Сырға толы Сарқан ауданының тарихы тереңде. Неге десеңіз, ІХ-ХІІ ғасыр аралығында Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан көне Қойлық қаласы осында. Зерттеу жұмысы әлі толық жүргізілмеген. Сондықтан келер күнде әлем назарын аударарлық жаңалықтың ашылуы әбден мүкін. Арысы Балқаш көлінің жағалуы, берісі Жоңғар Алатауы мен Қытай шекарасын қамтып жатыр. Халықтың әлеуметтік жағдайы күнен-күнге жақсарып келеді. Аграрлы аймақ ретінде де облыс көлемінде үлкен маңызға ие. Осы ретте өңірдің бүгінгі тыныс-тіршілігі жайлы Сарқан ауданының әкімі Марат РАЗБЕКОВПЕН сұхбаттасып қайтқан едік. Ендеше, арамызда өрбіген келелі әңгімеге көңіл бөлейік.
- Марат Мелісұлы, былтыр Сарқан ауданының құрылғанына 90 жыл, Сарқан қаласына 50 жыл толды. Атаулы күндерді мерекелеу қалай өтті?
- Мереке жоғары деңгейде өтті. Барлық тұрғындар мен біраз кәсіпкер атсалысты. Мыңдаған адам қатысты. Мәдениет саласында жүрген жерлестеріміз келіп концерт қойды. Неше түрлі көрмелер көрсетілді. Ауданның 90 жылда жеткен жетістіктерінің барлығы көрсетілді. Екіаша ауылында үлкен ғылыми-практикалық конференция өтті. Ауданнан шыққан батырлар, ақындар туралы кеңінен баяндалды. Конференцияда тарихта қалып қалған, енді-енді зерттеліп жатқан мәліметтер берілді. Екінші күні Аманбөктер ауылында да ауқымды шара ұйымдастырылды. Қаланың 50 жылдығы өткен кезде де осы уақыт аралығында қандай өзгерістер болды, соның барлығы тарихи суреттер мен деректер қойылған көрмеде назарға ұсынылды.
- Ауданның саяси-экономикалық жайы туралы не айтасыз?
- Жыл сайын барлық салада өсім деңгейі бар. Мемлекеттен көп көмек көрсетілуде. Жаңа мекемелер ашылып жатыр. Соның барлығы аудан экономикасына жақсы жағынан әсер етуде. 2018 жылы ауданда 3 млрд. 869 млн. теңгеге өнеркәсіп өнімі өндірілді. Өткен жылы жер және басқа да салықтардан 360 млн. теңгеге жуық қаржы түсті. Кәсіпкерлердің үлесі 35 пайызға жетті. Бұл бүгінге төмен көрсеткіш, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев түсімнің 50 пайызы кәсіпкерлердің үлесі болу керек деген тапсырма берген болатын. Соған жоспарлы түрде жұмыс істеп жатырмыз.
- Қазір елімізде аз қамтылған және көпбалалы аналардың мәселелері көтерілуде. Осы тұрғыда аудан көлемінде қандай жұмыстар атқарылуда?
- Ауданда 775 көпбалалы отбасы бар, оның 62-сі қамқорлықты аса қажет ететін шаңырақ. Аталған отбасыларға демеушілердің көмегімен Халықаралық әйелдер күніне, Наурыз мерекесіне орай арнайы сый-сияпаттар, азық-түлік, қаржылай көмек бердік. Үйлеріне жөндеу жұмыстарын жүргіздік. 2010 жылдан бастап ауданда 25 үй салыныпты, соның бесеуі көпбалалы отбасыларға берілді. Осындай жұмысты әрмен қарай жалғастырамыз. Биыл салынып жатқан 10 үйдің басым бөлігі көпбалалы отбасыларға беріледі. Одан тыс 50 пәтерлі көпқабатты үйдің құжаты дайындалуда.
- 1 сәуірден бастап облыс орталығы Талдықорған қаласында көпбалалы аналар қоғамдық көлікте тегін жүріп жүр. Сіздерде ше?
- Ол жоспарымыз да бар. Сарқан қаласында тұрғындарды тасымалдап жүрген «Қанатжан и К» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі енді ғана аяққа тұрды. Олармен келіссөз жүргізіліп жатыр. Басқа қалаларда жолақысы, білесіздер, 70, 80, 90 теңге. Бізде Қазақстандағы ең төменгі баға, бар-жоғы – 50 теңге. Көпбалалы аналарға арнап субсидияның құжаттарын дайындап жатырмыз. Биыл іске асатын болады. Тағы бір айта кетерлік жайт, балабақшаларға көпбалалы отбасылардың балалары тегін барады.
- Жастардың оқу бітіргеннен соң жұмыссыз қалып жататыны немесе базардың айналасында қара жұмысқа жегілетіні әлі де болса өзекті . Аудандағы жастардың жайы қалай?
- Қолына дипломын алған жас маман еңбек жолын қаладан бастағысы келеді. Бірақ, бәріне бірдей жұмыс табыла бермесі анық. Содан әйтеуір күн көрудің амалы үшін екі қолға бір күрек табуға тырысады. Нәтижесінде, диплом сандықтың түбінде шаң басып қалуда. Жастардың бәріне бір уақытта жұмыс тауып беру өте қиын. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін «Дипломмен ауылға», «Жастар тәжірибесі» бағдарламасы сәтті іске асуда. Сарқан қаласында «Жасыл ел» жасағы арқылы жастар оқудан тыс уақытта бос жүрмей жұмыс істейді. Былтыр 3 меценат 5 спорт алаңын ашты. Бұл да жастардың бос уақытын тиімді өткізуге жасалған жағдай. Сарқан ауданындағы 12 әкімнің екеуі. «Nur Otan» партиясы Сарқан аудандық филилы төрағасының бірінші орынбасары республикадағы ең жас басшы. Өздерінің талпынысы бар, үмітті ақтап келеді. 2010 жылдан бері аудан бойынша 215 жас маман ауылдық жерде жұмысқа тұрды, 2018 жылы 12 жас несие алып, жұмысқа орналасты. Көптеген іс-шаралар бар. Жастармен тікелей жұмыс істейтін «Парыз» еріктілер ұйымы былтырдың өзінде әртүрлі 150 шара өткізген.
- Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы Даланың жеті қыры» атты мақалалары аясында атқарылған және жоспарланған шаралармен бөліссеңіз?
- Былтыр «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ескерткіштер аштық. Кәсіпкерлер спорт алаңын салды. Биыл Бақалы ауылында «Аналар аллеясы» мүсіні салынғалы жатыр. Сарқан қаласында да үлкен шаралар әзірлеп жатырмыз. «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Атамекен» кіші бағдарламасы шеңберінде 2017-2019 жылдарға 30 жоба жоспарланып, іске асуда. Бүгінде соның 16-сы жүзеге асты.
Бақалы ауылында Мұхтар Арынға және Сарқан қаласында генерал-майор Әбдіқадыр Болсамбековке арналған ескерткіштер бой көтерді. Ал «Ұлы Даланың жеті қыры» атты мақала аясында шетелдік және еліміздегі блогерлер, БАҚ-өкілдерінің қатысуымен мамыр айында Екіаша ауылына қарасты Тополевка ауылында Сиверс алмасының гүлденуіне арналған фестиваль өткізу жоспарлануда. Бұл экскурсия былтыр да өткен, биылғы форматы бөлек. Сиверс алмасының тұқымы британдық ғалымдар дәлелінше Бор дәуірінде пайда болып, бүкіл әлемге тарап, алманың атасы атанды.
Қыста шаңғы базасын аштық. Бірінші кезеңі аяқталы. Ендігі уақытта екінші, үшінші кезеңін орындаймыз.
- Ақсу қант зауыты іске қосылғалы бері қант қызылшасын егуге үлкен көңіл бөлінуде. Биылғы алынатын өнім жоспарының көрсеткіші қалай?
- Былтыр 2000 гектар алқапқа тәтті түбір егіп, 74 мың тонна өнім алынды. Субсидия алуға 337 млн теңге қаражат бөлінді. Биыл 2850 гектар алқаптан, одан 114 мың тонна рекордтық өнім аламыз деген жоспарымыз бар. Бізге тұқымды «Жетісу» АҚ және «Қамқорлық» ЖШС тасмалдауда. 12-13 сәуір күндері 3368 өтінім бойынша тұқым әкелініп, тапсырылды. Аудан көктемгі дала жұмыстарын ойдағыдай бастап кетті. Жаңа техника алып жатырмыз.
- Марат Мелісұлы, өзіңіз білесіз, Алматы облысы терең тарихы және көрікті жерлерімен республика ғана емес, алыс-жақын шетелдік туристердің назарын аударуда. Аудандағы туризм саласы қандай жолға қойылған?
- Бұл сала кенжелеп тұр. Былтыр «Жоңғар Алатауы» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі арқылы 1000-ға жуық адам келіп табиғатымызды тамашалады. Бұл көрсеткіш аз. Себебі, демалыс орындарының қызметі төмен. 30 жылдан бері Балқаш көлінің жағалауындағы мәселе шешімін таппай келе жатқан. Бүгінде онда 16 демалыс орны бар. Олар заман талабына сай емес. Жарық, су, кәріз жүйесі және жол жоқ. Биыл бюджеттен ақша бөлінді. Облыс әкімі осы мәселемен кіргенде, сол кісі тапсырма берді. Қазір жобалық-сметалық құжаттарын жасап жатырмыз. Жоғарда аталғандардың барлығы ретке келеді. Құжаттар дайын болса, келесі жылдан бастап құрылысы басталады. Жағалауда шамамен жылына 25-30 мың адам демалып тұрады. Ендігі уақытта бұл көрсеткіш ұлғая бермек.
- Сарқан ауданы десе, бірден көне Қойлық қаласы бірге аталады. ІХ-ХІІ ғасыр аралығында Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан қала әлі толық зерттелмеді. Қазір археологиялық қазба жұмысы жүріп жатыр ма?
- Ауданымыз ғасырға жуық тарихы бар киелі мекен. Орта ғасырдағы Қойлық қалашығы қазіргі таңда ЮНЕСКО-ның қорғауына алынған. Қаланың ішінде үш дін өкілдері тату-тәтті ғұмыр кешкен. Құлшылық жасайтын орындары да бір жерде орналасыпты. Керемет емес пе? «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы аясында түрлі экскурсиялар ұйымдастырылды. Қазір археологиялық қазба жұмысы тоқтап тұр, алайда келешекте жүргізілетін болады.
- Киелі топырақта қоғам қайраткері Мұхамеджан Тынышпаев дүниеге келді. Сарқан қаласында осы кісіге ескерткіш салынғанынан барлығы хабардар. Алайда ғалымның артынан қалған мол мұрасын ұрпаққа аманаттау үшін мектеп оқушыларының арасында оқулар, жарыстар өтіп тұра ма?
- Ондай жарыс жыл сайын тұрақты түрде өтіп өтеді. Мұхамеджан Тынышпаев атында мектеп бар. Ол жерде үздіксіз үгіт-насихат, зерттеу жұмыстарды жүргізілуде. Ал республикада осы кісінің атында қор бар. Олар да жыл сайын зерттеу жұмыстарын жүргізіп келеді. Биыл –Мұхамеджан Тынышпаевтың 140 жылдығы. Аталған бірлесіп атаулы мерекені күзде өткіземіз деп жоспарлап отырмыз. Өтетін орны – Қарғалы ауылы. Сол жердегі конференцияда Алаш қозғалысының негізін салушылардың бірі атанған Мұхамеджан Тынышпайұлының мол мұрасы терең зерделенбек.
- Ауданның ауызсу мәселесіне қатысты сын-пікірлер бар. Әсіресе, Сарқан қаласының тұрғындары лай су ағады деп шағым білдіріп жатады. Бұған не дейсіз?
- Ондай пікірдің бары рас. Көктемде, күзде лай су ағады. Жөндеу жұмысын жасаған кезде жер астынан су тартатын 6 құрылғы қазылған. Ол күніне 200-300 мыңға жуық теңге тоқ жейді. Халық ол қаражатты көтере алмасы анық. Сондықтан, біз ауызсуды табиғи жолмен алуға көштік. Оны каптаж деп атайды. Ең таяз жер 50 см, ең терең жері 70 см. Сондай тереңдікке перфорацияланған құбыр көмілді. Құбырдың жоғары жағы тесіліп, үстіне сүзгі қойылды. Су сонда сіңіп құбыр арқылы таза су келеді.
Мәселе мынада: қала тұрғындары күніне 1000 кубқа жуық су пайдаланады. Ал жазда 3000 куб күніне жетпейді. Тексере келе анықтадық. Біраз тұрғын арық жүйесін тазаламай, бау-бақшаны арықтың суымен суғармайды екен. Қазір түсіндірме жұмыстары жүріп жатыр. Биыл бірлесіп арықтардың барлығын тазалаймыз. Негізгі 4 көшеге 6-7 шақырымға жуық арық ішіне жабын орнатамыз. Сөйтіп өзеннің суын әр үйге жеткізіп, бастапқы деңгейге көшсек, таза су ішеміз. Бұл жұмыстар жеке бақылауымда болады.
- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев барлық әкім әлеуметтік желіден парақша ашсын деп тапсырды. Өзіңіз қандай әлеуметтік желіде отырасыз? Ықпалы бар ма?
- Instagram, ВКонтакте, Facebook әлеуметтік желілерінде отырамын. Үшеуінен де сұрақ көп түседі. Таңертең жұмысқа келген бойда әлеуметтік желіні ашамын. Сауалдарды көріп аламын да, қала әкімі, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мен полиция бөлімдерінің салаға жауапты қызметкерін шақырып алып, тапсырма беремін. Көптеген шағым тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығына қатысты келеді. Онда 3 адам жұмыс жасайды. Қалада 14 мың адам тұрады, 6 мыңдай үй бар. Сондықтан, ТҮКШ қызметі бәрін қадағалай алмайды. Сондықтан, әркім өз үйінің аумағын таза ұстауы керек. Шешілетін де, шешілмейтін де мәселе бар. Әр сауалға нақты жауап беремін.
- Марат Мелісұлы, өмір жолыңызға көз тастап едік, осы жерде туып-өсіп, туған жерде қызмет істеп келеді екенбіз. Туған жерде жұмыс істеудің жауапкершілігі қандай?
- Өте қиын. Өйткені, ертең бір нәрсе дұрыс болмай немесе қолға алған жұмысым орындалмай қалса, атыма сөз тиеді. Сол себепті де соңымнан із қалдырғым келеді. Ауданды көркейту жөнінде жопарларымыз бар. Әрине бір жылдың ішінде орындалмайды. Халқыма адал қызмет ету – негізгі борышым.
- Қым-қуыт тіршілік, жоспарлы графика. Бос уақыттың аздығы айтпаса да белгілі. Дегенмен де, қолыңыз қалт еткен тұста немен айналысасыз?
- Бала кезімнен техникаға әуес болып өстім. Бірдеңе құрастырып, жасағым келіп тұрады. Мысалы, орындық. Үйге темір, ағашқа өңдеуге арналған қажетті құралдарды сатып алдым. 5-6 орындық жасап қойдым. Көрер көзге оңай секілді. Бірақ қолыңнан шыққан әрбір туынды ыстық болады екен. Ағаштан жасалған бұйымдар көз алдымда тұрса, көп көңіл бөлемін. Біреу бірдеңе жасап жатса, көмектескім келіп тұрады. Бос уақытымда ағаштан орындық жасап, еркін тыныстап қаламын, миым тынығады.
- Қарапайым жұмысшыдан аудан әкіміне дейін көтерілдіңіз. Мұның бәрі еңбек пен үздіксіз ізденіс нәтижесі емес пе?
- Біз Кеңес одағы кезінде туып, өстік. Ерте кезден жұмыс істеуге дәстүрлі түрде баулыды. Балабақша, мектеп те тазалыққа үйретті. Оқушылар жаппай сенбілікке шығатын. Аудан қызылша еккен соң, 3-сыныптан бастап алқапқа алып барды. Сол себепті мен 7-сыныптан бастап жұмыс істедім. Ол кезде баламыз. Велосипедпен қала сыртына барып, жәшік қағамыз. Кәдімгі алманың жәшігі. Барлық құрал-саймандарымыз алдымызда. Менің рекордтық көрсеткішім күніне 36 жәшік болды. Үлкендер 50-60-тан қағатын. Жұмыс 8-де басталады, 7-де тұрамыз. Бір топ бала болып түстігімізді ішеміз.
Қайтарда Сарқан өзеніне суға түсеміз. Су суық. Бірақ бізге білінбейтін. Сондағы әкемнің: «Еңбек етсең, емерсің», – деген сөзі есімде мықтап жатталды. Осы бірауыз сөз жігерімді жанып, бойыма қуат сыйлады. Еңбектен ешқашан қашқан жоқпыз. Орман шаруашылығы, салық саласында қызмет еттім. Әкімдікке ауысқаннан кейін жауапкершіліктің жоғары екендігін сезіндім. Көпшілігі «бұлар не істейді, жылы жерде отырады деп ойлайды. Бұл – қате пікір. Халықпен жұмыс істегеннен кейін, елдің арасында жүргің келеді. Халыққа жақсылығым тисін деп еңбектеніп келемін.
- Халық та, ұжымыңыз да сізден басшы ретінде үлгі алады. Қандай спорт түрімен айналысасыз? Кітап оқисыз ба?
- Бұрын үзбей оқитынбыз. Қазір уақыт жетпей жатады. Сонда да ақын-жазушылардың кітаптарын парақтап жүремін. Бала кезімде бүкіл оқушы спортпен айналысатын. Есімде мықтап жатталып қалыпты. Сенбі, жексенбі күндері мектептің спорт залы босамайтын. Күн де бір шара өтіп жатады. Волейбол, баскетбол, гимнастика, далада футбол дегендей. Мектеп іші қайнап жатады. Мектеп, сынып арасында өзара жарысамыз. 6-сыныптан бастап еркін күреспен айналыстым. Айтарлықтай жетістігім жоқ. Бірақ облыстық жарыстан чемпион болып жеңіп келгенім бар. Бұрын аудандағы Абай атындағы мектеп алдында күрес залы болды. Қазір жоқ. Кірсең, тердің иісі мүңкіп тұратын. Өзіңе жақын, сағынасың. Мұның барлығы өткен күннің еншісінде қалды. Ал қазір велосипед теуіп жүрмін.
- Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан - Мәулен ӘНЕРБАЙ, "Жетісу" газеті.
Просмотров материала: 1 393