Ақтауда көз ілеспес жылдамдықпен бой көтеріп жатқан зәулім құрылыстар көп-ақ. Марқая қалған көңілді бұлт шалған күндей болып көлеңкелі ойдың бүркей қалатыны бар. Ол − осы құрылыстар қатарынан халық көптен күткен ғимараттың көрінбей, жылдар бойы қалқиған қаңқасының тұруы. Соның бірі құрылысы 9 жылға созылған облыстық онкодиспансер ғимараты.
«Басы ауырып, балтыры сыздаған» адамның көзі тірісінде жанына шипа, көңіліне медеу етіп баратын жері – аурухана. Осы орайда Маңғыстау облысында онкологиялық ауруға шалдыққандар үшін жаңа онкодиспансер құрылысын салу барынша қажет болатын. 30 жылдан бері қызмет етіп келе жатқан онкодиспансерде бүгінге дейін жөні түзу ғимарат болып көрген емес. Тапсырған анализдерінің қорытындысын Алматыдағы орталыққа жіберіп, жанын шүберекке түйіп апталап күтетін сырқаттар үшін өткен жылы, гистологиялық лаборатория іске қосылды.
Ал ауруға шалдыққандар облыстық аурухананың алтыншы қабатындағы небәрі 85 орындық бөлімшеге жатқызылады. Маңғыстау облысы бойынша 2015 жылы 3 283 адам, 2016 жылдың 10 айында 3 319 адам онкологиялық аурумен есепке алынғандығын ескерсек, осынша адамға 85 орынның «жыртыққа жамау» болып жарытпайтыны белгілі.
Маңғыстау облыстық онкологиялық диспансердің мәліметіне сүйенсек, мұнайлы өңір онкоаурулар жағынан жыл басынан бергі көрсеткіш бойынша республикада 14-орында тұр. Әрине, қуанарлық жағдай, әйтсе де бұл онкодиспансердің қажеттілігін, өзектілігін жоққа шығара алмайды.
– Өңірімізде онкологиялық аурулардың саны өткен жылғы осы кезеңмен салыстырып қарағанда 15 пайызға азайған, мысалы, 2016 жылдың жеті айында жаңадан 527 адам тіркелген болса, биыл жеті айда 456 адам есепке алынды. Былтыр Маңғыстау облысы бойынша сүт безі обыры бірінші орында, екінші орында асқазан және өкпе ісігі болса, үшінші, төртінші орындарды тиісінше өңеш пен тоқ ішек ісік аурулары алған болатын, – дейді облыстық онкологиялық диспансері бастығының әдістемелік-ұйымдастыру ісі жөніндегі орынбасары Ж.Жарылқасынова.
Алайда жаңадан тіркелушілер саны аз болғанмен, есепте тұрғандар саны артқан. Мысалы, 2016 жылы 7 айда облыс бойынша барлығы 3 232 адам есепте тұрса, арада бір жыл өткенде есепке алынғандар саны 3 493 адамға жеткен.
Облыс бойынша 197 адаммен Ақтау қаласы алдыңғы орында тұр. 97 адамы есепте тұрған Жаңаөзен – екінші, 61 онкоауру анықталған Мұнайлы ауданы мен 37 науқас тіркелген Бейнеу ауданы тиісінше 3-ші, 4-ші орындарда. Сондай-ақ биыл бұл аурулардың «орындары» ауысып, асқазан ауруы алдыңғы орынға шығып, сүт безі ісігі екінші орынға ығысқан, ал өкпе ісігі үшінші орынға төмендеп, төртінші орынға жатыр мойыны ісігі «жайғасқан».
Онкология саласы туралы сөз еткенде, маман мәселесін назардан тыс қалдыра алмаймыз. Өткен жылы онкодиспансерге мамандар алынып, кадр мәселесі шешілгенімен, облыстың аудан, қалаларында маман тапшылығы бар. Мысалы, онколог, маммолог мамандар аудандар түгілі, облыс орталығының өзінде санаулы.
Жоғарыда келтірілген ресми деректер, ал жұртшылық бұл ауру ерекше көбейіп, еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейін тырнағын салып тұмаудан бетер қаптап кеткен дегенді айтады. Осындай жағдайда онкодиспансер құрылысының 2008-2009 жылдары қолға алынып, он жылға жуық уақыт кідіруіне не себеп?
2008 жылы Ақтау қаласынан 100 төсекті онкологиялық диспансер құрылысын салу ұйғарылып, жобаның сметалық құны 2 335,126 млн теңгеге бағаланған. Келесі жылы «Нияз Мұхаммед» ЖШС мердігер болып анықталып, 2 228, 556 млн теңгеге келісімшарт жасалады. Алайда 2010 жылы Үкімет әлеуметтік нысандардың бағасын арзандату мақсатында құрылыс нормаларына өзгерістер енгізілу үшін құрылыс жүріп жатқан нысандардың жүмысын тоқтатып, жобаларын жаңа талаптарға сәйкес өзгерту жүктеледі.
Осы негізде Ақтаудағы онкодиспансердің құрылысы 2011 жылдың бірінші тоқсанында тоқтатылады, ал құрылыс жұмыстарына өткен екі жыл ішінде 1 176, 335 млн теңге қаржы игерілген еді. Жобаға өзгеріс ретінде нысанның бір қабатын қысқарту қажеттігі ұсынылады да, өгерістер жобаға енгізіліп, 2012 жылы мемлекеттік сараптама қарауына беріледі. 2013 жылы сараптама жобаға өзгеріс енгізу кезінде тоқтап тұруына байланысты ғимараттың қазіргі жағдайын анықтау қажеттігін айтып, техникалық тексеру тағайындайды.
Байқау негізінде 2014 жылы техникалық тексеру жұмыстарын жүргізуге таңдалған «Ай Строй Групп» ЖШС өз жұмыстары нәтижесінде 2015 жылы ғимараттардың колонноларын күшейту туралы ұсыныс жасайды.
Ұсынысты жүзеге асыру сол жылы байқау нәтижесінде «Казпир» ЖШС-не жүктеледі. 2015-2016 жылдар аралығында аталмыш серіктестік колонноларды күшейтумен бірге, жалпы нысан құрылысының жобасына жаңа талаптарға сәйкес өзгерістер енгізіп, медицина саласының мамандарымен нысанның құрылысы аяқталғаннан кейін тиісті деңгейде қызмет көрсетуін қамтамасыз ету үшін медициналық құрал-жабдықтармен толықтыру жұмыстарын жүргізеді. 2016 жылғы сараптама қорытындысына сай нысан құрылысын анықтау үшін 7 007, 924 млн теңге қажет екені анықталады.
Осылайша жылдан-жылға қарыштай аттаған құрылыс жауапты адамдардың талай уәдесіне қанды, талай рет «аяқталады» деген ақжолтай ақпар халықты алдаусыратты.
Сөйтсек, қаржы мәселесі шешілмеуіне байланысты құрылыс әлі сол «уәдешіл» қалпында қалған. Қай салада болмасын күнде бір жаңалық естіліп, күнде бір өзгеріс енгізілетіні жасырын емес, құрылыс саласына қатысты тағы бір өзгеріс орын ала қалса немесе тоқтап тұруына байланысты тағы да техникалық жағдайын анықтау қажеттігі орын алса, сиырқұйымшақтанған мәселе созыла түсе ме деген үрей бар.
Маңғыстаудың онкоаурулары қазіргі таңда басқа облыстарға, шетелдерге кетіп емделуде. Таңдауға әркімнің еркі бар, қалтасының қалыңдығына қарайды, қалауы біледі. Әйтсе де, жата-жастана емделетін онконауқастар үшін жағдайдың болмауы, нақтырақ айтсақ, заманауи диспансер құрылысының жылдан-жылға созылуы – үлкен мәселе!
Жаңа диспансерде жатып емделсе жазылатындай болып жәутеңдеумен қанша жан өмірден өтті, ал құзырлы орындардың уәдесі мен науқас жандардың үмітін тоғыстыра тұралаған «қаңқа» құрылыс әлі қанша жыл тұрады?
Маңдайшасына «облыстық онкологиялық диспансер» деп бадырайта жазған қазіргі бір қабатты диспансердің тар дәлізінде өмір мен өлім арасында арпалысып, иін тіресе кезек күтіп тұрған науқастарға қарап дәл осылай ойларыңыз анық...
Дереккөз: Егемен Қазақстан
Просмотров материала: 2 061