Бірнеше ғасыр бойы қазақ халқы араб графикасына негізделген әліпби жүйесін пайдаланып келді. 1929-40 жылдар аралығында латын графикасына негізделген әліпбиді жазу жүйесіне енгізіп, 1940 жылдан бері қарай кирил графикасы әліпбиін қолданып келеді.
Шындығы керек, бұл аралықта қазақ халқының мүддесі көзделген жоқ. Бұл алыстан ойластырылған халықты өз тарихи жадынан айырудың амал-тәсілдерінің бірі болатын.
Кеңес өкіметі орнағаннан кейін, 1917 жылдың мамыр айында мектепті шіркеуден бөлу және барлық мектеп жасындағы балаларды еңбекке баули отырып тегін, міндетті оқуға тарту жөніндегі бағдарламаның қабылдануы Қазақстандағы оқу-ағарту саласында елеулі өзгерістерді талап етті.
ХХ ғасырдың 20-жылдарынан бастап қазақ оқығандарының арасында латын әрпіне негізделген жаңа әліпбиге көшу мәселесі көтерілді. Дегенмен 1924 жылы жазында Орынборда өткен қазақ-қырғыз білімпаздарының тұңғыш съезінде А.Байтұрсынов бастаған араб әрібін қолдаушылар басым түсіп, араб әрпіне лайықталған қазақ графикасы қабылданды.
Жаңа әліппе комиссиясының жұмысына сол кездегі партия мен үкімет қолдау көрсетті. Латын жазуын қолдаушыларының арнайы «Жаңа түрік әліппесінің комитеті» құрылып, «Жаңа түрік әліпбиі» атты кітап бастыртып, мектептерде осы кітаппен оқытуды ұсынды. Сондай-ақ газеттерді бірте-бірте латын әрпімен басу мәселесін өз міндеттеріне жатқызды. Комитет мүшелері халық арасында баспасөз арқылы жаңа әліпбидің қалың бұқара үшін араб әрпіне қарағанда пайдасы мен қолайлылығын түсіндіріп, осы төңіректе пікір алмасуға шақырды.
1925 жылдан бастап жаппай Қазақстанның мектептерінде, жеке кәсіпорындарында және мекемелерінде латыншылардың «Жаңа әліпбишілер үйірмесі» немесе «Латыншылар үйірмесі» құрыла бастады. Соңғылары тек айтыс-тартыс жиналыстарын ғана емес, арнайы жаңа әліпбиді үйрететін үйірме сабағын ұйымдастырды, баяндамашылар үшін тезистер құрастырып, жергілікті газеттерге ұжымдық мақалалар жазды. Осы жылы Н.Төреқұловтың «Жаңа әліпби туралы» атты кітабы басылып шықты.
1926 жылы ақпанда Баку қаласында өткен Бүкілодақтық І түркологиялық съезде латыншылар мен арабшылар арасында пікірталас қызу өтті. Осы съезден кейін түрік республикаларында жаңа әліпби ұйымдары құрыла бастады. Ұйымдардың басты мақсаты халық арасына латын әліпбиінің қолайлылығын түсіндіру болды. Сондай-ақ Әзірбайжан, Солтүстік Кавказ латын негізіне қойылған жаңа әліппені алуға декрет шығарды.
Латын әрібінің алғашқы нұсқасын жасаушылардың бірі Халел Досмұхамедұлы болған. Ол бастапқыда латын әрібіне қарсы болғандығын: «Нәзір айтқандай, менің латын әрпін алуға қарсы екенім рас. Бірақ латынға қарсы екенімді біле тұра маған латын әріптерінің жобасын жасау тапсырған соң, сол жобаны жасағаным рас. Одан кейінгі «Қазақ тіліне латын әрібін алу мәселесі» деген мақаласында: «Түркі халықтарына араб харіфтерін тастап, латын харіфін алу керек деген сөз көптен бар. Әзербайжандар латын харіфтерін қабылдады, жаһұттар да солай қылды. 1922 жылғы съезінде өзбектер де өз тілін латын харіфтерімен пішті. Профессор Поливанов үлгі жасады» - деген болатын.
Бұдан шығатын түйін, ХХ ғасырдың 20-жылдарының басында-ақ латын әліпбиіне көшу мәселесі кең қойылған да, сол онжылдықтың соңына қарай, шешім қабылданған.
Түркияда Ататүріктің басшылығымен 1928 жылдың 28 маусымында «Алфавит жөніндегі комиссия» құрылып, оған мынандай міндеттерді тез арада шешуді тапсырады:
- латын графикасына негізделген жаңа түрік әліпбиін қабылдайды;
- жаңа грамматиканың жобасын жасайды;
- осы жобаларды қолданысқа енгізу жолдарын көрсетеді.
Түркияда латын әліпбиіне өту кезеңі бар-жоғы бір жылға ғана созылды. 1928 жылдың 1 қарашасында М.К.Ататүрік «Жаңа түрік әріптерінің қабылдануы мен қолдануы туралы» Заң шығарды. Бұл заң бойынша 1929 жылдан бастап мемлекеттік мекемелердің латын әліпбиіне өтіп, араб графикасын қолдануына рұқсат берілмеді. 1929 жылдың 1 маусымына дейін ғана қатар қолданылып келген араб графикасына іс-қағаздар жүргізуде мүлде тыйым салынды.
Сөйтіп, Түркияның латын әліпбиіне көшуі бір жылға ғана созылды. Бұл аралықта биліктің мығым саясаты мен бағыты шешуші рөл атқарғаны білінеді.
Кеңес өкіметінің ыдырауына байланысты кеңестік түркі халықтарының арасында тағы да латын әліпбиіне көшу мәселесі қайта қозғалды.
1991 жылы 25 желтоқсанда Әзірбайжан Республикасының Президенті А.Муталибов «Латын графикасы негізіндегі әзірбайжан әліпбиін қалпына келтіру туралы» заңға қол қояды. Бұл заң бойынша Әзірбайжанда 1940 жылға дейін қолданылған 32 әріптен тұратын латын графикасындағы әліпби азын-аулақ өзгерістермен қалпына келтірілу ұйғарылды. Бұл шаралар Кеңес үкіметі құлағаннан кейінгі кеңістіктегі түркі мемлекеттерінің егемендік алуымен байланысты ұлттық сананың көтерілуімен, өз рәміздерін, ұлттық нақышын белгілеу процесінің жемісі болды. Оның үстіне Әзірбайжан елі шекаралас жатқан бауырлас Түркия мемлекетімен тығыз мәдени қарым-қатынасы да осы үдерістің Әзірбайжанда бірінші болып басталуына себепші болды. Әзірбайжан зиялылары елде ХХ ғасырдың 90-жылдары үлкен отаншылдық серпіліс, ұлттық сананың асқақтап көтерілген кезеңі болды дейді.
Әзірбайжан ғалымдарының айтуынша, 1991 жылы Әзірбайжанда түрік тілінің нұсқасындағы әліпби қабылданды. Алғашқы заң қабылданғаннан кейін ел ішінде осы мәселеге қатысты әртүрлі көзқарастар болды. Осыны ұзаққа созып, аяғын ушықтырып жібермес үшін Үкімет қатаң қадағалау саясатын ұстанды. Артық-ауыс пікір білдіруге теріс қарады, тіпті агрессиялық қатаңдықпен барлық қарсылықтарды тыйып отыруды ұстанды. Осының нәтижесінде елде негативті жайттар көп орын алған жоқ. Елдің беті бірден латын әліпбиіне бұрылды. Біржақтылықты ұстанған саясат өз жемісін беріп, қазіргі кезде Әзірбайжанда латын графикасына өту үдерісі аяқталды. Осы уақытқа дейін аталған мәселе бойынша айтарлықтай наразылық болған жоқ.
1993 жылы 2 қыркүйекте Өзбекстан Респубикасы «Латын графикасы негізіндегі өзбек әліпбиін енгізу туралы» заң қабылдады. Өзбекстан Республикасы мәжілісінің 1995 жылы 21 желтоқсанда қабылдаған «Мемлекеттік тіл туралы Өзбекстан Республикасының заңын жүзеге асыру тәртібіне қатысты» жарлығы бойынша Өзбекстан республикасының латын жазуына көшуінің соңғы кезеңі болып 2005 жылдың 1 қыркүйегі белгіленді.
Латын әліпбиіне көшу туралы мәселе Қазақстан Тәуелсіздік алған жылдардан бермен қарай көтеріліп, халық арасында кеңінен айтылып, әр алуан жұмыстар жүргізіліп келеді.
2006 жылы Елбасы Н.Назарбаев Қазақстан халықтары Ассамблеясының ХІІ сессиясында: «Қазақ әліпбиін латынға көшіру жөніндегі мәселеге қайта оралу керек. Бір кездері біз оны кейінге қалдырған едік. Әйтсе де латын қарпі коммуникациялық кеңістікте басымдыққа ие және көптеген елдер, соның ішінде посткеңестік елдердің латын қарпіне көшуі кездейсоқтық емес. Мамандар жарты жылдың ішінде мәселені зерттеп, нақты ұсыныстармен шығуы тиіс. Әлбетте, біз бұл жерде асығыстыққа бой алдырмай, оның артықшылықтары мен кемшіліктерін зерделеп алуымыз керек», - деген салихалы ойын білдірді.
Одан кейінде Елбасы бұл мәселеге қайта оралып, кезекті Жолдауында 2025 жылдан бастап латын әліпбиіне көшу туралы ойларын таратып айтты. «Бұл ой еліміз тәуелсіз алғаннан кейін мені жиі мазалады. Бірақ біз көп ұлтты халықпыз. Әр ұлттың ой-пікірі бар. Қазіргі кириллица арқылы қазақтардың да, қазақстандықтардың да бірнеше буыны тәрбиеленіп, білім алды. Өмірді таныдық, дүниені көрдік. Сондықтан латын қарпіне көшкен жағдайда да кириллица көпке дейін қатар қолданылады, екеуі біразға дейін бірге пайдаланылады деп ойлаймын» дей келіп: «Біз 2025 жылдан бастап әліпбиімізді латын қарпіне, латын әліпбиіне көшіруге кірісуіміз керек. Бұл – ұлт болып шешуге тиіс принципті мәселе. Бір кезде тарих бедерінде біз мұндай қадамды жасағанбыз. Балаларымыздың болашағы үшін осындай шешім қабылдауға тиіспіз және бұл әлеммен бірлесе түсуімізге, балаларымыздың ағылшын тілі мен интернет тілін жетік игеруіне, ең бастысы – қазақ тілін жаңғыртуға жағдай туғызады» - деген болатын.
Елбасы қандай да бір ойды тектен-текке айтпайды. Солай бола отырып, бұл мәселеге үлкен жауапкершілікпен келуімізді талап етеді. Біздің еліміз көп ұлтты мемлекет, яғни латын әліпбиіне көшуді жан-жақты саралай, бірте-бірте жүзеге асырудың қажеттігін ескертеді.
Ғалымдар, әдебиетшілер, көпшілік қауым арасында бұл мәселеге қатысты екі жақты пікір байқалады. Бірі қажет дейді, бірі қажет емес дейді. Пайдасы мен зияны жөнінде де әр алуан пікірлер білдіріліп жатыр.
Белгілі ғалым Шәкір Ыбыраев әліпбиді латынмен ауыстырғанда ұтатын жақтарымызды былай таратады: Біріншіден, тіл тазалығы мәселесі. Тіліміздегі қазіргі жат дыбыстарды таңбалайтын әріптерді қысқартып, сол арқылы қазақ тілінің табиғи таза қалпын сақтауға мүмкіндік аламыз. Екіншіден, қазақ тілін оқытқан уақытта басы артық таңбаларға қатысты емле, ережелердің қысқаратыны белгілі. Ол мектептен бастап барлық оқу орындарында оқыту үрдісін жеңілдетеді. Уақыт та, қаржы да үнемделеді. Үшіншіден, латын әліпбиіне көшу – қазақ тілінің халықаралық дәрежеге шығуына жол ашады. Қазақ тіліне компьютерлік жаңа технологиялар арқылы халықаралық ақпарат кеңістігіне кірігуге тиімді жолдар ашылады. Төртіншіден, түбі бір түркі дүниесі, негізінен, латынды қолданады. Біздерге олармен рухани, мәдени, ғылыми, экономикалық қарым-қатынасты, тығыз байланысты күшейтуіміз керек.
Лингвист Шерубай Құрманбайұлы латын әрпіне көшудің қиындықтары болғанымен, латын әрпіне көшу уақыт талабы екенін айта келіп, кейінгі ұрпақ қазіргі 42 әріпке қарағанда 33 таңбадан тұратын латын әліпбиін тез үйреніп алады деген ойын білдіреді.
Тұтастай алғанда, латын әліпбиіне көшуді қолдаймыз. Бұл ретте, әсіресе, жастар латын әліпбиіндегі қазақ жазуын тез игеріп алады. Мектепте ағылшын тілі пәнін оқуы, басқа әлеуметтік-қажеттілік жағдайлары олардың жылдам меңгеруіне мүмкіндік жасайтыны сөзсіз.
Ең басты мәселенің бірі – қолданылуға өте ыңғайлы, әлемдік жаңа технологияларға ыңғайланған, қазақ тілінің, сондай-ақ Қазақстанда тұрып жатқан басқа сан ұлттың тілдік жайларын да қамтитын жақсы латын харпіндегі алфавитті құрастыру болып табылады. Бұл - өте күрделі және басты жұмыс. Біздің ойымызша, өзге түркі халықтарының да жазуын оқитындай ортақ үлгіде болып жатса, құба-құп деп білеміз. Түркі халықтарының арасындағы рухани байланысты орнатуға мүмкіндік берсе, тіптен жақсы.
Екінші күрделі мәселе – Қазақстанда тұратын өзге ұлт өкілдерінің бұл жазуға көшу жайы. Орыстілділердің көшуі қалай болады? Олардың уәжінде кирилица жазуын қатар қолдана берейік деуі және бұл процесс тым ұзаққа созылып кетуі мүмкін. Қазіргі уақытта, жасыратыны жоқ, елімізде мемлекеттік тіл өз дәрежесінде, биігінде тұрған жоқ. Бір кездегі мемлекеттік тілге деген құлшыныс, қызу қозғалыс қазір көп бәсеңсіп қалған тәрізді. Мұнда да үлкен кедергі келтіріп, қолбайлау болып отырғандар орыстілділер болып табалады. Және биліктің басым бөлігі олардың қолында. Қазіргі мемлекеттік тіліміздің жайы тәрізді ертең латын әліпбиіндегі жазуға көшу тым ұзаққа созылып, сиырқұйымшақтанып кетпей ме? Бұл үшін мемлекет тарапынан жан-жақты ойластырылған жоспарлы, мақсат-мүдделі жұмыс қажет.
Үшінші күрделі мәселе – әрине, бұл екінші мәселемен байланысты, дегенмен өз алдына бөлек айтса да жөн болады. Ол – БАҚ мәселесі. Қазақстанда қазақ тілінде шығатын газет-журналдан гөрі орыс тілінде шығатын мерзімді басылымдар әлдеқайда көп және таралуы жағынан да басым. Олардың өзіндік уәждері де болуы мүмкін. Мәселен, «біздің газет Қазақстанда да, көршілес Ресей мемлекетінде тарайды» деуі мүмкін. Екі жазуда шығару тиімсіз. Сонда ол газет Қазақстанда орыс алфавитімен жазылған қалыпта тарай бере ме, оның мыңдаған оқырмандары орыс алфавитімен жазылған қалыпта оқи бере ме? Біздіңше, бұл да өте күрделі мәселе.
Сондықтан да бұл мәселелерді осы кезден жан-жақты ойластырып, мемлекет тарапынан бір нақты шешімге келіп, бағдарламамен жұмыс атқарылуы тиіс. 2025 жылға дейін уақытты күтіп жатудың қажеттілігі жоқ. Дайындық, насихат жұмыстары белсенді орындалуы тиіс. Ол үшін арнайы мемлекеттік комиссия жұмыс істеп, нақты мақсат-міндеттермен, шешілуі тиісті мәселелермен айналысуы керек. Қоғамдық пікірді ұйымдастыру қажет. Орыстілділердің мәселелері зерттеліп, оны шешудің ғылыми, оңтайлы жолдары іздестірілуі тиіс.
Сәмен ҚҰЛБАРАҚ,
филология ғылымдарының докторы,
М.Х. Дулати атындағы ТарМУ профессоры
Дереккөз: Qamshy.kz
Просмотров материала: 5 160