Халықтың мамыражай тіршілік кешуі, айлығы қомақты болып, таршылық көрмеуі негізінен еліміздің бюджетінің қаншалықты әділетті де тұрақты түрде қалыптасуына тікелей байланысты. Бюджетіңе көп нәрсе түспей, үнемі қоңылтақсып тұрса, еліңнің берекесінің кеткені. Жұмыс істейтіндерді былай қойғанда, кедей-кепшіктердің халі мүлдем құлдырап, әркімге қол жайып қалуы бек мүмкін.
Міне сондықтан да дамыған елдерде ел бюджетіне әркім тапқан табысына орай өз үлесін қосып отыруы қатаң қадағаланып, оны әлеуметтік әділеттік секілді принципке айналдарып, қашанда назарда ұстап отырған. Яғни, айлығы шайлығына жетпейтін жұмыскерлер табыс салығын аз ғана мөлшерде, тіпті төлемеген де. Ал жалақылары оларды он орап алатын, табыстары миллиондап саналатын мықтыларға салынатын салық табысының өсуіне сәйкес, ол да өсіп отырған.
Мәселен, Франция секілд елде табысы өте жоғары жандардға салынатын салық кейде сол айлығының жартысына дейін жетіп қалады. Оларда: «Ойбай, бізді салықпен жаныштап, күн көрсетпей жатыр», - деп біздегідей өтірік байбалам салып жүрген байларды естімейісің. Жалпы, мұндай әділеттілік туралы біз бұл порталда бірнеше рет жаздық та. 80 мың теңге алатын жұмысшы да, миллионнан астам айлық алатын министрлер мен депутаттар, банк менеджерлері мен алып ұлттық компания басышыларының да бұл салықты тек 10 пайыз төңірегінде ғана төлейтіні секілді байларға ғана ыңғайлы тәсілдің тек бізде ғана қолданылатындығын талдап көрсеттік. Мұндай «теңгермешілдік» түптің-түбінде бұқара халықтың наразылығын туғызатындығын, бай мен кедейдің арасы алшақтап, соның салдарынан үлкен дау-дамайға соқтыратындығын да тура айттық.
Ал егер осы миллионға жуық жалақы алатын министрлер мен депуттарға ең болмаса он пайыздың орнына 20 пайызға көтерсе, олардың шыбын шаққандай көрмейтіндігі белгілі. Бір миллионның орнына бұрынғыдай 900 мың емес, 800 мың теңге алса, тым кедейлене қоймасы анық. Ал бюджетке аздап болса да табыс түседі. Енді мұны 20 пайыз емес, 30-40 пайызға көтерсек ше? Анау мұнай компанияларындағы 3-5 миллион теңге алатындардың бір милионын бюджетке аударсақ ше? Қанша кедей-кепшік мен жетім-жесірлердің сауабын алар едік. Зейнеткерлер де бір жасап қалар еді. Шындығында да, мұндай мақалардан кейін айтқандарымыздың бәрі «Баяғы жартас, бір жартас» күйінде қала бере ме деген ойдың санамызды сан орап алғандығы сөзсіз.
Алайда бұл ұсынысымыз жоғарыдағылардың да құлағына жеткен сыңайлы. Жақында, тіпті күні кеше ғана Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияның қорытынды отырысында сөйлеген сөзінде тағдыршешеті тоғыз тарауының төртіншісі есебінде ұсынып:
«Четвертое. Считаю, что во имя социальной справедливости пришло время проработать вопрос введения прогрессивной шкалы индивидуального подоходного налога в отношении заработных плат и других видов дохода.
Смысл прогрессивной шкалы в том, что граждане с невысокими зарплатами будут платить меньше, чем сегодня, а для высокооплачиваемых работников сумма уплачиваемого налога возрастет.
Наша основная цель – вывести из «тени» наиболее массовый, непрозрачный нижний сегмент заработных плат. Если ставка по ним сократится, будет меньше стимулов платить в конверте» - деп қадап айтақан болатын
(Ақорда сайтында бұл сөздердің қазақша аударылмай, орыс тілінде берілгендігінен, біз де оның мазмұны өзгермесін деген ниетпен сол қалпында беріп отырмыз).
Енді көптен бері сөз болып келе жатқан осы бір түйткілді дүние шешімін табар деген ниеттеміз. Бір өкініштісі, осыны Президентіміздің айтқанын күтіп отырмай-ақ, осыдан бірер жыл бұрын депуттарымыздың өздері-ақ осындай шешім қаьбылдағанда, қаншама халықтың алғысын алар ма еді. Тіпті, эконониканың жақсаруына, яғни бюджеттің өсуіне тікелей жауапты үкіметіміздің де осындай бастама көтеруіне кім кедергі болыпты. Соған қарағанда билік басындағылар үшін халықтың мүддесінен гөрі қомақты айлықтары жанына жақын, уайым-қайғысыз өмірлері өздерін аса қолайлы секілді.
Міне, осы орайда көңілді біраз күмәнді ойлар шырмайды. Бізде, әдетте, жақсы басталған, аса өзекті мәселенің бірден шешілуі оңайға соқпайды. Шенеуніктер халықтан әбден ажыраған, сонысымен де өздеріне өте қолайлы тіршілігінен ажырағысы жоқ. Сондықтан да олар қандай да бастаманы әуелі сөзбұйдаға салып, сосын формальділікке айналдырып, ақыры сиырқұйыршақтандырып бітітіреді.
Бірер мысал. Бір кезде бізде: «Ойбай машиналарға сәбилер отыратын орындықтар қою керек. Өйтпесек, машина апатынан әсіресе жас балалар қатты зардап шегеді», - деп жүргізушілердің екі аяғын бір етікке тықты. Сосын олар амалсыздан бұл дүниені қымбаттылығына қарамастан жаппай сатып ала бастады. Ал автоинсекторар болса, оларды қатты қадағалап, ережеге бағынбағандарға аямай айып салып жатты. Ал, енді қазір осы кімнің есінде қалды? Ішінде міндетті түрде балалар орындығы бар қай машинаны кездестірдіңіз? Сірә, осындай орындықтьар шығаратын белгілі бір мықтының фирмасы өз өнімдерін молынан сатып, табысқа қарқ болды да, қабылданған қаулы да ұмыт болды.
Мұны бір деңіз. Ал осыдан бірер жыл бұрын биліктегілер: «Біз енді мемлекеттік қызметшілдерді, әсіресе, лауазымды жандарды қатаң қадағалаймыз. Бұл үшін оларды жыл сайын табыс декларациясын тапсыруға мәжбүр етеміз», - деп біраз азан-қазан болды. Әуелі мұны 2018 жылы, сосын 2019 жылы, одан кейін 2020 жылы енгіземіз деп ант-су ішті. Енді мұның аяғы не болды? Жоғарыдағы орындықтардың кебін құшты.
«Бақсақ, бақа екен» дегендей бақсақ, біздің елдің елді-мекендерінің бәрі де ғаламтормен қамтылмаған көрінеді. Енді осы да жаңалық болып па? Әлде мұны биліктегілер жаңа ғана білді ме? Жарайды, тіпті солай болсын-ақ. Алайда неге осы декларация тапсыруды депутаттар мен министрлерден, облыс пен аудан және қала әкімдерінен, ұлттық компания басшылдарынан бастамасқа? Дәл осы жерде ғаламтор жоқ деп кім айта алады? Сірә, мәселе бір мықтылдардың тапқан табысы тым қомақты көрініп қала ма деген қауіп бұл бастаманы да жылы жауып қоюға әкеліп соқты ма деген күмән туады.
Ал енді Президентіміздің осы жолғы бастамасының да жоғарыда біз сөз қылған дүниелердің аяғын құшпаса деген қаупімізді де жасыра алмаймыз. Сылдыр сөз бен өтірік уәде беруге келгенде алдына жан салмайтын шенеуніктеріміз мұны жүзеге асырмауға неше түрлі, сан-сапалақ қулық ойлап таппасына кім кепіл? Дегенмен, жаңа Президентіміз мұндай «аппараттық ойынның» жолын кесіп, ойына алған дүниені жүзеге асыруға табанды түрде кіріседі деген сенімдеміз. Мұны тіпті мына короновирустың салдарынан қоңылтақсып қалған бюджетімізді толтырудың бірден-бір тиімді тәсілі екендігі екендігін айтып жатудың өзі артық.
Жайберген Болатов, журналист
Дреккөз: Abai.kz
Просмотров материала: 653