Қазақстан жоғары оқу орындарының білім беру бағдарламасы рейтингінің бірінші кезеңі аяқталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
ҚР Білім және ғылым министрлігі мен «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы жүргізген бұл зерттеу ЖОО-ның жұмысқа орналасқан түлектер пайызы мен олардың орташа еңбекақысы, бағдарламаның өзектілігін бағалау, сондай-ақ түлектердің сауалнама қорытындысына сүйенген. Рейтинг туралы хабарды жыл басында ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев ескертіп, абитуриенттер арасында үлкен резонанс тудыратынын айтқан болатын.
«Алматыда 83 ректор мен проректорға рейтингтің алдын ала нәтижесін көрсеткенде үлкен шу шықты. Қалың көпшілікке жеткенде де бұл рейтинг студенттер мен оқуға түсуді жоспарлап жүрген оқушылар арасында үлкен резонанс тудырады. Кей студенттер IT-мамандықтар бойынша ең үздік ЖОО-да оқиды екенмін деп қуанады. Ал кейбірі IT-мамандықтар бойынша 123-орындағы ЖОО-да оқып жүргенін біліп, налуы мүмкін. Бұған дайын болу керек», - деді министр. Рейтингінің бірінші кезең аясында 33 мамандықтың рейтингі жасалды.
Ондағы деректерге сүйенсек, «Автоматтандыру және басқару» мамандығы бойынша 26 ЖОО-ға зерттеу жүргізілген. Онда 3,63 ұпаймен Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университеті көш бастап тұр. ЖОО түлектері 100% жұмысқа орналасқан және олардың орташа жалақысы 234 375 теңгені көрсеткен. Мамандық бойынша, екінші орында 3,36 ұпаймен Рудный индустриалдық институты тұр. Мұнда да түлектер 100% жұмыспен қамтылған және орташа еңбекақылары 577 669 теңгені құраған. Рудный институтының шығысқазақстандық университеттен түлектер арасында жүргізілген сауалнама көрсеткіші ғана төмен. «Автоматтандыру және басқару» мамандығындағы үздік үштікті Қазақ қатынас жолдары университеті түйіндейді (3,32 ұпай). Университет түлектерінің 86% өз мамандықтары бойынша жұмысқа орналасқан, олардың орташа еңбекақысы - 317 980 теңге. Сондай-ақ, үздік бестіктен 3,29 ұпаймен Академик Қ. Сәтбаев атындағы Екібастұз инженерлік-техникалық институты мен Алматы технологиялық университетін көруге болады.
«Биотехнология» мамандығы Қазақстанның 19 оқу орнында оқытылады және Қазақ технология және бизнес университеті 3,77 баллмен алғашқы орыннан көрінді. Университет түлектерінің 68% жұмысқа орналасқан, олардың орташа еңбекақысы - 82 563 теңге. Екінші орында 3,76 ұпаймен Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті тұр. ЕҰУ биотехнолог-түлектерінің 54% жұмыс істеп жүр және олардың орташа жалақысы - 95 164 теңге. Үшінші орында тұрған Академик Е. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті 3,6 ұпай жинаған. Университет түлектерінің 59% жұмысқа орналасқан, орташа жалақылары - 78 707 теңге. Одан бөлек, үздік бестікте әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті (3,60) мен Қарағанды мемлекеттік техникалық университеті (3,57) бар.
«Есептеу техникасы және бағдарламалық қамтамасыз ету» мамандығы бойынша еліміздің 53 оқу орны білім береді. Бұл рейтингте 4,21 ұпаймен Қазақ-Британ техникалық университеті үздік деп танылды. ҚБТУ бағдарламашы-түлектерінің 80% жұмыс істейді және орта есеппен 375 577 теңге жалақы алады. Екінші орында С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті 3,51 ұпаймен тұр. ҚазАТУ түлектерінің 76% жұмыспен қамтылған және олардың орташа еңбекақысы - 113 889 теңге. Үшінші орынға - 3,39 ұпаймен Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті жайғасқан. Мұнда білім алған түлектердің 69% өз мамандығымен жұмыс істеп, шамамен 102 520 теңге жалақы алып жүр. Үздік бестікте - Қазтұтынушылар одағының Қарағанды экономикалық университеті (3,38) мен Қазақ инновациялық гуманитарлық-құқықтық университеті (3,37) тұр.
«Геодезия және картография» мамандығы бойынша 9 ЖОО арасында зерттеу жүргізілген. Мұнда С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті (түлектердің жұмысқа орналасуы - 78%, түлектердің орташа жалақысы - 116 462 теңге) көш бастады. Екінші және үшінші орындарда Атырау мұнай және газ институты (67%, 135 583 теңге) және әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті (62%, 100 234 теңге) тұр.
Елімізде «Тау-кен ісі» мамандығын оқытатын 10 жоғары оқу орны бар. Мұнда 4,24 баллмен Рудный индустриалдық институты (түлектердің жұмысқа орналасуы - 89%, түлектердің орташа жалақысы - 387 623 теңге) алғашқы орында тұр. Екінші орында - 3,77 ұпаймен С. Бәйішев атындағы университет (100%, 213 395 теңге), үшінші орында - 3,75 ұпаймен Ө. Байқоңыров атындағы Жезқазған университеті (94%, 334 723 теңге) орналасқан.
«Журналистика» мамандығы бойынша рейтинг нәтижесі көпті таң қалдырды деуге болады. Мұнда 24 университет бақ сынасып, М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті 3,419 ұпаймен ұлттық оқу орындарынан басым түсті. СҚМУ түлектердің 87% жұмыспен қамтылған, олардың орташа еңбекақысы шамамен 160 678 теңге. Екінші орында 3,297 ұпаймен Абылай хан атындағы Халықаралық Қатынастар және Әлем Тілдері Университеті (53%, 130 810 теңге), үшінші орында - 3,261 ұпаймен Х. Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті (78%, 89 886 теңге) тұр.
«Ақпараттық жүйелер» мамандығы бойынша Қазақстандағы 65 жоғары оқу орнының нәтижелері зерттелді. Бұл тартысты рейтингте түлектердің IT-қауымдастықтармен, жұмыс берушілермен жасаған шешімдері, пәнді меңгеруге берілген уақыттың жеткілікті болуы, оқытатын тақырыптардың, әдебиеттердің еңбек нарығында өзекті болуы сынды бірқатар критерийлер назарға алынған. Нәтижесінде 9,24 ұпаймен Қазақ-Британ техникалық университеті озып шықты. Екінші орында 6,55 ұпаймен Халықаралық ақпараттық технологиялар университеті тұрса, үздік үштікте - Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университеті (6,45 ұпай) бар. Үздік бестікке Қазақ-Неміс университеті (6,27) мен Нархоз университеті (6,17) енген.
«Маркетинг» мамандығы бойынша 27 университет зерттелген. Мұнда Қазақ-Неміс университеті 3,725 ұпаймен бірінші орында тұр (түлектердің жұмысқа орналасуы - 71%, түлектердің орташа жалақысы - 175 182 теңге). Екінші орында - 3 434 ұпаймен Сүлеймен Демирель университеті (50%, 138 190 теңге), үшінші орында - 3 389 ұпаймен Академик Е. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті (80%, 110 625 теңге) тұр.
«Математикалық және компьютерлік үлгілеу» мамандығында 11 университет сынға түскен. Алғашқы орынды 3,09 ұпаймен Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университеті (түлектердің жұмысқа орналасуы - 78%, түлектердің орташа жалақысы - 95 152 теңге) иеленген. Екінші орында - 2,82 ұпаймен Академик Е. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті (80%, 110 625 теңге), үшінші орында - 2,71 ұпаймен Қарағанды мемлекеттік техникалық университеті (75%, 82 508 теңге) бар.
«Машина құрастыру» мамандығы еліміздің 18 университетінде оқытылып келеді. Мұнда да 3762 ұпаймен М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті (түлектердің жұмысқа орналасуы - 100%, түлектердің орташа жалақысы - 146 901 теңге) топ жарды. Одан кейін 3 654 ұпаймен М. Дулатов атындағы Қостанай инженерлік-экономикалық университеті (100%, 126 160 теңге) және 3 514 ұпаймен Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университеті (62%, 86 063 теңге) үздік үштіктен көрінді.
«Мұнай-газ ісі» мамандығы бойынша еліміздің 20 университеті маман даярлайды. Рейтингке сәйкес, 4,07 ұпай жинаған Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университеті (түлектердің жұмысқа орналасуы - 87%, түлектердің орташа жалақысы - 966 814 теңге) үздік деп танылған. Одан кейінгі екі орында 3,61 ұпай жинаған Қазақ-Британ техникалық университеті (65%, 436 372 теңге) мен 3,43 ұпаймен С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті (73%, 77 610 теңге) тұр.
«Аспап жасау» мамандығында 9 университет бақ сынасты және 3,35 ұпай жинаған М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті (түлектердің жұмысқа орналасуы - 50%, түлектердің орташа жалақысы - 202 930 теңге) үздік атанды. Екінші орында - 3,30 ұпаймен Қарағанды мемлекеттік техникалық университеті (72%, 85 243 теңге), үшінші орында - 3,25 ұпаймен Жәңгір Хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университеті (78%, 176 159 теңге) тұр.
«Радиотехника электроника және телекоммуникациялар» мамандығында 24 университет зерттеуге алынды. Мұнда да 3,49 ұпаймен М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті (түлектердің жұмысқа орналасуы - 80%, түлектердің орташа жалақысы - 233 351 теңге) топ жарды. Екінші және үшінші орындардан - 3,19 ұпаймен Алматы энергетика және байланыс университеті (76%, 122 430 теңге) және 3,14 ұпаймен Қазақ қатынас жолдары университеті (83%, 153 506 теңге) көрінді.
«Стандарттау және сертификаттау» мамандығында 37 университет арасында рейтинг жасалды. Бұл рейтингке І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университеті, Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті, ҚБТУ, Нархоз және Қазақ қатынас жолдары университеті қатысқан жоқ. Себебі, бұл ЖОО-лар 2016-2017 жылдары аталған мамандық бойынша түлек шығармаған. Рейтингте 3,54 ұпаймен Атырау мұнай және газ университеті, М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті (3,31), Қазақ ұлттық аграрлық университеті (3,29) көш бастап тұр. Үздік бестікті Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті (3,26) мен С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті (3,17) түйіндейді.
«Құрылыс» мамандығы бойынша 35 ЖОО арасынан М. Тынышпаев атындағы Қазақ көлік және коммуникациялар академиясы (3,674) үздік атанды. Екінші орынды Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университеті (3,599), үшінші орынды - Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті (3,520) иеленген. Одан бөлек, Атырау инженерлік-гуманитарлық институты мен Ш. Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университеті (3,497) үздік бестікке еніп отыр.
«Жылу энергетикасы» мамандығында 17 жоғарғы оқу орнына зерттеу жүргізілді. Мұнда 3,92 ұпаймен Рудный индустриалдық институты көш басында тұр. Институт түлектері 100% жұмыспен қамтылған және орташа еңбекақылары 357 412 теңгені құраған. Екінші орында 3,58 ұпаймен Қазақ ұлттық аграрлық университеті (83%, 177 045 теңге), үшінші орында - 3,52 ұпаймен Инновациялық Еуразия университеті (100%, 112 556 теңге) тұр.
«Техникалық физика» мамандығы еліміздің 6 университетінде ғана оқытылады. Олардың арасында 4,03 ұпаймен Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университеті (түлектердің жұмысқа орналасуы - 80%, түлектердің орташа жалақысы - 124 890 теңге) үздік деп танылды. Екінші және үшінші орындарда - 3,81 ұпаймен Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университеті (100%, 76 171 теңге) және 3,79 ұпаймен Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті (64%, 120 236 теңге) тұр.
«Көлік, көліктік техника және технологиялар» мамандығы бойынша еліміздің 30 жоғары оқу орнына зерттеу жүргізілді. Зерттеу нәтижесіне сәйкес, Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университеті 3,99 ұпаймен көш бастады. Университет түлектерінің 96% жұмысқа орналасқан және олардың еңбекақысының орташа көлемі 1 299 442 теңгені көрсеткен. Екінші орында 3,75 ұпаймен Рудный индустриалдық институты тұр. Институт түлектерінің 92% жұмысқа тұрған және орта есеппен 301 114 теңге еңбекақы алады. Үздік үштікке 3,61 ұпаймен Ө. Байқоңыров атындағы Жезқазған университеті енген. Оның түлектері 100% жұмыспен қамтылған және орташа еңбекақылары 224 683 теңгені құраған.
«Есеп және аудит» мамандығы бойынша 78 оқу орнына талдау жасалды. Мұнда 2016-2017 жылғы түлектерінің болмауынан ҚБТУ, Қазақ қатынас жолдары университеті, С. Аманжолов атындағы ШҚМУ тізімге енген жоқ. Нәтижесінде, 3,680 ұпаймен Алматы менеджмент университеті алғашқы орыннан көрінді (түлектердің жұмысқа орналасуы - 76%, түлектердің орташа жалақысы - 113 886 теңге). Екінші және үшінші орын - Нархоз университеті (99%, 115 442 теңге) мен М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетіне (75%, 157 637 теңге) берілді.
«Қаржы» мамандығы республиканың 81 жоғарғы оқу орнында оқытылады және олардың арасынан 3,736 ұпаймен Халықаралық бизнес университеті (түлектердің жұмысқа орналасуы - 71%, түлектердің орташа жалақысы - 118 118 теңге) топ жарып шықты. Екінші орында - 3,658 ұпай иеленген Қазақ-Британ техникалық университеті (65%, 394 772 теңге) тұрса, үшінші орында - 3,505 ұпаймен М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті (87%, 163 785 теңге) тұр. Сонымен бірге, үздік бестікте Халықаралық ақпараттық технологиялар университеті (3,476) және Сүлеймен Демирель университеті (3,451) бар.
«Экономика» мамандығын оқыту бойынша 77 оқу орны зерттеуге алынған. Олардың арасында түрлі критерий бойынша 3,605 ұпаймен Нархоз университеті озып тұр. Екінші орында 3,570 ұпаймен Сүлеймен Демирель университеті, үшінші орында - 3,513 ұпаймен Академик Қ. Сәтпаев атындағы Екібастұз инженерлік-техникалық институты тұр. Сондай-ақ, «Экономика» мамандығы бойынша үздік бестік құрамында Атырау инженерлік-гуманитарлық институты (3,494) және Қазақ гуманитарлық-заң университеті (3,477) бар.
«Электроэнергетика» мамандығы бойынша 30 оқу орны рейтингке қатысқан. Мұнда да Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университеті 3,597 ұпаймен бірінші орында тұр. Университет түлектерінің 86% жұмысқа орналасқан және олардың еңбекақысының орташа көлемі 466 406 теңгені құраған. Екінші орында 3,533 ұпаймен М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті (100%, 199 030 теңге), үшінші орында - 3,422 ұпаймен Қарағанды мемлекеттік индустриалдық университеті (90%, 163 834 теңге) тұр. Айта кетейік, мамандық бойынша Қазақстан ЖОО-лары рейтингінің толық тізімін Атамекен ҰКП сайтынан көруге болады. Жылдың соңына дейін Ұлттық кәсіпкерлер палатасы 50-ден астам мамандықтың рейтингін ұсынатын болады.
Просмотров материала: 17 992