«Аналар үйі» қоғамдық қорын қаржыландыратын бизнесмен Айдын Рақымбаев мемлекеттік құрылым балалардың жетімдер үйінде қалуын көздеп отырғанын айтты, деп хабарлайды baq.kz ақпарат агенттігі.
«Көп адам мемлекет тарапынан жетімдер үйінде тәрбиеленіп жатқан әр балаға квота арқылы жылына 1,9 миллион теңге бөлінетінін біле бермейді. Біздің «Аналар үйі» жобасының арқасында соңғы бес жылда 3 200 бала бұл мекемелерге бармады. Ата-анасы тастамады, ал жетімдер үйі олардың есебінен қаржы алмады.
Мысалы, біздің қор құтқарған балалардың тең жартысына 18 жасқа дейін 51,3 млрд теңге қажет. Бұл қаржы олардың бюджетіне жіберілді, кейін қысқарды», - деп жазды Рақымбаев өзінің Facebook желісіндегі парақшасында.
Сондай-ақ, бизнесмен өзінің «Бала асырап алуды қолдау» жобасы туралы айтып берді. Аталған жоба 1,5 жыл ішінде 582 жетімнің отбасылы болуына көмектескен. Мұнымен қатар, ол орталық базасына 750 ата-ананың бала асырап алу үшін тіркелгендерін айтты. Жыл сайын мұндай ерлі-зайыптылардың қатары көбейіп келеді.
«582 балаға мемлекет тарапынан берілетін ақшаны есептесек, мемлекеттік мекемелер 15 млрд теңгеге қол жеткізе алмаулары мүмкін. Мұншалық көп қаржы қайда жұмсалады? Себебі, жетімдер үйінде бір балаға бірнеше жасы үлкен қызметкер қарайлайды: бала күтушісі, тәрбиешілер, аспаз, күзетші, аула сыпырушы және басқа мамандар. Тіпті, кір жуғыш машина операторлары қарастырылған.
Мысалы, Астана қаласындағы сәбилер үйінде 49 баламен 150 қызметкер жұмыс істейді. Ал Астанадағы жетімдер үйінде 90 баламен 127 қызметкер (штат бойынша 148 адам жұмыс істеуі тиіс) жұмыс істейді. Бұл жетімдер үйін бақылайтын әртүрлі мемлекеттік құрылымды есепке алмағанда. Және Қазақстанда мұндай 100-ге жуық мекеме бар.
Штат үлкен, барлығы да жұмыс істеп тұр. Бірақ, олардың барлығы балалардың жетімдер үйінде қалып, оларды ешкім асырап алмауын дұрыс көріп отыр», - дейді Рақымбаев.
Бизнесменнің постына пікір білдірген депутат Зағипа Балиева балалар үйлеріндегі тәрбиеленушілердің 80 пайызы әлеуметтік жетімдер болып табылатынын, яғни олардың ата-аналары тірі екенін және сол себепті, асырап алу емес, отбасыларына қайтару маңызды екенін мәлімдеді.
«Бұл (бала асырап алуға қолдау көрсету орталығының жұмысы – агенттік ескертпесі) жалпы қаншалықты заңды екенін қарау керек. Себебі, асырап алу қызметі тек мемлекетке ғана тиесілі. Біз «Ана үйі» ҚҚ өкілдерімен әңгімелескен жиында сөз балалар үйін жабу туралы болған жоқ.
Мен балалар үйінің жабылуына түбегейлі қарсымын, мен бұл балалар үйлерін балалық шақ пен отбасыны қолдау орталықтарына өзгертуді қолдаймын. Бізде қайта оқыту, жұмысқа орналастыру бойынша бірнеше мемлекеттік бағдарлама бар. Бұл орталық ата-аналарға балаларды отбасына қайтаруына көмектесуі керек.
Ал балалар үйлерін жайдан-жай жаба салу... Балаларды қайда жібереміз? Өкінішке қарай, балаларды тастап кету тоқтатылмайды, өкінішке қарай, балалардың қиын жағдайға тап болуы толастамайды, біз бен сіз, егер, отбасыларға көмектесе алсақ, әлгі 80 пайыз әлеуметтік жетімдер өз отбасыларына қайта алатынын түсінуіміз керек», - деп түсіндірді Зағипа Балиева.
Депутат елдегі барлық бала үйіне қолжетімділікті қамтамасыз ету туралы ҮЕҰ, соның ішінде «Ана үйі» ҚҚ талаптары жайында айтып берді.
«Бізде балалар проблемасымен айналысатын шамамен 350 ҮЕҰ бар. Мен балалар үйінің аумағында ешқандай ҮЕҰ болмауы керек деп жауап бердім. Олар балалар үйінің аумағынан тыс жұмыс жасаулары керек.
Балалар үйіне баруды, ол жақтағы тексерулерді құрамына мемлекеттік органдардың өкілдері, меценаттар, құқық қорғау органдары, БАҚ пен басқа да ҮЕҰ өкілдері кіретін қамқоршылық кеңеспен келісу керек және келісім бойынша нақты қай уақытта балалармен кездесе алатынын белгілеп алу керек.
Олар не тамақ жейтінін, немен айналысатынын, қалай ұйықтайтынын, бос уақыттарын қалай өткізетінін тексеру керек, мұның барлығына олар құқылы, алайда, дәл сол уақыт кезеңінде балалар үшін ол үй екенін де ұмытпау керек.
Бұл - оның жеке аумағы, жеке кеңістігі және онда бөтен адам болмауы керек, ойына келген уақытта әркім тексеріспен келе беруіне болмайды. Міне, сөз ҮЕҰ-ларды кіргізбеу керектігі жайында емес, осы мәселе жайында болатын», - деді Балиева туындаған дау себептері туралы айтып беріп.
Депутат осы саладағы үкіметтік емес ұйымдар жұмыс жасай алатын әдістемелерді мемлекет әзірлеуі керектігін айтты.
«Мен «Ана үйі» ҚҚ басшылығы осы аталған үйлердегі өрт баспалдақтарының жоқтығына және санитарлық ахуалына назар аударуын сұрадым. Себебі, ол жақта балалар мен әйелдер шоғырланған. Біз прокуратурамен бірлесіп, бізге құжаттарды ұсынуын сұрадық, ұсынған жоқ, олар кеңседе деп айтты. Ол (Рақымбаев – агенттік ескертпесі) мұның барлығын өз жеке қаражатына жасап жатқаны өте жақсы, бұл үшін оған басымды иемін, бірақ, мұның барлығы құқықтық шеңберде болуы керек», - деп атап өтті Балиева.
Атап өтейік, БҒМ Балалар құқығын қорғау жөніндегі комитеттің мәліметі бойынша соңғы бес жылда балалар үйіндегі балар саны 57 пайызға – 11 мыңнан 6 мыңға дейін қысқарған, соның ішінде өзінің туған үйлеріне 2 051 бала қайтарылған. Осының арқасында жетім балалар және ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған 58 мекеме қайта құрылған және жабылған.
«Білім және ғылым министрлігі осы бағытта белсенді жұмыс жасайтын ҮЕҰ-лармен серіктестік жүргізуге дайын. Әрбір ҮЕҰ балалар құқығын қорғау саласында заңнама аясында іс-шаралар жүргізу бойынша әкімдіктермен меморандум немесе келісімшарт жасауға құқылы», - деп хабарлады комитетте.
Ведомство мәліметі бойынша, мұндай меморандумды «Ана үйі» ҚҚ-ны қоса алғанда, халықаралық және қазақстандық 8 үкіметтік емес ұйым жасасқан.
«Жетім балаларды асырап алатын және тәрбиелейтін азаматтар үшін қолайлы құқықтық ортаны күшейту керек. Балалар үйінен бала асырап алатын адамдардың саны жылдан-жылға артып келе жатқаны қуантады. Патронаттық тәрбие, асырап алу және қамқорлық көрсету тәжірибесін кеңейтуге арналған заңнамалық негізді нығайту керек», - деп атап өтті ведомствода.
Просмотров материала: 2 011