Бүгінгі қазақтың бір қасиеті – бар малын сатса да баласын оқытады. Өйткені білімге һәм баланың болашағына салынған инвестиция түбі еселеп қайтады деп сенеді. Қоғамның мұндай көзқарасын мемлекет те ескеріп, жеткіншектің болашағына қажет қаражатты тиындап-ақ миллионға жеткізудің жолын ұсынды. Ол – білім беру депозиті. Алайда, қалтадағы қаржыны суырып шығарарда үміт пен күдік қатар келетіні кәміл. Содан санада бірден «Мұның болашағы бар ма?» деген сұрақ туады.
Қазіргі таңда АҚШ, Ұлыбритания, Канада, Сингапур, Бельгия, Малайзия, Нидерланд, Испания, Швеция сияқты дамыған елдерді қосқанда, 9 елде білім беру жинақтау шоттарының жүйесі сәтті жұмыс істеп тұр. Ал біздегі білім беру депозиті 2014 жылғы 14 қаңтарда «Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі туралы» Заң негізінде қолға алынды. Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі – Қазақстанның әр азаматына өзінің немесе баласының атына болашақта Қазақстанда әрі шетелде кәсіптік-техникалық және жоғары білім алу үшін оқу ақысын төлеуге пайдалануға болатын білім беру жинақтау салымын ашу мүмкіндігі.
2018 жылы өткен ребрендингтен кейін білім беру жинақтау салымдары «AQYL» деген жаңа атауға ие болған. Депозитке деген адамдардың сенімі қаншалықты екенін салымшылар санынан білуге болады. «AQYL» депозитіне осы күнде 19 мыңнан астам адам ақшасын салыпты. Бұл небәрі 5 жылғы жетістік.
«Қаржы орталығы» АҚ өкілі Ілияс Түркістан бұл көрсеткіштің күннен-күнге артып келе жатқанын жеткізді. Ал осыған дейінгі білім беру жинақтау салымдарының жалпы сомасы 16 млрд теңгеден асады. Салымшылардың жылдан-жылға артуына ондағы талап етілетін құжаттар қатарының аздығы да септігін тигізетін көрінеді. Аталған депозитті ашуға екі-ақ құжат жеткілікті, яғни жеке куәлік пен баланың туу туралы куәлігі. Жарайды, депозитті ашу оңай, қаржыны салу жеңіл дейік, алайда оның пайыздық өтемақысы да тиімді болуы керек қой?
Зерделедік. Қаржы орталығының www.fincenter.kz ресми сайтындағы аталған депозиттің барлық айдары орысша болып шықты. Сондықтан сайтта көрсетілген 8 8000 802 828 нөміріне қоңырау соғуымызға тура келді. «AQYL» депозиті бойынша жауапты менеджер Алпамыс Сатыбалдинмен қарапайым клиент ретінде сөйлестік.
Маманның мәліметінше, серіктес банктердегі білім беру депозиттері бойынша пайыздық мөлшерлеме әртүрлі: Халық банкі (ЖТСМ 10,4 %), Нұрбанк (ЖТСМ 10,5 %), Цеснабанк (ЖТСМ 8,3 %), ВТБ банк (ЖТСМ 6,17%) Банктердің пайыздық мөлшері нарықтық, сондықтан уақыт өте көбеюі де, төмендеуі де мүмкін. Бірақ банкпен келісімшарт жасасқанда, пайыздық мөлшерді бір қалыпта ұстауды қалайтыныңызды көрсетуге болады.
Сонда сол жылдар ішінде ешбір дағдарыс сіздегі пайыздық сыйақы мөлшеріне әсер етпейді. Дегенмен, банктің пайыздық мөлшері нарықта өссе, көтеріңкі сыйақыдан қалыс қалатыныңызды ескеріңіз. Банктің сыйақысынан бөлек «AQYL» мемлекеттік білім беру депозитіне жыл сайын жинақталған сомадан 5-7 пайыз (әр банкте тиісінше әртүрлі) мөлшеріне тең ақшалай баламада мемлекет сыйақысы қоса есептеледі. Мемлекет сыйақы мөлшерін салымшының әлеуметтік жағдайына қарай есептейді, яғни ол көпбалалы немесе тұрмысы төмен отбасынан болса, сыйақы пайызы жоғары болады.
Ал мұндай критерийлерге жатпайтын салымшыға тиісінше 5 пайыздық сыйақы тағайындалады.
«Осылай, мемлекетпен бірге оқуға шығындарды айтарлықтай қысқартып, отбасылық бюджетке түсетін жүкті біршама жеңілдетуге және болашақта кепілді түрде баланы оқытуға болады», дейді менеджер.
Кім кепілдік береді?
«Қаржы орталығы» АҚ өкілі І.Түркістан: «Білім беру жинақтау депозиті – жеке тұлғалардың депозиттерін міндетті кепілдендірудің нысаны (10 млн теңгеге дейін). Бұл білім беру жинақтау салымдарын ашқан кезде Қазақстан Республикасы азаматтарына сенімділік беретіндігі сөзсіз», дейді.
Маманның мәліметінше, бұл депозит әрі мемлекет тарапынан, әрі басқадай үшінші тұлғалар тарапынан қандай да бір өндіру шараларын жүргізуден толықтай заңмен қорғалған.
«Өйткені бұл – мемлекеттік бағдарлама, соның өзі салымшыларға сенім сыйлайды», дейді орталық өкілі. Осы ретте аталған мемлекеттік бағдарламаның операторы – Білім және ғылым министрлігі «Қаржы орталығы» АҚ екенін айта кеткеніміз жөн.
Қашан және қалай аламын?
«AQYL» депозитінің, нақтылап айтқанда, мемлекеттік сыйақы төлеудің негізгі мақсаты – жоғарыда атап өткендей, Қазақстанда және шетелде кәсіптік-техникалық және жоғары білім алу. Алайда, білім беру депозитінің салымшылары өз ақшасын қалаған уақытта ала алады. Әйтсе де, жинақталған қаражат мерзімінен бұрын өз мақсатына сай жұмсалмаған жағдайда мемлекет сыйақысы қайтарылады.
Себебі бұл белгілі бір бағыты бар депозит, яғни білім алу үшін жиналған қаражат білімге жұмсалмаса, онда мемлекеттік сыйақы берілмейді, алайда банктің беретін сыйақысы қалтаңызда қалады. Ал ақша өз мақсатына жұмсалса және балаңыз грантқа түсіп кетсе де қос сыйақыны қатар иемдене аласыз. Осы тұста «Төтенше жағдай болып қалса, салымшы кенеттен өмірден өтіп кетсе, қалай болмақ?» деген заңды сауал пайда болады. Бұған да жауап бар.
«Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі туралы» 2013 жылғы 14 қаңтардағы № 67-V Заңына сәйкес салымшы қаза болған, сот оны әрекетке қабілетсіз, хабарсыз кеткен деп таныған, не қайтыс болды деп жариялаған немесе ол денсаулық жағдайына байланысты оқуын жалғастыруға қабілеті болмаған жағдайда білім беру жинақтау салымын төмендегідей талаптар бойынша өтей алады.
Яғни, салымшы Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында белгіленген тәртіппен және жағдайларда оның заңды өкілі немесе оның мұрагерлері кез келген үшінші тұлғаның пайдасына ашылған (ашылатын) білім беру жинақтау салымына жібереді. Немесе ол мемлекет сыйақысы сақтала отырып, салымшыға Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында белгіленген тәртіп пен жағдайларда оның заңды өкіліне немесе оның мұрагерлеріне салым шартын бұзу талаптары бойынша төленеді. Тағы бір ескере кететін жайт, мемлекет сыйақысының есептелуі салымшы қаза болған, соттың оны әрекетке қабілетсіз, хабарсыз кеткен деп тану туралы шешімі заңды күшіне енген, не оны қайтыс болды деп жариялаған күннен бастап тоқтатылады.
10 мың теңгеден 3 миллиондай жинайсыз
Тұтынушы ретінде хабарласқанымызда, аталған депозит бойынша жауапты менеджер А.Сатыбалдин осы жоба қолға алынғалы бері, яғни 6 жыл бойы сенімділік танытып келе жатқан салымшылар көп екенін айтады. Демек, болашаққа салынатын инвестицияның тиімді тетігі осы болып тұр ғой. Бұған дейін көрсетілген сайтта депозиттің калькуляторына салып, өз бетімізше есептеп көрдік. 10 мың теңге. Бұл ақша бүгінде дүкенге бір кіріп-шыққанда-ақ бітіп қалады. Ал оны ай сайын депозитке салып тұрсақ, қанша жиналмақ?
Балаңыз бірінші сыныпта оқиды дейік, ол 11-сыныпқа барғанда, яғни 10 жылдан кейін сізде 1 млн 200 000 теңге жиналады, оған 10,4 пайыздық банктің және 5 пайыздық мемлекеттің 1 млн 706 980 теңге сыйақысын қосыңыз, сонда мектеп бітірген балаңыздың қорында 2 млн 906 980 теңге дайын тұрады. Егер бабы мен бағы қатар шауып, балаңыз грантқа түсіп кетсе, өз ақшаңызды қос сыйақымен қоса оның болашақ отбасын құруға дайын инвестиция немесе басқа игілікке жұмсауға тамаша мүмкіндік. Бастысы, үлкендер айтпақшы, «Бардың есебі табылар-ау, жоқты қайдан қазайын?» деген сұрақ тумайды.
Дереккөз: «Egemen Qazaqstan»
Просмотров материала: 1 545