Кез келген қоғамда елдің өркениет көшіне ілескенін не артта қалғанын жастардың белсенділігінен байқауға болады. Жастық – ол ізденістің бастауы. Осы кезеңде адам өзінің күшіне сеніп, тауды да қопарардай қайратпен барлық істе көшбасшылық танытады. Мейлі ол спортта, саясатта, бизнесте болсын жоғарыдан көрінуге талпынады.
Өз қатарластарынан озық жанның бірі – журналистика мамандығының білімгері Ержан Даулетбаев. Ол Республикалық деңгейдегі пікірсайысшы ретінде шешендікті Талдықорған қаласында дамыту мақсатында «Yerkin» шешендік өнер академиясын ашуға қол жеткізді. Академия жұмысы жайында Ержан Жанатұлымен әңгімелесудің сәті түсті.
"Жаратылыстану-техникалық факультеті, химия мамандығының студенті, пікірсайысшы Әсел Садықовамен бірлесіп қыркүйек айының 22 жұлдызында өнер академиясын аштық, – деп бастады ол әңгімесін. – Бірінші курста оқып жүргенімде Қарағанды қаласында өткен дебаттан республикалық турнирге қатыстым.
Сол кезде республикалық деңгейде шеберлігіміздің әлі де болса төмендігіне намыстандым. Қалаға келген соң деңгейі менікінен әлдеқайда жоғары пікірсайысшылармен дайындалып, «Ілияс пікірсайысшылар» клубын басқардым. Қызығушы білімгерлердің саны арта түскен соң оның аясын келешекте кеңейте түсуді мақсат тұттым.
Бұл мақсатыма өткен жылы қол жеткіздім. Бастапқыда университетімізде дайындалып жүрдік. Бірақ, ниет білдірушілер саны көбейе келе Алматы облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Айдын Нұрмұхамбетовке өз ойымызды айтып, көмек сұрадық.
Ол кісі бірден құптап, жастарға қызмет көрсету ғимаратының ішінен дайындық сағаттарын өткізуге кабинет бөліп берді. Тиісті құжаттарды тіркеп, жалпы саны 64 жас пікірсайысшымен өз жұмысымызды бастадық.
Алайда қазіргі таңда сол 64-тің 25-і қалды. Бүгінде олар жаңадан қосылған қатысушыларды шешендік өнерге баулып жүр. Қаламыздағы №10-, 25-, 21-, 18-, 15-, 13-, 10-, 5-, 21- мектептерден қазір 35-40 талапкер нақты қатысуда.
Біз британдық парламент форматы (4 командаға бөлініп, 8 адам ойнау), американдық парламент форматы (2 қатысушыдан 2 команда) және Линкольн Дуглас форматы (1 қатысущы) бойынша тәжірибе мен білімді үйлестіріп, жас пікірсайысшыларды дайындаймыз.
Одан бөлек, біздің орталықта сөйлеу әдебіне, сахнада өзін-өзі ұстау мәнеріне, тыңдарманды назарын өзіне тартып, сендіре білуге, дауыс ырғағын қоюға үйретеміз. Сонымен қатар, тренингтер, қалалық деңгейдегі дебат турнирлерін ұйымдастырамыз.
Жеңімпаздар облыстық ішкі саясат басқармасы мен жастар ресурстық орталығының демеушілігімен Алғыс хат және сыйлықтармен марапатталады.
Ал, академияны «Yerkin» деп атауымыздың басты себебі – еркін сөйлеу, өзін-өзі еркін ұстау, ойын еш бүкпесіз еркін жеткізу. Қазақша қаріптермен жазайық деп едік, белгілі бір адамның есімі сияқты көрінді. Сол себептен, ақылдаса келе, ағылшын қаріптерімен жазуды жөн көрдік".
«Оқушылар тренингтерге өз еркімен қатыса ма, әлде мәжбүрлі түрде келе ме?» деген түйткілімізді ашық айтып едік, оған Ержан мырза да ақжарқын пейілмен жауап берді:
– Жалпы өз басым мәжбүрлеу дегенді түсіне де, қабылдай да алмаймын. Мектеп не бөлім басшылығының келісімімен қызығушылық танытушыларды ғана қабылдағанды құп көремін.
Қаратал ауданы, Қызылжар ауылындағы мектепке барып 6-10 сынып оқушыларының қатысуымен 3 сағаттық тренинг өткіздік. Тренинг барысында үлгі ретінде тәжірибесі жеткілікті орталық мүшелері дебат ойындарын көрсетті.
Сол арқылы пікірсайыс форматының айырмашылықтарын түсіндірген оңайырақ. Мен осы орталық ашылғалы қаншама трениг өткізсем де, негізінен әр түрлі әлеуметтік желілер мен хабарламалар арқылы жарнамалаймын, оқушылар көптеп келеді.
Кейде әр жерден естіген оқушылар, мұғалімдер өздері өтініш жасайды, сұраныс түсіп тұрса білгенімді аяп қалғым келмейді, өткіземін. Қазіргі кезде Үштөбе қаласы, Сарыөзек ауылы, Көксу ауданы мектептерінен және Текелі қаласындағы «Орталық Азия университеті» мен Көксу политехникалық колледжінің тарапынан тренинг өткізуге ұсыныстар түсуде.
Ұсыныстарын ақпан айының соңында жүзеге асыруды көздеп отырмыз.
Ержанмен болған әңгіме барысында «Yerkin» академиясының басқа орталық не болмаса пікірсайыс клубтарынан айырмашылығы жайлы да мәліметтерге ие болдық.
– Біздің академияның басқалардан айымаршылығы, біріншіден, біз ауылдарға, аудандарға барып, тренингтер өткіземіз. Соңында, дәрежесі жоғары, ары қарай алып кете алады деген оқушыны академияның филиалының мүшесі ретінде сол мектептің өзінде жетекші етіп қалдырамыз. Нәтижесінде, біз оларды дайындасақ, олар ізбасарларына бағыт-бағдар көрсетіп отырады. Байқасаңыздар, пирамида сияқты. Бұл – көп уақыт пен шыдамдылықты қажет етеді.
Екіншіден, жүйелілік пен тың ізденістер. Яғни, оқу курстарын, түрлі квест, турнирлер ұйымдастыру. Үшіншіден, оқушының бағытын анықтап, тек білім емес, тәрбие, үздіксіз мотивация беріп отыру. Бұл – әр оқушының сырласына айнала білу деген сөз. Бұл – балалардың табысқа жетуі үшін керек басты шарттың бірі.
Енді бұдан тыс, тегін біраз дүниелер бар, тегін көмекші материалдар, тегін кеңестер оның бәрі мен үшін артықшылық емес, ол – ұрпақ тәрбиесімен айналысып отырған біздер үшін жасауға міндетті дүние.
Ал енді тағы бір айта кететін жайт мынау: Балалармен қандай тақырыпты таңдай білу мәселесі. Бүгінгі қоғамға қарай балалар өзгерді, көбінде кез келген іске жаңаша көзқараспен қарайды. Жаңа технологиялар, ғаламдық үрдістер, болашақ туралы әңгімелерді талқылау, бәсекеге қабілетті болу туралы тың идеялар - бүгінгі жастардың басты тақырыбы.
Бізде осы бағытта іздене білу, оларға дер кезінде сараптама жасап беру әдетке айналған, себебі, бүгінгі баланы қорқытып әйтпесе үрей туғызып оқыту мүмкін емес, ол қызығушылық танытуы үшін, оның үстіне саған үйренуі үшін саған деген құрметі және сенің біліміңе деген сенімі болуы керек. Жалпы жастар өзгеріп келеді, соған қарай бейімделуіміз қажет".
Жетістіктері туралы сұрағанымызда Ержан Жанатұлы қарапайымдылығын таныта отырып, әдемі жеткізді.
"Бүгінгі күні «Yerkin» академиясының филиалы ретінде «Enactys» ұйымы ашылды. Сонымен қатар, «Шаттық» қоғамдық бірлестігі өзінің жұмысын бастамақ. Жоғарыда атап өткен түрлі іс-шаралар «Шаттық» бірлестігінің ұйымдастыруымен жүзеге асырылады. Ал «Enactys» болса бизнес-жобаларды құру, жүргізу, бизнеске баулу мақсатында жұмыс жасайды. Одан бөлек рэп орындаушыларына да көңіл бөлсек дейміз. Егер рэп орындаушылары жақсы болса, қоғамдағы мәселелерді жастар түсінетіндей жеткізеді деген ойдамын. Бір жағынан, бүгінгі жастар лирикалық не болмаса эстрадалық әндерден қарағанда рэп жанрын тыңдайды. Бұл мәселені де болашақта қолға аламыз.
Алматы облысы бойынша Дін істері басқармасы ойын еркін әрі жастарға түсінікті тілде жеткізуді үйретсеңіздер деп қолқа салуда. Олардың айтуынша, дін мамандары жастарды тыңдата да тыңдай білгілері келеді. Сонымен қатар, «Огни Алатау» газеті және телеарнаның кейбір тілшілері дауыс қоюды және ойын еркін жеткізуді үйренсек деуде.
Біздің академиядан білім алған медицина колледжінің білімгерлері өз оқу ордасында пікірсайыс клубын ашты. Алдағы уақытта мектептерде осындай орталықтар ашылып жатса, бұл – біз үшін үлкен жетістік.
Алдағы уақытта қанат жайып, құлашымызды кеңейте түсу ойымыз бар, бірақ санды арттырып сапаны түсіріп алудан қорқамын. Бала жанын түсінетін, пікірсайыстың қыр-сырын меңгерген тиянақты серіктестер табылып жатса, бөлімшелеріміздің санын арттырамыз.
Болашақтағы жоспарымыз жөнінде айтар болсам, біріншіден, Алматы облысындағы шешендіктің деңгейін көтеру бағытында жұмыстар жасау. Ол, әрине, уақыт пен табанды еңбектің еншісінде. Оқу курстарын үйретіп жатқан тәрбиеленушілеріміз республика деңгейіне дейін көтеріліп, «Талдықорғанда шешендік өнер және пікірсайыс жоғары деңгейде екен» деп таңдай қақтырса, құба-құп.
Бүгінде қатарластарынан топ жарып, биіктен көрініп жүрген Мақсат Төлеуғалиев, Әмір Қанапия, Әлішер Темен, Аида Рысханова, Маргарита Бондер, Жайна Тұрарбек болашақтарынан көп үміт күттіреді. Мақсат және Әмір мектеп оқушыларын жаттықтырып жүр.
Ал, Әлішер өзі білім алып жүрген оқу ордасында пікірсайыс клубын ашты. Аида болса «Ілияс пікірсайыс» клубының жетекшісі. Бәсекелестік қалыптастыру арқылы мықты пікірсайысшыны дамытуды да назарда ұстаймыз" дейді Ержан мырза.
Шыңғыс МАРХАБЕКҰЛЫ
9-сынып оқушысы
С. Сейфуллин атындағы
орта мектеп
Алматы облысы
Ескелді ауданы
Бақтыбай ауылы
Жетекшісі: Жанна Қауранбекова
Просмотров материала: 1 567