Өндіріс өз алдына, қазіргі заманғы нано-технологияны жолға қоя алмай келеміз. Ауыл шаруашылығында да ауыз толтырып айтарлықтай жаңалық ашқанымыз шамалы. «Тас лақтырсаң» экономика және заң ғылымдарының докторларына тиеді. Олардың көптігінен ел экономикасы қарыштап кетсе, қәнекей! Саны бар, әйтеуір. Ілуде біреу жастар төбе көрсетіп жүр. Жас ғалымдардың еңбектерін қолдауға үкімет құлықсыз болса да, жекелеген бизнестің қызығушылығы бар. Ұлттық ғылым Академиясының Президенті Мұрат Жұрыновтың айтуынша ғылымның жастардан басқа проблемасы толып жатыр екен.
- Кеңес өкіметінің кезінде қазақ ғылымы керемет еді. Әлі де сол абыройдың «буымен» жүргендейміз. Көрер көзге, біздің ғылым «кәріғылым» сияқты көрінеді. Ғылым мен ғалымдардың бүгінгі күйі қалай?
- Қазақстан ғылымы кеңес одағының кезінде де, қазір де ең алдыңғы шепте тұрды. Оған дәлел Ғылым Академиясының соңғы басшыларының бірі академик Александров деген кісі бір үлкен жиналыста: «Қазақстанның ғылымы Ресей мен Украинадан кейінгі үшінші орында тұр» - деп айтқан. Бұл үлкен баға. 45 академияның барлығы орнында, жоғары деңгейде жұмыс істеп жатыр.
Оларды қаржыландыру тек қана біздің Қазақстанның тарапынан емес, сондай-ақ халықаралық қорлар арқылы да жүргізіледі. Ғалымдар қомақты қаржы алады. Бұл да еңбектің жемісі. Әрине, бұрынғыдай қазір ғалымдардың жағдайы жоқ. Тоқырау болды. Он жыл бойы тәуелсіздіктің он жылдығында біз аяғымызға тұруымыз керек болды. Сол аралықта ғылымның өсуі біраз баяулап қалғаны рас.
Соның өзінде Қазақстанның ғылымы өте жоғары дәрежеде. Ғылым өрлеу үстінде, бірақ біреуде баяу, біреуде жылдам. Оның бәрі қаржыға байланысты. Президентіміз қаржының көбейетінін айтты. Бұл ғылымның қарқынды дамуына сеп болады.
- Өзге де өркениетті елдердегідей бизнес ғалымдармен бірлесіп жұмыс істеуі тиіс боп жатыр. Біздің ғылымда жаһанға жар салатындай жаңалық бар ма, өзі? Ғалымдарымыз ғылымды жаңалауға дайын ба?
- Неге дайын болмасын? Ақша болса бәріне дайын, ғалымдарымыз. Ақша керек. Президент бизнес өкілдеріне ғалымдарды тарту керектігін айтты. Содан кейін олар, яғни, «Қазмұнайгаз», «Қазатомпром», «Қазэнерго» деген ұлттық компаниялар жылдық табысының 1 % ғылымға бөліп отырулары керек дегенді айтты. Ол үлкен қаржы болар еді. Ғалымдардың айлығы, қазір ең төменгі айлық. «Айлығын көбейтем» - деп тұрса, қалай дайын болмасын?
Мысалға, біз ғылымға жастарды шақыра алмаймыз. Өйткені беретін айлығымыз төмен. 80 мың теңге береміз. Оған қызыл дипломға бітіріп тұрғандар келмейді. Өйткені, ол 50 мың теңгені пәтерақыға төлей ме, жоқ, әлде ішіп-жей ме? 30 мың теңгеге қалай күн көреді. Сондықтан жағдайы көтермегендер келмейді. Жағдайы көтеретіндер келеді, бірақ олар көп емес. Осындай проблема бар. Барлық нәрсе қаржыға байланысты.
- Жекелеген бизнестен ұсыныстар түспей ме?
- Қазір өндірістің бәрі шетелдік инвесторлардың қолында, білесіз ғой. Олар зауыттарды бұрынғы қалпында пайдаланып жатыр. Мыс шығаратыны мыс, қорғасын шығаратыны қорғасын, мырыш шығаратыны мырыш шығарады. Солай жүріп жатыр ғой.
Олардың технологиялары ескіріп қалды, қазір. Оны жаңалау үшін де қаржы керек. Олар өздерінің тапқан пайдасынан үнемі жаңғыру жұмыстарына қаржы салып отырулары керек. Бірақоны барлығы бірдей істемейді. Өйткені шет елдің адамдары. Қазақстанның азаматтары емес.
Қазақстанның азаматы болған күнде де, оны бақылап, тексеріп отыратын бір орган керек. Керек болса, оларды мәжбүрлеп отыратын орган керек. Ол пайдаланып отырған зауыт Қазақстанның жерінде ғой. Ол байлығы, Қазақстанның беделі. Сондықтан, Президент жаңадан заң шығару және кім не істеу керек, соның бәрін міндеттеу керектігін айтты. Оның бәрі дұрыс. Ғылымға жақсы үрдіс береді.
- Жалпы біздің елде Елбасы бір шидің ұшын шығармаса, «сен тимесең, мен тимен» деп жүре беретін әдет бар ғой. «Плагиат» жайлы айтылып еді, бір әріптестеріңіз табанастынан плагиаттың құрбаны боп шыға келді. Өзіңіз ондай жағдайға тап болған емессіз бе?
- «Плагиат» деген көп нәрсені білдіріп жатқан жоқ. Плагиат - ол бір дисертацияны қорғау үшін біреуден көшіріп алу. Немесе бір кітап жазғанда оны көшіріп алу. Немене күйіп кетеді, онда? Түкте емес!
- Сіздің ше «түймедейді түйедей етті ме», сонда?
- 5-10 % плагиат болса, оның ешкімге ешқандай зияны да, пайдасы да жоқ. Ең бастысы, ғылыми жұмысты нағыз ғалым істегенде, ол еш уақытта плагиат жасамайды. Егер ол плагиат жасаса, оның ғылыми нәтижелері өндіріске салғанда өтірік боп шығады да, өндіріс жүрмейді.
Ғылымды тежеп тұрған плагиат емес. Ғылымды тежеп тұрғаны, біздің елде өндіріске ашық жол жоқ. Өндіріс пен лаборатория арасындағы көпір бұзылды. Бұрын кеңес өкіметінің кезінде, біздің үлкен-үлкен елу зауытымыз, тікелей Мәскеуге бағынатын. Ал, ол жақтағы орталық министрлік зауыттарға қаржы бөліп тұратын. Зауыттардың жанында сынақ цехтары болатын.
Ғалымдар өзінің жобасын өндіріс басшыларына дәлелдеу үшін, сол жерде эксперименттен өткізіп алатын. Егер тиімділігі дәлелденсе, ол тәжірибе өндіріске енгізілетін. Ал, қазір ғалым мен өндірістің арасында дәнекер болатын сынақ цехтары жоқ. Біз мысалы, катализатор шығарамыз. Оны зауыт қабылдамайды. Өйткені, олар білмейді, оның не беретінін.
Ал, оны сынақтан өткізіп көру үшін не Қытайға, не Францияға барамыз. Оларға тексеріп бергені үшін ақша төлейміз. Сөйтіп жүргенде ашқан жаңалығымызды ұрлатып алуымыз да мүмкін. Өйткені олардың мамандары біз сынақтан өткізіп жатқанда көреді ғой, оны. Сөйтіп бізден бұрын істеп қойып, патенттеп алмасына кім кепіл? Осындай қауіп бар.
- Министрлік хабардар болса, неге шешпейді бұл мәселені?
- Хабардар. Одан не пайда? Ақша жоқ қой, бәрібір. Біздің айлығымызды өсірсе, мұғалімдердің, дәрігерлердің жалақыларын қатар өсіру керек болады. Жақсы көтеріліп келе жатқан қазақ ғылымын дағдарыс қысты. Десе де, айналамыздағы елдерге қарағанда, жағдайымыз жақсырақ қой.
Ресей Украинамен шатасты да, санкция берді. Оларға берілген санкцияның салқыны бізге тиді. Сатылымға шығарып жатқан мұнай, газ, металл, бәрі арзандағасын, біздің де экономикамыз нашарлап жатыр. Мен ойлаймын алда бәрі жақсы болады деп.
- Жастардың ғылымға қызығушылығы қалай?
- Қызығушылық қаржыға байланысты. Әрине ғылымды сүю керек. Оны істей алатын адамдар болуы керек. Қабілетті болуы керек. Мұның бәрі ескеріледі. Бірақ оны қаржыландыру бірінші кезекте тұрады. Келмейді емес, келеді. Бірақ көп емес. Проблема көп, ғылымда. Соған қарамастан, қазақ ғылымы көштен қалмай, көш басында келе жатыр. Ресей, Украина, Белоруссия, Әзірбайжан кейінгі кезде ғылымға қатты көңіл бөліп жатыр. Оларда ІЖӨнің 1%ын, ал бізде 0,25%ын ғылымға жібереді. Соған қарамастан біз алдыңғы топта келе жатырмыз. Ал, бұл жақсы көрсеткіш.
- «Әдеп алқасы» сіздерге не береді?
- Әдеп алқасын құру керек. Ғылымның тазалығын сақтау үшін, плагиат деген болмау үшін, жемқорлыққа жол бермеу үшін, «әдеп алқасы» керек.
- Сұхбатыңызға рахмет! Сәттілік тілейміз!
Мөлдір Нұрман, Матрица.kz
Просмотров материала: 4 850