Менің бұл мақалам 2016 жылғы 14-15 қазан күндері Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінде өткен «Орта және жоғарғы мектептерде биологиялық және экологиялық білім берудің өзекті проблемалары: инновация және тәжірбие» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференцияның материалдарында жарияланды (195-197). Конференцияға қатысқан бірқатар әріптестер мен докторанттар, магистранттар, студенттер тарапынан айтарлықтай қызығушылық тудырған осы мақаланы өзімнің блогымда жаңғыртып қоюды жөн санадым. Хабардар болыңыз. Ойланып жүріңіз. Пікір қосыңыз.
Биологиялық қауіпсіздік мәселесіне материалдар
«Табиғатымыз тозбасын. Адамдарымыз азбасын».
(Мархабат Байғұт)
«Мұхиттардың көрерсің цунами боп тасуын,
Дүлейленсе табиғат мүмкін емес қашуың.
Аманатты ақтаңдар, табиғатты сақтаңдар!
Табиғат, Жер-ананың келтірмеңдер ашуын ...»
(Әбдібек Аралбайұлы)
«Табиғатта қалдық пен қоқыс жоқ. Қалдық пен қоқыс тепе-теңдік пен үйлесім бұзылған жерде пайда болады»
(Аралбай Нұғман)
«Адам деген асқақ ат» – М.Горькийдің гуманизмге толы үндеуі осындай еді. «Табиғат, Табиғат-Ана» – деген сөздің асқақтығы одан кем емес. Жаңа экологиялық мәдениет осыны мойындауы тиіс. Табиғатқа деген ілтипат – бұл адамға да көрсетілген құрмет [А.К.Бродский (аударма Қ.С.Көшкінбаевтікі)].
Табиғаттың тепе-теңдігі мен үйлесімділігі экологтардың кәсіби тілінде экожүйелердің гомеостазы деп аталады. ГОМЕОСТАЗ дегеніміз – бұл тарихи-эволюциялық қалыптасқан экожүйелердің тұрақты өзін-өзі реттеуі мен қолдап отыру мүмкіншілігі [1]. Бұл ретте басы ашық бір ғана ұстаным бар. Ол – Қазақстандағы гомеостаздағы экожүйелер болып табылатыны – ең алдымен, жабайы табиғат, бұзылмаған экожүйелер. Яғни, Қазақстандағы табиғи парктер, қорықтар мен қорықшалардың бұл ретте маңызы орасан үлкен [2].
Табиғатта қоқыс пен қалдық, сонымен қатар қуыстар мен вакуумдар болмайды, олар тепе-теңдік пен үйлесімділік бұзылған жерде пайда болады. Жер – бұл барлық тірі ағзалар мен экожүйелер сияқты өзін-өзі тұрақты реттеуге, сақтауға мүмкіншілігі бар тірі организм. Сүдігер жерлер тыңаюда, яғни кәсіби топырақтанушы-экологтардың сөзімен айтқанда өсімдік жамылғысы демутацияға ұшырап, топырақтың құнарлылығы қалпына келуде. 1993-1996 жылдары мал басы күрт кеміп, егістік алқаптарының аумағы қысқарған соң да бұл жерлер бос жатқан жоқ, тыңайып жатыр.
Бүгінгі күні, кейбір мал жайылым типтерінің 100%-ға, яғни толық қалпына келгені туралы дәлелді ақпараттар бар. Демек, ол жайылымдар өзіне тән үйлесімділігі бар толыққанды табиғи жүйелер болып табылады. Табиғи жүйелердің ауа, жер, су үйлесімділігі мен тепе-теңдігі биосфера компоненттері өзін-өзі қолдауы мен реттеуін қамтамасыз етеді.
Биологиялық қауіпсіздік мәселелері ХХІ ғасырдағы адамзаттың басты мәселесіне айналды. Биологиялық алуан-түрліліктің өзгеруі мен экологиялық тепе-теңдіктің бұзылу кескініндегі биологиялық қауіпсіздік мәселесі өте өзекті екені анық. Экологиялық тепе-теңдік қазіргі уақытта тек қана жабайы табиғатта ғана сақталған. Алуан түрлі мәдени ландшафттар мен агроценоздарда экологиялық дисбаланстың (кереғарлықтың) нәтижесінде пайда болған қолайсыз жағдайлардың көп екендігі байқалады [3].
Айтарлықтай экологиялық кереғарлықтар бізде де бар, бәлкім олар аз емес те шығар. Десек те тіркелгендері көп емес. Себебі, бізде – Қазақстанда, әсіресе ЕҚТА-да экожүйелерді тұрақты бақылау мен жағдайын бағалаудың бірыңғай әдістемесі мен әдіснамасы жүйелі жолға қойылмаған сияқты.
Десек те, бүгінгі таңда Ташкенттен Үшаралға дейінгі Тәңіртау беткейлеріндегі өрік және алма ормандары – таулық жеміс ормандарының, қатты қысқарғаны белгілі. Бір кездері орман түзуші кәдімгі өрік (Armeniaca vulgaris) пен Сиверс алмасын (Malus sieversii) қарағаштың түрлері (Ulmus laevis; U.pumila) мен табиғатқа белсенді ықпал ете бастаған әдемі катальпа (Catalpa speciosa) ығыстырып шығаруда.
Бұл экологиялық кереғарлық Қазақстандағы таулық жеміс ормандарының биологиялық болмысына (өзегіне) тікелей төнген қауіп, әсіресе Батыс Тәңіртаудың алма мен өрік ормандарына қатер. Сондықтан, Батыс Тәңіртаудың жабайы жеміс ормандарының қалпына келу жолдарын зерттеу тіпті бүкіл аймақтағы, биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі маңызды қадам болатыны күмән тудырмаса керек [4].
Биологиялық қауіпсіздік мәселелерінде генетикалық өзгерген нысандар (ГӨН) немесе ГМО-ның алатын орны ерекше. Сарапшылардың ГМО-ның қауіпсіздігі туралы пікірі сан-алуан, әрі қарама-қайшы. Дегенмен, ГМО азық-түлік ретінде кеңінен қолданылатын АҚШ-та тұрғындардың 70%-ы аллергиядан зардап шегеді. Ал, мұндай тағамдарға рұқсат етілмейтін Швецияда бұл көрсеткіш 7%-дан аспайды. Бұл – көзге ұрып тұрған шындық.
Сарапшылардың басым бөлігі ГМО және трансгенді дақылдар мен азық-түліктен барлық тіршілік иелеріне, жалпы биосфераға нақты қауіп-қатер бар деген пікірде. Жарияланған фактілер ойландырмай, секем алдырмай тұра алмайды. Құрамында ГМО бар азық-түлікті тұтыну салдарынан Латын Америкасы елдерінде еркектердің 50%-ы белсіздікке, әйелдердің 85%-ы бедеулікке ұшыраған.
Ресми статистикалық мәліметтер бойынша, Ресей Федерациясында балалары жоқ ерлі-зайыптылардың үлесі 20%-ға жеткен. Украинада 2011 жылы 11 мың елді мекендерде бірде-бір нәресте өмірге келмеген. Трансгенді дақылдардың кең таралуына байланысты тірі жәндіктердің және басқа да тіршілік иелерінің жойылу фактілері жиілей түсуде – жеке өңірлер мен аймақтарда көбелектер жойылып кеткен, бал аралары қырылуда, тіпті тарақандар да сиреп барады.
Бал арасының популяцияларының жағдайы үлкен алаңдаушылық тудыруда. Араның семьялары Австрияда, Германияда, Испанияда, Польшада, Швейцарияда жойылып, толық құрыған. Осындай жағдай АҚШ-тың 90%-нда орын алып отыр. Сарапшылардың барлығы дерлік мұның басты себебі – трансгенді өсімдіктер деп есептейді. Трансгенді өсімдіктің гүлшырынымен (нектар) қоректенген аралардың көбею органдары дамымай қалады да, ұрықсызданады.
Нәтижесінде, аралар құрып бара жатыр. 2015 жылы жазда Алматы қаласының базарлары мен көшелеріндегі аралар мен жабайы аралардың саны жылдағыдан аз болды. Бұл факт бәрімізге ой салуы керек. Сарапшылардың есептеуінше, азық-түлік ресурстарының 30%-ы гүлдің тозаңдануына байланысты, яғни тозаңдандырушыларға тәуелді [5].
Ағзаның нәсілдік материалының кез келген өзгерісі – мутация деп аталады. Гендердің кодталу тәртібіндегі немесе генетикалық ақпарат ұйымдастыру тәсіліндегі өзгерістер мутациялар бола алады [6]. Бұл тұрғыдан алғанда ГМО таза мутанттар болып табылады және тек қана мәдени өсімдіктерде ғана болады. Әдетте, мәдени сорттар жабайы табиғат жағдайында өзінің сорттық қасиеттерін жоғалтып, табиғи популяцияға сіңіп кетеді [7].
ГМО мен трансгенді ағзалар гендік инженерияның көмегімен қол жеткізілген қолдан сұрыптаудың ең биік нәтижесі болып табылады. Ал қолдан сұрыптаудың нақты альтернативасы – табиғи сұрыптау. Ал табиғи сұрыптау тек қана жабайы табиғатта ғана жүреді.
Табиғи сұрыптау мен қолдан сұрыптау процестерінің тепе-теңдігі мен үйлесімділігі арқылы биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге әбден болатын сияқты. Бұл ретте табиғи сұрыптаулар жүріп жатқан жабайы табиғат биоағзалардың нәсілдік тұрақтылығы мен биологиялық қауіпсіздіктің нақты кепілі бола алады. Ал олардың көлемі мен жер ауқымының ұлғаюы өте маңызды, әрі күйіп тұрған қажеттілік.
Қазақстандағы жер реформасына байланысты мәжілістің бір депутаты «Ашық-шашық жатқан жердің пайдасын да көру керек қой» – дегендей пікір білдірді. Жерлері «ашық-шашық» емес елдерде жабайы табиғат жоқтың қасы, кейбіреуінде тіпті жоқ. Сондықтан да ол елдерде табиғат деген түсінікті мәдени ландшафт, агроландшафт деген ұғымдар алмастырған.
Ал енді мәдени-, агроландшафттарда толыққанды табиғи сұрыптау жоқ. Десек те, сол елдер өздерінің «ашық-шашық» емес жерлерінен пайда көрмей отыр деуге болмайды. Бірақ ол елдердегі биологиялық қауіпсіздікке олардың алып отырған пайдасы кепіл бола алар ма екен?
Биологиялық қауіпсіздік идеясы Қазақ үшін жер мәселесін түбегейлі шешудегі «алтын кілт» сияқты.
Жабайы табиғаттың аясында ГМО-ға балама ресурстар іздестіру және зерттеудің де маңызы зор. Сондықтан биологиялық қортануда бастапқы-генетикалық қорлар – жаңа бағытының ғылыми негіздемесін жасау да өте маңызды [2].
Сонымен, биологиялық қауіпсіздіктің адам үшін бастапқы алғышарты болып табылатыны, ол – табиғатпен үйлесімділік. Бұл жерде Р. Риклефстың: «Егер біз табиғатпен қандай да бір үйлесімділікке қол жеткізгіміз келсе, онда көбіне – көп ол ұсынған шарттарды қабылдауымызға тура келеді. Бұл шарттар табиғаттағы барлық процесстер мен құбылыстар бағынатын заңдарға негізделген және адамзат қоғамының да олармен ерте ме, кеш пе санасуына тура келеді» – деген сөзін ұмытпау керек.
Қолданылған әдебиеттер:
1. А.К. Бродский Жалпы экологияның қысқаша курсы //(ауд. К.С. Көшкімбаев) Алматы: «Ғылым» - 1998. – 172 с.
2. Аралбай Н.К. Письмо Министру СХ РК г-ну Мамытбекову А.С. – от . (№ …).
3. Аралбай Н.К. Письмо в Земельную комиссию: «Пустующие земли» - гарантия биологической безопасности нации. //www.matritca.kz/blogs/nugman-aralbai/.
4. АралбайН.К. «О роли особо-охраняемых природных территории (ООПТ) Казахстана в обеспечении биологической безопасности»// Материалы Международной научно-практической конференции, посвященной 10-летию Сайрам-Угамского ГНПП. Шымкент-2016 г., стр. 80-82.
5. Аралбай Н.К. «К проблеме биологической безопасности в системе естественного образования//Доклад международной научно-практической конференции, посв. 75-летию д.б.н., проф., Академика естественных наук К.У. Базарбекова.
6. (Рейвн П., Эверт Р., Айкхорн С. Современная ботаника (русск. Редакция под руководством А.Л. Тахтаджяна), М.: МИР, 1990. – с.137-138) .
7. Вилли К. Теория естественного отбора: Популяция и генофонды// Общая биология. – М: МИР. – 1968. с.627-630;
Биология ғылымдарының докторы, профессор
Аралбай Нұғман Күлдәрбекұлы
Просмотров материала: 2 929