Екі күннің бірінде мектеп оқушысының өз өзіне қол жұмсағаны туралы қаралы хабар еститін болдық. Бұл жағдайлардың кейбіріне мектептегі әлімжеттік себеп болды деген пікірлер бар. Бұл қаншалықты рас? Қаншалықты рас-өтірігін құқық қорғау органдары анықтап жатыр екен. Бұл мәселеге 31 арна зерттеу жүргізіпті.
Елімізде өз-өзіне қол жұмсайтын оқушылар неге көбейіп кетті?
Балалардың өліміне мектептегі әлімжеттік себеп болды ма?
Бейбіт күнде жасөспірімдерге жиі жоқтау айтатындай бұл күйімізге кім кінәлі?
Бірінші фактор ата-ананың назарының жетіспеушілігінен.
«Жарқыраған жұлдызым сөнді. Қара жер қабырғасы бекімеген қаршадай баламды алып кетті». Жоқтаудың үні ащы. Немересін, бауыр еті баласын, бауырын жоқтаған қаралы үй - қыршын кеткен ұлдарын ақтық сапарға шығарып салды.
Жазасын алу керек!
Ол үйінің үлкені еді. Өзінен кейінгі бауырларының қамқоршысы болған. Қатарластары, достарының есінде де Нұрбол қоғамдық жұмыстарға белсене араласқан, үнемі көңілді жүретін күйінде қалыпты.
РИНАТ САРҚЫТОВ, марқұмның сыныптасы:
— Соңғы рет көрген кезде ол біздің көшеде сабаққа кетіп бара жатқанда көрдім. Сабаққа кеттік деп едім, бара бер дедім. Одан кейін мен сабаққа кетіп қалдым.
Бірақ ол күні Нұрбол Туғанбай сабағына бармаған. Қайтыс боларынан бір күн бұрын да мектепте болмаған. Екі күнде де ұстазы баланы үйінен таппаған.
ТАБИҒАТ ИБРАИМОВА, Байсерке ауылындағы №12 орта мектеп директоры:
— Мектепке келіп, сыныптағы оқушылардың телефонынан хабарласқан. Алмаған. Анасы телефонын көтермеген.
Ал, сабаққа келмеген екінші күні Нұрболды базар маңынан көргендер көп. Тіпті, оның не үшін қажет болғаны белгісіз, екі метр жіп сұрағанын да айтқандар бар. Бірақ олар камера алдында сөйлеуге құлықсыз.
ЖҰМАБАЙ ЖОЛДАСҰЛЫ, Байсерке ауылының тұрғыны:
— Бәрі біледі ғой. Мына жерде жіп сұраған, ешкім бермеді. Қанша уақыт жатты баланың денесі, 1 жарым сағаттай жатты ғой деймін.
Міне, мына кадрларға оқушының соңғы сәті түсіп қалған. Тек камаз көлігінің астына қалай түсіп қалғаны көрінбейді. Ал, дәл сол сәтте мұндай сұмдық оқиғаның куәсі болған кісілердің пікірі мынадай.
Өзі секіріп кетті ме апа? - Өзі секірді. Мына жерде светофор өшіп тұрды ғой. Мынау камаз ақырын келе жатыр еді. Жата қалды. Осы қырдан шықты да былай келе жатты.
Бұл куәгер апаймен телефон арқылы тілдестік. Өрімдей баланың қайтыс болған сәтін көріп, өзінің де ауырып қалғанын айтқан зейнеткер сұхбат беруден бас тартты. Бірақ егер бала жүгіріп өтемін десе, үлгеріп-ақ кетер еді, ол көліктің астына жата қалды дейді.
Ал, Нұрбол оқыған мектепке балалары баратын ата-аналар, бұл жағдайға білім ордасындағы әлімжеттік себеп болуы мүмкіндігін айтады.
ЭЛЬВИРА САТБАЕВА, ата-ана:
— Әлімжеттік дейді. Мектепте 10 сынып, тоғызыншы сынапқа, тоғыз сегізінші сыныпқа қысым көрсетеді екен.
Нұрболдың қазасынан бір күн бұрын ОҚО да 11 сынып оқушысы өз-өзіне қол салған. Ерсұлтан Ахметовтің жақындары ұлдарының өліміне - мектептегі әлімжеттік себеп болды деп отыр.
ФАТИМА АҚЫЛБЕКОВА, Ерсұлтанның анасы:
— Баламнан пұл талап қылады екен. Декабрьде 3000 теңге талап етті. Әкесі айтты, 3000 тг берсек, оқисың ба деп. Бермесеңдер, мектепке бара алмаймын деп балам жылайды.
Жақындарының ұлдарының өз өлімімен емес, әлдекімдердің қысымына шыдамай, өзіне қол салғанын айтуына қалтасынан шыққан бір тілім қағаз себеп болған. Онда өзімен бірге оқитын бірнеше жігіттің аты жазылыпты. Ұялы телефоны да бағасы арзан телефонға айырбасталған көрінеді.
ФАТИМА АҚЫЛБЕКОВА, Ерсұлтанның анасы:
— Ақша апарып бермесең, құдайдың күніне, 3000 тг айтқан числосына апармасаң, күніне 100 тг қосады екен. Менің баламдыкы сол кезде 15 мың тг болыпты.
Алайда, мектеп басшылығы білім ордасында балаларды бопсалау, қысым көрсету жоқтығын айтады.
Араға апта салып, Шымкентте тағы бір оқушы өз-өзіне қол салды. 8-ші сыныпта оқитын Әзімхан Зайнидиновтың сыныптас достары сол күні сабақтан бірге шыққандарын айтады. Марқұмды соңғы рет көрген сыныптастары Әзімханның көңіл-күйі жақсы болғанын айтады.
ИЛХАМ ЕШМАҒАМБЕТОВ, сыныптас досы:
— Ештеңе айтқан жоқ. Әзім де өз үйіне кетті.
Ал, таяуда «Балалар мен жасөспірімдердің психикалық денсаулығын нығайту» атты халықаралық конференцияның қатысушылары, қазақстандық әрбір үшінші оқушының өзі оқитын мектепте қандай да бір қысым көретінін айтады. ЮНИСЕФ, яғни Біріккен Ұлттар Ұйымының Балалар қорының мәліметінше, еліміздегі 40 мектептің 402 оқушысына сұрау салу кезінде, олардың 33 пайызы - мектебінен психологиялық қысым көргенін айтқан. Айта кету керек, қазір елімізде жасөспірімдерге тегін психологиялық кеңес беріп, қызмет көрсететін 111 шұғыл байланыс қызметі жұмыс істейді.
ЗАҒИПА БАЛИЕВА, ҚР Бала құқықтары жөніндегі уәкіл:
— Өткен жылда біз 114 баланың өмірін сақтадық. Олар жағдайға ұшырап, бізге звондағанда, көмектестік.
Мәскеу психоанализ институтының түлегі, балалар психологы Мира Ерланқызы, баланың өміріне, қауіпсіздігіне - мемлекет немесе мектеп емес, ең бірінші ата-анасы жауапты дейді. Ал, қазір жұмысбасты ата-ана, «тамағын тауып берсем, болды» деген желеумен балаларына қарауды қойды. Салдарынан ғаламтор жағалап кеткен баланың не ойлайтынынан хабарсыз болады, - дейді.
МИРА ЕРЛАНҚЫЗЫ, балалар психологы:
— Жыныстық дамуы уақытында жыныстық дамуы уақытында, жыныстық дамуы кезінде гармоналдық фоны өзгереді. Сол кезде балада түрлі психоэмоцианалды жағдайлар байқалады.
Ал, ата-анасының назарынсыз қалған бала қоршаған ортасының, замандастарының пікіріне құлақ салып, болмаса ғаламтор жағалап кетеді дейді балалар психологы. Сондықтан ұл-қызыңыздың мінезінен қандай да бір өзгеріс байқасаңыз, психолог маманның көмегіне жүгінген жөн дейді.
МИРА ЕРЛАНҚЫЗЫ, балалар психологы:
— Бірге отырып тамақ ішкісі келмейді көп балаларда. Оқшауланып, бөлмесіне барып тамақ ішеді. Өзімен өзі ойға кетіп, сондай жағдайға түседі. Ал оны көп ата-аналар жастық ерекшелігі осындай деп түсінеді де балаға көңіл аудармайды.
Мектептегі әлімжеттікті іс жүзінде дәлелдеу өте қиын. Өйткені, балалар жасөспірім кезеңінде өзіне қысым көрсеткендердің атын атап, түсін түстегеннен, үндемей жүргенді жөн көреді. Оған себеп - олар «арызқой» деген аттан қашады. Сол себепті, ата-ана баласымен ашық диалог орнатуы керек, - дейді балалар психологы.
Және баламен сөйлескен кезде ата-ана, өзінің үлкен екендігін білдірмей, жас ерекшелігін ескере отырып, өзін баланың орнына қойып, сөйлескені жөн, - дейді. Сондай-ақ балалардың интернетте отыру уақытын шектеу қажет, ал ондай шектеу қою үшін, ата-ананың өзі алдымен телефонға телміретін әдетімен күресуі керек, - дейді мамандар.
Сондай-ақ, ұл-қызыңыздың телефон коды, әлеуметтік желілерге кіретін құпия сөздерін де ата-аналар біліп жүруге міндетті екен. Ал, Сіз балаңызбен ашық, еркін соңғы рет қашан сөйлестіңіз?
Просмотров материала: 2 930