Экс-шенділердің бүгінгі тыныс-тірлігі жайлы мақалалар сериясын Azattyq Rýhy ұсынады.
Иманғали Тасмағамбетовтің елші қызметінен кеткені туралы былтыр 18 желтоқсанда шыққан ақпарат ел ішінде кәдімгідей дүрбелең туғызды. Саяси элита арасындағы тартыс күшейген тұста танымал тұлға енді қандай қызметке тағайындалар екен деген сұрақтың маңызы арта түсті. Алайда, Ақорда мемлекет басшысының жарлығымен Иманғали Нұрғалиұлы Тасмағамбетов зейнеткерлік жасқа толуына байланысты Қазақстанның Ресейдегі Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметінен босатты.
Одан бері алты ай уақыт артта қалды. Иманғали Нұрғалиұлы Ұлттық музей директоры Арыстанбек Мұхамедиұлының анасы қайтыс болғанда, Алматыда төбе көрсетті. Содан бері белгілі саясаткер бұқара алдына шыққан емес.
Тасмағамбетовтің жақын әрі үзеңгілес досы, Қазақстанның Халық әртісі, актер Досхан Жолжақсынов Azattyq Rýhy тілшісіне саясат сахнасынан кеткен белгілі тұлғаның немен айналысып жүргенін айтып берді.
«ТЕПСЕ, ТЕМІР ҮЗЕТІН КЕЗІ ЕДІ ҒОЙ...»
Актердің айтуына қарағанда Иманғали Тасмағамбетовті соңғы рет 17 мамырда көрген. Бірақ телефонмен жиі сөйлесіп тұратынын айтты. Екі-үш күн Алматыда болып, жақында астанаға кетіпті. Жолжақсыновтың айтуынша, негізінен немерелеріне қарайды. Олар екі қалада тұрады екен.
«Ешқандай айтарлықтай жоспары жоқ. Емделіп, демалып, отбасы қасында, немере бүкіл шаруасы осы. Кітап оқиды. Денсаулығына қарайды. Осындай енді. Таяқ ұстап тұрған кәрі емес. 63 жас деген пайғамбардың жасы дегенімізбен, шариғат туралы, пәлсапалық бірдеңені тұжырымдауға, жақсы-жақсы тәлімді әңгімелер айтатын жас қой бұл өзі»,- дейді досы туралы актер.
Жолжақсынов Тасмағамбетов жоғары жақтың шешімін қиналмай қабылдағанын айтты. Бірақ, досы үшін белгілі актердің өзі күйінетін сияқты.
«Айтпаса сөздің атасы өледі. Қызметке келгенде нағыз тепсе темір үзетін кезі еді ғой. Біріншіден,өмірлік тәжіибе де, қызмет, саясат жолында да тәжірибесі жетеді. Енді демалысқа шыққаннан кейінгі тірлігінің түрі осы. Бірақ оның көңілін, көкірегін ашып көру оңай шаруа емес. Өзі мықты азамат болған соң, білдірмейді. Негізі іші-сыртының бәрі көзінен көрініп тұратын тазалығы бар. Бәріміздің тірлігіміз осы енді. Зейнетке шыққан соң, 5-6 тиынды күтеміз. Ол немерелеріміздің ойыншығынан аспай қалады.
Ешқандай қоғамдық жұмысы жоқ. Қолдан келген дүниелерді елшілкте жүргенде де істеді. Сол жақтағы қазақтардың басқосуына да, олардың ұлттық құндылықтарды тануына біраз ықпал жасады. Біраз батырларымыз бен тұлғаларымызға ескерткіштер ашуға себепші болды. Қолдан келгеннің бәрін жасады. Қазір енді (қызметке- AR) шақырса да бармайтын шығар. Жан жаққа тартуы мүмкін. Билікке қарсылар да, билікті жақтайтындар да. Қоғам болған соң болады»,- деп өкінішін білдірді Жолжақсынов.
ДАРИҒА НАЗАРБАЕВА ЖАСТАР КОНГЕРСІН БАСҚАРА БЕРЕДІ
Мемлекеттегі ең маңызды посттардың бірінде отырған тағы бір белгілі тұлға жуырда орнын босатты. Қасым-Жомарт Тоқаев 2 мамырда Сенат төрағасының депутаттық өкілеттілігін тоқтату туралы Жарлыққа қол қойды. Тастамағабетовтен кейін, қоғамда ең қызу талқыланған тақырыптың бірі осы болды.
Бір айдан бері жұмыссыз отырған саясаткер шетелге көшіп кетіпті деген дақпырт да тарап жатқан. Сенаттың экс-спикері өткен аптада Жастар конгресі кеңесінде отырыс өткізді. Бұл туралы ұйымның Instagram-дағы рсеми парақшасына видео жарыққа шықты.
Дариға Назарбаева Қазақстан жастар конгресін 2016 жылдан бері басқарады.
ҮЛКЕН МЫРЗАХМЕТОВ КАРАНТИНДЕ
Биыл ақпан айында Қордай оқиғасынан соң қызметінен босатылған Асқар Мырзахметов Алматыда тұрып жатыр. Өзін Нұрбол деп таныстырған бұрынғы Жамбыл облысы әкімінің көмекшісі Azattyq Rýhy тілшісіне төмендегідей қысқаша ақпарат берді.
«Асқар Исабекұлы шетелде емес, Қазақстанда. Қандай кәсіппен айналысатынын білмеймін. Бар ма, жоқ па? Ақпан айында қызметтен кеткен соң екі айдай карантинде болды. Қызметте қайда болса, сонда тұрады ғой. Бірақ негізгі үйі Алматыда. Жеке шаруалары туралы білмеймін. Жұмысқа қатысты ғана хабарласып тұрамыз. Басқа мән-жайларды айта алмаймын. Ол кісінің өзіне хабарласып біліп берейін»,- деді көмекшісі.
58 жастағы Асқар Мырзахметов Түркістан облысында өмірге келген. Ауылшаруышылығы маманы 1991-1995 жылдары Сауат Мыңбаев, Зейнолла Кәкімжановтармен жеке қаржы саласында еңбек еткен. Ал мемлекеттік қызметке 1997 жылы Үкімет басшысының кеңесшісі ретінде кіріседі. Ауылшаруашылық вице-министрі, Ауылшаруашылық министрі, Өзбекстандағы Төтенше және өкілетті елші, «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары, Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі, Жамбыл облысының әкімі сияқты үлкен қызметтік жолдан өткен. Мемлекет басшысының Жарлығымен 2020 жылы 10 ақпанда қызметінен босатылды. Содан бері жұмыссыз.
БИШІМБАЕВ СТАРТАП ЖОБАЛАРДЫ ҚОЛҒА АЛҒАНЫН ЖАЗДЫ
Ал 37 жасқа дейін мемлекеттік қызметте жасындай жарқылдаған Қуындық Бишімбаев бір күнде бар абыройынан айырылып, 10 жылға сотталып кеткенін ел ұмыта қойған жоқ. Небәрі 22 жасында Үкімет мүшесі болып қызметке кіріскен Қуандық Уәлиханұлы Экономика және бюджетік жоспарлау министрлігіне бөлім басшысы болып қызметке орналасады. Қызметі жыл сайын өсіп, елдегі бірнеше министрлікте орынбасар, Презиеденттің көмекшісі, квазимемлекеттік секторда, Президент әкімшілігінде сектор меңгерушісі сияқты сатыдан өтті.
Қуандық Бишімбаев былтыр 11 қазанда Шымкенттегі түрмелердің бірінен босатылды. Бюджет қаражатын жымқырғаны үшін айыпты деп танылған экс-министр рақымшылыққа ілінген соң, өзінің тұрғылықты жерінде пробациялық бақылауда болады. Айта кету керек, Қуандықтың Facebook желісіндегі парақшасын істі болып жатқанда да жоймаған. Қапастан босап шыққан соң, екі айдан кейін ол желідегі белсенділігін үдетті. Негізінен классикалық музыка және өзі оқып жатқан кітаптары туралы ақпараттармен бөлісіп отырады.
Елдегі экономикалық жаңалықтар туралы да пікірін жазып отырады. Соңғы жазбасынан Startup-пен байланысты жобаларды қолға алғанын байқауға болады. Статусындағы ақпараттардан оның Нұр-Сұлтанда тұратыны белгілі.
Қуандық Бішімбаев соңғы рет Facebook-тегі парақшасына 10 маусымда жазба қалдырып, «айти стартап үшін күш-қуаты тасыған және амбициясы басым жетекші керек. Жекеге жазыңызар...» деген болатын. Алайда біздің тілшінің мессенджерге қалдырған сұрау хатына жауап қатқан жоқ.
БҰРЫНҒЫ БҰРЫМДЫ ДЕПУТАТ ЕНДІ АСПАЗ
Тоқсанынышы жылдары КТК (Көңілді тапқылар клубы- AR) құрамында, халықаралық сайыстарда мемлекет атынан ұлттық құрамаларда өнер көрсеткен Бақыт Сыздықова эпатажды пікірлерімен танымал болды. Ол жастар саясатымен айналысатын ұйымдарда жетекші бола жүріп, сол кездегі Астана қаласының мәслихатына депутат болып сайланады. Оның мемлекеттік қызметтегі мансабы Білім және ғылым министрлігінде, сосын «Нұр Отан» партиясында жалғасын тапқан. Сосын Сыздықова 2007 жылы партиялық тізіммен Парламент Мәжілісіне депутаттыққа өтеді.
Бұрымды депутат өкілеттілігі аяқталған соң, саясатпен айналыспайтыны туралы жазған болатын. Бірақ ол әлеуметік желідегі парақшаларында қоғамдағы оқиғалар туралы жиі пост жазып, пікір білдіріп отырады.
Аспаздық саласында кәсіп ашқаны туралы да жиі жазба қалдырып, «У Бахыт» деген атпен дүкендер желісін іске қосқанын айтты. Ол Нұр-Сұлтан қаласында осымен 9-шы сауда орнын ашқанын, ол жерде түрлі тәтті тағамдардан тыс 70 теңгеге әлеуметтік нан сататынын хабарлады. Бұл туралы экс-депутат 4 маусымда пост жазып, оның астына әзілге толы бейнебаянды жүктеді.