«Болашақ ұрпағымызды тәрбиелегенде оларға жасайтын имандылық пен сауаттылық қасиеттерді сіңірсек,тәлім-тәрбие берсек,сонда ғана рухы дамыған,Отанның гүлденуіне өз үлесін қоса алатын азамат өсіре аламыз». Нұрсұлтан Назарбаев
- Қазіргі жастардай күйдім-сүйдім деген жоқпыз. Екеуміздің шешеміз өзара шешкен екен. Біз көндік. Одан жаман болған жоқпыз. Отасқанымызға 70 жылға жуықтап қалды. 10 бала өсірдік. Он балам он ауыл болды, міне. Шүкір. Сондықтан жар таңдауда үлкендердің айтқанына құлақ асқан дұрыс деп санаймын, - дейді Абдулла Нұсқабаев.
Шынында отбасын құру, сол шаңырақты сақтап қалу оңай шаруа емес, Отбасы – адам баласының өсіп-өнер алтын ұясы. Өйткені, тәрбиенің түп-тамыры отбасынан басталады. Ал бақытты отбасын құру отағасы мен отанасына байланысты. «93-тің көжесін ішіп жатырмын»,-деген Абдулла ақсақал 81 жан өріп шыққан шаңырақтың иесі.Үнемі өткеніне салауат, барына шүкір айтып, ұрпағының болашағына сеніммен қарайтын отағасы.
Абдулла ақсақал – ҰОС ардагері. Курск доғасында болған қанды шайқастан бастап, соғысты Прагада аяқтаған «Қызыл жұлдыз»,«І-ІІ дәрежелі Отан соғысы» ордендерінің иегері. Абдулла Нұсқабай әскерге 1943 жылғы қаңтар айында шақырылғанда небәрі 18 жаста болған екен. 1944 жылы лейтенанттар даярлайтын арнайы курста оқыған. Ленинград, 1-ші Украина майдандарындағы шайқастарға қатысқан. Пулемет ротасында командир қызметін атқарған. Екі рет жараланыпты. Елге оралғаннан кейін педогогикалық училищені тәмамдап, мұғалім болып жүрген кезінде шаңырақ көтереді.
—Менің анамның соғыста екі баласынан айрылып, аңырап жүрген кезі-тұғын. Бар жаны жалғыз қызы менің үстімде болды. Сенің өгізге мініп, шөп шауып, ауыр жұмыс жасағаныңды көргім келмейді, көршінің соғыстан оралған баласына тұрмысқа шығасың деді,—деп еске алады Әлила әжей.—Аштықты, небір ауыртпалықты бірге көрген екі кемпір өзара сөз байласқан екен ғой. Жыласам да, сықтасам да қарсы шығар не дәрмен бар. Қарыс адым жердегі көршінің есігін аттадым. Екі жылда құдай берген балалар дүние есігін ашып жатты. Сол үйдің ыстығына күйіп, суығына тоңып, бар тірлікті жасадым. Диірмен де тарттым. Масақ та тердім. Менің білімім 8 сыныптық болды, сонда да жұмыстан қашқаным жоқ. Мектептің отын да жақтым, интернаттың балаларын да бақтым, әйтеуір, мектепте не қызмет болса, бәрін істедім. Жаз болса,жөндеу жұмыстарында жүрдік, тыным тапқан жоқпыз. Балаларымды оқытамын деп тары түйіп, саттым. Сол еңбектің арқасында балалар өсіп-жетілді. Нанын жегізіп жатыр. Шүкір.
Абдулла ағай да балаларын оқуға, білімге ұмтылуға тәрбиелеген. Сол жолда бар күшін сарп еткен. Бір кездері мектеп түлектерін ауылдағы жұмысшы бригадаларында қалуға үгіттеген бастамаға бар жан-тәнімен қарсы тұрып, сол кездегі аупарткомның екінші хатшысымен сөзге келеді. «Ауыл баласы малшы, ауыл баласы тракторшы болу керек деген болмайды. Ауыл баласынан да жоғары білікті инженер, ғалым шығады»,- деп табандап тұрып алыпты.
Сонысы үшін берілейін деп тұрған білім ісінің үздігі атағынан қағылады. Дегенмен, білімді мыңды жығады деп шәкірттерін білімге,ғылымға ұмтылуға үйретуден жалықпаған. Қазір сол шәкірттерінің алдыңғы сапында Убайдулла Мәмбетов , Жұманазар Асанов деген сияқты профессор, жоғарғы оқу орындарында дәріс беретін ұстаздар жүр. Мектеп директоры болып жұмыс жасайтындары да , басқа да шаруашылықтарда басшы қызметтердегісі қаншама.
Берік отбасы - қоғамның тірегі
Жақында ғана гауһар тойын тойлап, Нұсқабаевтар әулеті тамырын тереңге жайған бәйтеректей өсіп, жапырақтарын жайып келеді. Әулетте қазір 81 жан. Соңғы айдың өзінде бір немере, 3 шөбере дүние есігін ашып, отбасы қуанышын еселетті.
Балаларын ізгілікті қасиеттерге тәрбиелеп,үлкен жетістікреге қол жеткізген жарасымды жанұяларды көпке үлгі етіп, насихаттай берудің маңызы зор. Осы мақсатта Елбасы жарлығымен жарияланған «Мерейлі отбасы» байқауы осымен үшінші рет өтті.
Отбасы мүшелерінің жетістіктерінің маңыздылығына, рухани-адамгершілік құндылықтарға, отбасылық дәстүрлер мен жәдігерлерге, арғы тектерін білуіне назар аударатын «Мерейлі отбасы» байқауында Нұсқабаевтар әулетінің бірінші орын алатындай нәтижелері баршылық. Бұл отбасында мұғалім, дәрігер, кәсіпкер мен мұнайшы да бар. Балаларының барлығы бақуатты тұрады. Шөберелерінің алды «Болашақ» бағдарламасымен шетелде оқи бастады. Немерелерінің ішінде үлкен лауазымды қызметте жасайтындары жайлы Абдулла ақсақал мен Әлила әжей мақтана айтады.
«Әке - асқар тау,
Ана - етегіндегі бұлақ,
Бала - жағасындағы құрақ» .
«Әкеге қарап ұл, шешеге қарап қыз өседі»,- дейміз. Шынында отбасының ең маңызды қызметтерінің бірі, негізгісі – баланы өмірге келтіру ғана емес, сонымен бірге оған әлеуметтік-мәдени ортаның құндылығын қабылдаттыру, үлкен ұрпақтың тәрбиесін жас ұрпаққа жеткізу, бойына сіңірту, яғни балаларын өздерін қоршаған ортаға және қоғамға пайдалы азамат етіп өсіру. Отбасында адам бойындағы асыл қасиеттер жарқырай көрініп, қалыптасады.
Ата-анасын, аға-сіңлілерін сыйлай білген, жақындарына жақсылық тілеген адам, болашақта еліне, оның дамуына көп септігін тигізеді.
Қайрат Нұсқабаев, ұлы:
—«Жақсы әке балаға 40 жыл азық» дегендей, әке-шешеміз еркелігімізді, қателігімізді түсініп кешіре біліп. ақыл-кеңесін аямайды. жақсылыққа итермелеуден жалыққан емес. Ең бастысы адал бол, шыншыл бол деп отырады. Біз әке-шешеміздің айтқанын қалт етпей орындауға дайынбыз. Өмір бойы алдын кесіп көрген жоқпыз. Жер үй салған соң, сіздерге жайлы болады деп сегізінші бала қолдарына алды. Сондықтан осы үй –қара шаңырақ. Отбасылық шаралар болғанда, хабар берсе болды. Бәріміз осы үйге жинала қаламыз. Ұялы телефон арқылы Нұсқабаевтар әулеті деп чат ашып алғалы тіпті жақсы болды. Әр қалада жүргендерімен де үнемі байланыстамыз, — дейді.
Қайраттың айтуынша, кез келген қазақ отбасындағыдай бұл әулетте де үлкенді құрметтеу,кішіге ізетпен қарау қағидасы бірінші орында тұрады. Бұл шаңырақта ілі күнге дейін үлкенге «сен» деп сөйлемек түгілі, алдын кесіп өтпеуге мән беріледі. Үлкен тұрып кішінің, әке тұрып ұлдың, шеше тұрып қыздың орынсыз сөйлемейтіндігі сияқты жазылмаған ережелер қатаң сақталады. Бұл бала тәрбиесін ұл тәрбиесі, қыз тәрбиесі деп жеке- жеке мән беріп қарастыратын қазақ отбасының өзіндік ерекшеліктерінің ішіндегі маңыздысы.
Отбасы мүшелерінің арасында бір-бірінің тәрбиесіне жауапкершілік, борыштылық, адамгершілік сезімдерін туғызған Абдулла ақсақал мен Әлила апай - «менің әкем», «менің анам» деп ел алдында мақтана көрсетуге тұрарлық жандар. 93 жасқа келсе де, жады мықты, бойын тік ұстап, әр сөзін шегелей айтып, мағыналы әңгімесімен алдындағы адамды ұйыта алатынАбдулла қарияға қарап әдемі қартаю деген осы екен дейсің.
Бақыт Жаншаева, Ақтобе
«Туған өлкем» («Менің Қазақстаным») жарияланымдар байқауы
Просмотров материала: 2 912