Бұл жолы «Азаттық рухы» депутаттар, әкімдер мен танымал кәсіпкерлердің балаларына қандай ерекше есімдер беретініне тоқталды.
Ойлан, Ізден Сұлтановтар
Парламент депутаттары заң шығарудан бөлек, балаларына ат қоюға келгенде де креатившіл болып шықты. Мәжілісмен Қуаныш Сұлтановтың 1989 жылы туған немересінің есімі – Әнбиян (орысша - Анбиян). Статистика комитетінің іздеу жүйесі арқылы тексеріп көрген едік, Қазақстанда мұндай есім басқа ешкімде жоқ екен.
«Әнбиян – ұлымның қызы. Студент кезінде үйленді, ол уақытта ұлым Петербор қаласында оқитын. Сондықтан Әнбиян біздің қолда өсті. Сөйтіп баламыз болып кетті. Бұл атты әжесі, яғни менің жұбайым қойды. Оның ерте қайтыс болған анасының есімі Әнбиян болған», - деді.
Фотода Әнбиян Сұлтанова
Мағынасына келсек, Құран Кәрімде «Әнбия» атты сүре, ал Иемен мемлекетінде Anbiya атты қала бар. Қазақстандағы «жалғыз» Әнбиян Сұлтанова Бейжің қаласындағы елшілер мектебін тәмәмдаған. Одан кейін Пекин халықаралық бизнес мектебінде, Цзяотун университетінде оқыған. Бұл Қуаныш Сұлтановтың 1995-2001 жылдар аралығында Қытайдағы елшілік қызметімен байланысты болса керек. 2016 жылы Әнбиян Сұлтанова мемлекеттік кірістер комитетінде жұмыс істеді. Депутаттың айтуынша, қазір бизнеспен айналысады екен.
Сұлтановтың өз қолында өскен есімі ерекше тағы бір немересі - 1993 жылғы Ойлан Сұлтанов. Ол 2016 жылы Астана күнінде үйленген. Ол туралы депутат Үкімет басшылығында жүрген кездерімен байланыстырады.
«Күні-түні жар құлағымыз жастыққа тимей, ойланып-толғанып жүрген кезде сол бала туды. Ол кезде Үкіметте не дұрыс заң, не ақша жоқ еді. Зауыттар істемей тұрды. Немереме ат қойғанда бұл да өскенде ойсыз болмасын, ойланып қадам бассын деген ниет болды», - деп еске алды.
1993 жылы Ойланның артынан туған тағы бір немересінің атын Қуаныш Сұлтанов Ізден деп қойған.
Елорда күні үйленген Ойлан Сұлтанов
Пішембайдың немересі Долорес
Ал депутат Мейрам Пшембаевтың 1983 жылғы бізге белгілі жалғыз қызының есімі – Долорес. Айырықша аттың құпиясын Пшембаевтың өзінен сұраған едік, кіндік шешесінің құрметіне қойылғанын айтты. Негізі Долорес – испан халқы арасында кең таралған есім. Аргентина мемлекетінде «Долорес» қаласы бар.
Біз білетін Долорес Пшембаева әкесі секілді ірі бизнеспен айналысады. Мейрам Пшембаевтың атындағы «САН» ЖШС, оның құрамына кіретін «РЕЧНИК-ПВ» ЖШС, «Павлодар өзен порты» ЖШС-нің еншілес серіктесі. Айтпақшы, «Павлодар өзен порты» компаниясы 2018 жылы Атырау облысы әкімдігінен бір ғимараттың құрылысына 17, 5 млрд теңге мемлекеттік тапсырыс алып, Форбстың тендер алғандар тізімінде 16 орынға шыққан. Ал Долорес Пшембаевның өз атына «Multibrand – A», «Холдинг MULTIBRAND», «Astana Real Invest Group» компаниялары тіркелген. 2017 жылы ашылған «Astana Real Invest Group» ЖШС инвестициялық жобаларға белсенді қатысып жүр.
Сыздықов ақын Сүлейменовтің фанаты
Президенттікке үміткер болған депутат Тұрғын Сыздықов та ұлдарына бір-біріне өте ұқсас Олжас, Олжар, Олжан деген есімдер берген. Сөйтсек, ол барлығына есімді ақын Олжас Сүлейменовтың құрметіне қойғанын айтады.
«1968 жылы бірінші ұлым Олжас дүниеге келген шақта 32 жастағы Олжас Сүлейменов Кеңес Одағы көлеміне танымал белгілі ақын еді. Қолыма кітабы тигенде өлеңдерін қатты ұнатып, соның құрметіне қойдым. Кейін Сүлейменовтың Олжар атты ағасы барын біліп, 1974 жылы туған екінші ұлыма сол есімді бердім. Ал Олжанның (1985 жылы туған) атын алдындағы ағаларына ұйқастырып қойдық», - дейді ол.
Депутат тіпті Олжар атты ұлынан туған немересінің есімін Олжас Сүлейменовке қойдырыпты. Оған Сүлейменов өз әкесі Омардың атын берген.
Тағы бір мәжілісмен Серік Сейдуманов 2005 жылы дүниеге келген қызының атын Сабрина деп қойған екен. «Boys boys boys» әнімен әйгілі Сабрина Салерно әлемге кеңінен танымал болған кезінде Серік Сейдуманов 30 жастағы қылшылдап тұрған жас жігіт болған. Сұлулықтың символына айналған Сабрина - Сейдумановтың құпия музасы болған болуы да мүмкін. Сондай-ақ Ұлыбританиядағы ең ұзын Северн өзені латынша «Сабрина» деп аталады.
Параламенттегі көпбалалы әке
Мәжіліс депутаты Бекболат Тілеухан еліміздегі көпбалалы әкелердің бірі, оның тоғыз ұлы, бес қызы бар. Балаларының ныспысын көбіне діни тұлғаларға негіздеп берсе керек. Тұңғышы Нұрмұхаммед 26 жаста. Оның соңынан Нұрдаулет, Зейнеп, Ажар, Дәнел, Медина, Сафия, Жамал, Абулхамит, Абдулла, Әбдірахман, Ахмет, Әбдісабыр, Махмұт секілді бауырлары ерген. Жалпы ашық ақпарат көздерінде Бекболаттың мектеп бітірген балалары туралы ақпарат жоқтың қасы.
Нұрмұхаммед Тілеуханов достарының ортасында, оң жақта ортада
«Э» әрпіне үйірсек шенділер
Әкімдер де ерекше есім беруден қалыспаған секілді. Мысалы, өзінің есімі де сирек кездесетін Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетовтің 2004 жылғы Эллина атты қызы мен 2013 жылғы Эмир есімді ұлы бар. Эллина – грек тілінде «грек қызы» деген мағынаны білдіреді. Ал Эмир – шығыс халықтарында кең таралған ат болғанымен, қазақтар бұл есімді баласына көп қоя бермейді. Бұл ныспыны көпшілік Әмір деп те балаларына беріп жатады.
«Э» әрпіне аңсары ауған Мұхамбетов қана емес. Оңтүстік Қазақстан облысын басқарған, қазір Қазақстан Халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары болып жүрген Жансейіт Түймебаевтың 1992 жылғы үлкен қызының аты – Эльдана, 1995 жылғы ұлының есімі – Эльнар.
Баталов қызына өзбектің, Ахметов немістің атын берген
Алматы облысының әкімі Амандық Баталовтың 1980 жылғы қызының есімі – Саёра. Өзбек, тәжік халықтарында жиі кездесетін есім «ғарыш» деген мағынаны білдіреді. Айтпақшы, Амандық Баталовтың өзі Қазақстанда емес, Өзбекстанның Нүкіс қаласында туған. Қызының есіміне мұның қатысы бар ма, жоқ па, дөп басып айта алмаймыз. Саёра Баталованың Алматыда сән бизнесімен айналысатыны жайлы 2016 жылы «Караван» газеті жазған.
Сән бизнесімен айналысатын Саёра Баталова
Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметовтің де ныспысы ерекше 1983 жылы туған Аделия есімді қызы бар. Түбірі неміс тілінен шыққан сөз мейірім дегенді білдіреді. Шенеуніктің үлкен қызы Павлодарда ауыл шаруашылығы өнімдерін өсіретін «Маяк» шаруа қожалығын басқарады. Компанияның ресми сайтындағы мәліметтерге сүйенсек, іскер қыз Аделия голландтық жоғары сұрыпты картоп, сәбіз және қызылша сатады. 2017 жылы «Город Павлодар» порталы «Маяк»-тың жыл сайын мемлекеттен «Мал шаруашылығы өнімдерінің сапасын жақсарту үшін» 40 млн теңге субсидия алатынын жазған.
Коллаж pandaland.kz сайтынан алынды
«Forbes» тізімінің ТОП-50 тізімінен түспейтін кәсіпкер Айдан Кәрібжановтың фейсбуктегі жазбаларына қарап шығармашылыққа біртабан жақын екенін аңғаруға болады. Ол да балаларына ерекше есімдер берген екен, ұлы – Жан, қыздары – Иман-Аймек және Ясмин. Алайда, Айдан Кәрібжанов осындай ұл-қыз сыйлаған биші әйелі Мақпал Карибжановамен екі жыл бұрын ажырасып кетті.
Просмотров материала: 2 908