Дін формаға емес, мазмұнға сүйенеді, яғни кез келген дін үшін сыртқы кейпі, киімі емес, жүректегі иманы маңызды. Алайда, сыртқы кескінімен, киім-кешегімен діндар екендігін, дінге мойынсұнғандығын сыртқы пішім арқылы елге көрсетуге тырысатындар бүгінгі қоғамда тым көбейіп барады. Ал, діннен хабары жоқ, болмаса үстірт хабардар, еліктегіш жастар «дінге мойынсұну бүркеніп хиджап киіп алу екен» деген қате ұғымның жетегінде кетуде.
Оңтүстік Қазақстан облысында 1038 орта білім беретін мектеп бар дейтін болсақ, (оның 9-ы жекеменшік) соның көпшілігінде оқушылардың хиджап киіп жүргені анықталып отыр. Мысалы, Кентау қаласындағы 12 мектепте 35 оқушы хиджаппен жүр. Сабаққа мектеп формасына жатпайтын киім киіп, бүркеніп, орамал, хиджап киініп келетін оқушылар Сарыағаш ауданында да көбейіп барады.
Мұнда 13 мектепте 59 оқушының хиджап киінетіні мәлім болды. Хиджап киінген оқушылар саны жағынан Сайрам ауданы көш бастап тұр. 32 мектептің 274 оқушысы мектеп формасына жатпайтын киіммен сабаққа келіп жүрген. Шымкент қаласында 56 орта мектепте 148 оқушы хиджаппен жүр. Түркістанда - 24, Созақ, Қазығұрт аудандарында 11 оқушыдан мектепке хиджаппен баруда.
Аталарымыз ежелден-ақ, дәстүрлі дінді ұстана жүріп, жүректегі иманды басты орынға қойыған. «Сырт тазасы не керек, Тазарт әуел ішіңді», деп шалыс басқандарға дер кезінде тиым жасап отырған. «Сыртқа қасиет бітпейді, Алла Тағала қарайтұғын қалыбыңа (жүрегіне), боямасыз ықыласына бітеді» деген Ұлы ақын Абайдың кейінгі ұрпаққа аманаттаған уағызы барын да ұмытпаған абзал.
Хиджап мәселесін қоздырып, қоғамдық пікір тудырып, санаулы адамдардың көмегімен қолдан пікірталас ұйымдастырып жататындар көп жағдайда заң талаптарын толық түсініп-білмеген, діннің формалық жағына мән беріп, мазмұндық қырын назардан тыс қалдырған азаматтар немесе мемлекетіміздің ішкі тұрақтылығына сына қаққысы келетін, мүделлі бір топтардың мүшелері болып табылады.
Балиғатқа толған қыз баланың мектеп табалдырғында жүретін дәурені – орта есеппен екі жыл, оның ішінде әр жылдың тоғыз айындағы сабақ күндерінің бес-алты сағаты ғана. Сол сағаттарды жасөспірімнің сын сағаттарына айналдырмаған жөн. Тұлғалық болмысы толық қалыптаспаған, ой-санасы, буыны бекімеген баланы сергелдеңге салып, психологиялық қысым жасау дұрыс емес. Бүгінгі білім беру жүйесіндегі жаңа өзгерістер, жүктемелер мен сынақтар мектеп оқушысына онсыз да оңай тиіп жатпағаны баршамызға да аян.
Осындай кезде баланың санасын улап, теріс ағымдардың жетегінде кетуге итермелеп, ықыласынан тыс әрекеттерге баруына жағдай туғызу баланың болашағына балта шабуымен пара-пар іс. Қалыптасу кезеңінен өткен соң бойжеткен қыз бала тура жолды саналы түрде таңдағаны абзал. Сонда ол ешқашан адаспайды.
Қыздарының мектепте орамал таға алмағанына жекелеген ата-аналардың ренжуі орынсыз. Егер қыз балаға жастайынан үйде берілген тәрбие түзу болса, шынайы иман негіздерімен отбасында сусындап, дұрыс бағытта рухани тәлім алған болса, оның мектепте орамалсыз жүрген бес-алты сағаты қанына сіңген имандылықтан алыстата алмайтыны айқын. «Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі». Ал отбасы тәбиесі түзу болмаса, имансыздық дертінен баланы сақтап қалу мүмкін емес.
Мемлекетімізде кез келген азаматтың құқығы мен бостандығына шектеу қойылмаған. Азаматтардың сенім бостандығына барынша жағдай жасап отыр. Ел мұсылмандарының сол ізгі заңдарды игілігіне тұтынып, бейбіт Отанына адал қызмет еткені абзал. Өйткені «Отанды сүю - иманнан» деген қағида Мұхаммед пайғамбардың хадисінде айтылған.
Қазақстан Республикасының «Білім туралы заңының» 47-бабы 15-1-тармағында білім алушылар мен тәрбиеленушілердің міндеті ретінде: «Орта білім беру ұйымдарында білім алушылар білім беру саласындағы уәкілетті орган белгіленген, міндетті мектеп формасына қойылатын талаптарды сақтауға міндетті. Өзге білім беру ұйымдарында білім алушылар сол білім беру ұйымында белгіленген киім формасын сақтауға міндетті» делінген.
2015 жылдың 13 қарашасында мәселені одан әрі нақтылай түсіп, Білім заңының 5-бабына білім беру саласындағы уәкілетті органның құзыреті ретінде «орта білім беру ұйымдары үшін міндетті мектеп формасына қойылатын талаптарды әзірлейді және бекітеді» (14-1) деген ереже қосылды.
Оған қоса 49-бапта ата-аналар мен өзге де заңды өкілдердің балалардың оқу орнындағы сабаққа баруын қамтамасыз етуге, білім беру саласындағы уәкілетті орган белгіленген міндетті мектеп формасына қойылатын талаптарды орындауға, білім беру ұйымына белгіленген киім формасын сақтауға міндетті екендігі тайға таңба басқандай көрсетілді.
ҚР Білім және ғылым министрінің 2016 жылғы 14 қаңтардағы №26 бұйрығымен бекітілген «Орта білім беру ұйымдарында міндетті мектеп формасына қойылатын талаптары» осылай жасақталды. Мәселен, бала мектепке еркін киім үлгісімен, сәнді немесе спорттық киімдермен, жарқыраған әшекей бұйымдарымен келе алмайды. «Форма» ұғымы соның бәрін реттейді.
Сондықтан конституциялық және өзге де заңнамалық нормаларға сүйене отырып Білім туралы заң да өз саласындағы тиісті құқықтық қатынастарды айқындайды. Оның ішінде білім алушылардың мектеп формасын сақтау міндеттілігі де бар.
Сонымен қатар, Ата Заң аясында әзірленген ҚР «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңының 3-бабының 5-тармағында ешкімнің өз діни нанымдары себептері бойынша Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарында көзделген міндеттерін атқарудан бас тартуға құқығы жоқтығы атап көрсетілген.
«Орта білім беру ұйымдарында міндетті мектеп формасына қойылатын талаптар» мәтінінің 19-тармағында «Мектеп формасының түсін, үлгісін таңдау және юбканың ұзындығын орта білім беру ұйымы мен қоғамдық кеңес айқындайды, жалпымектептік ата-аналар жиналысының хаттамасымен бекітеді» деп көрсетілген. Сонымен қатар 20-тармақта «Мектеп формасына өзгерістер енгізу туралы шешім қоғамдық кеңеспен келісу арқылы қабылданады» делінген.
Бұған қоса заң талаптарының 13-тармағында мектеп формасына түрлі діни конфессияларға қатысты киім элементтерін қосуға болмайтыны атап көрсетілген. Бұл мектепте хиджап киюге үзілді-кесілді тыйым салынатынын білдіреді.
Осыған сәйкес ата-аналар және өзге заңды өкілдер білім алушылардың орта білім беру ұйымында белгіленген мектеп формасын киюіне жауап береді. Яғни, ата-аналар оқушының мектеп формасын сақтауын қамтамасыз етуге міндетті.
Зайырлы мемлекет заңнамалары белгілі бір діни бірлестіктің мақсатын емес, тұтас азаматтық қоғамның мүддесін көздей отырып жасалады. Заң талаптары мен тыйымдары барлық дін өкілдеріне ортақ.
Яғни мектептегі зайырлылыққа қатысты ұстанымдар тек ислам дініне емес, басқа діндерге де тікелей қатысты болып табылады. Мектеп формасына қатысты талаптар хиджап киюді ғана емес, өзге де діндер элементтерін пайдалануды шектейді.
Өйткені кез келген атрибутика, символ, элемент белгілі бір дәрежеде өзі қатысты болып табылатын сенімді насихаттауды білдіреді. Барлық діндердін заң алдындағы теңдігін қамтамасыз ететіндіктен зайырлылық қағидаттары жеке бір дінді ерекшелеуге жол бермейді.
Осы аталғандардың барлығы заң талабы, мемлекет басшысының шешімі болып табылады. Ал ислам шариғаты тұрғысынан алғанда, заңға және басшыға мойынсұну міндетті. Ал оларға қарсы шығу исламда бүлік шығарушылық ретінде айыпталады. Құранда «Бүлік шығару – кісі өлтіруден де ауыр күнә» деген аят бар («Бақара» сүресі, 191-аят).
Қазақстан Республикасында діни сенім бостандығы қамтамасыз етілген. Өзге дін өкілдерімен қатар мұсылман азаматтар да бес парызын өтеп, діни құлшылықтарын кедергісіз жүзеге асыруда. Ал мектеп қабырғасында хиджапқа рұқсат берілмеуі білім мекемесінің ішкі тәртібін зайырлылық қағидаттарына сай сақтау мақсатында ғана жасалады.
Мектептен тыс орындарда бұл мәселеге қатысты ешқандай тыйымдар көзделмеген. Сондықтан мектептегі хиджап мәселесін көтеруші азаматтар сенім бостандығына мүмкіндік беретін заңға және басшыға бағынудың әрі азаматтық міндет, әрі мұсылмандық парыз екенін түсінген жөн.
Асылбек ЕСЕНҚҰЛОВ,
ОҚО ІІД-нің экстремизмге қарсы
іс-қимыл басқармасының аса маңызды
істер жөніндегі аға инспекторы,
полиция подполковнигі.
ДЕРЕККӨЗ: okg.kz
Просмотров материала: 2 453