Батыс Қазақстан облысы Жәнібек ауданынан жиырма шақырым жерде орналасқан біздің елді мекенді Ұзынкөл деп атайды. Төрт түлігін түлетіп, шаруасын өрге сүйреп отырған ауыл – бүтін бір елдің асыраушысы, қайнаған еңбектің және ұлттық руханияттың қайнар көзі іспетті. Қазір ауылымыздың жер көлемі 111530 шаршы шақырымды құрайды, округ бойынша халық саны – 1107 адам.
Иә, ауылымның қазіргі келбеті үлкендер айтқандай тәуілсіздік алған алғашқы жылдармен салыстырғанда шүкір деп айтуға болатындай. Ауыл адамдары жұмысы барлар жұмыс жасайды, жұмысы жоқтар мемлекеттің қолдауымен өз күндерін көруде.
Ал біздер, алаңсыз балалық шақтың бал күндерін бастан өткізіп жатырмыз. Қазіргі уақытта ауылымда ауыз толтырып айтатындай өзгерістер көп. Ауыл өмірі мектеп өмірімен тығыз байланысты. Мектеп тарихына үңілсек, бұл білім ордасы да ауыл атымен аталады.
Мектеп 1929 жылы құрылған. Мектебіміз жаңа болмаса ішінде компьютер бөлмелерi, пән кабинеттерi, лингофонды дәрiсханалар соңғы үлгiдегi оқу құралдарымен жабдықталғаны сүйсiнтедi. Сондай-ақ, iс-шаралар өткiзетiн акт және спорт залдары бар.
Асханада балалар емiн-еркiн тамақтана алады. Мейiрбике бөлмелерi де кең әрi жарық. ЖББ Ұзынкөл орта мектебінен сан мыңдаған түлектер, әр саланың мамандары шыққан. Танымал адамдар да жетерлік. Қазіргі уақытта ауылымыз бірте-бірте, күннен-күнге құлпырып, дамып келеді.
Атап өтсек, ауылымызда жаңа үлгіде салынған 35 орындық дәрігерлік амбулатория бар. Көркем әрленiп, әспеттелген еңселi ғимарат келбетi көз жауын алады. Жаңа заман талабына сай бой көтерген бұл ғимаратта ауыл адамдарының емделуіне барлық қолайлы жағдай жасалған.
Балалықтың балғын шақтарын өткізетін Ұзынкөл бөбекжайында 50 бүлдіршін тәрбиеленуде. Жергілікті бюджет қаражаты есебінен аз қамтылған отбасылардың балалары үшін шағын орталық қызмет жасайды.
Ауылымда үлкен мәдениет үйі бар. Әрине, мәдениет орны көп жөндеуді қажет етеді қазіргі уақытта . Бірақта, биыл күрделі жөндеуден өтейін деп отыр бұлда мені қуантады. Типтік жобадағы мәдениет үйі 1990 жылы пайдалануға берілді.
Мәдениет үйінің жалпы аумағы - 5370 ш.м, орнатылған орындықтардың саны - 250. Ауылдық кітапхана оқырмандар бөлмесінің орындық саны-30. Кітап қоры - 19 583 дана.
2014 жыл ұзынкөлдіктер үшін ерекше жыл болды. Себебі желтоқсан айында елді мекендерді ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында қолға алынған «Ақбұлақ» бағдарламасы бойынша Ұзынкөл ауылының барлық үйіне ауыз су кіргізіліп, пайдалануға берілді.
Бұрын құдықтардан тасып, ауыз су тапшылығын көріп отырған ауылымыз қазіргі таңда осы бағдарламаның игілігін көруде. Округ бойынша елдімекендердегі тұрғын үйлер электр жарығымен қамтылған.
Электр жарығын пайдаланып отырған мал қыстақтары «Апакаш», «Инженер» және «Алтықашар». Ауылдың ішіндегі электр жүйесінің ұзындығы 13 шақырымды құрайды. Электр қамту саласында ауылда 1 қызметкер жұмыс жасайды.
Ауылдық округі әкімі аппаратының елді-мекендерді жарықтандыру бағдарламасына сәйкес ауылдың Мектеп, Телағысов, Қуанышқалиев, Жаңа құрылыс, Достық, Бейбітшілік атындағы көшелері жарықтандырылды.
2010 жылы 26 қаңтарда Ұзынкөл ауылы табиғи газбен қамту жүйесіне қосылды. Облыс орталығынан «Алау Газ» ЖШС табиғи газбен қамтылмаған ауыл тұрғындарын тұрмыстық газ баллондармен қамтып отыр.
Тұрғын үйлерге табиғи газды жеткізу жұмыстарын «Символ» ЖШС атқаруда. Жыл ішінде Ұзынкөл ауылында қосымша 1,5 шақырым болатын газ құбыры тартылды. Табиғи газға қосылған үйлердің саны жыл сайын артуда. Осыған байланысты ауыл халқы үйлерін қала үйлері сияқты етіп жөндеуде, бұл да халықтың материалдық жағдайының көтерілгендігін аңғартады.
Байланыс және пошта саласында ауыл тұрғындарына сыйымдылығы 96 номерлік НС-240 АТС қызмет жасайды. Соның 8-і - қызметтік, 86-сы - жеке абоненттік телефондар. Сонымен қатар СДМА-450 телефон станциясынан 76 телефон нүктесі таратылып отыр.
Интернет желісі де тартылуда. Байланыс саласында ауылда 1 техникалық қызметкер жұмыс істейді. Ауылдық “Казпошта” бөлімшесі арқылы округ тұрғындары мерзімді баспасөзіне жазылып отырады.
Биылғы жыл ұзынкөлдіктер үшін тағы бір жақсы жаңалықпен толықты - аудан орталығына қатынайтын 20 шақырым жолға асфальт төселіп, жол қатынасын жеңілдетті.
Кәсіпкерлік те жақсы даму үстінде - ауылда екі дүкен, екі дүңгіршек жұмыс жасап, халықтың қажеттілігін өтесе, бір дәмхана, наубайхана ауыл игілігіне қызмет етуде.
Ауылдық округтің тыныштығы мен тәртібін қамтамасыз етуде учаскелік полиция инспекторы қызмет жасауда. Қылмыстың алдын алу, құқық бұзушылықты болдырмау, жасөспірімдер тәрбиесі жөніндегі шараларға ұжымдар, ақсақалдар алқасы, қоғамдық кеңес, округ әкімшілігі өз ықпалдарын жасайды.
2016 жылы ауылға саябақ салынып, іші жарықтандырылған. Балалар ойнайтын алаңдар бой көтерді, ағаштар егіліп, жазғы уақытта ауыл адамдарының демалуына жағдай жасалды. Жазғы уақытта барлық мерекелік шаралар осы саябақ ішінде өтіп тұрады.
Сонымен қатар, былтыр ауылымызда мешіт құрылысы басталған болатын, бірақ әртүрлі себептерге байланысты тоқтап қалды. Болашақта демеу болатын иманды азаматтар табылып, ауылымыз тағы бір әсем ғимаратпен толығады деп ойлаймын.
Елбасының көрегендікпен ауыл проблемасын шешу жолдарын тікелей қолдауы және үнемі бақылауда ұстауы мемлекетіміздің стратегиялық даму бағыттарының бірегей екенін байқатты. Жақсының жақсылығын көріп, барды бағалай білсек, біз алмайтын белес жоқ.
Еліміз егемендік алып тәуелсіздік салтанат құрған заманда ауыл көркейіп, гүлденеді деп сенемін. Үкіметіміз ауылды көркейтуге, жұмыс орындарын ашуға ерекше көңіл бөліп келеді. Ауыл болашағы бүгінгі білімді ұрпақ қолында.
Келешекке үлкен сеніммен көз тастаймын, себебі ауылымның сәулеті асқан, дәулеті тасыған берекелі құт мекен болатынына сенем. Міне, осы ауылды көркейтуге келешекте өз үлесін қосатын ұрпақ өсіп, жетіліп жатыр.
Мына өлең жолдарын туған өлкем, атақонысыма арнадым:
Ұзынкөлім
Ұзынкөлім – аяулы алтын бесігім,
Аялап өтем, ардақтап мәңгі есімін,
Туған өлкем, кіндік қаным тамған жер,
Осы жерде ашқанмын өмір есігін.
Мен үшін қымбат туған жерім, ардақтым,
Өз даламда алғаш рет тіл қаттым,
Он үш жыл, міне, өзіңде өмір сүргелі,
Жүрегімнің төріндесің, қымбаттым.
Туған жерім, өзіңнен асқан жер бар ма?
Ұзынкөлім, өзіңнен асқан ел бар ма?
Болмаса да асқар-асқар белдерің,
Ауылымызға тең келетін жер бар ма?
Баймырза МҰХАМБЕТОВ
7-сынып оқушысы
Ұзынкөл орта мектебі
БҚО
Жәнібек ауданы
Ұзынкөл ауылы
Жетекшісі: Гүлнара Бапахова
Просмотров материала: 2 672