Президенттің бағдарламалық «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы ең алдымен, ұлт назарын рухани салаға бұрды. Мәдениетке бұрды. Неге дейсіз ғой? Өйткені дамыған ұлттық мәдениет қана – дамыған ұлттық сананы қалыптастырмақ. Даму тұрмақ, ұлттық мәдениетіміз, ұлттық сана тіректері – тіл, дін, діл, тарихи жады, салт-дәстүрлеріміз кешегі кеңестік кезеңнен шашылып қала жаздап шыққаны белгілі.
Бұл құбылыс – кеңестік келеңсіздік, бүгінде «бірлік» деп болашаққа беттеген тәуелсіз санамызға тұсау бола бастағаны да мәлім. Сондықтан да Тәуелсіздік логикасы кеңестік кертартпа кедергілерден қалайда құтылуды күн тәртібіне қойды. «Рухани жаңғырудың» өмірге келу себебін біз осылай түсіндік. Алайда жаңғыру науқандық жұмыс емес. Қашан да «батпандап кірген кесел, мысқалдап шығады». Тіліміздің, дініміздің, діліміздің, тарихи жадымыздың біртұтастығын бұзған сол бір империялық идеология іздері санада сайрап жатыр. Өшер емес. Мұндай бодан сананы сауықтырмай, сапалы ұлт болу қиын. Елбасы мақаласының жалпыұлттық қолдауға ие болу себебі осы еді.
«Кеңестік кертартпалық» демекші, санада қалған сол бір бодан құбыжықтар бүгінде алға басқан аяғымызды кері тартып, ұлтты ұйысуға шақырған бостан сананы бұғаттағысы келеді. Қазақ қоғамындағы бұл құбылысқа етіміздің өліп кеткені сонша, біз тіптен олардан шошып, серпіп, сілкіп тастаудың орнына, көзіміз бақырайып отыра беретін болдық. Әйтпесе, дені сау ұлт, дені сау сана тілсіздік, дінсіздік, ұлтсыздық дегендей рухани құбыжықтардан ыршып түсіп, тұла бойын аулақ салуға тиіс емес пе?! Әрине, сөйтер еді.
Ұлт болып ұйысар халық сөйтер еді. Кешегі кеңестік идеология осы ұйысуды тежеді. Қазақтың рухын сындырып, кемсітудің небір қитұрқы тетіктерін іске қосты. «Бұл халықтың тарихы жоқ, мемлекеті жоқ, жазуы жоқ, мәдениеті жоқ» деп ұрпақ санасын улады. Оны естіп өскен ұрпақ өз ұлтынан өзі жеріді. Алдымен – дінінен, содан кейін тілінен, содан кейін тарихынан, салт-дәстүрінен безді.
Айналып келгенде, өз-өзінен безді. Рухани харакири жасады. Орыстанды. Орыс болсақ, озамыз деді. Бүгінде сол отаршыл идеология тудырған ұрпақ арасында алаштың Тәуелсіздік туы астында топтасуға құлықсыздар да жоқ емес. Олар орыс тілді кеңестік кеңістікті аңсайды. Осы орайда жүзге жуық қазақ кәсіпкерлерінің тоқсаныншы жылдар басында орыс тілін мемлекеттік тіл етеміз деп ашықхат жариялағаны есте. Орыстанған сана бодан-дық қамытын қайта киіп, Кремльге қайта құлдық ұруға қайыл.
Сондықтан да бұл құлдық сана иелері алашшыл азат санадан туған идеяларды, патриоттық іс-қимылдарды көрсе, ұлт еңсесін көтеретін патриоттық кинотуындыларды көрсе, кірпідей жиырылады. Шаяндай шағады. Егер де біз, осындай ұрпақты көзбен көрмесек, олардың қазақ тарихына, тілі, діні, дәстүріне топырақ шашқанын білмесек, бүйтіп, ақ қағазға удай ойларымызды ақтарып отырмас едік. Өйткені ащы да болса, ақиқатын айтып күреспесек, бодандық кезде бойға жұққан мұндай кеселдерден арылу қиын.
Жаңғыру қиын. Біз көріп жүрген кесел – ұлтсызданған ұрпақ санасынан басталып, мәдени салаға жайылған кесел. Мәдениеттің ең бір қалың бұқаралық түрі кинода көрінген кесел. Ол кеселдің атын атап, түсін түстеу кеңестік кезеңде мүмкін емес-ті. Оның атын атап, түсін түстесек, таяқ отаршыл идеологияға тиетін. Отаршыл идеология «ұлтшылсың!» деп өзіңді көститіп салатын.
Мысалы, Совет Одағы кезінде «Қазақфильм» қабылдайтын сценарийлердің 80-90 пайызы мәскеулік авторлардың қолымен жазылды. Өзге ұлт өкілдері қанша талантты болғанымен, қазақ болмысын қайдан біледі?! Білмек тұрмақ, мақұрым емес пе?! Бірақ соған қарамастан Мәскеу дегенін істеді. Оның рұқсатынсыз бір де бір фильм өндіріске кетпеді. Содан келіп аты – қазақ, заты – жат фильмдер топырлап шығып жатты. Қазақ кинодраматургтері мен режиссерлерінің қолынан туған фильмдерде болса, ұлт болмысы шынайы көрінді.
Мысалға – «Қыз Жібек», «Тақиялы періште», «Менің атым Қожа», «Шоқ пен Шер», «Атамекен», «Көзімнің қарасы». Сексенінші, тоқсаныншы жылдары өз тілін, елін білетін аға режиссерлер өмірден өтті. Олардың орнына «асфальтта туған» ұрпақ келді. Оларды біз әспеттеп «жаңа толқын» дедік. Өкінішке қарай, осынау «жаңа толқын» қазақ күткен қазақ киносын жасай алмады. Өйткені «жаңа толқынның» дені ана тілдерін білмейтін «асфальт» балалары еді. Өз тілі, әдебиетін білмейтін шалалар еді. Оқыса өз әдебиетін аудармадан оқитын.
Аты қазақ болғанымен, заты мәскеулік киногерлерден айырмашылығы шамалы еді. Тәуелсіздік тұсында қазақ көрермені болса: «қазақ киносы қайда?» деп дабыл қағумен болды. Ұлттық көрермен аты ғана емес, заты ұлттық қазақ киносын көргісі келді. «Асфальтта өскен» тілден, діннен, тарихтан, ұлттық салт-санадан мақрұм ұрпақ қанша күшенсе де, ондай қазақ көрермені күткен киноны тудыра алмады. Жасағысы келсе де өздеріне ұқсатып шала жасады. Өйткені бұл ұрпақ қазақ болмысына кеңестік ұрпақ дүрбісімен қарады.
Ол кеңестік дүрбі қазаққа жоғарыдан қарайтын империялық дүрбі еді. Нәтижесінде, қазақ киносында қазақ болмысы бейшара, күйкі кейіпте көріне бастады. Өйткені кеңестік көзқарас іргетасында мызғымай көшпенділерге деген евроцентристік астамшыл көзқарас жатқан еді. Осы мектептен өткен «жаңа толқын» қазақты сүмірейтумен көзге түсті. Бұл көзқарас қазақ көрерменінің ашу – ызасын тудырса да мәскеулік, еуропалық фестивальдердің ойын дөп басты. Ондай режиссерлерді «ащы шындықты айтты» деп шетелдік, Ресей фестивальдері арқадан қақты.
Бәйге берді. Бірақ шетел қанша бәйге бергенімен, сол бәйге алған фильмдерді қазақ көрермендері көрмеді. Ол фильмдер прокатта жүрмеді. Бұл бір айтуы қиын ауыр шындық еді. Айтайын десек, таяқ өзімізге де тиеді, сол жерде жүргеннен кейін. Айтпайық десек – ақиқат. Осындай күлді бадам күйде жүргенде «асфальт балаларының» өздері бастады дауды.
Бізге қарсы аттандап шабуылға шықты. Ілияс Есенберлиннің романы бойынша біз сценарийін жазып, Рүстем Әбдіраш түсірген «Алмас қылышқа» айқайлап қарсы шықты. Сондай «асфальттық» режиссердің бірі: «Алмас қылышты» көрмеңдер!» деп айқай салды көктемде өткен бір жиында.
Бүгінде ойланамын. «Әлгі «асфальт бала» неге аттандап «Алмас қылышқа» қарсы шықты? – деп. – Бүкіл қазақ қуанған осынау тарихи жобаға неге көрмей тұрып топырақ шашты, – деп. – Елбасы идеясымен өмірге келген, қан кешіп жүріп қазақ хандығын құрған Керей, Жәнібек рухына, ұлттық мемлекет тарихына неге топырақ шашты?» деп. Сонда оның көксегені не?
Ұлт рухын көтеретін патриоттық фильм-дер түсірілмеуі керек пе?! Әлде, жұрттың бәрі осы шаларежиссер тәрізді қазақ ауылын карикатураға айналдыра беруі керек пе? Онсыз да, отарлық езгіден еңсесі түсіп шыққан халықты езгілей беруіміз керек пе?! Ең жаманы, «Алмас қылышқа» шабуылдаушы бала жалғыз емес-ті. Сынды орыс тілінде оқтай борататын сыншысымақтары жетеді. «Алмас қылышқа» топырақты шашып жатқандар да – солар. «Қазақ мемлекетінің өмірге келуі» туралы фильм деп кекетеді, мысқылдайды.
Мен сонда таңғаламын, ашуға булығып. «Мына мәңгүрт киноны былай қойып, енді мемлекетіміздің тарихына тиісті-ау!» деп. Жалпы, бүгінде әлеуметтік желі жұрттың ауызына келгенін айтатын орынға айналды. Сүйреңдеген сыншылар кез келген ұлттық идеяны күлге аунатуға құштар. Кез келгенге күйе жағады. Қарсы шыққанға жабыла кетеді, арадай гуілдеп.
Кино саласындағы мұндай келеңсіздіктерді жөндейтін құзырет мемлекет тарапынан Мәдениет және спорт министрлігіне берілген. Ендеше, «Министрлік қайда қарап отыр?» деген сұрақ туады. Министрлік күресіп жатыр. Осыдан 3 жыл бұрын осы салаға басшы болып келісімен Мұхамедиұлы өзіне тән төтеден кететін ашық күрескерлігімен ә дегеннен әлгіндей экранда қазақты кемсітушілерге қарсы шықты.
«Тым ашық кетті-ау!» дедік. Айтқандай-ақ араның ұясындай гу етті кино саласы. Қалыптасқан жүйенің бір күнде өзгеруі мүмкін емес еді. Қазақты сүмірейтіп көрсетіп, осы «шындығы» үшін шетелде бәйге ала бастаған шалалар, ел беделін емес, бәйгені ғана ойлап, алған беттерінен қайтар болмады. Халық қаражатына кино түсіріп, бірақ экранда сол халықты карикатураға айналдыра бергісі келді. Ондай фильмдерді халық қалай қабылдамақ?! Әрине, қабылдамайды. Ендеше, ондай фильмдер өндіріске неге кетуге тиіс?!
Міне, жалғыз министрді ғана емес, жалпы, намысты көрерменді мазалайтын осы сұрақ. Бүгінде осы салада күрес жүріп жатыр. Үлкен қаржы мен ұшқыр өнер тоғысқан бұл сала – кино саласы, қашанда, рухани, идеологиялық күрес майданы. Ұлттық пен ұлтсыздық шарпысқан майдан. Біздіңше, ендігі жерде мемлекеттік мүдде, патриоттық тақырыптар үшін басталған табанды күрес тоқтамауы керек. Табанды күрес болған жерде тамаша жеміс те бар. Соңғы үш жылдың өзінде қазақ киносында ұлттық патриоттық тақырыптар көбейе бастады.
Қолдау көре бастады. Көрермендер үшін көзайым болған «Аманат», «Алмас қылыш» «Анаға апарар жол», «Құнанбай», «Оралман» фильмдері – сол күрес жемісі. Бұл фильмдерді қазақ көрермені жақсы қабылдады. Көрермен ықыласына бөленуде, әсіресе, «Алмас қылыш» фильмі алдына жан салмады. Рүстем Әбдірәш түсірген бұл кинодастан ұлттық сананы дүр сілкіндірді. Егер, бұрын кинотеатрларға жастар ғана бара-тын болса, биыл жастар тұрмақ, «Алмас қылышты» көруге кинотеатрларға аға буын да ағылды.
Олар ақпарат құралдарында ағыл-тегіл пікірлерін білдірді. Еңбек Ері, әйгілі актер Асанәлі Әшімов: «Бұл фильмді көріп арқаланып қалдым. Картинадағы «Алаш! «Алаш!» деп ұрандаған бейне жадымда ұзақ сақталары сөзсіз. Мәдениет және спорт министрінің бағыты дұрыс. Ең бастысы, қиындықтарға, кедергілерге қарамастан ұлттың рухын көтеретін осындай дүниелердің өмірге келуіне барынша ат салысып жүр» деп ағынан жарылды. Халық Қаһарманы Бақытжан Ертаев: «Экранда ата-бабаларымыз майдандасып жатқанда, өзім де орнымнан атып тұрып, сол шайқасқа кіріп кеткім келді!» дейді. Айтулы ақын Иранғайып: «Жаным рахаттанып көрген фильмім осы болды.
Өте ризамын. Осы фильмді жоспарлаған жоғары билік-ке, министрге, «Қазақфильм» киностудиясына, осы фильмге қатысқан бүкіл ұжымға шын жүректен үлкен алғыс білдіремін!» деп тебіренді көрсетілімнен кейін. «Денсаулығыма қарамастан екі рет барып көрдім!» дейді бізді құттықтаған аға жазушы Сәбит Досанов.
Айтулы қайраткер Амалбек Тшанов ағыл-тегіл сезімін «Түркістан» газеті бетінде ақтарды. Талғар ауданының бұрынғы әкімі Кенжебек Омарбаев: «Кинотеатрдан өзімнің қазақ екеніме қуанып шықтым, мақтанып шықтым!» дейді телефон шалып. Жастардың бүгінгі бір көсемі, саясаткер Мұхтар Тайжан болса: «Бір көргенде тоймай қалып, екі рет барып көрдім!» дейді.
Әлеуметтік желіде Бахытжан Рысдәулетов атты көрермен «Алмас қылышты» көргеннен кейін былай деп тебіренеді:
«Я, Алла! Мың да бір шүкір! Қуанам осы елде тұрғаныма! Бас ием мына байтақ далама! Шейіт болып кеткен қайран бабаларым! Елімнің бағын басынан тайдыра көрме! Әумин!»
Осы киножоба барысында біз Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қамқорлығын сезіп отырдық. Прокаттық «Алмас қылыштан» бөлек, телевидениеге арналған 10 сериялақ «Қазақ елі» нұсқасын қосқан-да бұл жоба үлкен қаражатты қажет етті. Министр Арыстанбек Мұхамедиұлы, фильм режиссері Рүстем Әбдіраш, продюсер Арман Әсенов қаражат іздеп, сабылып кетті.
Осы тұста бұрынғы Қорғаныс министрі Иманғали Тасмағамбетов, Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек үлкен азаматтық жасады. Фильмге қыруар көмек көрсетті. Нәтижесінде, фильм мерзімінен көп кешіксе де, сапалы шықты. Тас түскен жеріне ауыр. Тарихы шындықтан онша алыстамай, шынайы сценарий жазып шығу Тимур Жақсылықов, Рүстем үшеумізге оңай түспеді.
Десек те, негізгі салмақ режиссерге түсті. Ақын отбасында дүниеге келген, ана тілі, әдебиеті, тарихынан мол хабардар Рүстем осы киножобада өзінің кинорежиссурадағы үлкен кәсіби деңгейін жарқырата көрсетті. Шыңдалған суреткерлік шеберлігін танытты. Бұған дейін Рүстем Елбасы өмірі туралы аса күрделі киножобаны абыроймен атқарып шыққан болатын.
Сол тәжірибе Рүстемнің «Қазақ хандығын да» абыроймен алып шығуына шипалы септігін тиігізді. Біріншіден, Рүстем актер таңдауда қателеспеді. Досхан Жолжақсынов, Еркебұлан Дайыров, Қайрат Кемалов, Бекболат Тілеуханов, Дінмұхамед Ахимов, Мадина Есманова, Іңкәр Әбдіраш, Қарлығаш Мұхамеджанова, Иісбек Әбілмәжинов, Мейірхат Амангелдин орындаған рөлдер көрермен жүрегінен ойып орын алды. Фильм композиторы Әбілқайыр Жарасқанның әр тарихи көріністі ұлттық нақышты ән-сазбен әрлеуі «құлақтан кіріп бойды алды», әсерлі шықты.
Суретшілер Сәбит Құрманбек, Өмірзақ Шманов жұмысы көзге ұрып тұр. Киім суретшісі Ажар Әубәкірова хандар мен би, батырларды сол дәуірге сай сәнді киіндіре білді. Операторлар Плотников, Маслов, Қойшыманов камералары, сөз жоқ, экранда сирек жырланатын көшпенділер стихиясын Ұлы Дала болмысына сай көзі тоярлық қалыпта бере білді. Салмақтың үлкені Асанқайғының монологінен бастап, билер мен хандардың ауызына салатын сөздерге түсті.
Біз – фильм сценарий авторлары, ең біріншіден, осы тарихи кинодастанда рухы қозғалатын Асанқайғы, Керей, Жәнібек, Әбілқайыр, Қобыланды, Есенбұға, Ақжол би, Рәбия ханым, Жаханбике, Айымбике, Қасым сұлтан, Бұрындық сұлтан тәрізді алаш үшін аяулы тұлғалардың ауызына сөз саларда олардың аруақтарын сыйладық. Сескендік. Халық жады ол аруақтарды жүздеген жылдар бойы өз жүрегінде қалай аялап келсе, біз де соны шашып шайқап алмай, бүгінгі экранда сол қалпында қайта «тірілтуді» көздедік.
Бұл тым салмағы ауыр жауапкершілік еді, өткеніміз алдында да, бүгінгі мен болашағымыз алдында да. Алайда жұмыла көтерген жүк жеңіл. Сценаристер мен режиссер жұмыла, құлшына жұмыс істедік. Ешкім аянып қалған жоқ. Түсірілім алаңында болған талантты редактор Ерлан Төлеутайға дейін актер ауызына ұтымды сөз салуда аянбай еңбек етті.
Кино – ұжымдық өнер. Оркестр деуге келеді. Айырмасы – дирижер орнында режиссер тұрады. Бәрі режиссерге байланысты. Дирижер талантты оркестр құрай алмаса, тамаша музыка да шықпайды. Бұл фильм Рүстемнің кинорежиссурада кемелдікке көтерілгенін көрсетті. Әрине, «Алмас қылышта» мүлдем мін жоқ дей алмаймыз. Алайда фильмнің 90 пайызы көрерменді қанағаттандырса, қалғанын кешірсін.
«Алмас қылыш» туралы белгілі киносыншы Гүлнар Әбікеева «отандық тарихи тақырыпта топжарған фильм болды» деп қорытқан еді. Кино өнерінің бір жан-күйері ретінде, біздің де қорытқанымыз бар. Біздіңше, Елбасы идеясымен өмірге келген осынау киножоба – «Алмас қылыш» бір нәрсені анық көрсетті. «Қазақфильм» киностудиясының ендігі жерде мемлекет тарапынан қолдау болып отырса, Голливудтік деңгейде кең тынысты тарихи блокбастерлер түсіре алатын қарымын көрсетті. «Қазақфильмде» әлемдік деңгейде жұмыс істей алатын шығармашылық потенциал қалыптасқанын көрсетті.
Ендігі жерде қазақ киносы осы бағыттан таймай, мақала басында айтылғандай, кеңестік кезеңнен қалған келеңсіздіктерден арылуға тиіс. Ұлт мүддесіне толық бет бұруы тиіс. Сонда ұлт та өз киносына бет бұрмақ. Әйтпеген жағдайда бүгінге дейін қазақ көрермені бір жақта, қазақ киносы бір жақта болып келгенін білеміз. «Алмас қылыш» тұсында қазақ көрермені мен қазақ киносы бас қосты кинотеатрда. «Қазақ киносына көрермен бармайды» дегеннің бос сөз екені дәлелденді. Егер, қазақ киносы «қазақ киносы» бола алса, қазақ көрермені де үйде отыра бермей, еңбектеген баладан, еңкейген кәріге дейін кинотеатрларға ағылатынын көрдік. Ұлттық рухани ұйысу кинотеатрларда орын алды.
Бұл – бүгін бізге берілген үлкен идеологиялық мүмкіндік емес пе?! Ұлтты ұйыстырудың үлкен бір мүмкіндігі. Ендеше, соны пайдалану керек емес пе?! Қазақты карикатура етуді тоқтатып, ел еңсесін көтеретін «Алмас қылыш» тәрізді тарихи жобаларды тоғытатын кез келді. Қазақ көрермені қазақ киносынан осыны күтеді. Тарихи патриоттық кинотуындыларға көрерменнің әлі сусыны қанбай отыр. Бір-екі фильммен шөлі қанбай қалды. Ендеше, өкіметіміз, киногерлеріміз не істеуі керек? Ең алдымен, ұлттық көрермен талабын орындау үшін жұмылуы керек.
Сонда ғана қазақ киносы өз прокатына өзі ие бола алмақ. Әзірше, Қазақстандағы кинопро-кат – шетел киносының иелігінде. Жастарымызды шетел киносы тәрбиелеп жатыр. Жастар арасында ұлтсыздық, имансыздық, ұлттық рухани божырау жыл өткен сайын асқына түсуі содан. Экран үшін күрес – болашақ үшін күрес. Әзірше, нені көріп отырмыз? Кинотеатрлар күндіз-түнi Голливуд фильмдерін айналдырып жатқанын көріп отырмыз. Жастарымыз жыл – он екі ай американдық патриотизмге тәрбиеленіп жатыр. Кинотеатрлар отандық кинодан ат-тонын ала қашады.
Көрермен келмейді деп.Кассадан қағыламыз деп. Бұл келеңсіздік прокатта болмауға тиіс. Прокат үшін шетелдік емес, отандық киноны айнал-дыру пайдалы болуға тиіс. Ол үшін шетел киносына салық салынып, ол салық отандық киноны дамытуға жұмыс істеуге тиіс. Сонда прокат ел болашағына, қазақ болашағына жұмыс істемек. Киноға салынған материалдық шығын, сонда, идеологиялық рухани дивиденд болып қайта оралмақ. Ол, аз ба?! Қазақ киносы Қазақстанға жұмыс істеп жатса, рухани жаңғыруға қосқан зор үлес емес пе?!
Осы орайда бүгінде кино саласында оң өзгерістер болып жатқанын айту орынды. Салада қазақ киносын қазақ көрерменіне бұру әрекеті жүріп жатыр. Оған мысал ретінде, соңғы жылдары жоғарыда аталған фильмдерден де бөлек, өндірістен шыққан немесе өндіріске енді кетіп жатқан жобаларды шолып өтсек жеткілікті.
Қазақ тәрізді отызыншы жылдардағы ойраннан жер бетіне шашылып кеткен халықтың Тәуелсіздік тұсында елге оралуы – ұлттық ұйысудың бір үлкен өзекті тақырыбы. Осы тақырыпты ашық қозғаған екі фильм биыл өндірістен шықты. Жақында олар көрерменмен қауышпақ. Оның бірі – сценарийін Нұрлан Санжар жазған, режиссер Сәбит Құрманбек түсірген, кеше ғана Еуразия кинофестиалінде бас бәйге алған «Оралман» фильмі де, екіншісі – сценарийін осы мақала авторы жазған, жас режиссер Б.Елубаев түсірген «Оазис» фильмі.
Бұл фильмнің екеуі де ең алдымен, қазақ аудиториясына арналған. Сөйте тұра, өзге аудиторияны да бейжай қалдырмайтын драмалық туындылар. Қазақтың кешегі, бүгінгі ащы тағдырын арқау еткен туындылар. Сценарийін айтулы драматург Дулат Исабеков жазып, жас режиссер Нұргелді Садығұловқа сеніп тапсырған «Балуан Шолақ» фильмі де өндірісте, жыл аяғында дайын болмақ. Бұл жоба да қазақ көрерменіне көзайым болуға тиіс деп білеміз. Бүгінгі қазақ киносының жетекші режиссері Сатыбалды Нарымбетов «Аманатта» қозғалған Кенесары тақырыбын поляк Янушкевич туралы киножобада тағы да қолға алмақ. Поляк көзімен қарағанда XIX ғасырдағы қазақ қауымы сценарийде тартымды да қызық суреттелген.
Режиссер Қуат Ахметов көп жылдардан бері экранда Асанәлі Әшімов сомдап келе жатқан күрескер чекист бейнесін одан әрі жалғастырмақ. Әйгілі актер бұл драмада өмірді көре-көре көсемге айналған кәрі чекист рөлінде ерекше философиялық көзқарасы бар кейіпкерді сомдайды . Фильмдері отандық прокатта жақсы жүретін, «Жаужүрек мың баланы» түсірген талантты режиссер Ақан Сатаев биыл «Томиристі» қолға алды. Әлемге әйгілі бұл тақырып, егер Ақан режиссер аман-есен алып шыға алса, Ұлы Даланың рухын көтерер тағы бір тарихи жоба болуға тиіс.
Одан кейін Ахан алдағы жылы Тәуелсіз Қазақстан жылнамасының бір жарқын парағы – Астананың салынуы туралы фильмге кіріспек. Ауыр да болса, айшықты тақырып. Биыл Маңғыстауда Жаңабек Жетіруов түсірген Әбіш Кекілбайдың «Шыңырау» хиқаяты да отандық көрерменді бейжай қалдырмауға тиіс.
Қазақстандық көрерменге кең танымал режиссер Ермек Тұрсынов өз сценарийі бойынша «Киномеханик» атты фильмді, белгілі журналист Төлеген Байтүкенов «Шалақазақ» атты фильмді түсіруге кірісті.
Танымал актер әрі режиссер Болат Қалымбетов биыл белгілі жазушы Жүсіпбек Қорғасбектің «Қасқыр адам» хикаяты бойынша «Талан» атты кинодрамасын аяқтады.
Рүстем Әбдіраш болса, қазір Қазақ хандығын құрған Керей, Жәнібек тарихын аяқтайтын «Алтын тақ» фильміне кірісті. Бұл фильмде қазақ көрермені «Алмас қылыштан» таныс тарихи кейіпкерлерімен, құдай қаласа, алдағы жыл басында қайта қауышпақ.
Осынау толық емес атаулардың өзінен Мәдениет және спорт министрлігінің қоластындағы «Қазақфильм» ел құлағын елең еткізер елге етене жақын тақырыптарға бет бұрғанын көреміз. Осылайша, киностудия бетін отандық көрерменге бұрса, онда отандық көрермен де бетін қазақ киносына бұрары хақ. Ендеше, бұл бірліктен тек мемлекеттік мүдде – Тәуелсіз Қазақстан мүддесі ұтары анық.
Смағұл ЕЛУБАЕВ
Дереккөз: Абай.кз
Просмотров материала: 2 126