Бүгінгі уақытта жастар да, жасамыстар да ажырасып жатыр. Ата-әжелеріміз бен ата-аналарымыздың жастық шақтарында ажырасу фактілері некен-саяқ қана тіркеліп, ол туралы мүлдем айтылмайтын да болса, қазір ажырасу қазақ қоғамындағы әлеуметтік дертке айналып барады.
Өкініштісі, АХАТ бөлімі мамандарының дерегінше, өңірде соңғы 15 жылдың көлемінде жыл сайын неке құрған жұптардың 50 пайызға жуығы некені қайта бұзуға өтініш береді екен. Бұрындары некеге тұрғандардың үштен бірі ғана ажырасса, қазір бұл көрсеткіш үштен екіге жақындап келеді дейді мамандар. Бұл шынымен де ойлантатын жағдай. Сонымен бірге, жаппай ажырасуға не себеп? Бүгінгі зерттеуде осы сауалға жауап іздеп көрдік, деп жазады Дидар газеті.
Некелескендердің жартысына жуығы қайта бөлінген
Біз арнайы іздеп барып әңгімеге тартқан облыстық әділет департаменті азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің басшысы Әлия Қырықпаеваның айтуынша, осыдан 15 жылдай бұрын 2002 жылы облыста 8819 неке тіркелсе, оның 3834-і, яғни жартысына жуығы (43%) қайта бөлінген. Оның 3294-і сот шешімімен, 540-ы тараптардың өзара келісімі бойынша бұзылған.
Бұл үрдіс 2010 жылға дейін сақталған. Осы жылы үйленгендердің 38 пайызы, 2011 жылы бас қосқандардың 35, мұнан кейінгі жылда 36 пайызы ажырасып тынған. Ал 2013, 2014, 2015 жылдары барлық некеге тұрғандардың сәйкесінше, 38, 40, 46 пайыздарының дәм-тұздары жараспай, жолдары екі айрылған.
“Көрсеткіштер соңғы екі жылда да көңіл көншітпейді. Мәселен, 2016 жылы 10460 неке тіркесек, ажырасу 4947 болды. Ағымдағы жылдың алты айындағы неке саны 4189 болса, ажырасу 2595-ке жетті. Ең алаңдататыны, жыл сайын неке саны азайып, керісінше ажырасулар көрсеткіші көбейіп барады”, – дейді Әлия Қырықпаева.
АХАТ бөлімі басшысының айтуынша, талдама көрсеткендей, некелерін бұзуға өтініш беретін отбасылық жұптардың көбінде бала болмайды немесе бір ғана бала болады. Бұл отбасылық өмірдің ұзаққа созылмағандығын байқатады екен. Аталған санатқа жататын ажырасқан жас жұптардың басым дені ары кетсе 3-5 жыл, тіпті, бір жыл ғана бір шаңырақ астында тұрғандар. Ал керісінше екі немесе одан да көп балалы отбасыларда ажырасу саны әлдеқайда аз тіркелетін көрінеді. Мамандар мұны балалардың бәрібір отбасылық өмірді жалғастырудағы негізгі ынталандырушы күш екендігімен байланыстырады.
Сонымен қатар, ажырасып жатқандардың көбі ерлерде де, әйелдерде де 30-40 аралығындағы орта жас шамасындағылар. Ал сол кезеңмен салыстырғанда ажырасушылардың арасындағы жоғары білімділер саны да әлдеқайда өсіпті. Мамандар некені бұзуға қай уақытта болсын әйелдер жағы бірінші болып бастама көтеретінін де алға тартады.
“Ажырасуға арыз берушілер мен сот шешімдерінде көп жағдайда «мінездеріміз жараспады» деген жаттанды сөз көрсетіліп жатады. Меніңше, мұның бәрі бекер сөз. Мамандардың басым дені егер 90 жылдарда, 2000 жылдар басында некені бұзуға шынымен де жұмыссыздық, қаржы тапшылығы, отбасын қамтамасыз ету мүмкіндігінің жоқтығы секілді әлеуметтік-экономикалық қиындықтар себеп болса, бүгінде бірінші кезекке ерлі-зайыптылардың отбасылық өмірге дайындықсыздығы, қаржылық және тұрмыстық мәселелерді бірге шеше алмаулары мен құлықсыздықтары шығып отыр деген пікірде. Жастардың басым дені отбасын құра салуға қандай жауапсыз қараса, некені бұза салуға да дәл солай жауапсыз қарайды. Егер екі жастың бірінің бірлескен өмірге көңілі толмаса, ондай отбасын сақтап қалу мүмкін емес”, – дейді Әлия Көшкінбайқызы.
Отбасылық өмірге дайындайтын орталықтар қажет
Азаматтық хал актілерін тіркеу саласында 27 жылдан аса қызмет істеп келе жатқан тәжірибелі маман кей жастардың ерте айырылысып кетуіне екі жақтағы ата-аналарының, туыстарының да ортаға түсіп, себепкер болып жататынын, егер ата-ана балаларын отбасылық өмірге тыңғылықты дайындаса, мұншама көп көрсеткіш болмайтынын айтады.
“Жасыратыны жоқ, жастарымыз отбасылық өмірге мүлде дайындықсыз, жауапсыз күйде келіп, бізден бірден неке куәлігін талап етеді. Қазір некеге тұру туралы өтінішті электронды үкімет арқылы да бере алады. Тіпті, жастардың түрлерін де көрмейміз. Ал біздің бермеуге құқығымыз жоқ. Себебі, АХАТ органдарының жұмысы – құқық саласына тиесілі, біз арқылы берілетін құжаттардың бәрі құқық белгілеуші сипатта және міндетті мемлекеттік тіркеуге жатады. Бұрын біздің жас кезімізде жас отбасылар клубы болатын.
Ол жерде үйленуге ниет білдірген жастарға арнаулы мамандар, дәрігерлер, психологтар көмектесіп, кеңес беретін. Қазір соның бірі де жоқ, не мектепте, не үйде бұл туралы айтылмайды. «Неке және отбасы» кодексінде айтылғандар назарға алынбайды. Сондықтан АХАТ органдарының базасында орталықтандырылған қаржыландыру жағдайында қосымша штаттық бірліктер аша отырып, арнаулы психологиялық қызметті қайта құру керек. Ол жерлерде некеге тұрушыларға, олардың ата-аналарына, бірінші кезекте аналарға арналған тренингтер ұйымдастырылуы қажет. Бұл шаруаға үкіметтік емес ұйымдарды, өмірлік тәжірибесі мол ардагерлер кеңесі мүшелерін тартуға болады”, – дейді ол.
Маманның сөзінен ұққанымыз, қазіргі үйленіп жатқан жастардың көбі 90-шы жылдардан кейін өмірге келген, отбасында бір ұл, бір қыз болып ерке өскендер. Ата-аналары оларды отбасылық өмірге дайындаудың, үйретудің орнына тойды дүрілдетіп, өзгелерден асырып жасаудың қамымен айналысып кетеді. Содан барып сәл ыдыс-аяқ сылдырласа болды, екі жақ та балаларын «үйге қайт, таста бәрін, балаңды да, өзіңді де асырай аламыз» деп шыға келеді. Оның кейінгі салдарына бас ауыртпайды. Бұл да ажырасудың көбейіп тұруының мамандардың көзі жеткен бір себебі.
Мамандар айтқан тағы бір жайт, отбасылық кәсіптерін бөлісу мақсатында, декларация тапсырудан жалтару үшін ресми түрде неке бұзуды рәсімдеп, ал өмірде бірге тұра беретін, былайша айтқанда, «жалған ажырасатын» ерлі-зайыптылар да кездеседі екен. Бұл жағдай елуден асқандар арасында байқалған. Кейде балалары ержетіп кеткен өзге ұлт өкілдері де бірі Ресейге барғысы келіп, бірі осында қалғысы келіп те екі бөлінген некелер тіркелген. Дегенмен, бұлар да ажырасу көрсеткішін арттыруға жұмыс істеп жатқанын ұмытпаған жөн.
Иә, әділет департаменті мамандарының нақты сандарды сөйлете отырып, айтқандарын күнделікті өмірде де көріп жүрміз. Мысалы, өзім танитын замандас Ерлан есімді жігіттің үйленген соң бір аптадан кейін ажырасқанын естігенбіз. Сондағы себеп, келін баланың ауылда ата-енесімен бірге тұрғысы келмегені екен. Артынан көп өтпей сол жігіт өзі де қалаға көшіп, екінші мәрте үйленді, қазір қалада тұрады.
Тағы бір Мақсат есімді таныс жігітіміз мектеп жасына келіп қалған баласын жазда ауылдағы ата-апасына жібермегені үшін әйелімен сөзге келісіп, ақыры екі бөлініп тынды. Мұндай фактілер қазір көптеп кездесетіні шындық. Сол кездерде асықпай ақылға салғанда, екі жағдайда да ажырасу болмас па еді деген ой әлі де бізді мазалайды.
Мақсат болса: «Соған бола өкінбеймін, алименттен бөлек, ұлыма керекті дүниесінің бәрін алып беріп отырам», – дейді. Алайда, соның бәрі әкенің күнделікті мейірімі мен тәрбиесін алмастыра алмайтынын, «әкелі ұл мақтаншақ, әкесіз ұл жасқаншақ» болып өсетінін ұқса дейміз қазіргі жігіттер мен қыздарымыз.
Сонымен қатар, ажырасу көрсеткішін азайту үшін неке бұзғанда тараптар төлейтін мемлекеттік баж салығының көлемін де арттыру керек сияқты. Мысалы, жарты немесе бір миллион теңгеге дейін апарып қойса, төлемесеңдер, некелерің бұзылмайды десе, ажыраспауға бұл да бір себеп болмақ. Себебі, мамандар қазір оның мөлшері сот шешімі мен АХАТ бөлімінікін қосқанда 10 мың теңгеге де толмайтынын (3 АЕК) айтады.
Бұдан бөлек, отбасын құратын жастарымыз қалада жекеменшік негізде бірнеше отбасын жоспарлау орталықтары бар екенін білсе дейміз. Солардың бірі Тәуелсіздік даңғылы бойында Металлургтер мәдениет сарайы ауданында орналасқан. Онда қажетті кеңестер беріліп, буклеттер, кітапшалар, өзге де отбасын құруға қажетті материалдар таратылады.
Қандай жағдай болмасын, ажырасу деген жақсы ат емес. Сондықтан жастарымыз бәрін ақылға салса, туған-туыстың абыройын ойласа, араларындағы балаларын жаутаңкөз етпей, бірігіп тәрбиелесе, осы зерттеуде айтылғандардан сәл де болса бір сабақ алса деген ниеттеміз.
Өкініштісі, АХАТ бөлімі мамандарының айтуынша, өңірде соңғы 15 жылдың көлемінде жыл сайын неке құрған жұптардың 50 пайызға жуығы некені қайта бұзуға өтініш береді екен. Бұрындары некеге тұрғандардың жыл сайын үштен бірі ғана ажырасса, қазір бұл көрсеткіш үштен екіге жақындап келеді.
Көрсеткіштер соңғы екі жылда да көңіл көншітпейді. Мәселен, 2016 жылы 10460 неке тіркелсе, ажырасу 4947 болған. Ал ағымдағы жылдың алты айындағы неке саны 4189 болса, ажырасу 2595-ке жеткен. Ең алаңдататыны, жыл сайын неке саны азайып, керісінше ажырасулар көрсеткіші көбейіп бара жатқаны.
Просмотров материала: 2 492