Өткен жылы Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығын тойладық. Аз ғана уақыттың ішінде Қазақстан мемлекетін бүкіл әлем таныды. Халқымыз бұрын-соңды мұндай танымалдыққа, даңққа бөленген емес. Ширек ғасырда жеткен табыстарымызды, жетістіктерімізді айтып тауысу мүмкін емес. Қазақстанның көп векторлы сыртқы саясаты әлемнің көптеген елдерімен тұрақты байланыс орнатуға мүмкіндік туғызды. Әсіресе бауырлас түркі елдерімен, Түркиямен байланысымыз лайықты дамыды.
Түркия Республикасы Қазақстанның Тәуелсіздігін ең алғашқы болып мойындап, туыс, бауыр екенін дәлелдеді. 1992 жылы 2 наурызда Қазақстан мен Түркия арасында рухани әрі саяси бауырластық келісімі жасалды. Аллаға шүкір, осы тәуелсіздік жылдары екі туысқан елдің арасындағы қарым-қатынас нығаймаса еш бәсеңдеген емес.
Тек соңғы жылдары ғана елімізде алаңсыз еңбек етіп, өзіндік зор үлестерін қосып жүрген түрік бауырларымызды алаңдатқан оқиғалардың туындауы әбден шегіне жеткен соң қолыма қалам алып, осы мәселелерді зерттеп, өз толғамдарымды Ана ретінде, өзіңіздің саясатыңызды шын жүректен қолдап жүруші қарапайым азаматша ретінде ортаға салғым келді.
Әрине, мұндай күрделі мәселеге батыл түрде бет бұруыма жоғарыдағы себептерден басқа да осындағы түрік бауырларымның қиналғаны, осы жағдайға байланысты жүздеген ата-аналардың алаңдаушылығы әсер етті. Сондай-ақ осы мәселенің көлеңкесінде мыңдаған ата-аналармен бірге ҚТЛ-ды бітірген он мыңдаған түлектердің және болашақ шәкірттердің тағдыры тұрғандығын жеткізгім келеді.
Арасында өзім туралы бірер ауыз сөз айта кетейін. Жоғары оқу орнын бітірген соң ауылда ұстаз болдым. Кейін Алматы шаһарында А.Жұбанов атындағы саз мектебінде жай мұғалімнен басшылыққа дейін педагогтық қызмет атқардым. Біраз жылдар «Қазақтелеком» компаниясында мемлекеттік тілдің кеңінен өркен жаюына өз үлесімді қостым.
Соңғы оншақты жылда «Қазақстан ZAMAN» газетіне басшылардың бірі болып қызметке келіп, журналистика саласында қызмет істеп жатырмын. Әлеуметтік-экономикалық тақырыптарға қалам сілтеп келемін. Өткен жылы әлеуметтік, қоғамдық, танымдық «ЕлАна» сайтын аштым. Міне, осы жасаған қызметтерімді ескеріп «ҚР Еңбек сіңірген қайраткері» атағын бердіңіз. Алғысым шексіз. Бұл атақ Сіздің маған жүктеген зор сеніміңіз. Ол сеніміңізді халқымыздың ішінде, екі туысқан елдер арасында іріткі түсейін деп тұрған сын кезеңде ақтамасам қай уақытта ақтаймын? Жасым 71-де.
Газетте істеген соңғы сегіз жылда түрік бауырлармен етене араластым. Олардың өз істеріне деген ыждахаттылығына, Сізге, халқымызға деген адалдығына куә болдым. Олар мені өз аналарындай көреді. «Сіз біздің анамызсыз!» деп құрмет тұтады, мені кәдімгідей қорғаныш санайды. Иә, төмендегі жағдайды әже, ана, ұстаз ретінде, мен де Сіздің саясатыңызды шын жүректен қолдайтын қаламгер ретінде өзіңізге жеткізуді парыз санадым.
Қазақстан тәуелсіздігі жылдарында еліміздің орта білім жүйесінің Дарын мектептері, Назарбаев зияткерлік мектептері, Қазақ-түрік лицейлері тәрізді жаңа форматтары пайда болды. Білім саласында қол жеткізген жетістіктерінің дені атап айту керек, Қазақ-түрік лицейлерінің қызметіне байланысты екендігі мәлім.
Ел тәуелсіздігінің елең-алаңында, сонау 90-шы жылдардың басында Сіз бен Түркия Президенті Тұрғұт Озалдың күш-жігері екі елдің арасындағы мәдени-достық байланыстарды нығайтуға бағытталды. Қазақ-түрік лицейлерінің басын біріктіретін КАТЕV қоры Қазақстан заңдары негізінде жұмыс істеді. Әрі қазақ-түрік лицейлері сапалы білім мен саналы тәрбие жұмыстары арқылы үлкен абыройға ие болды. Бүгінде олар Білім инновация лицейлері (БИЛ) деп аталады.
Қадірлі Нұрсұлтан Әбішұлы!
Қазақ-түрік лицейлер жүйесі 90-шы жылдарда бізге ауадай қажет еді. Енді ғана тәуелсіздігін алған елге халықаралық стандарттарда білім беретін жүйе енгізу және сол кездің экономикалық және әлеуметтік қиындығына қарамастан бұны іске асыру барып тұрған ерлік болатын. Бізге жасалған ізгіліктерді ел билігі де, ел халқы да ешқашан ұмытпақ емеспіз!
Қазақ-түрік лицейлері орта білім саласында Қазақстан абыройын айтарлықтай аспандатты.
ҚТЛ жайында өзіңіз айтқан жылы лебіздеріңіз де сала шәкірттері мен ұстаздарының мақтанышын оятты, ықыласпен жұмыс істеп жатқан жандарға зор қолдау болып рух берді, жігерлендірді. Мәселен, 2011 жылы Астанадағы «Нұр Орда» қазақ-түрік лицейінде: «Қазақ-түрік лицейлерінің өзге мектептерден ерекшелігі – білім беру сапасында.
Лицейлерде жаратылыстану пәндері ағылшын тілінде оқытылуда, тіл үйрену үшін де барлық жағдай жасалған» дегенсіз. Ал, 2013 жылы KATEV халықаралық қоры оқу орындарының басшылығына, педагогтары мен оқушыларына арнаған сөзіңізде: «Шәкірттердің тек соңғы бес жылдың өзінде халықаралық олимпиадалар мен ғылыми сайыстарда 220 алтын, 304 күміс, 421 қола медаль жеңіп алуы зор мақтаныш екені сөзсіз» дегенсіз зор сүйіспеншілікпен. Осы жерде қосымша айтып кететін жайт, 1995-2016 жылдары ҚТЛ барлығы 15156 медаль алып, Қазақстанның мерейін, білімнің мәртебесін дүние жүзіне танытқан.
Елімізге осындай олжа салған қазақ-түрік лицейлеріне бүгінде қиянат жасау әділдікке жатпайды. Ондай қиянат қазақ халқына да, оның бойындағы адалдық пен адамгершілікке де жат дүние. Есесіне бізге 25 жыл бойы адал қызмет істеп, халықаралық білім сайыстарында көк байрағымызды желбірететін шәкірттер тәрбиелеген ұстаздарды түрлі сылтаулармен ұстап беру немесе елден алыстату бұл қазақтың мәрттігіне жараспас. Бүкіл Еуропа елдеріндегі түрік мектептері қаз-қалпында жұмыс істеп тұр.
Сонау оңтүстік-шығыстағы Филиппин мемлекетінің бас қолбасшысы, генерал Эдуардо Ано: «Біз Гүлен қозғалысына қатысушыларды террористер деп есептемейміз» дегені көп нәрсені аңғартады. Енді алысты айтпағанда іргеміздегі қырғыз бауырларымыз сияқты позициямызды ашық айтып, бүгінде қазақ жұртына еңбек сіңірген түркиялық аяулы ұстаздар мен олардың отбасыларын саясаттың құрбанына айналдырмағанымыз жөн.
Елбасының Түркияға жасаған сапарында айтқанындай, бұл ұстаздар арасында Түркиядағы әскери төңкеріске қатысы барлар болса, аямай, тиісті шара қолданылсын!
Ал қатысы жоқ болса олардың «ішкенін ірің» қылмай тыныш қойған жақсы. ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің баспасөз хатшысы мәлімдегендей, Қазақстанда тұрып жатқан түркиялық азаматтардың төңкеріске қатысы анықталмаған. Олай болса, сонау 1937 жылғы кеңестік саяси қуғын-сүргін құрбандарына ұқсатып, өз қолымызбен бұл ағартушыларға қиянат жасамайық. Өйткені біз 25 жылда бұл ұстаздардан жақсылықтан басқа еш жаманшылық көрмедік.
Өмір тұрақты тұрмайды. Ертең Түркияда билік өзгеріп, ақиқат анықталса жер шұқылап қалмайық. Түркияның Премьер-министрі Аднан Мендерес 1952-ші жылы Пәкстаннан Түркияға ұшақпен 1840-тан аса қандастарымызды алдыртып, азаматтығымен қоса үй, жер бергені әлі күнге есімізде. Қазақстанда жұмыс істеп жүрген түрік бауырларымыз бұл күндері үлкен қиыншылықтарды бастан кешіруде. Визасы біткендер басқа елдерге көшуге мәжбүр. Бала-шағасы қиналуда.
Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы!
Түркі дүниесінің ақсақалы ретінде осы мәселенің шешілуі тек Сіздің ғана қолыңыздан келеді. Бауырлас елдегі саяси ахуалдың тұрақтануы және бейбіт дамуы баршамыздың ортақ тілегіміз. Ағайынды қиындықтардан арашалау және оларды саяси қуғын-сүргіннен қорғау аса маңызды болып тұр.
Елшінің көздегені не еді?
Ақпараттық технологиялар заманында әлемде не болып жатқанынан қолма қол хабардар болып отырамыз. Бірін оқып сүйсінсең, бірін оқып шошисың. Өткен жылы Түркияда жүзеге аспай қалған бүлік оқиғасынан соң Түркияның ұстанымдары күрт өзгерді.
Ол Қазақ-түрік лицейлеріне де қатысты болып шықты. Ағымдағы жылдың 2-наурызында Түркияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Невзат Уянык Baq.kz ке берген сұқбатында еліміздегі БИЛ (Қазақ-түрік лицейлері) жайында былай деген: «Осы орайда бір мәселенің басын ашып айтып кеткім келеді. Ол – ҚТЛ мектептері туралы. Негізі, Қазақ-Түрік лицейлері деп аталғанымен, бұл мектептерге мұндай атау ресми түрде берілген емес. Және бұл мектептер Түркия Ұлттық білім министрлігінің құзыретіне қарамайды. Жеке қордың қарамағында. Онда сабақ беретін ұстаздар да министрліктің атынан келген мұғалімдер емес.
Директорлары да Түркия тарапы ұсынбаған басшылар. Олар бар болғаны, Түркия атауын рұқсатсыз пайдаланып, өз мақсаттарын жүзеге асырып отыр. Қазіргі таңда мұндай лицейлер көп. Біз бұлардан арылатын боламыз. Түркия атына кір келтірушілерден өз абыройымызды қорғаймыз. Ал сол мектептерде оқитын оқушылар мен ұстаздар, болмаса ата-аналар еш зардабын тартпайтын болады. Біздің мақсат ол емес. Керісінше, оларға мүмкіндігімізше көмектесу. Мектептерді кадрмен қамтамасыз ету, сапалы білім беру мен білімді оқушы дайындауда Түркия тарапы Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігімен бірлесе отырып, қолдан келгеннің барлығын жасауға әзір.
Бұл туралы осыған дейін де біз үнемі айтып келеміз. Алдағы уақытта бұл лицейлер толықтай Түркия Ұлттық білім министрлігінің қарамағына өтеді» деп пікір білдірген. Сұхбатын оқып қатты шошыдық. Алаңдаушылық білдірдік. Ата-аналар хат жаза бастады.
Осыған байланысты өздерінің наразылықтарын білдірген БИЛ ата-аналары да өзіңізге ашық хат жолдады. Аллаға шүкір елшінің алғаш сұхбаты жарияланғаннан кейін тура бір аптадан кейін түрік елшісі қулыққа көшіп, «аудармашыдан қате кетіпті» деп құтылды. Артынша СІМ, Білім және ғылым министрлігі осы бір мәселеге байланысты ресми пікір білдірген еді.
«Қазақстан елдегі білім беру мекемелерінің қызметіне ешкімнің араласуына жол бермейді. Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов бұрынғы қазақ-түрік лицейлеріне қатысты пікір білдіру барысында мәлімдеді», − деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі. «Қазақ-түрік лицейлері ребрендингтен өткенін растаймын, олардың атауы өзгерді («Білім-инновация лицейі» − автор). Лицейлер Қазақстанда бекітілген мектептік бағдарламалар бойынша жұмыс істейді және оларға тиісті жергілікті атқарушы билік органдары басшылық етеді. Біз Қазақстандағы білім беру мекемелерінің қызметіне біреудің араласуына жол бермейміз», − деді Қайрат Әбдірахманов.
− «ҚР Білім және ғылым министрлігі мен ҚР Сыртқы істер министрлігі осы мәселе бойынша бірлескен мәлімдеме жасады. Оған дейін ҚР Білім және ғылым министрлігі қазақстандықтарды Түркия елшісінің жасаған мәлімдемесі бойынша алаңдамауларын сұрайды. «Білім-инновация лицейі» жұмысының әдеттегі тәртібі өзгеріссіз қалады»
Түркияның Сыртқы істер министрлігі асығыс көзқарас ұстанатын сияқты. Бүкіл әлемдегі өзіне қатысы бар, қатысы жоқ кезінде түрік лицейі деген атау алған оқу орындарының барлығын өзіне жау санауы осының белгісі. Көптеген елдерде ашылған Түрік лицейлеріне шүйлігу арқылы Ердоған Түркияға біршама жақын, осы елге ынтызарлығы бар, әрі дұрыс көзқараспен қарайтын азаматтардың санын кемітіп жатыр. Бұл үлкен стратегиялық қателік.
Екіншіден, қазіргі күні елімізде Қазақ-Түрік лицейлері деген атау жоқ.
Бұлар толық мемлекет қарамағына өткен, Қазақстанның Білім министрлігі бекіткен стандарттармен жұмыс істейтін мекемелер. Түркияның бұл ретте: “оларға мұғалім таңдаймын, басшылығын ауыстырам немесе басқа да өзгерістер жасаймын” деуі Қазақстанның ішкі ісіне ашық араласуы. Үшіншіден, түрікшілдік деген ол тек қана Ердоған емес. Ол Ердоғанға байланысты емес. Түркия Ердоған ғана емес. Осы мәселені дұрыс аңғару керек. Иә, түбіміз бір. Бірақ, әр елдің өз тарихы бар. Өзіндік бағыты, мәдениеті бар.
Түркия жағы кезінде Қазақ-түрік лицейлері деп аталған, қазір Білім-инновация лицейі деп аталатын оқу орындарына ешқандай қатысы жоқ екенін түсінуге тиіс. Әрі оған қатысты теріс пейілінен арылса деген үлкен өтінішім бар.
Себебі, мұнда оқып жатқандар түгелге дерлік қазақтың баласы. Білім деңгейі тұрғысынан бұл лицейлерге тағатын мін жоқ. Түрлі халықаралық олимпиада, конкурстардың көпшілігінде жеңіс тұғырынан көрінгендер осы лицейдің түлектері. Егер бұған қиянат жасайтын болсақ, онда өзіміздің біліми әлеуетімізге қарсы әрекет жасағанымыз.
Бәлкім, біздің Сыртқы істер министрлігі Түрік елшісін шақыртып, лицейлерде істейтін ұстаздардың 90 пайызы қазақ азаматтары, білім алатын балалардың түгелге дерлігі қазақ баласы екенін көзін жеткізіп, Түркияға еш қатысы жоқ екенін дәлелдеуі тиіс шығар.
«Маариф» білім беру қоры кімдікі?
Түркия Президентінің қаһарланғаны соншалық, шетелде ағартушылықпен айналысып жатқан түрік мектептерін түбегейлі жойып, өз саясатын жүргізетін жаңа жүйе құрмақшы көрінеді. Бұл жөнінде түрік баспасөздерінде жарияланып жатқан ақпараттарға сүйенсек, өткен жылы «Маариф» білім беру қоры құрылған. Бұл қордың негізгі мақсаты шетелде білім беретін түрік мектептерін тартып алып, не болмаса жаңа білім беретін мекемелер ашып, Түркия ресми билігінің саясатын жүргізу тапсырылған.
Бұған дәлел ретінде 12 адамнан тұратын басқару алқасы құрылған. Басқару алқасының 4-ін президент, үшеуін министрлер кабинеті, екеуін білім министрі, біреуін экономика, біреуін сыртқы істер министрі тағайындайды. Ал бұл қазіргі басқару алқасының ішінде біреуі ғана педагог, қалғандарының көпшілігі басқа сала мамандары және биліктегі партияның бұрынғы қызметкер тілеулестері.
Білімге саясат араласқаннан кейін ол жерде қандай адам тәрбиеленетіні айтпаса да түсінікті. Біз бұны кешегі зұлмат жылдардың салқын саясатынан жақсы білеміз. Қаншама ақтаңдақтарымызды осы саясат құртты емес пе? Онсызда су жаңа құрылған бұл қордың еліміздегі түрік мектептерін тартып алу туралы, оларды тәркілеу жоспары барып тұрған заңсыздық.
Біреудің, басқа мемлекеттің жеке меншігіндегі мүлікті және мекемені қай заңға сүйеніп тартып алады екен? Әлде өз елдеріндегі заңсыздықты мұнда істей аламын деп ойлай ма екен? Түсініксіз. Бұндай әрекеттерге ешқашан жол берілмеуі керек. Есесіне 25 жылдан бері қарай берген білімі және тәрбиесімен Қазақстан билігі және халқының сенімінен шыққан жүйенің бұзылуына жол берілмегені абзал.
Осы «Маариф» білім беру қоры туралы ізденіп біраз нәрсенің бетін аштым, бұл туралы ойланатын нәрсе көп екен….
Біріншіден, кеше ғана құрылған бұл қор білім сапасы және бағыты жөнінде өзін әлі дәлелдеп үлгермеген.
Екіншіден, сан ғасырлық әлемдік брендтік оқу жүйесімен сайысқа түсе алмайды. Халықаралық білім сайыстарында қандай бағытта білім беретіні жөнінде түрік халқының өзі екіұдай болып тұр. Бұл туралы «Егітім сэн» кәсіподағының президенті (мұғалімдердің ең үлкен кәсіподағы) Камуран Қаража былай дейді «Маариф» туралы заң мен ғылым білім мәселесі Білім министрлігінің құзіретінен алынып, жеке қорға беріліп жатыр. Бұл білімнің жекешелендірілуі және ғылым білімді зайырлылықтан алыстатып, діншілдендіру қадамы.
Білім министрлігінің құзырындағы білім беру ісін тариқаттарға берілуін қабылдай алмаймыз» десе, оппозициялық «Жумһирдт» халық партиясының депутаты, профессор Гайе Ұслэр «1981 жылы құрылған білім министрлігіне қарасты ұлттық білім беру қорының істейтін жұмысы соған ұқсас, бірақ содан көп функционалды басқа қор ашып, оның міндеттерін сол қорға жүктеудің астарында басқа мақсаттар бар.
«Маариф» қорын құру арқылы Білім министрлігіне баламалы қосамжар білім жүйесі құрылып, біртіндеп министрліктің күші жойылып жатыр. Бүгінде Білім министрлігінің саясатын билікке жақын «Түргеу» (президенттің ұлы Біләл Ердоғанның қоры) ілім тарқату жамағаты», «Ондер» (лидер), «Зеһра» қоры «Әнсар» және «Бірлік» қоры сияқты қорлар белгілейтін болды. Бұл қорлар министрлікке алтернативті ұйымдарға айналды» деп ашық сынайды.
«Маариф» сөзінің мағынасына жүгінсек, білім беру жүйесі дегенді білдіреді екен. Сонда шынында депутат ханым айтқан баламалы оқу жүйесі ме деп қорқамын.
Қазіргі Түркия билігіндегі Ақ партияның соңғы 14 жылда білім беру жүйесін діншілдендіру процесін Білім министрлігінің орынбасары Орхан Эрдем былай деп баяндайды: «Әсіресе діни білім беретін имам хатип мектептерінің саны 440-тан 1017-ге көтерілді». Қазір бұл сан артпаса азаймайтыны белгілі. Әрине халықтың өз дінін үйренгені қуанарлық жәйт, әйтсе де басқа діни ағымдармен қаруланған бұл балалар ертең саясатқа араласатын болса, онда зайырлылық қағидалары қайда қалады. Ердоғанның өзі бұл меқтепті бітірген, оның бүгінгі тірлігін көріп тұрмыз! Жүрегінде иманы бар адам осындай қатыгездікке бара ма?
«Маарифтің» төңірегіндегі дау-дамайлар бұнымен бітер емес. Қор әсіресе Африкада ашылған түрік мектептеріне көз тігіп отыр. Өзінің құрылу мақсатында осы мектептерді тартып алу екенін қордың президенті Жем Зорлы мәлімдемелерінде айтып жатыр. Бұл жөнінде өздерінің ресми сайттарында жарияланған. Бұны оқып жағамызды ұстадық (turkiyemaarif.org). Зорлының айтқанына қарағанда Сомали және Гана билігі сол елдегі түрік лицейлеріне қарасты қордан мектептерді тартып алып, осы қорға берген екен.
Және бұны мақтанышпен айтады Зорлы мырза. Бірақ та біреудің жекеменшігіндегі қорға қарасты білім беретін мекеме мен ғимаратын қай заңға сүйеніп тартып алды екен? Бұл барып тұрған қарақшылық емес пе? Бұл жасалған заңсыздықты мектептің негізгі иелері сотқа бергендерін өз құқықтарын халықаралық сотқа дейін апармақшы екенін естіп, қуанып қалдым.
Дәл осындай процесс Пәкістан елінде жасалып жатқаны баспасөз беттерінде жарияланды. Абырой болғанда Пәкістан жоғары соты біреудің жеке мүлкін тартып алуға болмайтыны туралы үкім шығарыпты. Дегенмен сот процесі жалғасып жатыр екен. Әрине, демократиясы дамымаған және адам құқығы тапталған елдерде «мен айттым болды» деген сылтаумен бұндай заңсыздықтарға жол берілуі әбден ықтимал. Бірақ ерте ме, кеш пе бәрібір әділеттілік орнайтыны анық.
Үшіншіден, бұл білім жүйесінде жұмыс істейтін ұстаздар қауымы ойландырады. Бұлар өзін дәлелдеген, сапалы мұғалімдер емес, тіпті Жем Зорлының айтуы бойынша, көбі енді ғана оқу бітірген.
Педагогикалық өтілі төмен немесе мүлде жоқ кісілер екен. Және бұлар ауызша емтихан арқылы қабылданады. Бұл дегеніміз билік партиясының көзқарасы сай келмейтіндердің істеу мүмкіншілігі жоқ екенін аңғартса керек. Ертең билік партиясының көзқарасы өзгерсе, бұл мектептердің бағыт-бағдары да өзгермек. Олай болса, бұндай ұстаздар тәрбиелеген өрендер халықаралық білім аренасында қалай бәсекелеспек? Осы мәселе кім-кімді де ойландырса керек.
Енді сөз болған соң оқулық мәселесін де айта кетейін. Әлемдік брендтердің өз білім жолдарын қалыптастырғаны белгілі. Олардың өз оқыту жүйесі және соған лайықтап шығарылған кітаптары бар. Мысалы, Оксфорд, Кембридж сияқты. Бұл мәселеде жеке-дара сан жылдық білім тәжірибесі бар, арнайы оқу жүйелері ғана табысқа жеткен.
Ал кеше ғана құрылған «Марифтің» осындай байлығының жоқ екені айтпаса да түсінікті.
Жаңа құрылған жүйелердің проблемасы жетіп жатыр. Әсіресе «Маариф» сияқты саяси биліктің тікелей қолдауымен ашылған қорлардың діттеген мәселесінің өзі еларалық үлкен дау-дамайларға ұласуы бек мүмкін.
Ақ партияның тікелей қолдауындағы «Әнсар» білім беру қорының Қараман қаласында орналасқан жатақханасының бірінде өткен жылы 45 ұл баланы, сонда ұстаздық етіп жүрген қызметкерінің зорлағаны туралы ақпараттар Түркияны дүр сілкіндіргенін оқып, шошып едік. Сол кездегі билік партиясының отбасы және әлеуметтік саясат министрі Сема Рамазанұлы «бір реттен ештеңе болмайды» деп, оқиғаны жылы жабуға тырысқаны баршаға аян. Ал мұндай жағдай өзге елдерде орын алғанда не боларын айтудың өзі қорқынышты. Ал бұл қордың сол кездегі басшысының бірі «Маариф» қорына жұмысқа қабылданып, Гүржістанға қайта қызметке жіберілгенін естіп, қатты ойланып қалдым. Сонда жауапқа тартылуы керек адамдар қайта қызметке тағайындалады екен. Мұнысы қалай?
Келесі мәселе өзге дін өкілдері және көп дінді, көп ұлтты қоғамдардағы білім берудің қыр-сырын білмейтін педагогтермен жұмыс істеудің қиындығы, тіпті, мүмкін еместігі. Бұған саяси идеялардың қосылғанын есептеп көріңіз. «Әр елдің салты басқа, иті қара қасқа» демекші, кез келген елдің ұлттық мүддесі, халықаралық ұстанымы және салт-дәстүрі бар.
Көп дінді және көпұлтты елдердің толерантты саясат ұстанатыны тағы бар. Демократиялық және құқықтық зайырлы елдердің бұл қадамы бейбіт қоғам орнатудағы жемісін бүгінде жеп жүрміз. Бізге керегі халқымыздың тыныштығы.
Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы!
Қазіргі таңда Қазақстанның білім саласында еңбек етіп жүрген түркиялық 30 тәжірибелі мұғалім визасы бітіп, амалсыз өздерін қабыл еткен басқа елдерге «босқын» мәртебесімен бассауғалауға мәжбүр болды. Өйткені Түркияға қайтса жазықсыз түрмеге қамалуы ықтимал. Кетпейін десе жергілікті көші-қон полициясы визасын ұзартпай отыр. Басқа елдерге босқын болып кету себебі осыдан. Еліміз үшін елеулі еңбек сіңірген түрік азаматтарының осындай келеңсіз жағдайға ұшырағаны елдігімізге сын.
Таяуда Астанадағы ұлдар инновациялық лицейінен тағы бір ұстаз шетелге кетуге «мәжбүр» болды. Тәжірибесі мол және балалардың сүйікті мұғаліміне айналған оны ата-аналары да қимайды. Жылап, қоштасады. Балалардың еңіреп жылағанын, ұстаз көкірегінің қарс айрылған сәтін көріп, шыдап тұру мүмкін емес еді Осындай жан ауыртар оқиғалар алда болмаса екен деген ниетпен Сіздің алдыңызға бар шындықты, ақиқатты жайып салуға бел будым. Көкейдегі бар ойымды хал-қадірімше жеткізе алдым деп ойлаймын. Қазақстан біліміне еңбек сіңірген сол азаматтарға қамқорлық жасалып, олардың елде қалып ұстаздық еңбегін ары қарай жемісті жалғастыруына мүмкіндік жасалса екен.
Зор құрметпен,
Сәуле МЕШІТБАЕВА,
ҚР Еңбек сіңірген қайраткері,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі
Дереккөз: "Қазақ үні" газеті
Просмотров материала: 2 191