Ислам елдерінде ғана емес зайырлы мемлекеттерде де әскерлерилерге намаз оқуға мүмкіндіктер жасалған. Түркияда әскери бөлімдердің арнайы мешіттері бар, сарбаздардың жұма намазға баруына шектеу жоқ. Көрші Ресей мемлекеті қарулы күштерінде діни жоралғылар жасауға рұқсат беретін заң қыбалдады. РФ армиясының қатарына дін қызмектерлерін енгізіп, маңызды әскери тапсырмалар алдында діни рәсімдер жасауға мүмкіндік берген, деп хабарлайды AzattyqRuhy.kz.
Қазақстанда діни наным-сенім бостандығы бар дегенмен, мемлекеттік қызметкерлердің қадамы «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заң аясында және әдеп кодексіне сай реттеледі. Одан тыс әр мекеменің ішкі тәртібіне сәйкес шешімдер қабылданады. Қазақстан Армиясында жүріп намаз оқыған, намазхана мен часовня ашқан офицермен Azattyq Rýhy тілшісі сұқбаттасқан болатын.
Ресей Әскери академиясының түлегі, Қазақстан қарулы күштерінде лауазымды қызметтер атқарған, қорғаныс саласында мемлекеттік тілдің аясын кеңейтуде еңбегі сіңген полковник Серік Шалов қазір зейнеткер. Даниял Ахметов Қорғаныс министрі болып тұрғанда, баспасөз хатшысы, сосын министрліктің мемлекеттік тілді дамыту басқармасының басшысы болды. Ал 2009 жылы ҚР ҚМ Құрлықтағы әскер қолбасшысының орынбасары қызметін атқарады. Ол әскерден біржола кеткен соң, Алматы облысындағы ауылдық округтердің бірінде әкім болып еңбек етіп келеді.
- Серік Тоқсейітұлы, Сіз қызмет еткен 2000-шы жылдары әскер саласында дінге деген көзқарас қалай еді?
- Мен негізгі білімді Ресейде алдым. Әскери академияда жүргенде, орыстың арасында жүрсем де, мұсылман болып туған соң, мұсылман жолымен жүру керек деп санадым. Сол академияда оқып жүргенде «Влияние исламский религии на личность военнослужащего в современных условиях» деген тақырыпта дипломдық жұмыс жаздым. Соны қорғап шыққан соң, оны тіпті кандидаттық минимумға дейін алып бардым. Сол жерде ғылыммен айналыссам деген ой да болды. Бірақ елге оралған соң әскери қызметке араласып кеттім. Ғылыммен айналыса алмадым. Ылғи полигонда жүрдім, әскери бөлімдерде қызмет атқардым. Кеңес заманында әскер тұрмақ жай өмірде де дінді мойындамады. Бірақ қазақ ата дінінен алшақтап кеткен жоқ қой. Мен әскери қызметте жүргенде дінге қатты бет бұрып, намаз оқуға құлшыныс танытқандар болған жоқ деп айта алмаймын. Бірақ мемлекет те, Қарулы күштердің қолбасшылығы да бұл тақырыпты күн тәртібіне қойған емес.
- Сол кездегі Қорғаныс министрі Даниял Ахметовтің баспасөз хатшысы болып жүргенде, намазхан ба едіңіз?
- Даниял Ахметовтің баспасөз хатшысы болып жүргенде Әбу-Ханафи масхабымен жүрдім. Иә, намаз оқушы едім. Себебі өз бетімше діни сауатымды ашып, оның үстіне Мәскеуде диссертация қорғадым. Қызметпен бірге бес уақыт намазымды қаза қылмай алып жүрдім. Негізгі мамандығымның бірі әскери әлеуметтанушы болған соң, Қорғаныс министрлігіне рапорт жазып, еңбек демалысымның бірін Меккеге барып өткізуге бел байладым. Өйткені сол кездегі Бас мүфти Әбсаттар қажы Дербісәлі Мұхаммед Қайдар Дулати атындағы университет пен Қорқыт ата атындағы университеттегі тоғыз оқу корпусында лекция оқуыма мүмкіндік жасады. ҚМДБ-мен жақсы байланыста болдым. Студенттерге дінге байланысты дәріс оқыдым. Діни басқарманың аймақтағы бүкіл өкілдері келіп, солардың алдарында әскердегі ислам, оның ықпалы туралы дәріс оқып жүрдім. Сол жерде Әбсаттар қажы Дербісәлі маған «әскери имам» деген баға беріп, үлкен қажылыққа жолдама сыйлағысы келетінін айтты.
- Сонда Сіз қажысыз ба? Әскери қызметте жүрген адамға Меккеге баруға тыйым жоқ па?
- Иә, жаңа айттым ғой. Министрден рұқсат сұрап, арнайы рапорт жазып, Бас мүфти берген квота бойынша 33 күн Мекке қаласында болдым. Бір жағынан қажылық миссиямды атқардым. Екінші жағынан сол жақтағы әскери қызметкерлер арасында зерттеу жасадым. Анкета арқылы, әлеуметтік сауалнама тәсілімен әскердің қатырында жүргендердің дінге деген көзқарасын анықтау бойынша жұмыс жасадым. Меккеден келген соң, Қорғаныс министрі Данил Ахметов үлкен жиындардың бірінде генералдардың алдында қажы атанып келді, арақ ішуге болмайды, енді бұл кісімен шампан да соғыстыруға болмайды деп, қалжың-шыны аралас жоғары офицерлер құрамына таныстырғаны есімде. Осы мені желпіндіріп, ары қарай ойға алған біраз жоспарларым болды. Қазақстан Қарулы күштерінде әскерилерге неге діни жоралғыларды жасауға болмасқа деген пікірмен іске кірістім.
- Сөзіңізді бөлейін, жауынгерлерге намаз оқуға министрліктің рұқсат бермейтін анық еді ғой. Себебі Ата заңда наным-сенім бостандығы болғанымен, әскери адам ел шебінде мүлгуге болмайды деген қағида бар емес пе?
- Иә, рас. Намаз оқу айналаңдағы әлемді бір мезет ұмыттырады. Мәскеуде оқып жүргенде орыс әскери бөлімдерінде часовня, яғни шоқынатын жерлері болатын. Олар суға бір әскери кеме түсірсе де, жаңа техника алса да, сосын бір әскери маңызды тапсырмаға кетіп бара жатса да, батыс елдеріндегідей шөлмек ашып, аққайнар шақпайды. Киелі суды діни қызметкерлері әскерилерге бүркіп, тазаландырып, сосын олар тізерлеп отырып, бас кіимдерін шешіп, шоқынады. Ал кавказдықтар қызмет ететін әскери бөлімдерде намазхана ашып берген. Ол туралы заң да қабылдады. Сол Меккеден келген соң, осы Ресейдің тәжірибесімен Қазақстанда әскерилердің діни жоралғыларды атқаруына қатысты жобаларды істемек болдым. Себебі ол бізде заңмен тыйым салынбаған. Тіпті, бір әскери бөлімде мұсылмандарға бөлек, христиандарға бөлек бөлмелер дайындатып, діни жоралғылар жасауға жағдай жасадым. Ол жерде үлкен бір кілем төсеп немесе иконалар іліп, елдің назарын аударатындай ойым болмады. Бар болғаны әскерилердің де діни жоралғыларды еркін жасауына мүмкіндік беру еді. Қарауылда оқыс жағдай болса, үйінен жағымсыз хат алса, депрессияға ұшыраса, адам өзімен өзі қалып, керек болса, құдайына жалбарынуға құқығы бар. Өзін осылай тыныштандыруға болады. Бұл-еркіндік, оның конституциялық құқығы. Бірақ ол сөзсіз бықылауда болады. Әскери қызметтен босай қалғанда осындай жоралғыға мүмкіндік болуы тиіс деген позицияны ұстандым. Намазхан жауынгерлер, діни көзқарасы әлдеқайда терең, командирлерден де білімді бұл тұрғыдан әскери мамандар көп болды.
- Бұл бастамаңызды қолдаған өзіңіз сияқты әріптестеріңіз болды ма?
- Қолдағандар болды. Тіпті, министрдің өзі қажылыққа барып, мұсылмандық жолымен жүргенімді өзгелерге үлгі ететін. Осындай пилоттық жобаны жасап, әскерге енгізбек болдым дедім ғой. Осылай барлығы жап-жақсы басталып келе жатыр еді, Қорғаныс министрлігінен қарсылық пайда болды. Бұл сол кездегі елдің әр аймағында бас көтере бастаған діни экстремизммен тұспа-тұс келді. Осы кездейсоқтық әлгі бастамаларға кесірі тиді ғой деп ойлаймын. Оның барлығын 2002-2003 жылдары жаптырып тастады. Қарап отырсаң әркімнің құдайы, сенімі- өз жүрегінде. Десе де, «пока гром не грянет – мужик не перекрестится» деген орыстың сөзі бар емес пе?! Бір оқыс оқиғаға тап болсаң ғана Алланы еске аласың. Құлап бара жатсаң, жаның мұрныңның ұшына келгенде құдайың есіңе түседі. Тосын жағдай болғанда, сол сияқты әскери адам да басын қатерге тігеді, Алласын аузына алмайды емес алады. Ол да пенде. Біз әскери адамдар мемлекеттік қызметші емес, мемлекеттік қызметкерміз. Иә, дін мен мемлекет екі бөлек. Қанша дегенмен биліктің дінге деген ықпалы әлдеқайда басым болғанының салдарынан қазір әскерде болсын, мемлекеттік қызметте болсын бақылау күшті.
Ақпарат үшін:
Қазақстанда 2017 жылы сол кездегі ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңға бірқатар өзгерістер мен толықтырулар енгізуге талпынған. Негізгі нормалардың ішінде кәмелеттік жасқа толмағандарды діни қызметке тартудың, дін саласындағы заңдарды бұзудың жауапкершілігін арттыру бар болатын. Сонымен бірге мемлекеттік қызметшілердің жұмыс уақытында діни қызметке қатысуына шектеу қоюды қарастыратын арнайы бап енгізілу көзделген. Алайда, үш жыл өтсе, бұл заңға тиісті өзгеріс енгізіліп, заң жобасы мақұлданған жоқ.
Ал 2016 жылы қазіргі Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниял Ахметов әкімдік қызметкерлерінің жұма намазына баруына тыйым салғаны есімізде. Ол облыстық әкімдіктің аппарат жиналысында жұмыс уақытында діни жоралғыларды атқаратын қызметкерлерді сынға алған еді.
«Мен жұма сайын ондаған мемлекеттік қызметкердің қайда баратынын білем. Оны тоқтатыңыздар. Тек екі мереке бар. Құрбан айт пен Рождество. Сол кездері мешітке барыңыздар. Сіздер конституциямен жүруді не басқа жолмен жүруді өздеріңіз таңдауларыңыз керек. Мен қарсы келіп тұрған жоқпын. Тек Конститцияда Қазақстанның зайырлы мемлекет екені айтылған. Сондықтан мемлекеттік қызметкерлер таңдауын жасау керек. Не себепті жұма күндері кейбір қызметкерлер 12 сағат жұмыс орнында болмайды?», – деген болатын Д.Ахметов.
Сонымен қатар, мемлекеттік қызметшілердің діни ұйымдар қызметіне қатысуына байланысты шектеулер 2015 жылы бекітілген Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің Әдеп кодексінде де қарастырылған.
Просмотров материала: 2 138