«Алаш жолы» жалпыхалықтық қозғалысы құрылып, «Жерімізді сатпаймыз, тілімізді сақтаймыз!» ұранымен бейбіт шеру ұйымдастыру туралы бастаманың көтерілгеніне бүгін дәл бір жыл толды. Сол бір жыл ішінде неден ұттық, неден ұтылдық, тапқанымыз қайсы, жоғалтқанымыз қанша? Сәл ой елегінен өткізіп көрейік.
Жерді қорғауға, сақтауға деген елдің ынта-ықыласы мен ашу-ызасының нәтижесінде мемлекет меншігіндегі 1,7 млн. гектар ауылшаруашылық жері аукцион арқылы сатылмай қалды. Билік арнайы комиссия құрып, Президент мораторий жариялап, Жер кодексін халық қалауын ескере отырып өзгертеміз деп уәде берді. Бұл әрине, айтарлықтай жеңіс болды.
Президенттің бастамасымен Конституцияға өзгерістер енгізіліп, оның ішінде 26- баптағы Қазақстан азаматтары мүлікке ие болатын бапты «әркім» деп өзгерткісі келді. Бірақ, билік ол ойына жете алған жоқ. Бұл да жетістік. Халықтың, адамдардың санасы оянып, қоғамда едәуір сілкіністер байқалды.
Ең бастысы халық өзінің күш екенін, біріксе, топтасса билікке айтқанын істете алатынына көз жеткізді. Бір жылдың ішінде қол жеткен табыстар деп осыларды айтуға болады. Енді неден ұтылдық, неге қол жеткізе алмадық дегенге тоқталайық.
Соңғы 15-20 жылдың ішінде Қазақстанның мыңдаған гектар шұрайлы ауылшаруашылық жерлерінің шетелдіктердің иелігіне, жер пайдалану құқығына, тіпті жеке меншігіне де өтіп кеткеніне көз жеткіздік.
Оның ішінде нақты анықталғанын айтсақ, Шығыс Қазақстан облысындағы бір Үржар ауданында «Бәтуа» серіктестігі 91432,5 гектар жерді «Уэйз груп» атты қытай компаниясымен бірлесіп алып алған. ШҚО Бесқарағай ауданында ООО "Алтай Синьцзи международная торговая компания" серіктестігі мен ООО "Илун подсолнечник компания в городе Даань" серіктестігі бірлесіп құрған «long Хin» серіктестігі 14754 гектар жер алған. Ақмола облысында жалғыз құрылтайшысы ретінде германия азаматы Роберт Шумахер тіркелген «Ақ құлын» серіктестігі 34 155 гектар жерді жеке меншігіне сатып алған. Бұдан бөлек тізе берсек қазақ жеріне ауыз салған жат жұрттықтардың қарасы аз емес екен.
Соның ішінде, бір жыл бойы бармаған жер, баспаған тау қалмай, Бас прокуратура, Ауылшаруашылық министрлігі, тағы толып жатқан мемлекеттік органдардың табалдырығын тоздырып жүріп, Үржардағы «Бәтуа» серіктестігіне өтіп кеткен 91432,5 гектар жердің 87 мың гектарын ғана мемлекетке қайтаруға қол жеткіздік. Қанша талаптансақ та 7 250 гектар жерді қайтару әлі мүмкін болмай отыр.
Ал басқа «long Хin» серіктестігінің 14754 гектар жерінің, «Ақ құлын» серіктестігінің 34 155 гектар жерінің тағдыры әлі белгісіз. Оның сыртында қаншама жер банктер арқылы, «Қазагро» компаниясы арқылы сатылып жатыр десеңізші.
Президент мораторий жариялады ғой дейсіз бе?
Ия, Президент мораторий жариялап, бес жылға мемлекет иелігіндегі жерлерді сатуға тоқтау салғаны рас. Бірақ, жылдар бойы мыңдаған, миллиондаған гектар жерлер түрлі жеке және заңды тұлғаларға жалға немесе жеке меншікке берілген. Мораторийдың ол беріліп қойған, сатылып қойған жерлерге қатысы жоқ.
Ал жаңағы мыңдаған, миллиондаған гектар жерлерге ие болып алғандар қалауынша сатып та, жалға беріп те жатыр. Оған еш тосқауыл жоқ. Жұртшылыққа түсінікті болуы үшін жердің мораторийға да, басқаға да қарамай сатылып, шетелдіктердің қолына өтіп кетіп жатқанының себебіне, оған жол беріп отырған заң нормаларына тоқталған жөн болар деп ойлаймын.
Біріншіден, Қазақстан Республикасы Жер кодексінің 76-бабының 1-тармағында «Кепiл берушiге жеке меншiк құқығымен немесе жер пайдалану құқығымен тиесiлi жер учаскесi кепiл мәнi болуы мүмкiн» (Предметом залога может быть земельный участок, принадлежащий залогодателю на праве частной собственности или праве землепользования). Сонымен бірге аталған Кодексте жеке меншік немесе жер пайдалану құқығындағы ауылшаруашылық жерлерін банктерге кепілге қоюдың бірнеше тетіктері белгіленген.
Ал, «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» заңны» заңның 76-бабының 5-тармағында «Кепiл туралы шартта, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерiнде көзделген жағдайларда, банк кепiлдегі мүлiктi сот тәртiбінен тыс сауда-саттық (аукцион) өткiзу арқылы мәжбүрлі түрде сот тәртібінен тыс дербес өткiзуге құқылы» (В случаях, предусмотренных договором о залоге, а также законодательными актами Республики Казахстан, банк вправе самостоятельно реализовать находящееся в залоге имущество в принудительном внесудебном порядке путем проведения торгов (аукциона) деп нақты белгіленген.
Осы заңдар негізінде ауылшаруашылық жерлері жылдар бойы екінші дәрежелі банктерге кепілге қойылуда. Олардың ішінде несиені қайтара алмай, жер учаскелерінің банк меншігіне өтіп кетіп жатқан жағдайлары жиі кездеседі. Ал ол кепілге қойылған жерлер жоғарыдағы заң нормасына байланысты еркін сатылымға шығарылып жатыр.
Тек бір ғана АТФ банктың сайтында осы жылы тек Алматы қаласы мен Алматы облысы бойынша 67 жер учаскесі сатылымға шығыпты. Ал Ұлттық банктің мәліметі бойынша Қазақстанда екінші деңгейдегі 33 банк бар екен. Олардың әрқайсысында қанша жердің кепілге қойылып, жылдар бойы қаншасының сатылғанын, оның қаншасын шетелдіктердің сатып алғанын ешкім білмейді, білсе де айтпайды. Бір банк бір жылда әртүрлі көлемдегі 67 жер учаскесін сатылымға шығарса арғы жағын өзіңіз бағамдай беріңіз.
Екінші жолы, «Қазагро» ұлттық компаниясы мен оның еншілес компаниялары жыл сайын несие алып, қайтара алмағандардың кепіл мүлкін саудаға шығарады. Ол жерде тек отандық компаниялар немесе азаматтар алсын деген талап жоқ. Кімнің ақшасы бар, сол ала береді. Солардың бірі «Аграрная кредитная корпорация» АҚ сайтында жарияланған кепіл мүліктерге көз жүгіртсеңіз, жалпы сатылымға шыққан мүліктің жартысына жуығы ауылшаруашылық жерлері екенін байқайсыз. Оның ішінде 10 сотыдан бастап, 32 мың гектарға дейін сатылымға қойылған жерлер бар екен. Ол жерлерді сатып алғандардың ішінде шетелдіктердің де болуы әбден мүмкін.
Себебі ҚР «Заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу және филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеу туралы» заңының 6-бабында, «Шетелдік қатысатын орта және ірі кәсіпкерлік субъектілеріне жататын заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу орта және ірі кәсіпкерлік субъектілеріне жататын Қазақстан Республикасының заңды тұлғаларын мемлекеттік тіркеу үшін белгіленген тәртіппен жүргізіледі» (Государственная регистрация юридических лиц, относящихся к субъектам среднего и крупного предпринимательства с иностранным участием, производится в порядке, установленном для государственной регистрации юридических лиц Республики Казахстан, относящихся к субъектам среднего и крупного предпринимательства),- деп көрсетілген.
Яғни, шетелдік орта және ірі кәсіпкерлік субъектілері әділет органдарында заңды тұлға ретінде қазақстандық кәсіпкерлік субъектілермен тең құқықта тіркеле алады. Осы заңның 6-1-бабында «Шетелдік қатысатын шағын кәсіпкерлік субъектілеріне жататын заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу шағын кәсіпкерлік субъектілеріне жататын Қазақстан Республикасының заңды тұлғаларын тіркеу үшін белгіленген тәртіппен жүргізіледі» ( Государственная регистрация юридических лиц, относящихся к субъектам малого предпринимательства с иностранным участием, производится в порядке, установленном для регистрации юридических лиц Республики Казахстан, относящихся к субъектам малого предпринимательства),-деп белгіленген.
Бұл бап бойынша шетелдік шағын кәсіпкерлік субъектілері қазақстандық субъектілермен тең дәрежеде әділет органдарына хабарлама ғана береді. ҚР Жер кодексінің 6-бабының 6-тармағында «Егер осы Кодексте немесе Қазақстан Республикасының басқа да заң актiлерiнде өзгеше көзделмесе, шетелдiктер, азаматтығы жоқ адамдар, сондай-ақ шетелдiк заңды тұлғалар жер құқығы қатынастарында Қазақстан Республикасының азаматтарымен және заңды тұлғаларымен тең құқықтарды пайдаланады және сондай мiндеттер атқарады» (Иностранцы, лица без гражданства, а также иностранные юридические лица пользуются правами и несут обязанности в земельных правоотношениях наравне с гражданами и юридическими лицами Республики Казахстан, если иное не предусмотрено настоящим Кодексом или другими законодательными актами Республики Казахстан),-деп көрсетілген.
Бұл заңдар шетелдіктердің елімізде еркін бизнес жасауына, жерді қалауынша сатып та, жалға да алуына толықтай мүмкіндік береді. Бір сөзбен айтқанда заң бойынша қазақстандықтар мен шетелдіктердің құқығы бірдей, тіпті шетелдіктерге түрлі жеңілдіктер артық қарастырылған. Билік тарапынан жерді банкке өткізудің түрлі жолдары жасалып жатқан сияқты.
Мәселен, өткен жылы «Ауыл шаруашылығы кооперативтері туралы» заң қабылданды. Енді билік жаппай ауылшаруашылық кооперативтерін құрғызып, шағын шаруашылықтарды соған күштеп кіргізуде. Биліктің ондағы бір талабы субсидия алу үшін кооператив мүшелерінің саны 20 дан, сиыр саны да 50 ден кем болмауы керек екен.
Бірақ, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов 2017 жылғы 27 қаңтардағы № 30 бұйрығын шығарып, «Асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды, мал шаруашылығының өнімділігін және өнім сапасын арттыруды субсидиялау қағидаларын» бекітеді.
Аталған қағиданың 6- бабының 3-тармағында «3) өтінімді берген сәтте бір шартты аналық басқа кемінде үш гектар нормативі бойынша елді мекен жерінің шегінен тыс жайылымдармен қамтамасыз етілмеген жағдайда, ауыл шаруашылығы кооперативінің селекциялық және асыл тұқымдық жұмысқа тартылған ірі қара малының (қойдың) барлық аналық басы субсидиялауға жатпайды» (6. Субсидированию не подлежат: 3) все маточное поголовье крупного рогатого скота (овец) сельскохозяйственного кооператива, вовлеченное в селекционную и племенную работу при необеспеченности пастбищами за пределами земель населенного пункта по нормативу не менее трех гектар на одну условную маточную голову на момент подачи заявки.),- деп тұр.
Демек, бір кооператив 50 сиырға субсидия алуы керек болса оған тиеселі жер көлемі 150 гектардан кем болмауы керек. Ал, 500 сиырың болса, субсидия алу үшін 1500 гектар жерге ие болуың міндет. Бір сөзбен айтқанда қарапайым шаруалар кооперативтерге кіруі керек, бірақ субсидия алмауы тиіс. Биліктің дәл осылай талап қойып, қарапайым шаруалардың жерін кооперативке алдап-сулап өткізіп жіберуге үндеуінің артында банктердің мүддесі жатқан сияқты.
Себебі, іші шаруашылықтар, ірі кооперативтер ірі көлемде несие ала алады. Ал ауылы жерде мүлік құны төмен. Сондықтан, субсидия ала алмаған шаруалар жерді кепілге қойып, несие алуға мәжбүр болады. Бұл жағдайда бір жағынан банктердің несие портфелі ұлғаяды, екінші жағынан несиесін қайтара алмағандардың жерін әркімге, яғни шетелдіктерге сатуға мүмкіндік алады.
Қорыта келгенде, қазақ жеріне төнген қауіп еш сейілген жоқ. Бір жағынан ашық аукцион арқылы шетелдіктерге сатуға тосқауыл қойғанымен, екінші жағынан басқа амалдарын қарастырып бағуда.
Осыған қарап бір жыл ішінде қол жеткізген табысымыз мардымсыз, ал алаңдайтын, уайымдайтын қауіпті жағдайлардың кемімегенін көреміз.
Демек, жер үшін күрес бәсеңсімеуі керек, тіпті күшейіп, толыға түсуі тиіс.
«Алаш жолы» жалпыхалықтық қозғалысы
Матрица.kz
Просмотров материала: 3 823