Фото: Sputnik / Абзал Калиев
Жаздың екінші айы өзгерістерге толы болмақ. Шілдеде жанар-жағармай бағасы өзгереді, Қытаймен әуе қатынасы жанданады, елорда әуежайы түнгі жұмыс режиміне көшеді, мұсылмандар Құрбан айт мейрамын атап өтеді. Осы және өзге де жаңашылдықтар туралы толығырақ Sputnik Қазақстан материалынан оқыңыз.
Бензин қымбаттайды
Биыл 6 қаңтарда Қазақстанда 180 күнге мұнай өнімдерінің шекті бағасы енгізілген болатын.
Бүгінге дейін елімізде жанар-жағармайдың шекті бағасы:
Аи-80 маркалы бензин – 89 теңге;
Аи-92 мен Аи-93 маркалы бензин – 182 теңге;
Аи-95 маркалы бензин – 215 теңге;
ал дизель отыны (жазғы және маусымаралық) 230-260 теңге аралығында болды.
Енді бүгін, 1 шілдеде жанар-жағармайды реттеу мерзімі аяқталып отыр. Тиісінше бензин бағасы өседі.
Энергетика министрлігі жариялаған құжатқа сәйкес, Аи-92 және 93 маркалы бензин бағасы Қостанай мен Солтүстік Қазақстан облыстарында 187 теңгеге дейін көтеріледі. Өйткені бұл өңірлер өндіруші зауыттардан алыс орналасқан және тасымалға өте көп шығын жұмсалады. Қалған облыстарда баға өзгермейді.
Ал Аи-95 маркалы бензин бағасы еркін айналымға жіберіледі.
"Министрлік Аи-95 маркалы бензинді реттемейді. Ол байларға арналған бензин", - деп мәлімдеді 9 маусымда энергетика вице-министрі Жандос Нұрмағанбетов.
Сондай-ақ сұйытылған газдың шекті бағасы да аздап жоғарылайды.
Аренданы субсидиялау бағдарламасына қатысатындар тізімі кеңейеді
Бұған дейін otbasybank.kz платформасына Отбасы банктен SMS-хабарлама алған қазақстандықтар ғана өтініш бере алатын. Тізімге төрт санат бойынша баспана алуға кезекте тұрған 70 мың адам кірді:
1 және 2 топтағы мүгедектер;
мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар;
жетім балалар;
көпбалалы отбасылар.
Тағы бір талап – жалдау ақысын субсидиялауға өтініш білдірген отбасының табысы. Соңғы алты айда отбасының әрбір мүшесінің табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің көлемінен аспауы керек. Биыл күнкөріс деңгейі 37 389 теңгеге тең.
Енді 2022 жылғы 4 шілдеден бастап otbasybank.kz платформасында бағдарлама талаптарына сәйкес келетін кез келген қазақстандық субсидия алуға өтініш бере алады. Ол үшін электронды цифрлық қолтаңба (ЭЦП) қажет. Яғни Отбасы банктен арнайы SMS хабарлама күтудің қажеті жоқ.
Тағы бір өзгерістің бірі – әлеуметтік төлемдер мен жәрдемақыларға қатысты. Қазір олар отбасының кірісі ретінде есептеліп жүр. Соның кесірінен мыңнан астам қазақстандық бағдарламаға ілікпей, мемлекет субсидиясынан қағылған.
Осыған байланысты Отбасы банк заңнамалық деңгейде өзгерістер енгізіп жатыр. Оған сәйкес, жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдер табыс ретінде саналмайды. Түзетулердің қашан күшіне енетіні әзірге белгісіз.
Мамыр айында жалдамалы пәтер ақысының жартысын мемлекет тарапынан өтеу бағдарламасы іске қосылды. Ал Отбасы банк негізгі операторы ретінде бекітілді. Банк бюджет қаржысын үлестіреді.
Дәрі бағасы өзгереді
1 шілдеден бастап Қазақстанда дәрі-дәрмекті таңбалау және бақылау жүйесі енгізіледі. Денсаулық сақтау министрлігі осы айда дәрінің шекті бағасын қайта қарастырып, 10 шілдеге дейін бекітпек. Қазір 7705 препараттың шекті бағасының жобасы жасалды. Препараттардың 88%-і бойынша баға өзгерген жоқ, 10%-і қымбаттайды деп күтілуде, ал 2%-і бойынша баға төмендейді.
Елорда әуежайы күндіз жөндеуге жабылады
15 шілдеде Нұр-Сұлтан әуежайының ұшу-қону жолағында ағымдағы жөндеу жұмыстары басталады. Ол 8 тамызға дейін созылады.
Азаматтық авиация комитетінің ақпаратынша, күндіз әуежай 11.00-ден 18.00-ге дейін жөндеуге жабылады, ал түнде ұшақтарды қабылдайды және жөнелтеді.
Жөндеу жұмыстарына байланысты әуе компаниялары рейстердің ұшу кестесін өзгертті.
Қытаймен әуе қатынасы жанданады
Екі жылға созылған пандемиядан кейін Қазақстан мен Қытай тұрақты әуе қатынасын жандандырады.
Қазақстандық Air Astana компаниясы 1 шілдеден Алматы – Чэнду бағыты бойынша ұша бастайды. Тұрақты жолаушылар рейсі аптасына бір рет – жұма күні орындалады. Сондай-ақ 7 шілдеден бастап жұма сайын ұшатын қосымша рейс қосылады. Жолаушыларды Boeing-767 және А321 NЕО ұшақтары тасымалдайды.
Ал қытайлық China Southern Airlines әуе компаниясы 1 шілдеден бастап аптасына бір рет, жұма сайын Алматы – Үрімші бағыты бойынша тұрақты рейстерді іске қосады. Рейстерді Boeing-737 және Boeing-787 әуе кемелері орындайды.
Билеттерді әуе компанияларының ресми сайтынан сатып алуға болады.
ХҚКО-ның жұмыс кестесі өзгереді
Бүгіннен бастап Қазақстанда Халыққа қызмет көрсету орталықтарының жұмыс кестесі өзгереді.
Енді кезекші ХҚКО-лар мереке күндерін қоспағанда, сенбі күні сағат 9.00-ден 13.00-ге дейін жұмыс істейді. Жұмыс күндері олардың кестесі өзгермейді – әдеттегідей 9.00-ден 20.00-ге дейін.
ХҚКО-ның қалған бөлімдері дүйсенбі-жұма күндері сағат 9:00-ден 18:00-ге дейін стандартты кесте бойынша жұмысын жалғастырады.
Айта кетері, кезекші ХҚКО-лар тек облыс орталықтарында ғана бар. Ұлытау мен Жетісу облыстарында олар кейінірек анықталады.
Фермерлерді субсидиялаудың жаңа жүйесі іске қосылады
Ауыл шаруашылығы министрлігі агроөнеркәсіп кешенін субсидиялаудың жаңа жүйесін әзірледі.
Енді субсидиялау бойынша барлық мемлекеттік қызмет электронды форматта және тегін көрсетіледі. Фермерлерден қосымша ақы алынбайды.
Қазір өтінім берілген сәттен субсидия төленгенге дейін көрсетілетін қызметтерді техникалық пысықтау аяқталды.
"2022 жылғы 1 шілдеде жүйе іске қосылады және ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді тіркеуге дайын болады", - деп мәлімдеді ауыл шаруашылығы министрлігі.
Қызмет алушылар үшін бірыңғай 1475 нөмірі іске қосылды. Сондай-ақ пайдаланушыларға ыңғайлы болу үшін телеграмм-чат – https://t.me/gosagrozapusk құрылды.
Жұмыртқа арзандауы мүмкін
Жұмыртқа өндіретін құс фабрикаларын субсидиялау көлемі артты. Отандық құс фабрикалары 1 шілдеден бастап бір жұмыртқа үшін 3 теңге субсидия алуға өтінім бере алады.
Биыл тағамдық жұмыртқаны субсидиялауға республикалық бюджеттен 6,5 миллиард теңге бөлінді.
2022 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша Қазақстанда құс саны 47,1 млн басқа дейін өскен. Тауық жұмыртқасының өндірісі 12,1% артып, 1559,5 млн дананы құрады. Ішкі нарық тағамдық жұмыртқамен 100% қамтамасыз етіледі.
Елорданың тағы бір көшесінде автобус жолағы пайда болады
2 шілдеден бастап елордада Жеңіс даңғылында автобус жолағы іске қосылады.
Дәлірек айтқанда, Жеңіс даңғылы бойымен Есенберлин көшесі – Бөгенбай даңғылы аралығында BusLane бар 7 жолақты қозғалыс енгізіледі. Соның арқасында қарбалас уақытта аялдамаларда жолаушылардың күту уақыты 18%-ке дейін қысқарады деп күтілуде.
Қазір осы учаскелерде жол белгілерін белгілеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Айта кетері, бүгінгі күні Жеңіс даңғылымен 15 қалалық бағдар жүреді, ал бұл барлығы – 175 автобус.
Нұр-Сұлтаннан Қостанайға Тальго пойызы қатынайды
2 шілдеден бастап Нұр-Сұлтаннан Қостанайға дейін жаңа Тальго пойызы жүре бастайды.
ҚТЖ мәліметінше, "Нұрлы жол – Қостанай" бағытындағы 81/82 пойызы күнара жолға шығады.
Сондай-ақ, 1 шілдеден бастап "Нұр-Сұлтан НЖ – Арқалық" 603/604 пойызының нөмірленуі 79/80 болып өзгертіледі. Ол күнара жүреді.
Құрбан айт
Биыл мұсылман күнтізбесі бойынша Құрбан айттың бірінші күні сенбі, 9 шілдеге түсіп тұр. Елімізде Құрбан айттың алғашқы күні демалыс болып саналады. Бірақ бұл ұлттық немесе мемлекеттік мереке болмағандықтан, демалыс күні ауыстырылмайды. Сол себепті қазақстандықтарға қосымша демалыс берілмейді.
Құрбан айт – Ораза айттан кейін 70 күн өткен соң келетін мейрам. Ол үш күн жалғасады.
Мейрам күндері мұсылмандар бір-бірін Құрбан айтпен құттықтап, құшақ жайып, өкпе-реніші болса кешіреді. Сондай-ақ Алланың разылығы үшін құрбан шалып, оның етінен тұрмысы төмен отбасыларға таратады. Мүмкіндігінше садақа береді. Әр шаңырақта қазан асылып, мол дастарқан жайылады.
Просмотров материала: 1 013