Қандай тарғалаң жылдар болсын, қазақ спорты тұралап көрген емес. Керісінше, етегін кеңге жайып, құлашын алысқа сермеп келеді. Тамыры тарихымен тұтасып жатқан қазақ спортының биылғы табыстары да ұшан теңіз. Талай байрақты бәсекелерде сандаған саңлақтарымыз Көкбайрағымызды желбіретіп, Әнұранымызды әуелетті. Намысымызды жандырып, жігерімізді шыңдады. Абыройымызды асырып, мерейімізді тасытты...
Міне, тағы бір жылды тарих қойнауына тапсырып, келесі жаңа жылдың табалдырығынан аттауға да санаулы күндер қалды. Биыл қазақ елі қандай әлемдік додаларда өнер көрсетіп, қандай табыстарға қол жеткізді? Осы сұрақ төңірегінде жылқы жылының біздің спортшыларға сыйлаған табысын тағы бір ой елегінен өткізіп шығайық.
Дерек көзі: kazinform.kz/kaz
Сочи - бір қоланың құдіреті
Биылғы жылдың басы Сочи олимпиадасымен есте қалғаны анық. Ақ Олимпиадаға Қазақстаннан спорттың 10 түрінен 52 спортшы сынға түсті. Ал қатысқан 88 елдің ішінен 26 мемлекет елдеріне жүлдемен қайтты. Олардың қатарында қазақ елі алдыңғы қатардан көріне алмаса да, көштен қалған жоқ. Мұны да ауыз толтырып айтарлық жетістік деп бағалауға болады. Онда мәнерлеп сырғанаушы Денис Тен тұңғыш рет Олимпиада жүлдегері атанып, қоржынымызға қола медаль салды. Бір қола медальдің құдіреті қазақ елін жүлделі мемлекеттер қатарына енгізді. Жалпы есепте 26-орынға тұрақтадық. Ал қаншама мемлекет алыстан ат арытып келіп, бірде-бір жүлдеге іліге алмай еліне қайтты.
Осы Олимпиадада Фристайлдың акробатика жаттығуында Жанбота Алдабергенова алтыншы орынға ие болды. Бұл спортты білген адамға үлкен жетістік. Олай дейтініміз қазақстандық спортшы қыздар қысқы Олимпиадада осыған дейін бестікке еніп көрмеген. Тіпті қазақ қызы Ақ Олимпиаданың алтылығынан орын алып көрмеген еді. Бұл қысқы Олимпиада ойындарындағы алғашқы қара көздеріміздің ірі жетістігі. Осылайша фристайлдан ел намысын қорғаған спортшылар алдағы уақытта өзге елдермен терезесі тең дәрежеде өнер көрсете алатынын мойындата білді.
Ал шорт трекшілердің жетістігі өз алдына бір төбе. Төрт бірдей қазақ баласы Абзал Әжғалиев, Айдар Бекжанов, Нұрберген Жұмағазиев, Аслан Дауымов бастаған құрамамызға жартылай финалда сәттілік жолдас болып финалға жолдама алған болатын. Өкінішке қарай шешуші сәтте Ресей, АҚШ, Қытай, Голландия жүйріктеріне жол беріп, Олимпиаданы 5-орынмен аяқтады. Бұл да Ақ Олимпиадада алғаш рет қазақ жігіттерінің алғашқы бестікке енуі. Сочи Олимпиадасы осындай жетістіктерімен есімізде қалды.
Нанкин - жастарымыз жасындай жарқылдаған олимпиада
Осы жазда, нақтырақ айтсақ, тамыздың 16-28 аралығында Қытайдың Нанкин қаласында II жазғы жасөспірімдер олимпиадасы жалауын желбіретті. Бұл да осы жылдың басты додаларының бірі болды. Байрақты бәсекеден жерлестеріміз 3 алтын, 1 күміс, 4 қола (8 медаль) еншілеп жалпы командалық есепте 21-орыннан көрінді. Бұл жетістік - жерлестеріміздің жасөспірімдер арасындағы Жазғы Олимпиада ойындарындағы жаңа көрсеткіші болып тарихта қалды.
Олай дейтініміз бұл осыдан төрт жыл бұрын Сингапурде өткен көрсеткіштен әлдеқайда жоғары болды. 2010 жылы (2 алтын, 2 күміс, 2 қола) олжалап, жалпы командалық есепте 24-орынға тұрақтасақ, биыл 3 сатыға жоғарылап отырмыз.
Естеріңізге сала кетейік, жалпы Қытайдың Нанкин қаласында жасөспірімдер арасындағы ІІ жазғы Олимпиада ойындарында 14 пен 18 жас арасындағы 3800 жасөспірім спортшы бағын сынады. Негізінен жасөспірімдер арасындағы Олимпиада ойындарында жекелей сындағы спорт түрлерінде әр елге бес жолдамадан артық берілмейді. Аталмыш додада еліміздің намысын 21 спорт түрінен 51 спортшы қорғады.
Инчхон - Алтын жауған Азиада
Нанкин Олимпиадасынан кейін көп ұзамай Инчхонда ХVІІ жазғы Азия ойындарының алауы тұтанды. Онда біздің ұл-қыздарымыз Қазақ елінің мықты екендігін жаһанға тағы бір мәрте паш етті.
Қазақтың қайыс қолғап киген қырандарымен жұдырықтасқан өзге елдердің боксшылары шаршы алаңға қаймыға көтерілсе, білек түрінген балуандарымыздың қарсыластары бозкілемге имене шыққанын көзіміз көрді. Зілтемір көтерген қыз-жігіттеріміздің ерлігіне талай елдер таңдай қағып тамсанды. Қандай спорттың түрі болсын, қазақ елінің қыз-жігіттері қайсарлығымен таныла білді.
Оңтүстік Кореяның аспанында Әнұранымыз 28 мәрте әуеледі. Ал Сарықұрлық додасында жалпы есепте төртінші орынға қол жеткізген біздің саңлақтарымыз жалпы ел қоржынына 84 медаль салды. Оның 28-і алтын, 23-і күміс, 33-і қола медаль. Бұл Қазақстан командасының Жазғы Азия ойындарындағы алтын саны жағынан қол жеткізген жаңа рекордтық көрсеткіші.
Қазақстан спортшылары жазғы Азия ойындарына 1994 жылдан бастап қатыса бастады. Содан бері алты Жазғы Азия ойындарына қатысып, жалпы командалық есепте төрт рет - төртінші орынға, екі рет бесінші орынға ие болды.
Алматы - Әлем бас иіп, Елбасы сүйсінген дода
Жақында ғана Алатау бөктерінде ауыр атлетикадан өткен әлем біріншілігін ешкім есінен шығара қойған жоқ. Жасұланның жарқ еткен сәттері мен Илья Ильиннің әлемді аузына қаратқаны, ерлігіне Елбасының өзі сүйініп, қоңырау шалып құттықтағаны ешкімді бей-жай қалдырмаған болатын. Бұл туралы өз уақытында жарыса жаздық. Енді қысқаша тоқталып өтсек.
Биыл Алматыда өткен ауыр атлетикадан әлем чемпионатында тұңғыш рет қазақ қызы Жазира Жаппарқұл (69 келі) әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанды. Тұңғыш рет қазақ азаматы Жасұлан Қыдырбаев (94 келі) әлем чемпионы атанып, қазақ тарихына есімін алтын әріптермен жазып қалдырды.
Биыл тұңғыш рет Илья Ильин жаңа салмақта (105 келі) өнер көрсетіп, тәуелсіз Қазақстаннан шыққан 4 дүркін әлем чемпионы атанды.
Ал биыл тұңғыш рет 53 келіге дейінгі салмақта бақ сынаған тағы бір ауыр атлетикадан қазақстандық Олимпиада чемпионы Зүлфия Чиншанло екі бірдей әлем рекордын жаңарта отырып, үшінші мәрте әлем чемпионы атанды.
Кәсіпқой бокстан да бағымыз жанды
Биыл кәсіпқой бокстан Қазақстан туын желбіретіп жүрген Геннадий Головкин үш рет рингке шығып, барлығында бәсекелесін нокаутпен жеңді. Бұл да қазақ спортының айқын жетістігі екені анық. Өзін Елбасымызға «Әкем - орыс, анам - кәріс, ал мен - қазақпын!» деп жаңа қырынан таныстырған отандасымызды бүгінде әлем мойындап үлгерді. Талай «Мен» деген боксшылар жұдырықтасудан тайсақтап, жерлесімізге үрке қарайтын болды.
Головкин қандай сайысқа шықса да, қазақтың кестелі шапанын киіп, Көкбайрағын жамылып шығады. Нағыз патриот. Генаның биылғы бір ғана Гилмен болған жекпе-жегін теледидар арқылы тарату құқығын 100-ден астам мемлекет сатып алды. Бұл - жерлесімізді әлем мойындай бастады деген сөз.
Кәсіпқой бокстағы 31 жекпе жектің барлығында жеңіске жеткен қазақстандық Геннадий Головкин келесі жылы 4 кездесу өткізуді жоспарлап отыр. Оның алғашқысын 2015 жылы 21 ақпанда Ұлыбритания боксшысы Мартин Мюррейге қарсы өткізбек.
Сонымен қатар биыл Бейбіт Шүменов бір кездесу өткізген болатын. Алайда ол Вашингтонда Америка боксшысы Бернард Хопкинспен кездесіп, 12 раундтық жекпе-жекте жеңіліп қалды. Десе де, биылғы Бүкіләлемдік бокс қауымдастығы (WBA) барлық салмақ дәрежесіндегі әлем боксшыларының жаңартылған рейтингісінде ол бұрынғы көрсеткішінен бір сатыға көтеріліп, бірінші ауыр салмақ дәрежесінде (90,71 келіге дейін) екінші орынға жайғасты.
Ал кәсіпқой бокстағы тағы бір қандасымыз Қанат Ислам осыған дейін 18 жекпе-жек өткізіп барлығында жеңіске жетті. Оның екеуі биылғы жылдың еншісінде. Екі айқасын да мерзімінен бұрын аяқтады. Қазақ боксшысы осы жетістіктерінің арқасында биыл WBA рейтингі бойынша екі сатыға жоғарылап, 7-орында тұр. Сонымен бірге биыл кәсіпқой боксқа тағы бір қазақ ұланы қосылды. Ол - Дәурен Елеусінов. Осы желтоқсанның 4-і күні Дәурен Нью-Йоркте кәсіпқой бокстағы алғашқы жекпе-жегін өткізіп, қарсыласын бірінші раундта-ақ сұлатып құлатты.
Көшпенділер ойынында көштен қалған жоқпыз
Осы жазда тұңғыш рет Дүниежүзілік көшпенділер ойындары Қырғызстанның Шолпан Ата қаласында өтті. Алғаш рет өткен додаға 20-ға жуық елден 400-ге тарта спортшы қатысты. Түркі әлемінің ортақ құндылықтарын әлемге паш етуге арналған шараға Қазақстаннан 45 спортшы да қатысып, жалпыкомандалық есепте қырғыздардан кейінгі 2-орынға ие болды. Қазақстан делегациясы ұлттық спорттың 10 түрі бойынша бақ сынады. Атап айтар болсақ, асық ату, тоғызқұмалақ, қазақ күресі, қырғыз күресі, алыш, көкпар, аударыспақ, аламан бәйге, құнан бәйге, ат жарысы.
Міне, осы спорт түрлерінен жерлестеріміз 12 алтын, 8 күміс, 8 қола медаль еншілеп қайтты.
Жалпы биылғы ұлттық спорттағы жетістіктеріміз орасан зор. Атап айтар болсақ, биыл түңғыш рет төл күресімізден «Әлем Барысы» халықаралық турнирі өтті. Бес құрлықтың балуандары бас қосқан, әлемнің ең үздік спортшылары қатысқан қазақ күресінен өткен турнирде бас жүлдені кубалық балуан Брайсон Видал жеңіп алды. Күміс жүлде 2013 жылғы «Қазақстан барысы» Айбек Нұғымаровқа бұйырды. Қола жүлдені ресейлік балуан Максим Ширяев қанжығасына байлады. Ең бастысы, қазақ күресінің мерейі үстем болды, насихаты артып, ауқымы кеңейді. Төлтума өнерімізді әлемнің әр түкпірінен келген балуандар миллиондаған жұртқа таныстырды. Таразда екінші мәрте жалауы желбіреген «Еуразия Барысы» турнирі де өте сәтті өтті.
Сонымен қатар биыл Астанада Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының ұйымдастыруымен тұңғыш рет аударыспақтан Азияның ашық чемпионаты өтті.
Байрақты бәсекеге Қазақстаннан бөлек, Ресей, Қытай, Тәжікстан, Ауғанстан, Венгрия, Қырғызстан, Өзбекстан, Моңғолия, Әзербайжан, Түркия елдерінен 33 спортшы қатысты. Аталмыш додада жалпы есепте жерлестеріміз топ жарды. Бұл да биылғы жылдың ерен жетістіктерінің бірі екені анық.
Өзге де спорт түрлерінен өгей емеспіз
Биыл тұңғыш рет шахматтан қыздар құрамасы Әлемдік шахмат олимпиадасында үздік алтылыққа кірді. Осы жылы ФИДЕ-нің дәстүрлі конгресінде Норвегияның Тромс қаласында өткен Бүкіләлемдік Шахмат Олимпиадасының нәтижесі бойынша ойыншыларға халықаралық атақтар табысталды, мұндай бақытқа қазақстандықтар да ие болды. Айталық, әйелдер арасында Мәдина Дүйсенова халықаралық гроссмейстер атағына қол жеткізді. Ал, ерлер арасында Жанат Сайын мен рейтинг жетістігі бойынша алға шыққан Евгений Пак халықаралық дәрежедегі спорт шеберлері атанды. Арсен Өтешев халықаралық төреші, ал Сергей Ким ФИДЕ төрешісі атағын иемденді. Қазақстандағы бірінші халықаралық ұйымдастырушы атағы Антон Скурыгинге табыс етілді.
Сонымен қатар жақында ғана тағы бір қаракөз қарындасымыз тұңғыш рет Чеджуда (Оңтүстік Корея) өткен бокстан әлем біріншілігінде әлем чемпионы атанды. Осыған дейін қазақ қыздары арасында бокстан бірде-бір әлем чемпионы болмаған. Міне, биыл бокстан әйелдер арасындағы әлем чемпионатында 48 келі салмақ дәрежесінде сынға түскен Назым Қызайбай қазақ қыздары арасында тұңғыш әлем чемпионы атанды! Осы додада тағы қандасымыз олжа салды. +81 келі салмақ дәрежесінің финалында Ләззат Күнгейбаева Зенфира Магомедәлиевадан ұтылып, күміс жүлдеге ие болды.
Биыл үлкен жетістігімен жұртты тамсандырған тағы бір қазақ жарқ етті. Ол - теннисші Зарина Дияс. Біз бұл спортшыны бұрыннан білеміз. Алайда, ол биыл осыған дейін бағындыра алмаған асуын бағындырды. Зарина Дияс үшін биыл спорт карьерасындағы сәтті жыл болды. 10 қарашада ол WTA рейтингінде тұңғыш рет 33-орынға көтерілді. 21 жастағы спортшының қоржынынжа 1371 ұпай бар. Мансабындағы жетістіктері үшін қазақстандық Әйелдер теннис қауымдастығының (WTA) «жылдың жаңалығы» аталымына ұсынылды.
Міне, биылғы ерекше атап өтетін қазақ спортының басты жетістіктері. Басқа да талай сындарда жалауымызды желбіретіп, әнұранымызды әуелеткен спорт жұлдыздарымыз жетерлік. Біз ең басты деген спорт сайыстарына ғана тоқталып өттік. Келесі жылы да жерлестеріміз байрақты бәсекелерде жеңіс тұғырының ең биік сатысынан көріне беруіне тілектеспіз.
Просмотров материала: 4 029