер бұл жердің әрбір бұрышына дейін жақсы біледі. Айдалада айғайлаудың, көмекке шақырудың еш пайдасы жоқ еді. Каналдың жағасында олар көліктен Ольганы шашынан сүйреп шығарады. Алдымен қаскөйлер қорғансыз әйелді тепкілеп, ұзақ уақыт қорлайды. Содан кейін іскер әйелдің сөмкесін ақтарып, 5 мың доллар, 37 мың теңге, жүздеген сом ақшаны алады.
Ешкімге тіс жармаймын..
.
Енді қылмыскерлерді тоқтату мүмкін емес еді. Әуелі қарақшылар тобының жетекшісі, кейін оның сыбайластары Ольганы аяусыз зорлайды. Әйелді тірі қалдыру ешкімнің ойына да кіріп шықпайды. Олардың алдында тізе бүккен саудагер өзіне аяушылық танытуын жалынып сұрайды.
"Үйде үш кішкентай балам бар, оларды жалғыз өзім тәрбиелеп отырмын. Қарт анам бар. Мен отбасының жалғыз асыраушымын. Оларға менсіз қиын болады. Ақшаны түгелдей алыңыздар, ал мені үйіме жіберіңіздер, бұл оқиға туралы ешкімге тіс жармаймын", – деп жалбарынады ол.
Әйелдің бұл сөзі қылмыскерлерге еш әсер етпейді. Топ жетекшісі сыбайластарына саудагердің аяқ-қолын байлап тастап, басынан таспен ұруды бұйырады. "Бірден өлтірмесек те, егер аяқ-қолын байлап-матасақ, ол бәрібір суға тұншығып өледі" дейді ол.
...Кейін із кесушілердің бөлмесінде отырған кезде ауруханадан енді шыққан әйелдің тергеушімен арадағы әңгімесін кездейсоқ естіп қалдым. Әйелдің қандай азапты бастан кешіргенін елестетудің өзі қиын еді.
"Қатты соққыдан көз алдым қарауытып кетті. Бірнеше минут есеңгіреп қалдым. Кейін суға батып бара жатқанымды сездім. Бірақ өзімді құтқаруға және балалар үшін өмір сүруге деген құлшынысым маған күш бергендей болды", – деді қорқынышты күнді көзіне жаса ала есіне түсірген ол.
Ольга жағалауға жетіп, қамыстың ішіне жасырынады. Қылмыскерлер өзінің өліп қалғанына көз жеткізіп, оқиға орнынан кеткенше судың ішінде бірнеше сағат бойы отырады. Әйел өзінің ішкі түйсігімен қылмыстық топ басшысының оның өлім құшқанына әлі де сенбейтінін сезеді. Себебі, қарақшы каналдың жанына әлденеше рет барып, оның түбіне қайта-қайта үңіледі.
Жағада отырған әйел қолына байланған жіпті тісімен қиып, жолға шығады. Оны жүк көлігі жүргізушілерінің бірі байқап қалып, милицияға жеткізеді.
Бұл қылмысты ашу үшін арнайы тергеу тобы құрылады. Кәсіпкердің сипаттауы бойынша милиция қызметкерлері үш қылмыскердің фотобейнесін жасайды. Әйел, әсіресе, топ жетекшісінің түрін өмір бойы ұмытпастай есінде сақтап қалған. Әзірге тергеу барысында бастысы бұл емес, қарақшылардың көлігі еді. Ольга көлікті сұр минивэн деп сипаттайды. Сондықтан тәртіп сақшылары осы көлікті іздей бастады. Кейін барлық қылмыскер ұсталғаннан кейін әйелдің психологиялық күйзелістен көліктің түсін ғана емес, маркасын да шатастырғаны белгілі болды.
Милиция бірден "Ақ-Жол" кеден бекетінде жұмыс істеген барлық такси жүргізушісін назарға алады. Күдікті көрінген бірнеше азаматты Ольгаға көрсетеді. Бұл уақытта кәсіпкер Қазақстанға оралып, олармен интернет және ұялы телефон арқылы байланысқа шығады. Тәртіп сақшылары қанша үгіттесе де, саудагер әйел Қырғызстанға оралмайды.
Ұқсас қылмыс
...Қыркүйектің соңғы күндерінде Бішкек – Алматы тас жолының бойында мал жайып жүрген жергілікті тұрғындар асқан қатігездікпен өлтірілген әйелдің денесін тауып алады. Мәйітті тексерген сарапшылар қанішерлердің әйелді темірмен ұрғанын анықтайды. Соққының қатты болғаны соншалық, әйелдің бас сүйегі бірнеше жерден сынған. Ол алған жарақатынан бірден жантәсілім еткен. Қаскөйлер мәйітті жол жиегінен бірнеше метрге дейін сүйреп апарып, бұталардың арасына лақтырып кеткен.
Іс кесушілер марқұм әйелдің кім екенін бірден анықтай алмайды, себебі, киімінің қалтасында құжаттары болмаған. Көп ұзамай тергеу ісіне араласқан патологоанатомдар келіншектің бірнеше апта бұрын өлтірілгенін хабарлайды. Бұдан бөлек, қылмыскерлер әйелді өлтірер алдында зорлағаны белгілі болды.
Келесі күні құқық қорғау органдарының өкілдері қылмыс туралы Бішкек пен Шу облысының барлық аудандық ішкі істер бөліміне хабарлайды. Сондай-ақ, өлген әйел туралы ақпаратты Қазақстандағы әріптестеріне де жеткізеді. Өйткені, 47 жастағы азамат Астананың тұрғыны болып шықты. Бұл әйел де тауар сатып алу үшін "Дордойға" келіп, артынан жоғалып кеткен. Ол бірнеше күннен кейін үйіне оралуы тиіс еді. Із-түзсіз жоғалған соң әйелдің күйеуі жергілікті полициядан көмек сұрайды.
"Бұл екі қылмыстың бір-бірімен байланысты екеніне күмәнданған жоқпыз. Екі жағдайда да Қазақстаннан келген саудагерлерге қарақшылық жасалған, қылмыскерлердің қолтаңбасы да ұқсас", – деді Шу ҚІББ бөлім бастығы Медер Мұратов.
Әуелі тәртіп сақшылары әйелдің шекараны кескен сәттен бастап, базарға дейінгі жүрген жолын зерттеуге тырысады. Бір қызығы, қылмыскерлердің құрығына ілінген екінші саудагер Бішкекке еш қиындықсыз жеткен. Милиция қызметкерлерінің қолында Ольгаға шабуыл жасағандардың фотороботы болды. Шұғыл отырыста олар іс-әрекет жоспарын белгілеп алады. Сөйтіп, қаскөйлерді "Дордойға" қатысы бар адамдардың арасынан іздеу керек деген ұйғарымға келеді.
Тәртіп сақшыларының бір тобы такси жүргізушілерін, арба сүйреушілерді, жергілікті қауіпсіздік қызметкерлерін тексеріп жатқанда, басқалары өлім құшқан саудагер әйел туралы жан-жақты ақпарат жинауға тырысады. Олар әйелдің күйеуіне хабарласып, сол күні кешке бірнеше сағат бұрын келіншегімен сөйлескенін біледі.
Әйелі барлық тауарды сатып алғанын, кешке такси ұстап, шекара бекетіне баратынын айтқан.
"Мен базардан бір жігітті кездестіріп қалдым. Ол мені шекараға дейін жолдың жарты құнына жеткізіп тастайтынын, жүгімді түсіруге көмектесететін айтты", – деген ол күйеуіне.
Үш рет сотталған
Тәртіп сақшылары тағы да белгісіз такси жүргізушісіне тап болады. Олар екі қылмыстың өзара байланысты екеніне көз жеткізе түседі.
Қылмысқа қатысты бірден екі түрлі болжам жасалады. Марқұмның бірнеше мың доллар тұратын тауары жоғалған. Демек, қылмыскерлер жақын арада одан құтылуға тырысады, таныс алыпсатарларға сатуы мүмкін. Ал егер кісі өлтірушілердің базарға қатысы болса, онда заттарды осы жерде өткізуге тырысады деген сөз. Осылайша, тәртіп сақшылары базар ішін аралайды. Бірнеше саудагер фотороботтан үш қылмыскердің біреуін таниды. Олардың айтуынша, жас жігіт әйелдер киімін арзан бағаға сатқан. Көз жұмған әйел дәл осындай тауар сатып алған.
Осы жұмыстың нәтижесінде құқық қорғаушылар Ош облысы тұрғынының ізіне түседі. Ол базарда жүк тасушы ретінде нәпақа тауып жүрген 30 жастағы азамат еді. Бұған дейін үш рет сотталған жігіт қылмыстық топтың жетекшісі болған.
Тәртіп сақшылары оның соңғы рет Ош оқиғасынан кейін сотталғанын, сол уақытта Макаров тапаншасымен ұсталғанын анықтайды. Бірақ тергеушілер қаруды қандай мақсатта сатып алғанын сол күйі біле алмаған. Бостандыққа шыққаннан кейін ол тағы да ескі әдетіне көшеді.
Енді оның сыбайластарын анықтау үшін такси жүргізушісінің кіммен қарым-қатынас жасайтынын мұқият зерттеу қажет. Арада бірнеше күн өткеннен кейін күдіктінің үйіне екі жігіт келеді. Қамауға алған кезде қарақшылар құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне қарсылық көрсетуге тырысады.
Тергеу кезінде қылмыстық топтың жетекшісі тәртіп сақшыларының сұрақтарына ұзақ уақыт жауап бермейді. Көп ұзамай, оған бұлтартпас дәлелдерді ұсынған кезде, қылмыскер еріксіз астаналық әйелді өлтіргенін мойындауға мәжбүр болды. Ал жазда жасаған қылмысты бандиттер өз мойнына алғысы келмеді, себебі, бірнеше қарақшылық үшін ұзақ мерзімге темір торға тоғытылатынын білді.
250 сом үшін..
...Қылмыскерлер Астанадан келген саудагерді шекара бекетінің маңынан байқаған. Бірақ оны көлігіне алдап отырғыза алмайды. Себебі, әйел өзін күтіп тұрған такси жүргізушісінің көлігіне отырады. Сондықтан, олар әйелдің артынан қонақүйге дейін барады. Бірақ сол түні саудагердің бөлмесіне баса-көктеп кіріп баруға қарақшылардың батылы бармайды. Осылайша, таңертең кәсіпкердің базарға баруын күтеді. Ол жерде қылмыскерлер әйелдің көп тауар сатып алғанын көреді. Осыдан кейін "үштіктің" жетекшісі өзін жақсы жағынан көрсетіп, саудагер әйелдің сеніміне кіреді. Кеден бекетіне дейін жеткізіп салуға ұсыныс тастайды.
Келіскен уақытта көлігімен қонақүйдің жанына келеді. Барлық сатып алынған тауарды көлігіне салып, кеден бекетіне қарай жол тартады. Қарақшының сыбайластары күтіп тұрған жерде ол көлігін тоқтатады. Қаскөйлер көліктің ішінен әйелді сүйреп шығарып, алдын ала дайындап қойған темірмен ұра бастайды. Өлтірмес бұрын әйелді зорлайды.
Бірақ кәсіпкерде қомақты қаражат жоқ болып шықты. Олар жәбірленушінің қалтасынан небары 250 сом ғана табады. Бандиттер әйелдің денесін жасыруға уақыт жоғалтқысы келмейді. Сондықтан, мәйітті ең жақын бұтаға дейін сүйреп апарады да, ол жерден кетіп қалады. Бірнеше күннен кейін топ басшысы әйелдің сөмкесінен шыққан барлық тауарды базарға алып барады. Сатушылар оның қолына бірнеше мың сом ғана ұстатады...
Просмотров материала: 1 034