Елімізде екі-ақ кілем фабрикасы бар. Оның екеуі де Оңтүстік еркін экономикалық аймағында жұмыс істеп тұр. Кезінде дәурені дүркіреген «Алматы кілем» фабрикасы тұралаған күйі қалды. Қазір, заман басқа, технология да жаңарумен келеді. Бұрынғы өндірістегі мың адамның еңбегін бүгінде 200-300 қызметкер атқара беретін болған. Өйткені, құрал-жабдық, қондырғының бәрі автоматтандырылған, адам күшін қажет ете бермейді. Техниканың тілін білетін мамандар жетіңкіремей жатыр. Оның үстіне қазір үлкен табысқа «Ауырдың үстімен, жеңілдің астымен» жете қалуды көксейтіндер көп. Ал, өз еңбегімен жетілген бизнесмендер ондай арманның пайда бермейтінін айтады.
Тоқырау кезеңінде мұғалімдікті тастап, саудагерлікті бастап жіберген бизнесменнің бірі - Талғат Ысқақов. Ол да көппен бірге қиындық көріп, ауылдан Алматыға келіп, кілем сатып кәсібін дөңгелетіп әкеткен. Қазір қазақ-түрік бірлескен «BaII-текстиль» компаниясын басқарады. Қазақы нақышта кілемдер ұсынып, ұлттық бренд қалыптастыруға күш салып жүрген азаматпен сұхбаттасудың сәті түскен еді.
- Көрші тұрған Өзбекстанда жиырма шақты кілем фабрикасы бар екен. Елімізде екеу ғана. Бәсекелестік бар жерде, даму болады. Десе де, ішкі сұранысты қамтамасыз етуге шама жете ме?
- Нарықта бәсекелестік әрдайым бар. Халықтың сұранысы да, өнімге деген талабы да жоғары. Шет мемлекеттен келетін тауарлардың орнын бүгінде отандық өнімдер алмастыруда. Тұтынушының сұранысы мен талабына жауап беру үшін ұдайы ізденіс үстінде жүреміз десем, артық айтпаймын. Алғашқы жылы өндіріс көлемі 2.3 – 2.5 млн. шаршы метрді құрады. Бірақ 5 млн. шаршы метрге дейін шығаруға мүмкіндігіміз бар.
Жобаның үшiншi кезеңi iске қосылғанда жалпы жылдық қуаттылығы 15 млн. шаршы метр кiлем және 8 000 тонна полипропилен жiбiн өндiруге жетедi. Ішкі нарықты қамтамасыз етуге мүмкіндігіміз мол. Қазірдің өзінде Қазақстан бойынша 400-ден астам сауда өкілдеріміз бар.
Сондай-ақ, өнімдеріміздің 30 пайызын шет елдерге шығарудамыз. Ресейде, Қырғызстанда, Тәжікстанда, Әзербайжанда тұрақты серіктестеріміз бар. 2016 жылы шведтің халықаралық ірі ИКЕА сауда желісімен келісім-шарт жасасудың нәтижесінде Ұлыбританияда және Германияда да біздің кілемдер сатыла бастады.
- Өндірісте нендей жаңалықтар бар?
- Фабрикамыз 4 жылда Отандық өнім арасында өзіндік орнын алып үлгерді. Бүгінде кілемнің мыңнан астам түрі тоқылып, тұтынушыға жолдануда. Өнімнің сапасы қатаң бақылауда. Заман талабына сай, фабрикада жоғарғы технологиялық бельгиялық «Michel Van De Wiele» қондырғылары орнатылған. Өндіріс орны тек кілем тоқумен ғана емес, «BCF», «Heat-Set», «Frize» маркалы полипропилен жіптерін иірумен де айналысуда. Биыл өндірісті кеңейту мақсатында тағы 7,5 тонна жіп иіруге қуатты қондырғы және 2 тоқыма қондырғысын алуды жоспарлаудамыз. Басты жаңалығымыз да – осы.
- Бүгінгі күнде мамандықты дұрыс таңдау проблема. Жастар ауыр жұмысқа шыдамайды дейді. Сіздерде маман мәселесі қалай шешілген? Жастарға бұл бағытта қандай кеңес берер едіңіз?
- Бір қызық жағдай болған еді. Бірер жыл бұрын, бізге тоқыма мамандығын арнайы оқып-бітірген түлек келді. Оны өндіріс барысымен таныстырдық. Оқу бітіріп келсе де, тәжірибесіз боп шықты. Алдымен жай жұмысқа алайық, бәрін игеріп әкетсе қызметке қоямыз десек те көнбеді. «Мен мынадай дипломмен жай қызметші болмаймын, бас технолог боламын» деді. Содан одан бас тарттық.
Оқу бір бөлек, тәжірибеден өту бір бөлек, кәсіпті игеру бір бөлек, мәселе ғой. Неше түрлі жастар бар. Кілем фабрикасындағы жұмысшыларымыздың дені – жастар. Олардың жұмыстың ауырлығына шағымданғанын әзірге көргенім жоқ. «Жас келсе, іске» демекші, жас буын жаңа технологияларды жылдам игеріп қана қоймай, кейде жұмысты жетілдіру бойынша тың ой білдіріп жатады. Мамандарымызды шет мемлекеттерге тәжірибе алмасуға жолдап отырамыз. Облыс көлеміндегі жастар орталықтарына арнайы ашық есік күндерін өткізіп тұрамыз.
Мақсатымыз – отандық өнімді таныстыру ғана емес, кәсіпкерліктің қыр-сырына қанықтыру. Ұлы істер майда қадамнан басталатын секілді, жастардың келешегіне осы тектес шаралардың, таныстырылымдардың әсер ететіні анық. Жас болсын, егде болсын, жұмысын жақсы көрмесе, ондай адамның тірлігі тиянақты болмасы кәміл. Жеңілдің астымен, ауырдың үстімен жүру арманға жеткізбесі анық. Жетістік - жанқиярлық еңбекті қажет етеді.
- Сапасы нашар заттың бәрін «қытайдыкі» дейтін болдық қой. Егемендік алған жылдары арзан кілемдер нарықты жайлағаны бар. Одан беріде талғам да, технология өзгерді. Сіз өзіңіз бұл кәсіпке кілем сатушы боп келгенсіз ғой. Елге жан-жақтан жеткізіліп жатқан кілемдердің сапасы қалай? Өзіңіз қай елдің кілемін жоғары бағалайсыз? Патриотсыз ба, жалпы. Бізде кәсіпкерлер көп қой, өз үйлеріне әлемнің кереметін қояды да, жұртқа не болса, соны ұсынатын.
- Қытайдан кілем шықпайды, шыққан да емес. Оның рас, кезінде сапасы төмен, бағасы арзан кілемдер сұранысқа ие болған-ды. Қазір жалпы жұрттың талғамы өзгерген . Әлемде кілем өндірісімен айналысатын мыңға жуық бренд қалыптасқан. Үндістан, Қытай, Иран, Пәкістан - кілемнің отаны саналса, Түркия, Парсы, Молдова, Бельгияның кілемдері әлі де тұтынушы тарапынан өте жоғары сұранысқа ие.
Кеңес өкіметінің кезінде екінің бірінің қолы жете бермеуші еді. Ал, қазір барлық бағытта сауда жолы ашық. Әркім өзінің қалауы мен қалтасына қарай ала береді. Біздің кілем фабрикасында тоқылған кілемдер де халықаралық сапа стандартына сәйкестендірілген. Оған дәлел, біздің өнім 2016 жылы Швейцарияның Женева қаласында өткен халықаралық конвенцияда үздік сапа номинациясы бойынша ISAQ жүлдесі – «Алтын Жұлдыз» иеленді. Соңғы 30 жылда Хосе Приетоның жетекшілігіндегі «Business Initiative Directions» компаниясы дүниежүзіндегі 179 елде әр саладағы көшбасшыларды анықтап, осылайша сапа үздіктерін марапаттап келеді.
Бүгінде бұл компанияның үздік деп таныған өндірістерін 179 мемлекет мойындап, құрметін білдіреді. Осындай бағаға ие болған жайымыз бар. Әлбетте, өзіміздің кілемді пайдаланамыз. Бұл тұрғыда патриотпын деп айта аламын. Жалпы отандық өнімдердің барлығына бірдей патриоттық ұстанымда болсақ, бір-бірімізді демегеніміз болар еді.
- Иә, дұрыс айтасыз. Бала күнімізде әжелеріміз киіз басып, аналарымыз кілем тоқитын еді. Сол, кілемдер әлі күнге дейін бар. Қазір киіз басуды қайдам, кілем тоқитын әйелдер кем шығар. Өз басым сол баяғы түктісі болсын, тықыры болсын кілемдерді ұнатамын. Бүгінде ондай дүниелер киіз үй жабдықтау үшін ғана қажет боп жатыр ғой. Таза жібек пен жүннен тоқылған кілемдер әлемдік және отандық нарықта қаншалықты сұранысқа ие?
- Рас. Қолдан тоқылатын таза жібек кілемдер әлемде өнер туындысы ретінде қабылданып, қымбат бағаланады. Жібек пен жүннен тоқылған кілемдер осы санатқа жатқызылады. Олар өте қымбат тұрады. Ондай кілемдер біздің елдің сауда айналымында жоқ десек те болады. Ал, әлгі сатылып жатқан жылтырағанның бәрі жібек емес.
Тоқыма қондырғыларында тоқылған кілемдер де сапасына қарай түр-түрге бөлінеді. Полипропилен, полиэстер, акрил, вискоза жіптерінен жеңіл әрі әсем кілемдер тоқылуда. Синтетикалық талшықтармен жібекті алмастыру арқылы тоқыма құрылғыларынан сапасы жоғары дүниелер шығарылады.
«Күйе жеп қояды» деп қорқатын, халықпыз ғой. Қазіргі кілемдерге күйе түспейді. Ал, келешекте біз таза жүннен кілемдер шығаратын болармыз. Әл-әзірге тұтынушылар табиғи таза, бірақ қымбат бағалы дүниені қабылдауға дайын емес сияқты.
- Сіздің алғашқы мамандығыңыз бастауыш сыныптың мұғалімі еді. Жұрт сияқты сіз де тоқырау жылдары қалам мен дәптерді тастап, сауда-саттықпен айналысып кеттіңіз де, бизнесте қалып қойдыңыз. Сол жылдары талай білімді ұстаздар мен білікті дәрігерлерден қол үзіп қалды ғой, қоғам. Балаларыңызды да бизнеске баулисыз ба, енді?
- Ұстаздық - тек мектеп қабырғасында жүзеге аспайды. Бұрын бала оқытсам, әлі күнге ұстаздық етумен келем. Кілем тоқуды өзім үйрене жүріп, қазір жас мамандарды үйретіп келемін. Елбасымыздың «Адам өмір бойы білім алуы керек. Ізденуді тоқтатқан адам жетілуді тоқтатады» деп, өмірлік ұлағат айтқаны есімде. Ал, перзенттерімнің таңдауы өздерінде. Кәсіпкерлікке бет бұрып, әке жолын қуамын десе, қолдаймын. Өзге мамандықты таңдап, басқа салада бақ сынаймыз десе де, қарсы тұрмаймын.
- «Тектілік» дегенді қалай түсінесіз? Отбасы құндылығын қалай бағалайсыз? Отбасының беріктігі кімге байланысты, отанасына ма, отағасына ма?
- Тектілік – қанмен берілетін қасиет. Адамдықты ту етіп, адалдықты өмірлік серікке айналдыру – тектілік деп білемін. Атаны көріп – ұл, ананы көріп қыз өседі. «Тышқақ лағы» болмаса да, кедейдің де отбасынан көргенді қыз шығады. Тектілік деген байлық пен не кедейлікпен өлшенбейді. Бізде қазір мұны керісінше түсінетіндер көп.
Бай баласы тәлпіш, кедейдің қызы саналы болуы ғажап емес. Баланың бойына тектілікті сіңіру ата-анасына, өскен ортасына да байланысты болады. Отбасының тек ұрпақ тәрбиесінде ғана емес, тұтас ұлт тәрбиесінде алатын орны ерекше. Шаңырақ көтеру – үлкен жауапкершілік. Осы жауапкершіліктің үдесінен шығу үшін ата-анамыздың үмітін ақтауды, солардың жүріп өткен соқпағымен қол ұстасып жүріп өтуді мұрат еттік. Босағаның беріктігі отағасына да, отанасына да байланысты дер едім. Тағдырдың сыйы – ақылды зайыбым, кереметтей ұл-қыздарым бар. Алған асуым - сүріндірмей, ұдайы жанымда табылып, қолдау білдіріп келген отбасымның жемісі.
- Құпия болмаса жоспарларыңызбен бөліссеңіз. Бизнестің дамуы тұрақтылығының сыры неде? Кәсіп бастаушыларға қандай кеңес бересіз?
- Кез-келген кәсіптің тұрақты дамуының басты сыры – заман көшіне ілесе білуінде. «Бал Текстиль» кілем фабрикасының өнімдерін әлемдік брендке айналдыруды мақсат еттім. Ендігі кезекте, осы мақсатқа жету жолында жоспарлар түзіп, оларды жүзеге асырмақпын. Кәсіп бастаушыларға айтарым, ең бастысы – табандылық. Арманынан айнымаған адам ғана оның орындалуын қамтамасыз етеді.
- Сұхбатыңызға рахмет! Кәсібіңізге береке тілейміз!
Сұхбаттасқан Мөлдір Нұрман, Матрица.kz
Просмотров материала: 6 917