"Әркімнің туған жері – Мысыр шаһары" демей ме. Бірақ бұл жолғы әңгіме менің туған жерім туралы емес. Кіндік қаным тамған жер болмаса да, мен үшін ыстық, қымбат бір жер бар. Ол - Атырау. Неге дерсіз бәлкім? Басымызға қиын-қыстау күн туғанда бауырына басып, қайғымызды қақ бөліп, қиындықтарымызды жеңілдеткен қала осы болатын.
Құшақ жая қарсы алып, жатсындырмай қабылдап, барын берген қала осы болатын. Өміріме маңызды жандар қатарын сыйлаған қала осы болатын. Жаңа мүмкіндіктерге жол ашып, тек қиялымда жүрген іс әрекеттердің орындалуына атсалысқан қала осы болатын.
Ендеше, аз уақыттың ішінде мені өзіне ес түссіз ғашық еткен, жүрегімнен ойып тұрып орын алған қала тарихы мен халқына, өмірі мен тұрмысына көз жүгіртіп өтейік.
Көшпелі қазақтар Каспий маңы ойпатының маңында XVI ғасырдың екінші жартысынан бастап қоныстанып, көктемгі, қысқы, жазғы жайылымдарды пайдаланған.
Кейінірек Ресей патша өкіметінің саясатына шыдамаған және патша үкіметін мойындағысы келмеген қашқын орыс еріктілері, күнкөріс іздеген крепостной шаруалар, қылмыстық жауапкершілікке тартылған Вольга бойындағы шаруалар келіп қоныс тебе бастаған.
Олар келе сала өз кәсіпшіліктерін ашып,балық аулау, балық тұздау жұмыстарын ұйымдастырып, жатар тұрақ орындарын тұрғызады. Сол уақыттан бастап тұрғызылған тұрақтар «Үйшік» атанып кеткен.
Бұл жердің пайдасын сезген орыс патшасы бұл жерге бекініс орнатып, Гурьев атын берген. Сол уақыттан бері кезіндегі Гурьев, қазіргі Атырау қаласы өз жұмысын қарқынды түрде атқарып келеді.
Егер мен мына мақаланы осылай жалғастыратын болсам, бәріне белгілі мәліметтерді ғаламтор беттерінен көшіріп алып жазып берсем, менің ойымша бұл мақала қызықсыз әрі бір сарынды болып кететін секілді.
Ендеше былай келісейік, егер осы мақаланы оқығаннан кейін сіздің Атырау қаласына деген қызығушылығыңыз оянса, немесе осы қала туралы сәл де болсын білгіңіз келсе, ерінбей ғаламтор желісін қараңыз. Солай өзіңізге керекті мағұлматты ала алсыз деп ойлаймын.
Ендеше мен өзімнің түпкі тақырыбыма қайта оралсам. Өзің тұрған ортаға тез сіңіп, үйреніп кету үшін ортаның қандай болғаны жөн. Мүмкін қала әдемі болуы керек шығар? Мүмкін мұндағы оқу орындары жақсы болуы керек шығар? Мүмкін ойын сауық орталықтары көп болуы керек шығар?
Менің ойымша, жоқ! Адамды алғашында ешнәрсе қызықтырмайды. Адам үшін маңыздысы, оның қоршаған ортасы, яғни қатарластары мен үлгі тұтар алдыңғы қатар. Менің бұл қаланы аз уақыттың ішінде ұнатып қалуымда осы себептен. Бұл қалада адамдар ақкөңіл әрі қонақжай.
Және бұның дәлелі ретінде Көрісу салтын алуыма болады. Бұл салттың ерекшелігі мен құндылығы оның астарында жатыр. Бұл салт барысында үш ай қыстан аман есен шыққан жұрт жаңа жылға қадам баспас бұрын ескі реніш пен қайғыны, қиындықты артта қалдыру үшін, қыс бойы көрмеген туыстары мен жора жолдастарымен көрісіп, жүздесіп бір арқа жарқа болып қалады.
Атырау - бұл жаңашылдықтың, жастардың қаласы. Оны нақ сеніммен айта аламын. Мұнда жастарды қай жағынан болмасын қолдауға дайын. Әр түрлі тегін үйірмелер мен жастарға арналған интелектуалды клубтар қарқынды түрде жұмыс жасауда. Қалада жастар ресурстық орталығы бар.
Ол орталықта жастар үшін жағдайлар жасалған. Қаржылай болсын, қолдау көрсету жағынан болсын әрдайым қол үшін созуға дайын. Бұны айтып отырған себебім, менің өзім осы орталықтың жұмысының куәгерімін.
Атыраудың адамдары туралы айтқанымда мен өзімді қоршаған адамдарға қарап бағалаған болатынмын. Солардың бірі менің сыныптастарым. Олардың аты жөндері Избасаров Аманбай және Есенбай. Иә олар егіздер. Олар өте керемет достар. Бірақ қазір бұл туралы емес.
Қазір олардың мақтау мен мақтанға лайық жұмыстары туралы айтқым келеді. Бірнеше жылдар бойына талмай, тынымсыз атқарған жұмыстары соңында өз жемісін берді. Осы жұмыстарымен олар Республикалық ғылыми жобаның бірінші орын иегерлері атанды.
Бұл жұмыста олар Атырау туралы көзқарасты сәл де болсын өзгертті деп ойлаймын. Себебі көп адамның ойына Атырау дегенде тек мұнайдың келері хақ, сонымен қатар осы мұнайдың әсерінен орын алған нашар экология мен қатты климаты да назардан тыс қалмайды.
Бірақ бұл жұмыста олар Атырау қаласының аумағындағы жеті таудың бірі әрі бірегейі Иманғара тауы туралы, табиғаты мен климаты туралы жазған болатын. Олардың бұл жұмыстары сан мың жұмыстан суырылып шығатын жұмыс. Ерекшелегі неде деп ойлайсыздар.
Мұнда маңдай тер мен таза еңбек жатыр. Интернет түгілі кітаптарда да жеткілікті мәлімет берілмеген бұл тауды олар зерттеді, бақылады. Ендеше назарларыңызға бұл жұмытың қысқа үзіндісін ұсынып өтейін:
"Иманғара - Каспий ойпатының солтүстік-шығысында дөңғелек пішінде оқшау аласа тау. Атырау обылысының Жылыой ацданында, Құлсары қаласынан солтүстік-шығысқа қарай 65 км жерде орналасқан. Абсолюттік биікткгі 200 м, ұзындығы мен ені 8-10 км. Пайда болған кезеңі төрттік кезең. Биіктеу батыс бөлігі жарбақтанып тілімденген, қалған бөліктері үстіртті жазық. Етегінде бұлақтар кездеседі. Таудың басында, алаңқайда сақ дәуірінің обалары мен қорғандары орналасқан. Иманғара тауы Батыс Қазақстандағы тацлардың борлы қасиетін сақтаған, сол себепті оны борлы тауға жатқызамыз. Оның табиғаты әсем, жер бетінен көтеріліп қаз-қатар түзілген таудың бөліктері көз тартарлықтай әдемі. Әрбір бөліктерінде ашық алаңқайлар кездеседі. Таудың бөліктері жарбақталып, күн сәулесі мен жаңбыр суынан эрозияға ұшыраған".
Бұл жұмысқа зер сала қараған болсаңыздар, болашақта Қазақстан Республикасының дамуына зор үлес қосар белді тұлғаларды байқаған боларсыздар. Талай тарланды топырағынан дарытып, бойына талант пен талапты берген Атыраудай киелі жерде туған, елден ерек, асқақ ақылымен көзге түсетін қатарластарымның барына мен расымен де мақтанамын.
Ең бастысы қай жер болмасын, қай өңір, қай алқап болмасын, бұл біздің өз үйіміз – Қазақстанымыз! Ал Қазақстанның кез-келген бұрышымен таңды таңға ұрып мақтануға, сипаттауға болады. Мен Атыраудай киелі, мұнайлы әрі шырайлы жерде өмір сүріп жатқан бақытты Қазақстандықпын.
Алмагүл МЫРЗАҒАЛИЕВА
11 "A" сынып оқушысы
Қалалық лицей
Атырау облысы
Атырау қаласы
Просмотров материала: 3 050