Баспана алу бағытында жиі қойылатын сұрақтар бойынша Индустрия және инфрақұрлымдық даму министрлігі тиісті жауаптарды даярлады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
1. Қазақстанда қазіргі уақытта әкімдіктерде кезекте тұрған азаматтар үшін мемлекеттік баспана алудың қандай бағдарламалары бар? Баспанаға мұқтаж ретінде жергілікті атқарушы органдарда кезекте тұрған азаматтарды үймен қамтамасыз ету 2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы жер» тұрғын үй-коммуналдық даму мемлекеттік бағдарламасы және жергілікті деңгейде қабылданған бағдарламалар аясында іске асырылуда.
2. Қандай санатқа жататын азаматтар ол бағдарламалармен баспана ала алады және оларға қандай үйлер беріледі? Мемлекеттік қолдаудың негізгі шаралары тұрғындарға арналған қолжетімді баспана салуға бағытталған. Сатып алу құқығынсыз коммуналдық жалға берілетін баспана мүгедектер, жетім балалар, көпбалалы отбасылар, сондай-ақ ірі мегаполистерде жұмыс істейтін жастар сияқты әлеуметтік әлсіз топтарға арнап салынады. Тұрғындардың өзге де санаттары үшін ипотека, тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі және үлестік құрылыс сияқты механизмдер арқылы кредиттік баспана ұсынылады. Азаматтарға жаңадан салынған үйлерден де, нарықтан да баспана сатып алуға мүмкіндік беріледі. Сатып алу құқығынсыз жалға берілетін әлеуметтік баспана құрылысы республикалық бюджеттен жергілікті атқарушы органдарға қайтарымсыз мақсатты трансферттер бөлу арқылы қаржыландырылады. Әлеуметтік кредиттік баспана құрылысы үшін жергілікті атқарушы органдар облигациялар шығару арқылы қарыз алады және 1 шаршы метрін 140 000 - 240 000 теңге көлемінде белгіленген бағамен сату есебінен «револьверлік» қағидаты бойынша қаржыны айналымға салады. Оған қоса, мемлекет қосалқы шаралар арқылы жеке құрылыс салушылар мен тұрғындарды баспана салуға ынталандырып, құрылыс жүргізілетін аудандарға коммуникациялар тартып береді.
3. Мемлекеттік баспана алудан үміткер азаматтар қандай талаптарға сай болуы керек? Тұрғын үй қатынастары туралы заңнамада ең алдымен баспанаға мұқтаж азаматтардың есебіне қоюға қатысты нормалар қарастырылған. Ол кезекке қою үшін тиісті елдімекенде тұруы, ал республикалық маңызы бар қалаларда, астанада кемінде үш жыл тұруы шарт. Коммуналдық тұрғын үй қорынан берілетін немесе жергілікті атқарушы орган жеке тұрғын үй қорынан жалға алатын баспаналар келесі санаттарға жататын Қазақстан Республикасының баспанаға мұқтаж ретінде есепте тұрған азаматтарына беріледі: - Ұлы Отан соғысының мүгедектері мен қатысушыларына; - жетім балаларға, ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балаларға; - «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлеріне немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған көпбалалы аналарға, сондай-ақ І және ІІ деңгейдегі «Ана даңқы» орденімен марапатталғандарға, көпбалалы отбасыларға. Аталған санаттағы азаматтардың орташа айлық жиынтық кірісі баспана беру туралы өтінім жасар алдындағы он екі айда отбасының әрбір мүшесіне шаққанда республикалық бюджет туралы заңмен тиісті қаржы жылына бекітілген ең төменгі күнкөріс деңгейінің 3,1 реттік мөлшерінен аз болуы тиіс; - орташа айлық жиынтық кірісі баспана беру туралы өтінім жасар алдындағы он екі айда отбасының әрбір мүшесіне шаққанда республикалық бюджет туралы заңмен тиісті қаржы жылына бекітілген ең төменгі күнкөріс деңгейінің 3,1 реттік мөлшерінен аз әлеуметтік әлсіз топтарға. Ең төменгі күнкөріс деңгейінің 3,1 реттік мөлшері коэффициенті жетім балаларға, ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға және мүгедек балаларға таралмайды. - мемлекеттік қызметшілерге, бюджеттік ұйымдардың жұмыскерлеріне, әскери қызметшілерге, ғарышкерлікке үміткерлерге, ғарышкерлерге және мемлекеттік сайланбалы қызметті атқарып жүрген тұлғаларға; - жалғыз баспанасы ҚР заңнамасында бекітілген тәртіппен апаттық деп танылған азаматтарға.
4. Мемлекеттік баспана қандай шарттармен жеке меншікке және сатып алу құқығынсыз беріледі? «Тұрғын үй қатынастары туралы» ҚР Заңының 74 бабына сәйкес, мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілетін немесе жергілікті атқарушы органдар жеке тұрғын үй қорынан жалға алатын баспана аталған Заңның 98-1 бабында қарастырылған жағдайларды қоспағанда, мұқтаж ретінде есепте тұрған азаматтарға тізіммен бекітілген кезегіне сай барлық қажетті құжаттармен бірге өтінім өткізгеннен кейін беріледі.
5. Баспананы сатып алу құқығынсыз берген кездегі ай сайынғы төлемдерін көрсете отырып, барлық түрі туралы толығырақ айтып берсеңіз (өңірлерге бөліп). «Тұрғын үй қатынастары туралы» ҚР Заңының 97 бабының 1 тармағына сәйкес, коммуналдық тұрғын үй қорынан берілетін баспана үшін төлемақы мөлшерін жергілікті атқарушы органдар мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспананы пайдаланғаны үшін төлемақы мөлшерін есептеу әдістемесіне сай белгілейді. Егер, әрине, Қазақстан Республикасының заңнамасында өзге жағдайлар қарастырылмаса. Аталған әдістемеге сәйкес, есептеу кезінде баспананың жалпы ауданының бір шаршы метрі құрылысының (сатып алу кезіндегі) құны және ғимараттың қызмет етуінің есептік мерзімі (жыл) сияқты көрсеткіштер қолданылады. Мысалы, 1 ш/м құрылысының құны 140/180 мың теңге және ғимараттың қызмет ету мерзімі 50 жыл болса, жалдау ақысы 1 ш/м үшін айына тиісінше 233/300 теңге болады.
6. Азаматтарға мемлекеттік баспана бөлу рәсімін айтып берсеңіз. «Тұрғын үй қатынастары туралы» ҚР Заңының 74 бабына сәйкес, мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілетін немесе жергілікті атқарушы органдар жеке тұрғын үй қорынан жалға алатын баспана аталған Заңның 98-1 бабында қарастырылған жағдайларды қоспағанда, мұқтаж ретінде есепте тұрған азаматтарға тізіммен бекітілген кезегіне сай барлық қажетті құжаттармен бірге өтінім өткізгеннен кейін беріледі. Заңның 74 бабының 3 тармағына сәйкес, аталған тізімге енгізілген азаматтардың құқығы тең деп танылады. Мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілетін немесе жергілікті атқарушы органдар жеке тұрғын үй қорынан жалға алатын баспананы алуда аталған Заңда басқа қарастырылмаса, тізімге енген өзге азаматтардан ешкімнің құқығы басым болмайды. Мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілетін немесе жергілікті атқарушы органдар жеке тұрғын үй қорынан жалға алған баспананы алуда Ұлы Отан соғысының ардагерлері, сондай-ақ жетім балалар мен ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балалар, көпбалалы аналар, «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлері немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған көпбалалы аналар, сондай-ақ І және ІІ деңгейдегі «Ана даңқы» орденімен марапатталғандар, көпбалалы отбасылар бірінші кезекте алуға құқылы. Заң негізінде мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспана салынып жатқан көппәтерлі тұрғын үйлер пайдалануға берілуіне қарай және коммуналдық тұрғын үй қорында бос баспана болған жағдайда, кезектегі тізімге сәйкес санаттар бойынша беріледі. Мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспана алудың жалпы тәртібі төмендегідей: - қажетті құжаттарды жинап, әкімдікке немесе онлайн өткізу; - 30 күнтізбелік күн ішінде хабарлама алып, кезекті қадағалап отыру (егер құжаттардың барлығы дұрыс болса); - тұрғын үй комиссиясының құжаттарды қарауы және шешімін беруі; - келісімшарт жасасып, баспана алу.
7. Мынандай статистиканы берсеңіз: - қазіргі уақытта қанша қазақстандық үй алуға кезегінде тұр (өңірлер мен санаттар бойынша бөліп көрсетсеңіз)?; - 2019 жылы және 2020 жылдың бірінші жартыжылдығында қанша қазақстандық мемлекеттік баспана алды (өңірлер мен санаттары бойынша)?; Қазіргі кезде республика бойынша аталған жүйеде 529,61 мың адам әкімдік кезегінде тұр. 2019 жылы мемлекеттік қолдау есебінен 14 522 баспана, 2020 жылдың бірінші жартыжылдығында 4 284 пәтер берілді.
8. Баспанаға кезекке тұратындарды есепке алудың бірыңғай ұлттық жүйесі қашан іске қосылады? Қазір ол жұмыс қай сатыда, ерекшелігі неде болмақ? Кезекке тұратындарды есепке алудың бірыңғай ұлттық жүйесі 2019 жылдың желтоқсан айында өнеркәсіптік пайдалануға берілді. Баспанаға мұқтаждығын және кезекке тұратындардың кірісін анықтау үшін мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерімен интеграцияланған. Аталған дерекқорды пайдалана отырып, биыл кезекке түгендеу жүргізіліп, 32 мыңнан аса адам кезектен шығарылды. Жүйе кезектегілердің есебін ашық жүргізуге, есепке қоюды және алуды, баспананы түгендеуді және бөлуді оңтайландыруға және автоматтандыруға, азаматтар өткізетін құжаттар санын және баспанаға мұқтаж азаматтарды есепке қою мерзімін қысқартуға, сыбайлас жемқорлық көріністерін азайтуға мүмкіндік береді.
9. Қазір әкімдіктер айналысатын баспанаға мұқтаж азаматтарды есепке алу, кезекке қою және баспаналарды бөлу құзыретін беру жоспарланған «Отбасы банкін» құру жұмыстары қалай жүріп жатыр? Ол қашан жұмыс істей бастайды? Тұрғындарды баспанамен қамтамасыз ету бойынша тұрғын үй саясатын әрі қарай дамыту «Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі» негізінде құрылатын «Отбасы банк» даму және қолдау институты арқылы іске асыру жоспарланып отыр. Тұрғындардың кірісі мен жинағының болуын негізге ала отырып, әкімдіктердегі кезекке қою жүйесін реформалау және азаматтарға баспана алуда теңдей жағдай жасау үшін «баспанаға мұқтаж» түсінігінің нақты өлшемдерін әзірлеу жоспарланып отыр. Яғни, бұл алғашқы баспанамен қамтамасыз ету орталығы болады. 2020 жылдың соңына дейін жергілікті атқарушы органдардың кезектерінің базасын «Отбасы банкіне» беріп, мемлекеттік деректор қорына қолжетімділікті қамтамасыз ету жоспарланған. Сондай-ақ, биыл Қазақстан ипотекалық компаниясы базасында «Бәйтерек» холдингін қайта құрылымдау (операторларды біріктіру) жұмысы аяқталады.
10. Мемлекеттік баспана беру ережелері мен шарттарына өзгерістер енгізу жоспарланып отыр ма? Егер жоспарда бар болса, қандай өзгерістер болуы мүмкін? Мысалы, баспананың қолжетімділік сатысына, «Отбасы банкін» құруға және Кезектегілерді есепке алудың бірыңғай ұлттық жүйесін іске қосуға қатысты. Қазіргі уақытта қажетті Тұжырымдама және «Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі» негізінде құрылатын «Отбасы банкі» даму және қолдау институтын құруға қатысты Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне толықтырулар енгізу жобасы әзірленді. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша аталған толықтырулар 2020 жылдың желтоқсанына дейін қабылдануы керек.
Просмотров материала: 890