Оңтүстікқазақстандық 7 жасар баланың ісінде азаматтық қоғам жеңіске жетті ме? Халық неге билікке сенбейді? Халықтың сауатсыз болғаны билікке қаншалықты тиімді? Жемқорларға деген жанашырлық нені білдіреді? Әблязов неге ҚДТ брендін өзіне меншіктеп алды? Осы және өзге де сауалдарды matritca.kz саясаттанушы, Сүлейман Демирел университетінің оқытушысы Мұхтар Сеңгірбайға қойған еді.
–Өткен аптада әлеуметтік желі арқылы 7 жасар баланың мәселесіне көпшілік назар аударып, азаматтық қоғам жеңіске жеткендей болды. Бұл дауды әділетті түрде шешкенде ешқандай дау болмас еді. Шын мәнісінде аталған конфликті билікке деген халықтың сенімі мүлде жоғалып кеткенін көрсетті. Бұл дауды билік қалай шешкені дұрыс еді?
–Билік пен халық арасы күннен-күнге алшақтап бара жатқанын бұл оқиға тағы бір дәлелдеп берді. Билік пен халық өкілі арасындағы кез келген текетіресте қанша таза, адал, халықшыл болайын десе де, билік өкілі елдің наразылығына тап болады. Яғни, билік өкілі – әділетсіздік пен бюрократияның, жемқорлық пен тамыр-таныстықтың жиынтық символы саналады.
Күн сайын айтылып жататын биліктегі жемқорлық, сыбайластық туралы әңгімелер, жұрттың күнбе-күн көріп жүрген құқайы, әділетсіз сайлаулар – осының бәрі жиналып келіп, халықты өкіметтен мүлде алшақтатып жіберген.
Әлеуметтанулық сауалнамаларды қарасақ, полицияны халықтың қорғаны деп санайтындар өте аз. Яғни, халық заңның үстемдігіне сенбейді, заты жоғалса не істі болса, полицияға емес, таныстарына жүгінеді, соларға көбірек арқа сүйейді. Ақша беріп, не басқа жолдармен кез келген жазадан құтылып кетуге болады деп санайды.
Мұндай саяси нигилизм жайлаған елде қоғам тұрақтылығының негізгі принциптеріне қауіп төнеді. Себебі, кез келген қоғамның тұрақтылығы елдегі заңның үстемдігімен, халықтың билікке, құқық қорғау органдарына деген сенімімен өлшенеді.
Қазақстанда тіпті ең сауатты деген жастардың өзінің саяси сауаты төмен, олар парламентті партиядан, үкіметті соттан ажырата алмайды. Саяси білімсіздік билік үшін ыңғайлы болғанымен, бұл түптеп келгенде қоғамның тоқырауына алып келеді. Себебі кез келген қоғамның басты қозғаушы күші – көзі ашық, көкірегі ояу азаматтық қоғам.
Ал жеті жасар балаға қатысты дау-дамай – сол қордаланған мәселелердің бір көрінісі бола алады. Оқиғаны талдап қарасақ, халықтың билік өкіліне қаншалық сенімсіздікпен қарайтынын байқаймыз.
Тіпті мұнда полиция да, балалар құқықтарын қорғау жөніндегі омбудсмен де барлығын халық ойлағандай істеген күннің өзінде билікке деген сенімсіздік азаймас еді. Себебі, бұл – кешенді мәселе әрі ұзақ жылдардың жемісі. Оны бір-ақ оқиғамен шеше салу мүмкін емес.
Біздің қоғамда жас бала түгіл үлкен адамның құқықтарын қорғау қиын.
Мәселе тек жемқорлық пен жаппай сенімсіздікте ғана емес, мәселе құзырлы мекемелердің материалдық, адами ресурстарында, онда бөлінетін қаржының көлемінде. Адамдардың, әсіресе балалардың құқықтарын қорғауға басымдық берілмейтін елде адамның билікке деген сенімі азая беретіні анық.
Соттар, полиция мекемелері шамадан тыс ауқымда жұмыс істейді, бір судья бір күнде бірнеше мәселені қатар қарастырады, оның әр істі қарап отыруға уақыты да, мүмкіндігі де жетпейді. Содан келіп шаблон шешімдер, әділетсіз үкімдер шығады.
Аудандарда бірнеше ауылға бір ғана учаскелік полицей қызмет етеді. Оның ауыл-ауылды аралап жүруге мүмкіндігі аз. Бір ауданда қамқоршылық және қорғаншылық қызметі бірнеше адамға ғана жүктеледі.
Материалдық мәселелер (балалардың мүлкін сату), бала асырап алу, ажырасқан ата-анамен кездестіру, кәмелетке толмағандардың қылмысы, т.с.с. істердің барлығы солардың мойнында, олар адамдардың мәселесін жеке қарастырмақ түгіл не істеп, не қойғанын білмей шапқылап жүреді.
Айлықтары да мәз емес. Конституция бойынша еліміздің ең басты құндылығы саналатын Адам, олардың құқықтары мен бостандықтары осындай билік өкілдерінің қолында. Айбынды Ақорданың асқақ беделі жергілікті жерлерге келгенде осындай бейшара күй кешіп қалады.
Сондықтан, олардың соңынан “әке, көке” деп салпаңдап жүруге, “ауызбастырық” беруге мәжбүр боласың. Сондықтан, олар мына баланың жайы сияқты дабыра болған жайттарға, тым даукес адамдардың істеріне көп көңіл бөледі, қалған істер көмескі қала береді.
Мектеп басшылары, полицейлер, тіпті балалар құқықтарын қорғау жөніндегі омбудсмен бұл істі жасырып-жабуға тырысты деген күдіктің шығуы – халықтың мұндай істерді жауып тастағанға еті үйреніп кеткенін аңғартады. Яғни, бұл – ел аузына ілінген бір ғана жайт, мұндай оқиға әр ауылда дерлік кездеседі деген сөз.
– Ерлан Біләл істі болғанды көпшілік оның босатылуына мүдделі болды. Қылмысын мойындаған азаматты халықтың ақтап алуы қаншалықты ақылға сыяды? Өркениетті елдерде мұндай жағдайға қалай қарайды?
–Бұл – біздің қоғамның дертті қоғам екенінің көрінісі. Қылмыскер түрмеде отыруы керек, бірақ біз “биліктен жапа шеккен” қылмыскерді бірден өз адамымыз етіп аламыз. Тоқмадидың да, Біләлдің де саяси ой айтып, билікке қарсы шыққан кездері болмаған. Олар тек биліктің “тырнағына” түсіп қалғандықтан, жанымыз ашыды.
Соған қарамастан, реті келсе, біз жол ережесін бұзсақ, полицейге ақша беріп не ағамызға телефон шалып, құтылуға тырысамыз. Яғни билік өкілін сатып алуға, не одан да күшті екенімізді дәлелдеп, әйтеуір жазадан құтылуға әрекеттенеміз. Сонда, бұл Томас Гоббстың “адам адамға қасқыр” деген жыртқыштар қоғамы болып шығады.
Томас Гоббс жыртқыштар бір-бірін талап тастамас үшін “әлеуметтік келісім” жасасып, билікті мемлекетке береді десе, біздің ұғымымызда мемлекеттің өзі сол жыртқыштардың “арыстанына” айналған.
Билікке барған адам міндетте түрде бай, ықпалды, “мәселе шешкіш”, беделді адам бола қалады. Ал билік өкілі public servant яғни, халыққа қызмет ететін адам болуы керек, мемлекеттік бюджет - public money халық қаржысы болуы тиіс.
Өкінішке қарай, осындай түсініктің кесірінен билікте жүрген адал адамдардың жақсы ісі де көзге көрінбейді. Ал өкіметтің жұмысымен таныстырып, насихаттауға тиіс ақпарат құралдары ескі советтік әдіспен жалаң мақтаудан аса алмайды. Қазіргі интернет дәуірінде миллиондаған ақша шығындап, совет кезінде пропаганда құралы болған мемлекеттік телеарналарды ұстап тұру деген ақылға сыймайды.
– Билік ҚДТ қозғалысына тиым салды. Бір қызығы жүздеген азаматтың өліміне алып келген салафизм иделогиясына тиым салуға билік құлықты болмай отыр. Соған қарағанда біздің билікке халықтың қауіпсіздігінен қарағанда тақтың маңыздылығы жоғары сияқты. Сіз қалай ойлайсыз?
–Радикалды бола ма, басқа бола ма, қазақ халқының дәстүр-салтымен, дүниетанымымен қабыспайтын кез келген діни ағым ұлттың бірегейлігіне өзгеріс әкеледі. Егер олар кең көлемде тарала бастаса, бұл тіпті ұлттың бірлігіне қатер төндіреді.
Салафизм сияқты діни ағымдар тек қазақ халқының ғана емес, жалпы Орталық Азия халықтарының дәстүр-салтына жат ұғым-түсініктерді әкеліп, сіңіріп жатыр, қазір қазақтардың ортасында ұлттық дәстүр-салтты жоққа шығаратын, мүлде басқаша киініп, басқаша жүріп-тұратын адамдар көбейіп барады.
Сондықтан, саяси ұран айтпаса да, қалыптасқан қоғамдық тәртіпке өзгеріс әкелетін ұйымдардың өздері “экстремистік” топтар қатарына жатқызылуы керек.
ҚДТ – саяси ұйым, ал салафизм – діни ағым, сондықтан бұлардың арасында параллель жүргізу қиын, дегенмен қоғамдық-саяси өмірге қазіргі ықпалын алып қарайтын болсақ, бөтен діни ағымның анағұрлым көп кесірі тиіп жатыр. Және билік уақыт өткізіп, көп мүмкіндікті жіберіп алды.
Себебі, батыс өңірлерді былай қойғанда, оңтүстік пен орталықта да санасы уланып, “қара жамылған”, еркектер мен әйелдер бөлек отыратын, Наурызды, басқа зайырлы мейрамдарды тойламайтын, домбыра тартпайтын біртүрлі бірегейлік қалыптасып жатыр.
Ал ҚДТ – ең алдымен саяси режимге сын айтып, оны түрлі жолдармен өзгертуді талап етіп келе жатқан, Мұхтар Әбілязов өзіне меншіктеп алған виртуалды атау. Егер бұл ҚДТ-ны 2000-жылдардың басында Қазақстанда құрылған ірі демократиялық ұйымның заңды мұрагері деп қарастырсақ, онда ол кезінде қоғамға үлкен серпіліс әкелген қозғалыс болған еді.
Меніңше, қазір М.Әбілязов сол ҚДТ-ның атын, брендін өзіне пайдалануға тырысады, себебі оның айналасында сол ҚДТ-ның идеологиясын қалыптастырған азаматтардың ешқайсысы қалған жоқ.
Серік ҚОЖАКЕЛДІ
Просмотров материала: 5 059