Он сегіз жылдың жүзінде серкелік жасқа жетіп,балалық жолдың сүрлеу-соқпағынан өтіп, даңғылына тұяқ іліндірдім. Балалық шағымның бейнесі даналық дидарына ұласпаса да, кескіні кескеліктің кейпін танытады.Менде керемет ауылдың алтын бесінде тебелдім, өстім, жетілдім.
Қазақтың маңдайына біткен асылы,дарасы Мағжан Жұмабаевтың осындайда «Туған жер» деген шығармасы ойға оралмасы бар ма?
Бұл жарыққа аяқ басып туған жер,
Кіндік кесіп, кірім сенде жуған жер.
Жастық - алтын, қайтып келмес күнімде
Ойын ойнап ,шыбын-шіркей қуған жер.
Тәтті суың дәмі аузымнан еш кетпес,
Қалың нуың, қыр, суыңа жер жетпес.
Кең далаңда ойын ойнап қалсамшы,
Жазу болып адамзатқа ер жетпес!
Туған жер-сенің үйің тұрған жер емес.Туған жер деп қазақ өз ата-бабасының кіндік қаны тамған, оның халықтық салт-дәстүрі қалыптасқан,адами тірлік қарекетінде маңдай терімен қара жерін идіріп түлеткен, гүлденткен, сөйтіп жер емшегін еміп өскен атамекенін атаған.
Осындай еліміздің елеулі мерекесі «Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығы » қарсаңында Қызылорда облысы Жалағаш ауданы Еңбек ауылының кешегі мен бүгінгі тыныс тіршілігінің өнегелі тылсым да мәлім жолын жаңа ұрпаққа ғибрат етуді жөн көрдім.
Ауылдан алып ұшып өмір жолының бір сатысына болсада қадам басуды жөн көріп ,алысқа оқу кеттім. Бұрын ауылдан шығып көрмеген қыр баласына өзге орта әсер етпей қоймады. Кейде қатты сағынып Нұрлан Өнербаев ағамыздың «Туған ауылым» деген әнін тыңдап сағынышты әбден басып алатын күндеріміз жиі болатын.
Сағынысып ауылдың ауасы мен кең даласын айырықша аңсап, Қызылорда вокзалына асығып жеткен күнді айтсаңшы!...Туған жер бұрынғыдай емес еңсесі биік Сыр елінің реңі 2 жылда түрліше өзгерген.
Биік ғимараттар мен пәтерлердің саны артқаны сонша , қаламызға ерекше сән-салтанат беріп тұр. «Жер-төбесіз болмас, Ел- төресіз болмас» деген халқымыз яғни төреміз де,төбеміз де аймақ басшысы – Қырымбек Елеуұлы Көшербаев ағамыздың еңбегі ерекше екенін айтпасқа болмас.
Қаламыздың іргесінен еркелеп аққан Сыр өзенінің бойына жаңа тіршілік сыйлап,сол жағалау бойынша жаңа аудан құрылысында бастап кетіпті. Сыр елі жері - халқыма тұщымды туындыларымен тарихта аты қалған, рухани азықтандырған, сөз ұстаған, жыр жамыратқан тағалы тарландары мен жүрегінен жалын лаулаған талай жыраулар мен талантты жастарды өмірге әкеліп,мәуелі бақтың мол жемісін бере білді.
Таспадай созылған кең тасжол сары даланың беліндегі белдіктей Батыс Қытай-Батыс Еуропаның белтұсында орналасқан халқы жайсаң,жастары мен кәрісінің ынтымағы мен сыйластығы жарасқан қарлығаштың ұясындай тығыз нағыз қазақтың ауылы менің туған жерім - Еңбек1950 ауылымыз іргетасы қаланып, ауыл ақсақалдарының қолдауымен шағын мектеп салдыртып ауыл балаларына білім берген көрінеді.
Кейін арада жылдар өтіп басшы жаңа, ел жаңа дегендей 1975 жылы ауылымызда ғалым Мардан Байділдаев атындағы №232 орта мектеп ашылып, талантты да, талапты жастардың бір пұшпағы түлек сол уақытта мектепке қабылданды.
Сапалы білім нәтижесінің арқасында қазіргі күні бұл мектеп түлектерінің көбісі республика көлемі және аудан , облыс көлемінде аттары еленіп ауылдың атын төрге шығарып жүрген аға,әпкелеріміздің бір парасын тілге тиек еткім келеді.
1978 жылы Еңбек ауылында туылған Baqorda агенттігінің бас директоры Мәди Манатбек, 1974 жылы туылған Жартыбаева Қаламқас 2011-2015 жылдары ауылдық әкімдік қызметін абыроймен атқарған осындай кең пейді тұлғалардың өшпес ізі жастардың жадында сақтаулы.
Осындай еліне шапағатын тигізіп,халқына адал нан жегізіп отырған Искаков Шакизатхан ағамыздың игі істерін неге айтпасқа. Бұл кісі қарапайым шаруа отбасынан шығып, қазір «Атамекен» ЖШС төрағалығымен ауыл жастары тұрақты жұмыспен айналысуда.
Биыл ағамыз бастаған шаруашылық Сыр өңірінің брендіне айналған күріш кластерін дамытып қана қоймай, Еңбек ауылының даңқын асырған егінші қауым өңірдің дара дақылы- күріштің әр гектарынан 61 центнерден өнім алып,ел қамбасына 220 мың тонна астық құйып ,толағай табыс биігінен көрінді.
Аймақ төрінде болған «Алтын күз-2016» егін терім нәтижесінің үздіктеріне Nexia, Lada Granta автокөліктерінің 12 басын сыйға тартып, халықтың мерейіне бөленген жайы бар. Мұнымен қоймай 2008 жылы ауыл халқына Алланың үйі мешіт, 2015 жылы жанармай бекетін салып ел игіне жаратсын деген ниетпен қызметінің жемісін таныта бастады.
Ауылымыздың игі жақсыларын жіпке тізе берсем таусылмас-ау сондада солардың айрықшасы батасы дариядай, күмістей сақалды ақсақалдарымды неге айтпасқа! «Ата қайратты болса, бала ғибратты » деген сөз бекер айтылмаған. Ауыл арасында ауызы дуалы, әңгімесі бәтуалы ақсақалдар барда ел ішінде алауыздықтың орын алмайтыны, жастары жөнсіз кетпейтіні белгілі.
Пайғамбар жастан асып, құрметті еңбек демалысына шыққан қарияларымыз да өте көп. Тірі адам тіршілігін істейді. Өмір заңы солай. Бүгінде сексеннің сеңгіріне келген Маханов Тасберген, Балханов Марқабай есімді ақсақалдарымыз жеке кәсіппен айналысып, бірі - жылқы өсірумен айналысса, бірі- егін егумен білек сыбана кіріскен, ұлдарын ұяға,қыздарын қияға қондырып отырған берекелі де мерекелі ауыл қариялары. Қазақтар «Төрінен қарт кетпесін» дейді,осындай елінің ырыс-несібесін ойлайтын ақсақалдарымызға деген құрметіміз ерекше.Бүгілген беліне сүйеу болу- біздің ата-дәстүріміз.
Міне,осылай таласты тартыста, қатыгез күресте, байрақты бәсекеде, тынымсыз тіршілікте өзіңді өзің жоғалтып алмай, рухани байлығыңды баянды, алдағы күніңді аянды ету үшін Туған жерге, туған өлкеге бір күн уақыт бөліп, көліндегі тулаған балығын аулап, желмен жарысқан тұлпарын мініп, апаңыздың сүт-майынан дәм татып кетсеңіз болғаны.
Есіңізде болсын адам баласында туған жер жалғыз, ата- ана жалғыз. Өмірде Бердібек атамыздың «Өлгендер қайтып келмейді» деген шығармасын оқып, ауылға ат басын бұруды ұмытпаңыз, себебі адам баласы екі рет өмір сүрмейді, құрметтілерім!
Төлеутай Нұрсұлтан Қуанышұлы Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университетінің 2 курс студенті
«Туған өлкем» («Менің Қазақстаным») жарияланымдар байқауы
Просмотров материала: 4 709