Қазақстанда коронавирус жұқтырғандардың саны күн санап артып келеді. Тіпті, соның салдарынан еліміздің түкпір-түкпірінде өлім-жітім де күрт көбейді. Алматыда да жақынынан айрылған, қайғы жамылған көпшілікті мәйітхана жанынан немесе зират басынан кездестіресіз. Әдетте баспана салумен айналысатын жұмысшылар бүгінде зират басында қабір қоршаумен айналысып жүр. Осы және басқа да жағдайларды өз көзімен көрген Azattyq Rýhy тілшісі баяндайды.
АЛМАТЫДАҒЫ ҚАБІРШІЛЕР ЖЕР ҚАЗЫП ҮЛГЕРЕ АЛМАЙ ЖАТЫР
Елдар дейтін азамат екі жылдан бері қабір қазумен айналысады. Қасында бірнеше көмекшісі бар. Тапсырысқа сәйкес олардың да саны азайып, көбейіп отырады екен. Аумағы 2,7 гектар шығатын Трудовик зиратына жауапты. Айтуынша, пандемия басталғалы көр қазу күрт көбейген. Туысының мәйітін жер қойнына тапсыратын адамдар алдымен ауруханадан арнайы анықтама әкелген соң ғана зираттан орын алады. Әрине, ақысын да қоса төлеуі тиіс.
«Күніне кем дегенде, екі адам жерленеді. Кейде үш, төрт мәйітті көмген кездеріміз де болды. Соңғы кезде өлім саны өте көп. Жер қазып үлгермей жатырмыз. Екі жылдан бері қабір қазумен айналысамыз. Бұрынғыдай ақымдап қазуға қазір уақыт та жоқ, адам да жетіспейді. Сондықтан қабірдің енін бір метр, ұзындығын екі метрден сәл асырып қазып жатырмыз, жер де қатты. Қатты үлгермей жатсақ, сыртта жүрген жігіттерді жалдаймыз. Жер беру мен қазу, мәйітті бірге көмісу, қабірдің бетіне қоятын бетондарын әкелу - біздің жұмысымыз. Осы қызметіміз үшін 85-95 мың теңге аламыз», - деді зираттағы көр қазушы Елдар.
«ЕСКЕРТКІШ ТАҚТА ЖАСАТУҒА 350 МЫҢ ТЕҢГЕ БЕРДІМ»
Жақынын ақтық сапарға арулап аттандыру, қабір қаздыру, бейітке мазар, қоршау орнату сынды жұмыстардың құны қазір бірнеше есе қымбаттаған. Қандай жағдайда көз жұмса да, жақынын мұсылмандық жолмен ақтық сапарға шығарып салатын халық үшін қызмет көрсетушілердің сұраған ақшасын беруге мәжбүр.
«Күніне қаншама адам жерлеп жатқанын, міне, көріп жатырмыз. Зиратта жердің сатылуы деген дұрыс емес. Бейіттің басы да бизнеске айналыпты. Өлімі көбейіп, қиналып жатқан тағы сол өз қазағың. Қабір басын көтеретін материалдардың бәрі қазір қымбаттап кетіпті. Құлпытастардың құны былтыр 70-80 мың теңге болса, қазір 200-400 мың теңге аралығында екен. Бұл масқара! Халық марқұм боп кеткен жақынына, әруаққа соңғы рет құрмет көрсеткісі келіп, амалсыздан алуға тырысады. Мына індет тоқтамаса, тағы осындай қанша төмпешіктер пайда болады? Халық қырылып жатыр, мына бәленің беті тезірек қайтса екен», - дейді он күн ішінде екі бірдей туысынан айырылған Қайрат Қашабайұлы.
Жерлеу бюролары мен граниттен құлпытас жасайтын ұйымдардың да жұмысына сұраныс көп. Жұмысының көптігінен бе, әлде «біреуге мал қайғы, біреуге жан қайғы» заманда кейбір зират басына қажетті дүниелерді қымбаттатып жібергеннен бе, ұйым өкілдерінің дені журналистермен сөйлесуден бас тартты. Алатау ауданында орналасқан жерлеу бюросы қызметкерінің айтуынша, гранит тасқа тапсырыс көп және оның ақысын артығымен төлесең ғана қажетіңді кезексіз аласың.
«Мезгілсіз қайтыс болған күйеуіме мазар тұрғызу үшін гранитқа тапсырыс берейін деп келген едім. Олар тапсырыстың көп екенін айтып, дұрыстап сөйлеспей қойды. Ескерткіш тақта жасатуға 350 мың теңгені қолма-қол санап беріп едім, сол кезде ғана мойындарын бұрып, маған көңіл аударды», - деді Қазимаш есімді әйел.
Алматыда ритуалды индустрияның жылдық айналымы 2,5 млрд теңге көлемінде деген дерек бар. Дегенмен, бұл да нақты емес. Алматыда 69 зират болса, олардың тек 14-інде ғана аймағын кеңейтуге мүмкіндік бар. 10 зиратта орын қалмағандықтан, толық жабылған. Ал, көпшіліктің айтуынша, Кеңсай-1 және Кеңсай-2 қорымдарынан жер алып, қайтьс болған жанды жерлеуге кем дегенде, 3 мың доллар қажет. Ал, мәйітті жуындырып, кебіндеу, жаназа шығару мен ас беру, арулап көму әрі қоршау тұрғызу сынды жұмыстарды қоса есептесеңіз, одан да көп шығындалуыңыз мүмкін. Алатау ауданындағы мұсылмандарға арналған зират жолдың екі жағын бойлап орналасқан. Зиратты аралап көргенде, онда жаңадан жерленген төбешіктердің көп екенін байқауға болады. Ал, миллиондаған адам жерленген Боралдай зиратында да жақынын жер қойнына тапсырып жатқандар өте көп екен.
«Мына індет 19-20 ғасырдағы жағдайды еске түсіреді, дамыған 21 ғасыр деуге келмейді. Дәріханаларда дәрі жоқ, ауруханаларда орын жоқ, көп адам мезгілсіз қайтыс болып кетті. Халықтың мазасы кетіп, күйі болмай тұр. Халық өз-өзін қорғауға көшті. Он күннің ішінде ет жақын екі адамымыздан айырылып қалдық. Ағайынның арқасында аруақтарды арулап, салтқа сай соңғы сапарға аттандырдық. Басын тұрғыздық. Қазір халық ауырған адамын қалай емдеуді, өлгенін қалай жерлеуді білмей қалды», - дейді жақынынан айырылған Қайрат Қашабайұлы.
Өлім санының күрт көбеюін Алматыдағы мәйітхана алдындағы нөпірден де байқауға болады. Ал, мәйітке зерттеу жүргізетін мекеме басшысының мәлімдеуінше, марқұмның мүрдесі туыстарына 12 сағаттың ішінде беріледі.
«Мұндай дүрлігу мәйітті әкетуге келетіндердің жанына 2- 10 адамға дейін туыстарының ертіп жүруіне байланысты туындайды. Шынында да, жақынын жоғалтып, ауыр күйде жүргендіктен, бюро қақпасында дүрбелең, үрей, абыржу, у-шу орын алуда», - деп жауап берді «Алматы патологоанатомиялық бюро» КМК директоры Бақытжан Әлібеков.
«ІНДЕТТЕН КӨЗ ЖҰМҒАНДАРДЫ ТЕГІН ЖЕРЛЕУ КЕРЕК»
Жаназа рәсіміне шақырту көбейгендіктен, молдалар да үлгермей жатыр. Дінтаушы, имам Нұрлан қажы Байжігітұлының айтуынша, жаназаға бұрынғыдай адам көп келмегендіктен, кейбір жағдайы жоқ жандар мешіттерді жағалап, жарық дүниемен қош айтысқан жақындарын жөнелтуді өтініп келеді екен.
«Ауруханадан орын таба алмай, үйінде жантәсілім еткен анасының, ағасының, әкесінің, әжесінің мүрдесін қара жер қойнына тапсыра алмай жүрген жандарға не дейміз?! Олардың наласы мен қайғысы еңсені баспай ма? Тіріні қалай құрметтесек, әруақты да солай сыйлаған ел едік қой, не болды бізге? Өмірден жақынымыз өтсе, екі-үш метр бөзімізді ала жүгіретінбіз. Мына індет одан да қалдырды, қайғымызды телефонмен жеткізетін болдық. Бір-бірімізден алыстадық. Қаражатсыз қалғандар жақындарын жерлей алмай жүр. Себебі, бұрынғыдай жаназаға ешкім жиналмайды, ел болып көму жоқ, сосын қазатын жері де, жататын көрі де, көмуі де ақша. Індет жалмағандар ең болмаса, тегін жатсыншы. Осыны ел болып ретке келтіре аламыз ба? Мұны ретке келтіру имамдар мен мешіттердің жұмысы емес», - деді ашына жауап берген Нұрлан қажы Байжігітұлы.
Ал, қабір басында құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатқан бір топ жігіттің сөздерінше, 2,5×3 метрлік бейіт басын көтерудің құны 100 мың теңге тұрады.
«Өлім көп. Жағдай қиындап кетті. Мешітте төрт имам бармыз. Күнде өлік шығарамыз. Қабірдің басын көтеру жұмысын да ұйымдастырамыз. Материалымен қоса есептегенде, марқұмның зиратын тұрғызуға 350-450 мың теңге аралығында ақы аламыз. Егер тек темірден ғана қоршатса, оны 120 мың теңгеге жасап береміз. Материалдарын марқұмның туыстары өздері әкеліп береді, ал бейіттің іргетасын құйып, кірпішін қалауға жұмысшылар 100 мың теңге көлемінде ақы алады»,- деді өзін Ахмет Әбдірахов деп таныстырған, асыға жауап берген адам.
Просмотров материала: 1 401