5 мая 2024 г.

Дежурный по стране

В экономике вообще-то есть только два предложения...
Азамат Джолдасбеков, президент АО «Казахстанская фондовая биржа»

Мы в соц сетях:



ДІНБҰЗАР ДҮМШЕЛЕРДЕН САҚ БОЛАЙЫҚ!

22 ноябрь 2018, 13:17
ДІНБҰЗАР ДҮМШЕЛЕРДЕН САҚ БОЛАЙЫҚ!


Дін айналасындағы даудың басы, Далақбайлардың дамбалы мен сақалынан басталды ғой, негізі. Бүгінгі мақаламызда дін төңірегін шолып өтсек дейміз.

Аяқ жақтан бастасақ, былай. Арабтар дамбал емес, көйлек киеді. Ал, біздің елдің еркектері түгел шалбармен жүреді.

Қай сүннетке сүйеніп, балақтарын қысқартып алғандары қызық. Пайғамбарымыз с.а.у шалбардың балағын емес, сүннет көйлектің де емес, сыртқы шапанның етегі жер сыпырардай ұзын болмауын ескерткен екен. Баяғыда патшалардың ұзын шапанын құлдары көтеріп жүрген. Пайғамбарымыз с.а.у мұны тəккаппарлыққа теңеген. Сол кезде сахабаларына етектің ұзын болмауын қатаң ескерткен екен.

Сақал да дəл солай. Сақалдың ұзындығы төрт еліден аспағаны жөн. Өйткені, мұсылман кісі көрікті боп жүру тиіс. Ал, біздегі Далақбайлардың балақтарынан да, беліне түскен сақалдарынан да əдемілік көрмейсің. Керісінше, бұлардың сақалдары төрт есе ұзын, балақтары төрт елі қысқа. Іштен қыңыр боп тумаса да, жүре келе қырсыққа айналғандар мұны қаперге ілмейді. Шариғатта кері ағымдағылардың бəрін "жүректерінің қыңыры барлар" деп сипаттаған.

Таухидті білмеген Тəңірді танып жарытпайды. Сəлəфиттердің жаңылысатын тұсы да, осы. Ақида деген сенім. Сенімдеріне селкеу түсірген өздері. Дін ұстай алғанға - қасиет, ұстай алмағанға - қасірет. Дені Құранның тілін білмейді. Аяттардың тəпсірін тіпті оқымайды. Сөйтеді де Құдаймен "таласады". Құранда адамдарға тиесілі жəне Аллаға тиесілі аяттар бар. Адамдарға тек қана өздеріне арнап түсірілген аяттар жайында пікір айтуға рұқсат. Ал, бұлар болса, айға қонған ғарышкерлерден əрі асып, Жаратқанның ғаршысын іздеп кеткен.

Аллаға мекен беретіндер таза адасқандар. Құдайды біресе көкте, біресе жерде деп қайда екенін өздері таппай, қол-аяғы бар деп қандай екенін танымай жүргенде, басқаға қалайша дінді үйретпек? "Дүмше молда дін бұзар" деп осыларға айтылса керек.

Шекара ашылғалы елімізге келімсек секталардың түр-түрі келді. Ағым ол - ағым. Жақтап та, ақтап та алатын жері жоқ. Бірінен бірі өткен қауіпті. Бəрінен де Ислам дінінің атын жамылған ағымдар қоғамға қатерлі боп шықты.

Құранның басын оқып, аяғында не делінгеніне үңілмейді. Сөйтеді туған ата-анасы, бала-шағасынан безініп, жақсы өмірінен түңіледі. Сөйтіп, дəйіс боп, ДАИШ сықылды содырларға ереді. Халифат құруды көксеп жүреді. Бейкүнə балаларды өлтіреді. Тыныштықты бұзады. Өзін-өзі жарады. Осындай əрекеттерін логикаға салып қараса, кəнігі бұзақы, хайуаннан əрі жауыз, суицидке ұрынғыш ауру екенін түсінер еді.

Жүз жиһадқа барса да, олардыкі бос əурешілік. Өйткені Құранда халифаттықтың Пайғамбар дəуірімен аяқталып, мемлекеттер пен əмірліктер құрылатыны нақ айтылған. Одан да «көңілшек келіншектер» секілді кім көрінгенге ерегеш нəпсілерімен күрессе игі еді. "Ең үлкен жиһад - нəпсімен күрес" деген емес пе?

Дін ғұламаларының еңбектерін жоққа шығарады. Мемлекеттің саясатына тіпті түкіргені бар. Біз сияқтыларды, яки, бəрімізді мұсылман тұрмақ, адам құрлы көрмейді. Өздерінің адасқанымен қоймай, өзгені де шатастырып келеді. Құдайдан қорықпайтындар, адамнан именсін бе? Сол үшін де ойына келгенін істеп, еркінсіп жүргендері. Конституциядағы зайырлылық туралы бапты алға тартады. Қоғамға зияны барларға, ол заңның жүрмейтінін түсінбейді.

Бірінің атын бірі жамылып, бірінің айыбын бірі аша бастады, енді. Сəлафиттер ұсталса, вахабиттерден көреді. Вахабиттер құрықталса, сəлафитпіз дей салады екен. "Ақ ит, көк ит, бəрі бір иттің" кері, əйтеуір. Ел ішін алатайдай бүлдірген шалабүлінгендердің шалағайлықтарын түпкілікті жоюға заңның құзыреті мен құдыреті жетсе жақсы ғой.

БАЛҒАБЕК МЫРЗАЕВ – Дінтанушы, теология ғылымдарының докторы:



- Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы заңнама азаматтардың құқықтарының сақталуына кепіл бола алады. Тек сол діннің экстремистік және басқа да деструктивті іс-әрекеттерде қолданылуын азайту мақсатында құқық нормаларын орнатуға бағытталған. Деструктивті діни ағымдарды насихаттауға, идеологиясының таралуына тыйым салу қарастырылды. Діни бірлес­тіктердің құқықтарын қорғау, олардың қызметі үшін түсінікті және ыңғайлы жағдайлар жасауға, нақтылауға, қорғауға бағытталған нормалар да бар. Кейде мемлекет тек қана мұсылмандармен күресіп жатқандай етіп көрсеткілері келетіндер шығып жатады. Заң жобасы еліміздің аумағында ресми тіркелген 18 конфессияның жауапкершілігін теңдей қамтиды. Ешкімге артықшылық танылмайды. Еліміздің Конституциясы мен салалық заңы әркімнің діни сенім бостандығын растайды, әркімнің діни көзқарасына қарамастан тепе-теңдігіне кепілдік береді және діндердің бірдей екендігінің маңызын мойындайды. Бұл қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету тұрғысынан дұрыс деп санаймын.

Былтыр 11, биыл 13 лаңкестікке жол берілмепті. Соңғы бес жылда елімізде жасалмақ болған, 30 теракт дер кезінде тоқтатылған. Содырлар жоспарлаған терактінің бəрі заң орындарына бағытталған екен. ҰҚК, ІІМ, Прокуратураға өшігіп алғандай, ұңғыларын алдымен осы құрылымдарға бағыттайды.

Лаңкестік көбінесе Атырау, Ақтөбе облыстары, Алматы мен Тараз қалаларында ұйымдастырылады екен. Террористік топтар ең алғаш 2000 жылдары қылаң берген-ді. Одан бері де қанша уақыт өтті... Қаншама теракт болып та үлгерді. Керітартпа ағымдардың түр-түрі көбейді. Жай жиһадты қойып, жыныстық жиһад деген сұмдық шықты. «Халифат» құрамыз деп Сирияға Қазақстаннан аттанғандардың қарасы қалың. Сегіз жүзден астам адам сонда кеткен. Оның ішінде титтей балалар да бар. Осылайша өз Отанын қорғап қарық қылмағандар, тирандардың қалқаны боп талқандап жүр.

Жыл басынан бері радикалдық ұйымдардың ұстанымдарын ел ішінде насихаттап жүрген 23 адам ұсталған. Ал, шет ел асқандардың бəрінің бірдей тағдыры белгісіз. ДАИШтіктер өз сарбаздарын да аяп жатқан жоқ. Жуырда желіде қазақстандық келіншектерді жазалаған ақпарат тарады.

Бір тəуірі, заң күшейтіліп түрмелерде діни əңгімелерді емін-еркін айтуға тиым салынғалы, үндемейтін бопты. Қазақстан түрмелерінде экстремистік көзқарастағы 400-ден астам адам жазасын өтеп жүр. Сотталғандарды тура жолға жетелеу үшін ІІМ теологтарды қызметке алды. Адасқандармен күнде бетпе-бет кездесетін де, тікелей сөйлесетін де мешіттегі имамдар. Əу, баста содырларша одыраңдағандарынан құйқай көргендері де болған. Қынжылтатыны сол, дін қызметіндегілерде қағынғандарды құрықтайтын құзырет жоқ. Тек заң аз-кем күшейтіліп, мешіт тəртібіне бағыну міндеттелді. Намаз үстінде "Аллаһу Акбар", "Əмин" дегіштерге мемлекет айыппұл салған соң, жөнге кеп қалды.
Соқыр сенімге əбден сіңісіп кеткендерді кері қайтару оңай емес. Əрқайсысын жеке дара шақырып сөйлескенде "ханафимін" деп өтірік айтып, мешіттің сыртына шыққан бойда сол баяғы мазһабсыздық қалпына түседі екен.

МҰСАБЕК АҚТАМБЕРДІ - Түркістан облысының бас имамы:

- Олардың соқыр сенімге ергендері соншалық, жиһадқа қатысса Алланың разылығын аламыз, жəннаттық бола қаламыз, Сирияға барсақ рахат өмір сүреміз деген сеніммен кетеді. Ал, барған соң, шын мəнісінде жағдайдың құлақ естігеннен қайда бөлек екеніне көз жеткізіп, кері қайтар жол іздейді. Олар мұсылманның ең асылы - имандылығын пайдаланады. Сөйтіп алдап-арбап, жиһадқа шақырып алады. Алданып барған бауырларымыздың көбісі елге жеткен. Олардың бəрі түрмелерде жазасын өтеуде. Заң бойынша Сириядан оралғандар міндетті түрде сотталады.

Қазір мейлі жалпы, мейлі қатаң режимде жазасын өтеушілер арасында түрме ішінде діни əңгіме қозғауға қатаң тиым салынған. Олар бір-бірімен дін тақырыбында мүлде сөйлеспейді. Сөйлесе, бітті, жылына жыл қосылып, жазасын өтеу мерзімі ұзартылады. Осы жағын ескерсе керек, түрмедегі ақиқадан адасып түскен азаматтар дін жайлы жақ ашпауға тырысады. Рас. Біз барғанда көкейінде жүрген сауалдарын төгіп салатындары да бар. Оларға дін тұрғысынан жауап береміз. Мұң-зарын тыңдаймыз. Өздерінің адасқандарын мойындайды. Өкінеді. Түзеу мекемесінен түзеліп шығып жатыр деуге əбден болады.

"Ақи" десе, ақи. "А" деп аузыңды ашсаң, ақиып шыға келеді, ақидадан адасқандар. Дін турасында бірнəрсе жазсаң, дəлел талап етеді. Керек дəлелді өзің ізденіп тауып ал десең, қызылкеңірдек болады. Осы күнде адамның атынан бұрын, алдымен мазһабын сұрап алатын жағдайға жеттік. Əйтпегенде, ақиланған «браттар» айтысып кетеді. Депрессияда жүре ме, əйтеуір жатқан-тұрған агрессия, репрессияға ұшыратып жіберердей қатулы, көбі. Біз сияқты «космополитті» көргенде, кірпідей түрпиіп, жыландай атылуға даяр тұрады. Əйтпесе, неге мешітке барғанда имамдармен жын көргендей сөйлеп кетеді.

Көбісі «ақи» екенін жасырмайды, біразы өзінің кім екенін сырт көзге білдіргісі келмейді. Дінбұзарлардың тілін əңгімеге тартсаң ғана түсінесің. Намаз оқымаған адам кəпір болмайды. Кəлимасын айтқанның бəрі мұсылман. Біреу сізге "Аъузуббиллə, кəфир" десе, "сама такая" деп кетіп қалыңыз.

Сауда-саттықта адалдық сақтай бермейді. Əсіресе, техникалық заттар, сататындары. Өйткені, шейх-сымақтары бізді «мүшрік, мұнафық, кəпір» деп санап, саудада қалтамызды қағуға үйретеді екен. Сонда солардың пайымынша, біз арамы, ал ақшамыз адал екен де. Сауда-саттыққа қатысты шариғат талаптарын сақтамайтын қандай тақуалар десеңізші?

Биыл бір ұрылар ұсталып, сот жүріп жатқанда куəгерлікке бір сақалды келді. Сөйтсек, əлгі əккілер жұрттан ұрлаған теледидар, телефон, ноутбуктың жақсыларын соған апарып өткізеді екен. Сонда сот сұрады: "-Намазхан екенсіз, бұлардың ұры екенін білесіз. Неге полицияға хабар бермедіңіз",- деп. Мұрнының астымен міңгірлеп жарытып жауап та бермей, тайып тұрды...

Əлбетте, көпке топырақ шашудан аулақпыз. Əрине, бəрі емес, бірақ өздерін "сəлəфпыз" деп жүргендердің біразының сиқы осындай.

Бір жолы əлеуметтік желіде батыс жақтың бір жігітімен мысық үшін дауласып қалдым. "Қоя тұрыңыз, мен ұстазымнан сұрайын",- деді. Ол туралы ұмытып та кетіппін. Үш-төрт күн өткенде аудиоға жазылған, ұстаз-сымағының жауабын жіберіпті. Ары тыңдаймын, бері тыңдаймын, дауысы таныс сияқты. Сол күйі тани алмай, əлгінің өзінен сұрадым. Сөйтсем, бір "шайтан-шейхтың" атын атады. Олар заң күшейтіледі дегелі, өңін өзгертіп алған. Яки, біресе сəлəфит, біресе ханафи боп далбасалап жүр.

Бəсе, мен дəстүр, мақал, дін туралы бірнəрсе айтсам, неге əлгі жігіт: "Ой, ол жай дəстүр ғой", "Құран мен хадиспен жүріп тұрсақ болды емес пе, мазһаб зачем?", "Ой, қазақ айта береді ғой",- деп жазады, дəлел сұрай береді десем... Осылайша, мысыққа бола дауласам деп пасықтығын білдіріп қойды. Сөйтсек, расында да "ақи" боп кетудің аз-ақ алдында жүрген "новичёк" екен. Олардың өз мешіттері бар көрінеді. Немесе кездесіп тұратын "штаб-пəтерлері" болады. Əйтеуір, бір-бірін бауыр тартып, басқосып тұратындары рас екен. Олар қалталыларды өздеріне тартады. Əлбетте, ұйымдарын қаржыландыру үшін қаражат қажет. Бұл "новичёк" та бай-манаптың бірі еді.

Ол да сол: "- Өзіміздің мешіт",- деп айтатын. Қай мешіт екенін қайдам? Əгəрəки, шын мешітке барса, имамдардан дəріс алса, ақидадан адаспас еді. Өкініштісі, олар мешітке бармайды. Барса да, уағыз тыңдамайды, Құранға құлақ салмайды, өздері намаздың парызын оқып алады да, сүннетін оқып жатқандардың үстінен аттап кете барады.

Басқа қалада оқитын бір студент Маңғыстауда тұратын ата-анасына қыстық киімдер салып жіберуін өтініпті. Сөйтіп анасы мұсылманша киім-кешек дүкеніне кіре салыпты. Баласының киетін размерін айтып, сатушының ұсынған шалбарын сатып алыпты. Баласы қуана-қуана күтіп алып, шалбарын киіп көрсе балағы қысқа боп шығыпты. Сөйтсе, сəлəфиттердің дүкенінде кестіріп əуре болмайтын, қысқа балақты дайын шалбарлар сатылады екен. Демек, бұл өздерінің клиенттері тек қана шолақ балақтылар боп тұр ғой.

Иə, олардың өздерінің дүкендері, асханалары, бас қосып тұратын арнайы орындары болады екен.

Ақтөбеге гастрольдік сапармен барған Алматының бірқатар əртістері, ашыққандарынан асығып алдарынан шыққан бірінші дəмханаға кіре салыпты. Ішке енсе, өңкей сақалдылар тамақтанып отыр екен. Сөйтсе сондайлардың "собственный" рестораны көрінеді. Беттеріне жаққан опа-далаптары мен шаштары жалбырап кіріп барған əртістерге əлгі жердегілерге "атарға оғы болмай" қарапты. Əртістер əртістікке салынып, астарын ішіп кетіп қалыпты. "Зəреміз зəр түбіне кетті. Құдды бір бандит көргендей болдық" деп еді. Қорықпай қайтсін, өздері тура сол екі жыл бұрын болған теракттен кейін барған. Тек олар емес, жұрттың бəрі сақалды адам көрсе, құдды террорис көргендей үркіп қалған еді ғой.

Сол кезде ұстаздарды сауатсызға теңегендер табылды. Дұрыс қой, біреуді «крайний» қылу керек. Имамдар сауатсыз ба? Содырлар сауатсыз ба? Сауат ашуға асықпайтындар сауатсыз ба? Кімнің-кім екенін уақыт көрсетті. Əлбетте, имамдарға да заман талабына сай болу – уақыт талабы.

Мүфтият барын салып жатыр. Қазір 200-300 білікті мамандар даярлауда. Он сегіз миллион адамға шаққанда, аздық ететін сыңайлы. Қазақстанға келмеген секта қалмаған шығар. Енді мұсылман елдерін адақтап жүрген шейіттерден сақтану керек. Ол сорақылардың жанында жиһадшылар жолда қалады. Құдай бетін аулақ қылсын деп тілейік. Кімнің-кім екенін танитындай дəрежеде халықты жат ағымдардан хабардар етуді үдету қажет.

Ілім шырағын іздеген жастар Мысыр асып, біліп алуға барады. Алайда, алған бағытынан жаңылыс қалады. Себебі, олардың барлығы бірдей "Əл-Азһар" университетіне түсе алмайды. Сөйтіп жекеменшік оқу орындарын жағалайды. "Нәтижесінде" вахабизмді ұстанып шығады. Елге қайтып келген соң, тыныш жатқан жұрттың санасын улайды. Ең алғаш біздің елге жат ағымдар нақ осы оқу-ағартудың айналасынан шықты. Арабтың арамзалары қалай келді, солай діни ахуал ушығып шыға келді. Ақырында арабтың да, арабы бар екеніне көзіміз жетті. Олай дейтінім, алпауыт мұсылман елдерінде де біздегідей діни проблемалар жетіп артылады. Олар да жат ағымдар бар, біраз. Бірақ олардың билігінің де, халқының да таза діннен хабары бар əрі заңдары мықты.

Біздің ұстаздар мен имамдардың арасында "Əл-Азһар" университетінің алғашқы білімін тəмəмдап келгендері бар. Бізге "дін мен шариғат" шарттарын меңгерген мамандар көптеп қажет. Алда діни кадрларды лек-легімен жəне кезең-кезеңімен даярлау міндеті күтіп тұр. "Əл-Азһардан" бөлек, Ливия, Түркия, Пəкістанда оқуға лайықты сенімді университеттер бар. Олармен келісім жасалып, жыл сайын мемлекеттің қадағалауымен студенттер білім алып келеді. Кім біледі? Бəлки, енді бір он жылдықта діни кадр бойынша мəселе туындамас.

Шүкір демеске лаж жоқ. Кеңес өкіметі орнамай тұрғанда, Өзбекстанда діни білімнің атасы болған. Олардан қырғыздар мен тəжіктер кем түспеген. Имамдардың көбісі осы үш елдің медреселерінің түлектері. Сол жерде алған білімдерінің арқасында мешітке келіп сөз таластыратын шіркіндерге дес бермес имамдар бар. Олар болмаса қайтер ек? Дүмшелерге еріп, дуана боп кетер ме ек?

Сонда да жүректерінің қыңыры барлар, имамдарды шариғат шеңберінде сыйлай білмейді. Ал, өздерінің ұстаз-сымақтарын көзбен көрмесе де, иманындай иланады. Соқыр сенімдегілердің нақты кім екенін адам танып болмайды. Өздерінің қып-қызыл «фитнашы» екендерін мойындамай, имамдарды «бидғатшы» деп келемеждейді. Дүбəраға айналғанға дейін қолданып келген салт-дəстүр, əдет-ғұрыпты жоққа шығарады. Шариғат құптамайтын тиымдарды ұстанады.

ТƏҢІРБЕРГЕН ШƏЙМЕРДЕНҰЛЫ:

- Дін мен дəстүрдің сабақтастығы жайлы Құранда да айтылған, хадистерде де бар. Дəстүр ол əр халықтың өзінің бұрыннан ұстанып келе жатқан əдет-ғұрпы ғой. Егер шариғатқа қайшы келмесе, ол дəстүрді орындауға болады. "Дəстүрдің озығы бар, тозығы бар",- деген. Сол сияқты мұсылманшылықта да озығы да, ескірген де, яғни, бұл заманның талабына сай келмейтін ұстанымдары да бар. Мысалы, Мəулітті мерекелеу - кейіннен пайда болған дəстүр. Ал, енді біздің келіндердің иіліп сəлем салуы, батадан кейін бет сипау, үлкендерді құрметтеу сияқты əдет-ғұрпымыздың несі жаман? Шариғатқа да, адамгершілікке де қайшы келмейді ғой.

Осыны айтсақ, олар бізге "мүшріксіңдер, мұнафықсыңдар" деп дəстүрді теріске шығарады. Пайғамбарымыз с.а.у айтқан: "Мұсылмандар жақсы деп білген нəрсені Алла да жақсы көреді" деп. Ал, оларға жақсы дəстүрдің бəрі жаман. Олар бізді тыңдамайды. Өйткені ұстаздары солай құлақтарына құйып қойған. Бері қайтатындары бар. Бірақ аз. Кері кеткендері көп. Көп жұмыс істеу керек.

Бір жұмада орталық мешітке барған ем. Сөйтсем, есік алдында паранжа жамылып, балалы келіншек қайыр тілеп отыр екен. Намаз біткен соң, əлгі əйел киімін ауыстырып менің жаныма келді. Бір сəлəфи жігітпен екінші рет тұрмыс құрғанын, одан қолындағы баласын туғанын, күйеуінің тастап кетіп, осындай күйге душар болғанын айтты. Ол да адам баласы деп қалтамда барымды бердім. Тағы да көмек іздеп кеттім. Өзін "Гүлнəр" деп таныстырған еді. Берген телефон нөміріне хабарлассам сол дауыс, бірақ аты басқа. "Мен Гүлнəр емеспін" деп тұтқаны тастай салды.

Содан арада біраз уақыт өткен соң, мешітке бардым. Жұмадан шығып, төменге түссем, əлгі Гүлнəр-шырақ темекіні бұрқыратып, мəз боп тұр, мешіттің ішінде. Намаз оқу үлгісінен үркіген ем. Сөйтсем, екі жүзді біреу екен, мұсылмандардың атына кір келтіріп жүрген. Бəсе, əлеуметтік желідегі жұрт "ормалдағының бəрі əулие емес" деп неге айтады десем.

Намаз демекші. Мешітте талтайып намаз оқитын қыз-келіншекті көрсеңіз, солардан деп біліңіз. Əйелдерге аяқ арасын төрт еліге ғана ашуға рұқсат. Ал, олардың намаз оқысы күйеулерінікінен аумайды. Тəкпір де тарта береді. Құдайдың алдында "менікін көрдің бе" дегендей қып, талтайып намаз оқи береді. Жас қыздарды көп байқайсың. Байқайсың да, басыңды шайқайсың. Түзетейін десең, бізді "мұнафық, кəпір" деп менсінбейді. Тыңдамақ тұрмақ, сəлеміңді алмайды. Сəлемнен садақа кетсін дейсің. Қайдағы мұсылманшылық?

Олар үшін намаз оқымағанның бəрі кəпір, шұжық жегеннің бəрі - шошқа. Өздерін пəк əулие санайды. Ал, көп əрекеттері шариғат шарттарына да, заңның талаптарына да сай келмейді. Мешіттегі имамдарды бидғатшы дейді. Өздерінің қып-қызыл фитнашы екенін білмейді. "Шайтан шейхтарының" демі не деген күшті десеңізші, солардың бəрінің аузына түкіріп қойғандай көбісі сотталса да айтқанынан кері қайтпайды. Құдай басқаларды олардың бетінен аулақ қылсын.

Бет дегеннен шығады. Бұрын бастан-аяқ қап-қара боп оранып алатын, əйелдері, заң күшейтілгелі түрлі-түсті никабпен бетін тұмшалап жүретін бопты. Негізі бет тұмшалау - шариғаттың бұйрығы емес. Егер əйелі бəрінен сұлу болса, ерінің түрін көрсетпеуіне хақысы бар. Расында ең сұлуы болса, жұртты шошытпай үйінен шығармай, ұстаса қайтеді?

Адамның ең əдемі мүшесі - көзі. Əдеміліктің бəрін көз көреді. Бөтеннің назары да алдымен жанарына түседі. Көзін ашып, жүзін жасырғаны, кімді алдағаны? Түптеп келгенде ол биші қыздардың бетпердесі болған ғой. Көшеде қап-қара боп шыға келсе, кинодағы "Крикті" көргендей күй кешесің. "Бірдің кесірі мыңға тиеді" демекші. Адасқандардың кесапаты шынайы намазхандарға тиіп жатыр.

Адасқан ағымдағылардың қоғамға кесірі сол, жесірге-жесір, жетімге-жетім қосып жүргені. Олардың түсінігінде талақ беру - адал амал. Жалпы, керісінше жүретін бейбақтар ғой. Адалды арам, арамды адал деп қабылдайтын. Талақ бере салу - кең етек жайып барады. Бұған алғашында үрке қараушы ек, бүгінде құлақ үйреніп кеткендей.

Балиғат жасына толса болды, қатын қылуға жарайды деп "он екіде бір гүлі ашылмаған" қыздармен некелесіп, қор қылғандары жетерлік. Сонда да олар ойына келгенін істеп тайраңдап жүр. Жыныстық жиһадқа жығады. Нағыз зəлімдер жасайтын зұлымдық қой.

Олар сол баяғыда жиһад кезінде сахабалар əйелдерін сыйға тартқан дегенге сүйенеді. Ислам келмей тұрғанда əйелдердің бақыр тиындық қадірі жоқ еді. Арабтар қыздарын тірідей көміп тастайтын болған. Ислам діні жеткен соң, əйелдер ерге аманат, қыз баласы жəннатқа жол ашатын перзент мəртебесіне ие болды. Ал, адасқандар қазір əйелдерін талақ етіп, қыз туса тастап кетіп жатыр.

Намаз оқымайтын əйелін діннен шығарып тастап, үш талақты қатар беріп, оп-оңай ажырасып кететіндер де, осылар. "Талақшылар" ағымы деп атасақ, əсте жаңылмаспыз. Хиджап киюге көндіре алмаған əйелін кəпірге теңеп, қанша баласы болса да тастап кетіп жатқандар баршылық. Одан бөлек уақытша неке қидырып тояттап болған соң, "талақ" бере салатындар тағы бар. Олар өздерінің бұл өзімбілермендіктерін адал амал санайды. Бір түндік некені жасырын түрде өздері қия салады. Немесе тоқалдыққа алам деп алдайды.

"Неке" - жария ету дегенді білдіреді. Некелесуге келіскен ер мен əйелдің куəсі болуы жəне некені имам қиюы шарт. Өз некесін өзі қию - шариғатта жоқ. Қызы бар ата-аналар осыны есте сақтасын. Ұялмасын. Қыздарына айтсын. Жыныстық жиһадқа жығу, "халяль никях"қа тарту, елдің батысында белең алған дейді. Жалпы вахабистер жүрген жерден шөп шықпайды, түк қалады. Оларға отбасы құндылығы деген ұғым жат.

БАЛҒАБЕК МЫРЗАЕВ - дінтанушы, теология ғылымының докторы

- Мемлекет діни некені реттеуді қолға алып жатыр. Заңға сәйкес, мем­ле­кет­тік органдарда тіркелген неке ғана заңды сана­­лады. Ешкім діни неке қиюға, бата беруге тыйым салмайды. Десе де ерлі-зайыпты атану үшін алдымен ресми тіркеуден өту керек деген талап бар. Заң жобасының алғашқы нұсқасында діни некеге тыйым салу қарас­ты­рыл­ған еді. Себебі, қазіргі таңда жат ағым­дағы азаматтар қалыңдықты қолдан- қолға өткізіп жатыр. Мұны тоқтату ке­рек. Неке үлкен жауапкершілік. Діни некеде, әдетте қыздар алдауға түсіп жатады. Жат ағымдықтар неке рəсімін əншейін «бата алумен» шектей салады. Осылайша, қаракөз қандастарымыз алдаудың құрбаны болады. Діннің құндылықтарын түсінген пенде мұндай жабайылыққа бармас еді. Ай сайын талақ беріп тастап, басқасына үйле­ніп жатқан еркек, елін де солай тастап кетпесіне кім кепіл? Кетіп те жатыр емес пе? Қыздарымыздың намысын таптауға ешкімнің де құқығы жоқ. Сондықтан мемлекет отбасы құндылық­тарын, бірінші кезекте әйелдер мен балалардың құқығын қорғауға даяр.

Қасақана ешкім адаспайды. Көп адамдар мешітке барып, имамдардан білмегенін сұрауға ұялады екен. Сөйтіп керек уағыздарды "YouTube" желісінен іздейді. "Іздегенге сұраған" боп, жат ағымның жетекшілері "Жолы болар жігіттің жеңгесі шығар алдынан" деп насихаттарын ұсынып шыға келеді. Олардың тілі майда ғой. Екінің бірі олардың сөзінің астарын ұқпайды. "Е, дін деген осы екен" деп, тұла бойымен қойып кетеді.
Сондайлардың таксиіне мінсең, жетер жеріңе жеткенше Ділмұраттың пəтуасын тыңдап барасың. Өшіруін естісең, табанастынан тас керең бола қалады. Бұлар өңін өзгерте береді. Хизбутчиктен, такфирщик, одан Қуранид, одан салафит, одан вахабис, одан жиһадшы болды. Тағы қай ағымның хатшысы боларын кім білсін? Əйтеуір «хамелеондардан» сақ болайықшы.

Не мектеп, не орта арнаулы білім, не жоғары оқу орындарының білім беру жүйесіне "Дінтану" емес, "Исламтану" дəрістерің енгізетін уақыт жетті. Біріншіден, адасып жатқандар 18 бен 35 жас аралығындағы азаматтар, екіншіден адастырып жатқандар Исламның атын жамылғандар. Ал, мұсылманшылықты шынайы қырынан танитын адам діннен де, дəстүрден де сүрінбейді, жат ағымның жетегінде кетпейді, қоғамға қауіп төндірмейді. Осы баяндалғанның бəрі сауатсыздықтың салдары емес пе? Алғашқы террористер осындан он бес жылдай бұрын ұсталса, азаятын ағым осы уақытта құрып тынар еді ғой. Көбеймесе, кемігенін көрмедік. Алдыңғы жылы Ақтөбеде болған лаңкестіктен кейін, өз өміріне алаңдаған халық оларға наразылық та танытты. Қашанғы бұлай үрей құшағында жүреміз. Адасып қайтатын жол іздегенше, адаспаудың қамына кіріскен жөн шығар."Сенің себебіңмен біреу дінге келсе - мол сауап. Ал, сенің кесіріңнен біреу діннен безсе - ауыр күнə" дегенді қаперіне ілмейді. Солардың сандырағының салдарынан, дін десе «дір» ете қалатын халге жетті, адамдар.

Мөлдір Нұрман
Просмотров материала: 6 254

Поделиться материалом


10:04 230 миллиардов тенге возвращено государству в рамках дел... 93 670 Просмотров

20:03 Обращение жителей с. Маралды к Президенту РК К.-Ж. Токаеву... 0 Просмотров

12:16 Атырауда мыңнан астам асыл тұқымды еділбай қойы тірідей... 0 Просмотров

11:35 Бұдан былай Алматыда электрлі самокат тек 16 жастан бастап... 0 Просмотров

11:30 Қарағанды облысындағы жол апатынан сегіз адам көз жұмды... 0 Просмотров

11:17 Мұхамедиұлының Ұлттық музейдегі ұрлықтың жаңа эпизодына еш... 93 482 Просмотров

11:01 Биіктен құлап бара жатқан баланы қағып алған оқушыға үш... 93 451 Просмотров

10:47 Қарағандыда тұрғын үй ауласынан шала туылған бала табылды... 93 392 Просмотров

10:25 Ұлттық музей басшылығына қатысты қылмыстық істі... 93 384 Просмотров

18:37 Адвокат Бурхан Жансейтов задержан в Алматы... 6 563 Просмотров

17:38 Объемы производства сахара будут увеличены в семь раз —... 6 312 Просмотров

17:13 Тарифы на комуслуги изменятся в Казахстане... 6 341 Просмотров

16:54 Министр Аймағамбетов балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз... 8 832 Просмотров

16:52 «Қолайлы мектеп». Ұлттық жоба арқылы 582 мектеп бой көтереді... 8 981 Просмотров

16:52 «Суперагенты»: серьезный человек Сека уже ждет вас на IVI... 12 597 Просмотров

16:48 Балабақшаларды лицензиялауды күшейтеміз - министр... 7 357 Просмотров

16:43 Смайылов президенттің үкімет жұмысына қатысты сынына пікір... 5 511 Просмотров

16:42 Хищение средств через платформу АrtSport расследует антикор... 5 419 Просмотров

16:39 Еліміздің басым бөлігінде аптап ыстық болады – ауа райы... 5 168 Просмотров

16:37 Про президентскую критику... 6 340 Просмотров

16:29 Министерство не запрещало показ мультфильма «Базз Лайтер» -... 10 060 Просмотров

16:15 Экология министрлігі киіктердің мекендеу ортасын зерттеуге... 5 145 Просмотров

15:48 Денсаулық сақтау министрлігі аборт жасатуға тыйым салу... 5 487 Просмотров

15:45 Елімізде коммуналдық қызмет тарифтері өзгереді... 5 179 Просмотров

15:41 Капремонт всех роддомов пообещала министр здравоохранения... 5 155 Просмотров

15:27 Благотворительный спортивный зал для детей открыли в... 5 093 Просмотров

15:00 Қазақстан шекарасы қандай жағдайда жабылады... 4 945 Просмотров

14:18 104 мың гектарға қант қызылшасы егілсе, ішкі нарықты 80... 5 156 Просмотров

13:41 Қаңтар оқиғасы кезінде қанша қару тәркіленді – ҰҚК есеп... 5 120 Просмотров

13:15 Алагузова - Нуртасу Адамбай: Богу не нужна твоя помощь... 10 208 Просмотров

13:14 Жауынгер бір жыл ішінде әскери техниканы ғана емес, қолына... 6 846 Просмотров

13:04 Тамызда өршиді: Денсаулық сақтау министрлігі коронавирус... 4 987 Просмотров

13:02 В отношении руководства ТОО «Казфосфат» начато досудебное... 5 198 Просмотров

12:59 Суицид в Казахстане: 96% случаев самоубийств совершаются... 5 437 Просмотров

12:51 Усовершенствовать военную организацию Казахстана поручил... 4 927 Просмотров

12:49 Закупать уголь заранее призывают казахстанцев... 4 966 Просмотров

12:45 Павлодарда кран жұмысшыны екінші қабаттан итеріп жіберді... 5 016 Просмотров

12:42 Президенттің сынынан кейін ұзаққа созылған жол жөндеу... 4 918 Просмотров

12:38 МӘМС шенеуніктердің жемсауытына айналған – Арман Бейсембаев... 5 154 Просмотров

12:32 Шоу-бизнес өкілдерінің ЛГБТ-ны насихаттайтын «Базз Лайтер»... 5 285 Просмотров





Опрос


«    Май 2024    »
ПнВтСрЧтПтСбВс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031