Тоғайдың Жаңай деген жалғыз ұлы болған. Жаңайдан Өзбақан, Айдархан, Самархан, Өзіхан деген төрт ұрпақ тараған. Өзбақаннан Қабділәшім, Қабділәшімнен Мұхтарихан, Мұхтариханнан Мерғалым, Мерғалымнан Қаршыға, Қаршығадан Жарас және Ғалымжан деген ұрпақтар бар. Айдарханнан Мұхтархан, Дәулетхан, Бидәулет деген үш ұл қалған. Мұхтарханнан Биболат, Биболаттан Бүркітбай, Бүркітпайдан Ербол және Нұрбол деген ұрпақтар бар. Дәулетханнан Мардан, Марданнан Қадырбек, Данияр, Нұрлыбек деген балалары бар. Бидәулеттен Шәмшия деген ұрпақ қалған деседі.
Сынықшының шығу тегі
Қазақ бабаның бір баласы Бекарыс. Осы Бекарыс бабадан Арғын, Уақ, Найман, Қыпшақ, Керей тараған. Уақ бабадан Бидалы, Жансары, Шоғы, Шайкөз, Баржақсы, Мұрат тарайды. Жансары бабадан Кенебай, Өтебай, Майлыбай, Тыран деген бабалар өрбіген.
Мерғалым ата Павлодар облысы Шарбақты ауданына қарасты Қарағай өлкесіндегі Қорт ауылында 1935 жылы 15 қыркүйек күні дүниеге келген . Мерғалым Өтебай бабаның ұрпағы Ғабдолладан Мұхтарихан, Мұхтариханнан Мерғалым, Мерғалымнан Қаршыға болып жалғасады. Шешесінің есімі Рабиға, Уақ атаның Қорт деген ұрпағының қызы. Ауылдың Қорт ауылы аталуы осы Қорт атаның есіміне байланысты. Ата-бабаларына оташылдық, емшілік қасиет қонып ұрпақтан ұрпаққа жалғасып ауысып келеді. Атасы Ғабдолладан қонған, бірақ Совет дәуірінде заман әуенімен белсенді коммунист болған соң әлгі қасиеттер Мұхтариханнан оның қарындасына ауған екен. Сонымен Мұхтариханның қарындасы Шайпану апаға ауып, сол кісі ұстаған
Аруақты бала.
Шайпану ападан оташы, емшілік киелі қасиеттері Мерғалымға 7 жасынан бастап ауа бастаған екен. Әуелде аяғы сынған, мертіккен тауық, қаз сияқты құстарды, одан қой, сиыр, жылқы малдарының мертіккендерінің сынықтарын орнына салып жүрген. Інісімен ауыл балаларымен ойнап күрескенде аяқ, қолдарын шығарып жіберіп, орнына қайтадан өзі салып беріп ойнап кетеді екен. Балалар мына жағдайлардан кейін Мерғалыммен күресіп ойнамайтын болыпты. Әкесінің көк шолақ сиыры бар екен, сол сиырды түнгі сағат 3-4-те тұрғызып алып, сиыр қораның ішінде көк шолақтың құйрығынан ұстап, әтеш шақырғанша сиырмен бірге жүріп, оны әбден зорықтырады екен. Бір ғажабы. Оқу жағы онша қонбай 4-ші сыныпты ғана тамамдаған.
12 жасқа келгенде Мерғалым қатты ауырып, төсек тартып жатып қалады. Анасы Рабиға баласын жақын ауылдағы бақсы атаға көрсетем деп жолға шығады. Жолда нөсерлі жаңбыр астында қалып, киімдері сығып алғандай су болған екен. Бақсы ата денесі көйлегіне жабысқан тыртиған баланы көріп:
- Ей, қарағым – ай, бұл баланың арғы тегінде сынықшылық қасиет қонған адамдар болған екен. Тұқым қуалау деген осы, бұның да бойында сондай сынықшылық қасиет бар. Балаға ем жасату керек. Ұзатпай ауылдарыңда мертіккен бала болса, осыған көрінсін, - депті. Мерғалымға ең алғаш рет көрінген ауылдағы бұғанасы сынған Жәлел ақсақал болған. Осыдан кейін «сынықшы бала» деген атағы ауыл, ауданнан асып облыстан тысқары жерлерге тарап, жан-жақтан ем алуға сырқаттар ағылып жатқан екен. Мерғалымның тағы бір қасиеті: ол ешкімді де ренжітпейді. Оны ренжіткен адам не мертігеді, не ауырады. Және сол кісінің өзінен ем алуға мәжбүр болады. Мерғалым жүрген жерде ынтымақ, бірлік, тәртіп, имандылық қатар жүреді. Ол қатысқан тойда жарасты күлкі мол болады, Мерғалымды аса сыйлағандықтан болар той зор қуанышпен қызықты өтеді. Отбасында кикілжің, келіспеушілік болса да табыстыруға Мерғалым барса ерлі-зайыптылар жарасып кетеді.
Ел аузынан
Сынықшы бала. Әкесі Мұхтарихан марқұм осы баланың жүріс-тұрысына сезіктене қарайтынды шығарды. Басқа бір ойын балаларындай емес, Мерғалымның қимылы, іс-әрекеті бала жасынан оған ерекше көрінетін. «Әке- балаға сыншы» деген емес пе? Бір күні далада ойнап жүрген көрші-қолаңның бес-алты қара домалақ баласы таңертеңгі шай ішіп отырғанда, үй ішіне ентігін баса алмай далбақтап жүгіріп келді.
- Ия, жол болсын. Сендерді кім шақырды?- жай сөйлейтін отағасы. Ішіндегі ұзын сирақ, бойы биіктеу келген біреуі қақалып-шашалып сөйлей бастап еді, оны жөнді түсінбеді.
- Әй, қарағым дұрыстап айтшы. Не деп тұрсың?- деп қайта сұрады.
- Ана, сіздің балаңыз Мерғалым қызыл әтештің аяғын сындырды.
- Неге?
- Тас атып тигізді... Енді сынған аяғын өзі саламын деп ұстап алды.
- Кәне... Не деп тұр мынау өзі?!.
Жалма-жан алдындағы ыстық шайын ысырып қойып, балалармен бірге далаға атып шықты.
- Әй, не істеп жатырсың?
- Өзім сындырдым, өзім орнына салып жатырмын...
- Пәлі, шіркін. Саған ондай өнер қайдан қонды? Жібер тез, обал болады! – деп жатыр.
- Әке, тимеңіз маған...
- Тәйт әрі. Не деп тұрсың? Сау жүрген құстың аяғын сындырып, обалына қалайын деп жүрсің ғой?!
Осы кезде қолдан ұшқан қызыл әтеш мойнын соза бір шақырды да, қораға сып берді. Мұны көрген балалар да, әкесі де аң-таң. Жаңағы өзі көздерімен көріп, ренжіп қалған, аяғын баса алмай сүйретіліп, тобығынан айырылып жатқан қораздың сап-сау болып, түк болмағандай, қанатын қағып шақырып жібергенде, бәрі де ду күлді. Мұхтарихан, біздің әулетте мұндай өнер жоқ еді, - деп іштей батасын беріп, үйге кірді.
Мерғалымның тоғыз жасында бойына қонған сынықшылық өнері Жаңауылдан асып, қалың қарағайлы өңірді мекендеген бүкіл елге тез тарады. Сол Қорт ауылының үлкен-кішісі енді бұғанасы қатпаған жас баланы ауызға алатын болды.
- Бірде, - дейді туған құдасы Мазан Бейсенбайұлы Қаражанов, - бір қызықтың куәсі болдым. Ауылдың шетіндегі топ шіліктің ішіндегі тоқал үйде тұратын Сембай деген ақсақал жүгіріп келді.
- Жайшылық па Сәке? – деймін.
- Қайда әлгі сынықшы бала? Мерғалымды айтамын. Тез тауып беріңдерші. Кері атым оң аяғын ауырсынып, жүре алмай ақсап тұр. Тездетіп көмектесіңдерші. – деп жалынды
- Оны қайдан табамыз? Майқарағайға кеткен.
- Ендеше өзіңіз тауып алыңыз
Содан не керек,ойын баласы бір жерден табыла ма, қайдан тапқанын білмеймін, Мерғалымды жетектеп үйіне алып барыпты.
- Ал, кәне, сынықшы екеніңді көрейін. Ақысына бір ту қой, - деп қарап тұр.
Ауылда өскен қазақ баласы малға тым жақын тұрады ғой. Екі көзі жасаурап, мұңын шаққандай көрінген есік пен төрдей үлкен қара кері ат ішін бір тартып, осқырынып алды да, Жанына жақындаған Мерғалымды иіскей, тұмсығымен түртіп, «шын емші болсаң көр» дегендей, қимылсыз қалды.
Жұмсақ балауса бала қолы аттың жалын, жонын, бауырын сипап өтті де, сынған артқы аяғына жақындағанда, мыңқ етпей ауырсынбады.
- Жануар біліп тұр. Бір нәрсені сезе ме деймін. Ат иесі Сембай не істерін білмей, біресе оң жағына, біресе сол жағына шығып, бәйек болып жүр.
- Аға, атыңыз жуас екен... Теппейтінін көрдім. Алдыңғы екі аяғын тұсаңыз. Басын мықтап ұстап тұрыңыз.
Мерғалым екі қолын сыбанып, тобыққа жетпей сынған аттың оң жақ сирағын бар салмағымен білдірмей қатты басып қалғанда, хайуан болса да жанына батты білемін, тыпыршып ырғып түсті. Бірақ екінші рет қозғалмады. Тастай болып қатты да қалды.
- Болды аға. Енді осылай бір тәулік тұрсын. Тұсамысын да алмаңыз. Ал егер бар болса, үйде таза мақта мен дәке беріңіз. Мен сол жараланған жерін орап тастайын.
- Қазір, қарағым. Көп рахмет! Өмірің ұзақ болсын. Қолың жеңіл бола берсін! – деп Сембай ақсақал қос қолын жайып батасын берді.
- Әумин! – деп қарап тұрған бәрі де қолын жайды
1954 жылғы қараша айының жетісі. «Қызыл қоғам» колхозының атағы бүкіл облысқа тарады. Ұлы Қазан революциясының 37-жылдығының бүкіл еліміз тойлап жатқан үлкен мереке болатын.Онда колхозды ауылда ат шабысы, палауандар күресі сияқты ұлттық ойындар, халықтың ең бір сүйіп көретін, тамашалайтын мезгілі. Он шеңбер айналымға жіберілген бәйге жарысында алдына жансалмай Асаубайдың Бәйгекөгі келді. Ол он сәйгүлектің ішінде Құлагердей дара шапты. Жұрт қоян жон, бұйра жал, манғол тұқымдас жабайы аттың шабысына дүрлігіп, енді бәйгеден келген Тортайды қаумалап, ат үстінен көтеріп алып, допша қолдан-қолға түсірмей атып жатты.
- Шіркін, Бәйгекөкке жететін тұлпар бар ма?, - деп мақтайды жиналғандар.
- Анау, Хамиттің аққасқасы да осал емес-ау өзі.
- «Зор Октябрьдің» бозқасқасын айтсайшы.
Осылайша ауыл шетіндегі аласа дөң маңында жұрт шуылдасып, айқай-ұйқай болып жатқанда бір жақтан палуан күресі басталып кетті. Ентелеген халық ортадаға палуандарды көргенше асықты.
- Іштен шал, жамбасқа сал...
- Әй, Тоқбай, неғып тұрсың, көтеріп ал да тастай сал...
Жанкүйерлер екі жаққа бөлінген. Кім жеңер екен. Бір мезетте қарсы палуан Тоқбайды аңдып жүріп, қос қолдап, жамбасқа салып сылқ еткізді.
- Ойбай жаным, аяғым... Сынып барады...
- Не болды ей, анау неге тұрмай қалды... Бір жері сынған шығар...
Сол жолы ауыл еркесі атанған сері жанды Тоқбай Уақбаев сол аяғын жілігінен жоғары сындырған екен. Жалма-жан жас жігіттер арбаға көтеріп салып, үйіне әкелді.
- Ал, енді не істейміз? – Үй іші үрпейісіп қалды.
Көршілер түгел жиналды. Ауыл болып ақылдасып, тездетіп пар ат жіберіп Қорттан Мерғалымды алдыртпақшы болды. Сол күні түнделетіп Тоқаңның екі жақын інісі Жаңауылға жетті.
- Мерғалымның үйі қайсы? Айтып жібермейсіз бе? Бірінші кездескен адам сондағы мектептің директоры Оспан Жәнібеков еді.
- Суыт жүрсіңдер ғой. Жүріңдер, өзім алып барайын, - деп Мерғалымның үйіне келді.
Анда-санда сынықшы жігіттің ән-күй тыңдап, бір масайрап отыратын кезінде келіпті. Радиодан Біржанның «Жамбас сипар» әні қалықтап тұр. Орындаушы – Қазақ СССР-нің халық артисі Жүсіпбек Елебеков.
- Міне, нағыз халық тыңдайтын ән – деп тамсанады.
Бала, мына кісілерсонау «Қызыл қоғамнан» келіп тұр. Әкесінің жағдайымен, - деп мұғалым түсіндіріп жатыр.
- Өздері неге үндемейді? – деді Мерғалым.
- Саған бата алмай тұрған шығар.
- Мен немене, құдаймын ба, сонша! Өз ауыздарымен айтпай ма? Сынықшы жігіт жақтырмағандай сыңай танытты.
- Жарайды, айтпай-ақ қойыңдар ар жағын өзім де біліп отырмын. Әкеліңдер аты кім?- деді ол орнынан түрегеліп.
- Тоқбай деген...
- Кеше мертікті ғой. Түстен кейін бе? Солай, солай. Түні бойы палуандар күресіп, түсіме кіріп еді. Соның бірі сіздің әкеңіз болды ғой. Түнде жүрмеймін. Таң атсын, сосын жолға шығамыз. Сіздер дем алыңыздар, - деп олардың жатар орындарын көрсетіп, кетіп қалды.
Ертеңінде түс ауа ауылға Мерғалым келді.
- Ойбай, әлгі сынықшы бала келіпті Тоқбайдың үйіне,- деген хабар ауылға тез тарады. Сол күні бүкіл ауылдың тең жарымы сынықшыны көруге Тоқбайдың үйіне жиналды.
Қысқа сары шаш қойған, қой көзі, талдырмаш келген сынықшы бала келе сала жұмысына кірісіп кетті. Бір сағаттан аса Тоқбайдың сынған аяғымен болды. Тай қазысын санының сынған бөлігі мен тобықтан омырылған төмен тұсына тартып тастады.
- Ой, ғажап, қолы қандай майда жұмсақ еді. Сипай бастағанда-ақ маужырап ұйықтап кеттім,- дейді Тоқбай.
Оны үй іші болып бір жұма жібермеді. Қырық күн өткенде. Тоқбай Уақбаев таяқпен жүруге жарады.
- бір аяғыңыз кемдеу бітеді, себебі егделеніп қалған адамның сүйегі жас адамдікіндей емес, оңайлықпен бітпейді, - деп сынықшы бала дәл бір аптадан кейін аттанып кетеді
Сазайын тартқан дүкенші
Мына әңгімені Жабағылы ауылының бұрынғы тұрғыны Жабай ұлы Кәкеннің өз аузынан естіген едім. Біз дейді Кәкем аға Мерғалыммен жас кезімізден араласып тұрдық Менің ағам Асайдың аяғы мертігіп шығып кетіп Мерғалым салып берген жылы болатын. Бұл Мерғалымның 14-15 жасар шамасы, яғни 1950 жылы еді. Бірде ауылдық дүкеге шләпшін, шәйнек, шыны аяқтар молынан түседі. Ыдыс аяқтың қат кезі. Біздің жақта ләпке дейді. Ләпкеге халық толған.
Ол кездегі дүкеншілер көбіне ер адамдар болып келеді. Сол дүкеннің ішінде жұрт пен бірге Мерғалым да тұрады. Былайғы жұрт Мерғалымды біледі. Содан Мерғалым барып дүкеншіден: «Шләпшін мен шәйнек керек еді, берсеңіз», - дейді ғой. Содан дүкенші тұрып – «Әй, бала! Саған не жоқ. Сен түгіл сенен үлкендерге де бермей тұрғанда , әйдә бара ғой»,- дейді. Үн – түн жоқ. Мерғалым кейін шегініп кетеді. Содан өзінен-өзі күліп тұрған дүкенші, «Әй, шығыңдар ләпкеден, бүгін сатпаймын, жабамын ләпкені», - деп, жұртқа қарай қолын сермейді.
Жұртты дүкеннен шығарып, құлыпты алып, енді жабайын деп дүкеннің есігіне келіп құлыпты ілгеннен кейін, екі қолы бірдей өзінен-өзі қарысып қалады. Кілтті ұстай алмай қасында тұрған Кәкештің анасы Гүлсім шешейге «Әй, жеңгей, бері келші, мына құлыпты жабшы, қолыма не болғанын білмеймін, екеуі бірдей жансызданып тұр, тіпті қимылдамайды»- депті. Былайғы тұрған кісілер: «жаңа неге бәрімізге өрескел сөз айттың, ортамызда сынықшы бала да тұрған. Соның киесі соқты сені, тарт сазайыңды, екінші рет байқап сөйлейтін боласың»,- деседі.
Содан дүкенші ақсақалдарды шақырып, жинап, Мерғалымға кешірім сұрауға, шәйнек пен шләпшінін оған қоса аққұман басқа да ыдыстар беріп жіберіпті. Мерғалым келген ақсақалдарды жылы қарсы алып: «Ой, аталар, маған дәнеңенің керегі жоқ, әке-шешеме керек болған соң сұрап едім, әкелгендеріңізді қабылдамаймын, бірақ екінші рет халықпен жылы сөйлессін, бара беріңіздер, сіздер жеткенше дүкенші де тәуір боп қалар»,- депті. Ақсақалдар дүкеншінің үйіне келсе дүкенші сап-сау, тәуір болдым деп мәз болып отыр дейді. Қайта алып келген ыдыс-аяқтардың бәрін дүкенші ақсақалдарға беріп, шай қойғызып, көңілдендіріп үйлеріне шығарып салыпты. Содан кейін дүкенші байқап сөйлеп, аузын бағатын болыпты дейді, - Кәкен аға
Әскери міндетін өтеуге жүруі
Мерғалым 18-ге толып, әскери комиссариаттың шақыру қағазын алып , әскерге жиналады. Кереку қаласына келіп поезға мініп кетеміз деп тұрғанда, әскерге апаратын эшалонның бастығы полковник вагонға мінгелі көтеріле бергенде аяғы тайып жығылып , сол арада аяғы сынады. Полковниктің қасында тұрған жергілікті офицерлер және жігіттер: «Мұнда сынық салатын бір жігіт бар, соған көрсетіңіз. Ол салған сынық адамның жасына қарай –соншалық күнде тәуір болып кетеді»,- дейді.
Әлгі полковник сол кезде 36 жаста екен. Мерғалым полковниктің сынған аяғын орнына салып, жақсылап байлап беріп:
- Бұл байланған шүберек 36 күннен кейін өзі шешіліп түседі, содан соң жүре беріңіз,-күні бұрын дәрігерге шештіріп көрсетпеңіз, шүберегі шешілген соң көрсете беріңіз,- дейді .
Әлгі полковник емнен кейін облыстық военкоға телефон шалып, Мерғалымды әскерден босаттырыпты
Екі тәулік ұйықтаған бала
Қысқа жақын Алтай өлкесінен Баранов Иван деген тамыр, досы келіп Кәкешке:
Сен Мерғалымға барып сөйлесіп көрші, менің баламның аяғы сынып, оны гипстеп, сол аяқ асқынып ісіп, ісігі тура көкпеңбек болып, аяғы дөңбекией болды. Міне төрт күн болды, балам зарлап бір көз ілмейді. Сені сыйлайды ғой, емдеп берер, - дейді.
Ол кезде Мерғалым мертіккен адамды дәрігерге апғаннан кейін қабылдамайды екен, Иванның өзі бармағаны сол болса керек. Кәкеш бөгелместен Мерғалымға барып сөйлесіп, келісіп, Иванның баласын алдырып Мерғалымның алдына емделуге әкеліпті. Сонда Мерғалым Иванға: «Иван, мынау баланың аяғы асқынып кетіпті, емдеу үшін мына гипсті тіліп алу керек, бұл гипс, ертең айғай-шу болмасын»-дейді. Содан баланың аяғындағы гипсті қайшымен кесіп алып, аяқты сылап-сипап, қайтадан сынықты бұзып, оны қайтадан нақты орнына салып шүберекпен орап беріп, шүберектің сыртына қайтадан гипсті салып, гипстің сыртынан дәкемен орап Иванға: «Ал Иван 16-17 тәуліктен кейін мына дәкені, гипсті шеш, ішіндегі шүберек шешілсе оны да алып таста, сонан соң балаң ақырындап аяғын нық басып жүре берсін, бұл балаң әскерге барады қатты ештеңе ойыңа алма»,- дейді.
Иван келген соң екі тәуліктен кейін Кәкеш Ивандікіне барып баланың халін білме: «Бала екі тәулік бойы ұйықтап жатыр»,- дейді әкесі. Баланы оятып халін сұраса айтады екен: «Мерғалымды көрсем басынан аяғына дейін сүйер едім»,- деп. Сол бала аман-есен әскерге барып келіп, қазір үйлі-боранды дөкей азамат,- дейді біздің Кәкеш ағамыз[3]
Өз үйінде мерттіккен ұшқыш
Қарағай арасында «Шақа» -деген, орман шаруашылығымен айналысатын ауыл бар. Сол ауылға бір ұшқыш Ленинградтан әкесінің үйіне демалысын өткізбекші болып келеді. Әлгі ұшқыш әкесіне отын даярласуға көмектесіп жүргенде, отын тиелген биік машинадан құлап мертігеді. Мерғалымға апарып көрсетсе . жамбасы сынған екен. Мәкең сынықты орнына келтіріп салады. Отыз шақты күн өткеннен кейін ұшқыштың жамбасы тәуір болып Ленинградына қайтады. Біріқ жұмысына кешігіп барған екен. Командирлері сұрайды: «сен неге әскери қызметіңе кешігіп келдің?»,-деп.
Ұшқыш болған жайды баяндап жазып береді Ұшқыштың шын, не өтірік айтқанын тексеру үшін рентгенмен анықтайды. Түсірілген суретті қарап көрсе, бір ғана сызықтың ізі бар. Сонда тексерушілер таңданып: «Япырай! Мұндай да адам болады екен-ау,-деп бастарын шайқапты
Арақ ішпеймін деп алдап көр
Мерғалым, жалпы арақ-шарап ішіп жүріп мерттіккен адамдарды үйіне әкелгенде бірден байқап: «Қайта алып кетіңдер немесе дәрігерге көрсетіңдер, бұл адам арақ ішіп жүріп мерттіккен, әйтпесе шыдаса бір жұмадан кейін әкеліңдер»- дейді екен.
Жоғарыда жазғандай, осындай ішіп жүріп мерттіккен кісіні Семей облысының Беген ауылынан Қортқа Мерғалымға көрсетуге әкеледі. Мерғалым байқайды да «Сіз арақ ішіп жүріп мерттіккен екенсіз, негізі 4-5 күннен кейін келгеніңіз абзал болар, сөйтіңіз», -дейді. Мерттіккен кісі: «Мен ішкен жоқпын, шөп тиеген арбадан құладым»,-деп болмайды. Содан Мерғалым ашуланып: «Әй, сен не деп оттайсың, сен арақ ішіп төбелескенсің, өзіңді кезі етікпен тепкілеп ұрыпты ғой, содан анау қабырғаларың, қолың сынған, бар», дейді. Жігіт болса зарлап, ішкенін мойындап, тап солай болды, -дейді. Мәкең жігіттің мүшкіл халін көріп: «Жарайды, ертең келші, салып беремін»-деп айтқанын өз құлағыммен естідім,-дейді Кәкеш ағамыз
Шипалы алақан
1979 жылдың қаңтар айы еді. Аяғым сынып, көп бейнет көрдім. Гипсті екі рет салып, ісініп кетіп, қақсап ауырғандықтан екі рет алып тастауға мәжбүр болдым. Қорттағы қасиетті шипагердің сипағаны ем деп естуші едім, міне, осылау мен Мерғалым атты сынықшының алдына бардым.
Бір ғажабы-емшінің ауылына жақындағанда аяғымның ауырғаны басылып, мәшинеден өз аяғыммен түсіп бардым. Сәтін салғанда Мерғалым ағаүйінде екен, үйдің сыртқы есігін аша бергенімде алдымнан қарсы шығып амандасты. Сосын: «Мына балалар шөлдеп келген шығар, сусын бер! – деді жұбайына. Кіреберісте осы сөзді тосып тұрғандай, ерекше бір жедел қимылмен Бәтес жеңгей үлкен шараны толтырып, қатық қосылып жасалған күріш көже ұсынды.
Мерғалым Мұхтариханұлын алаш көруім еді, мейірімге толы ойлы жанары менің жадымда мәңгі сақталып қалды.
Ағай көп сөйлемейді екен, қолына сабын жағып алды да, аяғымды сылап көргеннен кейін бір ай бойы тұздалмаған қазыға бөлеп, күніне үй ішінде екі сағат жүру керектігін айтты. Мен емшінің айтқан шартын мүлтіксіз орындадым. Ерекше қасиетті дарын иесі, сынықшы Мерғалым Мұхтариханұлының сипағаны ем болып, бір айдан соң ешбір ақаусыз жүгіріп кеттім.
Асыл аға өмірден ерте кеттіңіз. Халықтың маңдайына бақ болып келген бір жарық жұлдыз едіңіз. Бірақ, бірақ артының қайырын берсін, орнында бар оңалар деген осы да, сіздің қасиетіңізді қастерлеп, емшілік жолыңызды дәріптеп, жалғастыратын ер азаматыңыз- Қаршығаның бар екенін көңілімізге медеу тұттық.
Жас сынықшы – Қаршығаны ата-бабаның аруағы қолдасын! Әмин!
Құрдасым да, досым да едің-ау, Мерғалым.
1952 жылдың маусым айы еді. «Қызыләскер» орта мектебінің 9-шы класында оқып жүрген кезім. «Дәмеліде» тұратын нағашы атам Шәріптің үйіне келсем, үй толы кісі екен. Көзім бірде төрде отырған үстінде әртүрлі тесік түйме, күміс моншақ, түрлі түсті асыл тастар қадалған шертек киген, өзім шамалас тақырбас сары балаға түсіп, іштей онымен танысқым да келді. Нағашы апам әдеттегідей мені ат арбамен ауыз су алып келуге жұмсады. Апамнан қонақ баланың кім екенін сұрадым: Қорт ауылынан келген сыныұшы, Солтанның аяғы сынып соны салып емдеп бергені үшін біз оны құрметтеп қонақ етіп жатырмыз» деді. Сөйткенше болмай әлгі тақырбас сары бала менің қасыма келіп «кел танысайық, менің атым – Мерғалым» деді, екеуіміз тез танысып кеттік. Таныса келе екеуіміз құрдас болып шықтық. Құрдас болған соң «сынықшы балаға» өзімше сұрақтар да қоя бастамайын ба? «Ең қиын сынық қандай сынық? Бір себептен сала алмаған сынықтарың болды ма?» дедім. Сонда марқұмның айтқандары есімде қалыпты.
...Бір колхоздың бастығының әйелі жамбастан мертігіп қалады да ұзынқұлақтан естіп, мені іздеп келді. Әйелінің бірнеше күн бойы нәр татпастан «құрда» асылып тұрғанын айтты. Содан бардық. Бізді көріп әйелі бұрқылдап «қайда жүрсің сен?» Менің тұрғаным болса мынау» деп ашуланып сөйлеп жатыр. Күйеуі сасқанынан «міне, сынықшыны тауып әкелдім» дегенде «осындай сынықшы бола ма, мынауың бала ғой» деп жөнелгені!
Сөйтіп әйелдің сынған жамбасының ұршығы орнына түсті де, екінші сау жамбасының ұршығының ұясынан шығып кеткенін білдім. Бастық ағай жолда ештеңені сезбеді, мені үйіме әкеліп тастады. Бір күні таңға жақын қатты қағылған есіктің тарсылынан ояндық. Баяғы бастық ағай келіп тұр. Сәлем беріп екінші рет барғанымда «құрда» әлі күнге дейін асылып тұрған бастықтың әйелі жұмсарып «жаным, күнім кешір, менен бір ағаттық өтті» деді жылап. «Мені баласынып менсінбей қойып едіңіз, мені емес, менің аруақ қонған қасиетті емімді , шипамды сыйлауыңыз керек еді» дедім деп Мерғалым әңгімесін аяқтап еді
Мерғалым емшіге қанша адам қаранып, шарапатты ем-домын қабылдап, сауығып шыққаны жөнінде нақты деректер жоқ. Ал ел адамдарының айтуына қарағанда Қорт ауылындағы емшінің үйіне жаңа келгендер кіріп жатқанда, алдыңғы келгендер емдерін қабылдап қош айтысып аттанып жататын көрінеді. Жаз айларында күніне кем дегенде 2-3 жолаушы арнайы келетін болған. Жол қатынасы қиындаған қыс айларында келушілер аз екенін есте тұтып орташа есептеп жылына кем дегенде 300 адам емшінің үйіне ат басын тірейді дейік. Мерғалым марқұм 40 жылдай (7 жастан 50-ге дейін) емшілікпен айналысқаны белгілі. Осы қырық жылдың төрттен бірінде әртүрлі себептермен (жол сапарға шығуына, ауырып-сырқауына т.с.с. байланысты) ауырған адамдарды қабылдай алмады деп, емшілік қызметіне 30 жылды алайық. Сонда қазақтың қара есебі бойынша Мерғалым марқұм өз ғұмырында кем дегенде 9-10 мыңдай ауруларды қабылдап, сауабын алған болады.
Құдай қосқан қосағы Бәтес апай, Батыр-ана, он бала тәрбиелеп өсірген. Балаларының бәрі де тәрбиелі, тәртіпті, өнегелі, өнерлі болып өсті.
Елу бір жасында көз жұмған Мерғалымның тосын қазасы отбасының да, ауылының да, ем алған адамдардың да қабырғасын қайыстырып кетті. Аруағына бас иген халқы осындай ұлы емші, сынықшы Мерғалым сынды ұлының 61 жылдық мүшел тойына орай аруағына бас иіп, 1996 жылы 16 тамызда ас берген болатын.
Биыл 2015 жылдың 1 тамызында Мерғалым атаның 80-жылдық тойының куәсі болдым. Халық өте көп жиналды. Барлық жиналған халық алдымен Мерғалым атаның басына барып дұға бағыштады. Ауыл шетіндегі тізілген аппақ киіз үйлердің өзі бір ауыл болды. Көптеген мерекелік шаралар мен түрлі жарыстар өтті. Ауыл тұрғындары көше - көшемен келген қонақтардың бірін қалтырмай қонақ қылып, ас берді.
Қазіргі кезде қазақ емшілеріне сенушілер жоқтың қасы. Себебі медицина жақсы дамыған заман. Бірақ, мен, қасиеті әлемге танылған Мерғалым атаның атын өшірмей, әр адамның санасынада қалатындай етіп зерттегім келеді.
Мерғалым ата дерттің дауасын тапқан, қасиет қонған емші ғана емес, елдің қамын ойлаған, адамға жанашыр қамқор жан еді.
Мерғалымның өзі дүниеден өткенмен ел есінде мәңгі сақталар ғибратты ісі қалды, емшілігін жалғастырған Қаршығадай ізі қалды.
Халыққа жасаған жақсылығы, емінің шипалы шапағаты ешқашан ұмытылмайды
Бастауыш сынып мұғалімі
Альжанова Жұпар Нұртасқызы, Екібастұз
«Туған өлкем» («Менің Қазақстаным») жарияланымдар байқауы
Просмотров материала: 5 291