Қазақстанда 1,5 миллион гей бар дейді. Caravan.kz медиа-порталының тілшісіне берген бір «көгілдірдің» осылайша көлгөрсігенін оқып, төбе шашымыз тік тұрды. Оның 940 мыңдайы қазақтар екен-міс. Құдай сақтасын, бұл не деген сұмдық сан?
Өткен айдың басында гейлердің үш тілді сайты жұмыс істей бастапты. Жазбалардың көбі қазақ тілінде жарияланады екен. Жұрттың наразылығын тудырғаны «Қазақ гей манифесінің» жарыққа шыққаны болды. Осы тақырып түрткі боп, әріптесіміз сұхбат алуға бекінген екен.
- Сайттың қазақ тілді нұсқасын шығарудағы мақсат не? Қазақ тілділерді де ЛГБТ санатына қосуды қалайсыздар ма?
- Бірінші айта кететін жайт: біреуді жүрген жерінен гейге айналдырып жіберу мүмкін емес. Оқырмандарыңыз, егер гей не лесби болса, бір сәт ойланып көрсін: «Мені гей не лесбиге айналдырған өмірімде не жайт болды екен?» деп. Егер адам өзі гей болмаса, оны бірде-бір әңгіме, фильм, кітап немесе мақала гей қыла алмайды. Сол себепті, ЛГБТ санатына қосылуға үгіттеу деген далбаса. Ал сайттың қазақ тілді нұсқасына келер болсақ, оның негізгі мақсаты – ақпарат тарату. Ақпаратты тек қана қазақ тілінде ала алатын гейлер өте көп. Бірақ, осыған дейін қазақ тілінде гейлерге олардың кім екендері жайында, денсаулық және қауіпсіздік мәселелері жайында хабар беретін сайт болған емес. Сонымен қатар, қазақ тілді гей азаматтың даусы – ешқашан естілмейтін дауыстардың бірі. Бұл азаматтарға ақпарат алмасатын және өз пікірін білдіретін платформа ұйымдастыру – біздің басты мақсаттарымыздың бірі.
- ЛГБТ қауымдастығында қазақ тілді журналистер бар ма?
- Әлбетте, бар. Дәл сол секілді қазақ тілді гей құрылысшылар бар, лесби дәрігерлер мен бисексуал шенеуініктер де бар.
- «Қазақ гей манифесін» жазған кім? Оның мақсаты не?
- Оны Заман Үні деген псевдониммен жазатын біздің белсенді колумнисіміз жазған. Өз манифесі арқылы ол қазақ тілді ЛГБТ қауымдастығын Қазақстандағы азаматтық қоғамның толыққанды бір мүшесі болуға шақырады. Сол мақсатпен ол қазақ халқының гей ұлдары мен лесби және бисексуал қыздарына үндеу тастады.
- Елде қанша гей бар? Оның ішінде қазағы қанша?
- Шамалап санағанда, Қазақстанда 1,5 млн. гей, лесби және бисексуал бар. Оның шамамен 990 мыңы қазақтар.
- Билікке жақын гейлер туралы да жиі айтады. Оның арасында тіпті жоғары лауазымды шенеуініктер бар дейді. Жаңа мұны өзіңіз де айтып қалдыңыз. Бұл рас па?
- Гей, лесби және бисексуалдар Қазақстан қоғамының ажырамас бөлігі және олар қоғамның барлық салаларынан орын тепкен. Сол себепті, әлбетте, олар кез келген мамандық иесі бола алады. Сіздің айналаңызда да ЛГБТ мүшелері көп. Ал олардың қорқыныштан өздері жайлы ашық айтпайтындығы – мүлдем басқа мәселе. Егер сіздің таныстарыңыздың арасында бірде-бір гомосексуал болмаса, олар шынымен де жоқ екен деген сөз емес. Бұл белгілі себептерге байланысты таныстарыңыз сізге толығымен арқа сүйей алмайды деген сөз. Сол себепті олар өздерін жария етпейді.
- Жалпылама айтқанда, үкімет тарапынан қолдау немесе қысым көрсетілген кезі болды ма?
- Қазақстандық билік органдары ЛГБТ-ға бейтараптықпен қарайды. Шенеуініктер бір жарым миллион халық пен олардың проблемалары мүлдем жоқ секілді сыңай танытады.
- 2017 жыл ЛГБТ құқықтары үшін күресу жылы болады деп жазыпсыздар. Онымен не айтқыларыңыз келді?
- Өткен жыл феминизм ұранымен өткендігі белгілі. БАҚ-та әйел жағдайы жайлы көптеген мақалалар жазылып, тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілері әшкереленді. Осы қарқынмен көптеген басқа мәселелер де көтерілді. Оның ішінде ЛГБТ-ны белгілі бір сексуалдылықпен туылғандығы үшін дискриминацияға ұшырату мәселесі де бар. 2017 басталғалы бері Қазақстандағы ЛГБТ жайында бұрынғыдан ерекше көп материал жарияланды. Оған қоса, қауымдастық үшін ең маңызды мәселелерді көтереміз деген мақсатпен біздің портал да ашылды.
- Сайттың басты бетінде неге ұлы Абайдың сөзі тұр? Бұдан кейін қоғамда сіздерге деген наразылық күшейеді деп ойламайсыздар ма?
- Біздің ойымызша, Абай – еліміздің ең прогрессивті ойшылдарының бірі, және оның қалдырған сөзі ұрпақтан ұрпаққа өз маңыздылығын жоғалтпақ емес. Біз Абай секілді прогрессивті ойшыл бекерден-бекер қысымға ұшырап жатқан отандастарын қолдайтын еді деп ойлаймыз. Ол біз үшін авторитет. Сол себепті, біз оның сөздерін сайтымызға жалау еттік.
Сұхбаттан үзінді caravan.kz-ден алынды.
Еліміздің әсірезайырлы ұстанымы ұлттық болмысымызды бұзды. Дін де, тіл де, діл де бет-бетімен кеткеннің белгісі емес пе, осының бәрі. Қазақ атымызға сын, мынау!
Ең алғаш гей-клубтар 20 жылдай бұрын ашылған. Одан бері де көбейіп кетті. Бұрындары білінбеуші еді. 3-4 жыл болды, бұлардың ашық алаңға шыққанына. Бұған жол ашып отырған Қазақстанда да адамды жынысына қарай кемсітпейтін қағидаттардың пайда болуы. Халықаралық стандартқа сай боламыз деп, бұл бір күні заңдастырылып шыға келмесе екен.
Биліктегі азаматтардың арасында еркектік бағыты өзгеріп кеткендер туралы еміс-еміс естуші ек. Мына қызтекенің сұхбаты мұны нақтылап беріп тұр ғой.
Баяғыда жүріс-тұрысы біртүрлі бір әріптесіміз болған-ды. Сол мемлекеттік қызметке қалай ауысты, солай оның лауазымы жоғарылай берді. Әлгі неме облыстарға іс-сапармен барғанда, қонақ үйдегі бөлмесіне жергілікті басқарамаларда жұмыс істейтін қызметкерлерді шақырып алып жүріпті. «Көнбей» қойғандардың соңынан «шырақ алып түсіпті» деп айтатын. Естіген құлақта жазық жоқ.
Өзі еңбекке жарамды жұрттың қарасы 4 миллионның ар жақ, бер жағында болса, оның 1,5 миллионын «гей» деу – зорайту әдісі ғана. Әлгі жерде «көбейіп жатырмыз» дегендей қылғаны ғой. Ауызша айта салған "дерегін" дәлелдеп берсін, бұл «көгілдір». Ұлтты масқаралау деп түсіндік, біз. Би болған қазақ и боп кетіпті десе ұят қой.
«Тұқымың тұздай құрысын» деуші еді. Бұлардың тұқымы онсыз да көбеймейді ғой. Не десек те, мұның соңы жақсылыққа апармайды. Ер мен ердің төсектес болуы, сонау Лұт Пайғамбардың кезінде белең алған. Ол қағынған қауым бір түнде қырылып қалған. Бұл туралы Құранда баяндалған. Тұрғындары азғындаған елдердің талайы жер бетінен жоқ боп кеткен.
Зайырлылығымыз зауалды болмасын деп тілейік! Қазақтан да, Абайдан да садақа кетсін, бұлар!
Мөлдір Нұрман, Матрица.kz
Просмотров материала: 13 029