Бостон қаласында «Мирас» Бостон қазақ мәдени қауымдастығы (Miras Boston Kazakh Culture Foundation) салтанатты түрде ашылды. Бұл іс-шараға 60-тан астам отандасымыз жанұяларымен бірге келді, деп хабарлайды ҚазАқпараттың АҚШ-тағы арнайы тілшісі.
Шара барысында қазақ әндері тыңдалып, би биленіп, ойын-сауықтар ұйымдастырып, ақ дастархан жайылды. Бостонды АҚШ-тың интеллектуалдық астанасы дейді. Өйткені дәл осы жерде Бостон университеті ғана емес, Кембридж қалашығында Гарвард (Harvard) пен МIT университеттері орналасқан. Оқымыстылар мекені болып саналатын бұл жерде тұрып жатқан біздің жерлестеріміз әлсіздер қатарынан емес. Талай қазақ жастары білімнің бұлағынан сусындауда.
«Мирас» Бостон қазақ мәдени қоғамдастығының ашылуы ортаның әсері ме, әлде білімділер озығының осында болғаны, әлде тіл мен мәдениетке деген қажеттілік пе? Әрине, мәселе онда емес, маңыздысы - ұйымдастырушылардың талабы мен мақсаттары.
«Америкада жақсы түсінік бар Community (қоғамдастық) деген. Қауымдасу, яғни бір сенім мен көзқарасты бөлісетін адамдар бірге жиналып, өздерінің мәселелерін талқылайды, оларды шешеді, бір-біріне қолдау көрсетеді. Ашылып жатқан Boston Kazakh Culture Foundation сол дәстүрдің көрінісі. Ұйымның мақсаты жиі-жиі кездесіп, пікір алмасу. Мүдделестер осы идеяны қолдап, қауымдастықты ашуды жөн көрді. Осыдан көшбасшылық қасиеттер дамиды», - дейді Гарвардтың Кеннеди мектебінде магистратурада білім алып жүрген Шыңғыс Мұқан.
Сондай-ақ, ол ұйымдастырушылар арасында «Болашақ» бағдарламасының студенттері бар екендігін, бірақ осы аталған бағдарламаның басшылары осы жобаны жасауға нұсқау бермегендігін атап айтты. Біздің қандастарымыздың осындай азаматтық ұстанымы мықты, елден алыста жүріп, тек білім алып қана қоймай, лидерлік қасиет танытып, тарихи бастамаларда өзіндік ықпал беріп жатқандары атап өтерліктей.
Қазіргі күні АҚШ-та бірнеше қазақ қауымдастықтары жұмыс істейді. Олардың арасында Калифорниядағы «Жібек жолы үйі» (Silk Road House), Техастағы «Шаңырақ» қазақ қауымдастығы (Shanyrak Kazakh Foundation), Нью Йорк және басқа штаттардағы «Қазақ альянс» (Qazaq Альянс) ұйымы бар. Бүгін осы қауымдастықтардың қатарына Бостондағы жаңа қауымдастық қосылып, тұсауы кесілді.
Іс-шараны басты ұйымдастырушылардың бірі, Гарвардтың T.H. Chan атындағы қоғамдық денсаулық мектебінің ең алғашқы қазақ тәлімгерлерінің бірі, докторант Қуаныш Ерғалиев. «Бүгін біз үшін есте қаларлық күн деп айтсақ, артық емес.
Бостон қаласындағы «Мирас» қазақ-мәдени қауымдастығының ашылуын өткіздік. Мұндай қауымдастықты ашу, көптен бері ойымызда жүрген еді. Бәріміз мұхит асып, Отанымыздан алыстап кетсек те, елімізді, жерімізді, тілімізді ешқашан ұмытпаймыз. Жүрегіміз қазақ елі деп әрдайым соғып тұрады. Осы патриоттық рух пен ана тілімізді ұмытпай, оны әрі қарай биік дәрежеде ұстау мақсатында осындай қауымдастықты ашу уақыты келіп қалды.
Алдағы уақытта өз балаларымызға әртүрлі кездесулер мен ойындар арқылы ұлттық нақышта мәдениетімізді, салт-дәстүрлерімізді, тілімізді үйрету бағытында жұмыс жасаймыз.
Сонымен бірге, отандастарымызды ортаға тартып, түрлі жиындар арқылы арнайы тақырыпта немесе күнделікті проблемаға байланысты семинарлар мен кездесулерді өткізу ойда бар. Осы бастамамызды қолдап бүгін келгендерге алғысымыз шексіз», - Гарвардтың T.H. Chan атындағы қоғамдық денсаулық мектебінің ең алғаш қазақ тәлімгері Қуаныш Ерғалиев.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, дәрістер алғашқыда өздерінің күштерімен өткізілетін болады. Егер қазақ тілі мен мәдениетін кәсіби түрде меңгерген адамдар Бостонға көшіп келіп жатса, орталықта жұмыс табылатыны сөзсіз. Қазіргі күні ұйымдастырушылар өздері мәдени танымдық жоспар жазып, бір айда бір адам, екінші айда келесі адам кесте бойынша сабақтарды өткізеді.
Жоспар бойынша мәдени қауымдастықта тек қазақ тілін үйретумен шектелмей, әр түрлі ойындар ойнатылып, балалар мен жасөспірімдер ұлттық салт дәстүрлерлермен таныстырылады. Белсенді ата аналар ертегі кейіпкерлерінің рольдерін сомдап, театралдық қойылымдар қояды деп жоспарлауда. Моңғолияда туып өскен, Қазақстанға қоныс аударған Алтынбек Мұратұлы да осы қоғамды ұйымдастырушылардың бірі. Ол АҚШ-та докторонтурада оқып, Сауд Арабиясында тәжірибе жинаған. Қазір 1 жылдан бері Бостон қаласында тұрады.
«Қазақ мәселесі өте көкейтесті, біз оны айрықша сеземіз, өйткені біз шетте жүрміз. Қазақтың тілі, дәстүрінің сақталуы бізді әрқашан ойландыратын. Біріккен Араб Әмірлігінде оқып жүргенде елді аңсап, Қазақстанға көшіп барсам деп армандайтынмын. Енді біз білім қуып, жаңа тәжірибе жинау мақсатында АҚШ-қа келдік. Екі баламыз бар, олардың қазақ тілін ұмытпағанын қалаймыз.
Америкаға көшкелі үлкен балам көбіне ағылшынша сөлейтін болды. Оны Қазақстанға жібердік. Ата-әжесінің жанында болып, біраз қазақша үйреніп келді. Жұбайым екеуіміз балалар ағылшынша сөйлегенде жат болып көрінетінін байқадық, өз тілімізде сөйлессек жанымыз жай табады.
Сондықтан осы мәдени орталықтың қажеттілігін өте қатты сезіндік. Жалпы қауымның ең басты мақсаты балаларымыздың болашағы. Қайда жүрсек те, қазақ болып қалғымыз келеді. Бұл ұйым сонымен бірге жалпы қазақтардың береке бірлігін арттыруға өте үлкен үлес қосады»,- дейді Алтынбек Мұратұлы.
Қауымдастықтың ашылу салтанаты өте әсерлі өткізілді. Қазақ әуені бірнеше сағат бойы Кембридж қалашығындағы әдемі қоғамдық бақшалардың бірінде әуендетіп тұрды.
Соңғы кезде көп болып жүрген дауылдарға қарамастан, осы күннің ауа райы ерекше жылы, жайдары болғаны іс шараға көрік бергендей. Бостон қаласында 100-ден аса қазақтар тұрып жатыр, оның жартысынан көбі 2-3 баласы бар жас отбасылар.
Сонымен қатар қазақ жерінен бала асырап алған 50-ден астам американдық жанұялар тұрып жатыр. Олар да өз балаларына тарихи Отаны Қазақстан туралы ақпарат бергілері келеді. Тіл үйреніп, ата-баба тарихымен таныс болғандарын қалайды. Осыған орай бұл қауымдастықтың ашылуы қазақ тілі, мәдениеті, дәстүрлері мен құндылықтарын дамыту мен кеңейтуде зор рөл атқармақ.
Просмотров материала: 1 966