Фото: AzattuqRuhy.kz
Әлемде киіктің бес популяциясы бар. Оның бірі Ресейде, екіншісі Моңғолияда, қалған үш популяциясы бұл – Бетпақдала, Орал, Үстірт Қазақстанда мекен етеді. Биылғы жыл Батыс Қазақстан облысындағы киіктер санының күрт көбеюі мал шаруашылығы мен егін шаруашылығына зиянын тигізіп отыр. 2012 жылы барлығы 10 мың бас болған Орал киіктерінің биылғы төлдерді қосқандағы бейресми саны екі миллионға жетеді. Үкімет ақбөкендер санын қолдан азайтпаса, алдағы қыс батыстағы ағайын жем-шөпсіз, егістік пен малсыз қаламыз деп дабыл қағып отыр.
Шығынымыз шаш етектен асты деген шаруалар билік тарапынан қайыр болмаса, киіктерді амал жоқ көршілес Ресейге қуамыз дейді. Azattyq Ruhy тілшісі аталған мәселеге қатысты сарапшылар мен тараптар пікірін сұрап білді.
38 МЛН ТЕҢГЕГЕ ЕГІСТІКТЕРІН ҚОРШАП ЖАТЫР
Асыл тұқымды ірі қара өсіру шарушалығымен айналысатын «Taskala-Et BKO» ЖШС құрылтайшысы Нұртай Жұмашев киіктер мен шаруалардың арасындағы мәселенің туындағанына 10 жылдай уақыт болды деп отыр. Егістіктерін қоршап қойғанғанмен үйірімен лап бергенде киіктер қоршаудың өзін бұзып кетіп жатқан көрінеді.
«Киіктер үш жылдан бері шабындықты жеп жатыр. Былтыр егістікті қоршадық, бірақ үйірімен шауып келген кезде бір-екеуі құлайды да, қалғандары қоршаудан өтіп кетеді. Кеше киіктерді айдап шыққандай болдық. Біз егістікті қоршамай қойсақ бір сәрі, миллиондаған қаржы жұмсап қоршадық қой. Соны бұзып кіріп жатыр ғой, кеше 18 киік кіріп кеткен. Облыс әкімдігі проблемадан толықтай хабардар. «Киікті атуға болмайды», «басқа облыстарға қууға келмейді» дейді, біз сонда не істеуіміз керек?! Бәріміз малымызды сатып, даланы қоршайық та, біреуінің құны 4 миллион тұратын киіктің лағын байлап сатайық», - деді ашулы кәсіпкер.
Айтуынша кеше ғана бірнеше кәсіпкер бірлесіп, Алматыдан арнайы тапсырыспен тікенді сымдар алдырған.
«Мәселеміз шешілмеген соң, 38 миллион теңгеге 32 шақырым жерді қоршайық деп отырмыз. Оның қаржысын бізге ешкім бермейді. Енді бізге тағы 15 күн күтіңіздер деп отыр. Бұл аралықта киіктердің егістігімізді жайпап кетпейтініне кім кепілдік береді?! Экология министрлігі неге келмейді, неге бізге мұның ортақ шешімін айтпай отыр?! Біз қазір жұмсаған қаражаттың бәрінің есебін жинап жатырмыз. Тапқан табысымыз сол шығарып жатқан шығынға тең емес. Ертең қазан айының соңында бір бөлке нанның құны 350 теңгеге жеткенде, ауыл шаруашылығына жауапты мекемелер бидай сұрап бізге келеді.
Қоршалмаған жайылымды жеген кезде шөп табиғатқа тиесілі, бәрімізге ортақ деп үндемедік. Қазір қоршалған егістікті қорғай алмай отырған соң, шыдамымыз шегіне жетіп қалды. «Охотзоопром» қайда қарайды, не үшін айлық алып отыр?! Жәнібек, Орда, Казталов аудандарындағы киіктер саны көбейген соң, бізге келіп жатыр. Оларды шектеу керек қой. 200 жүз мың бас киік сіздер жаққа қарай келе жатыр деп бізді шошытып отыр. Бір киік сенің аумағыңда өлсе, 4 миллион теңге айыппұл салады», - деді Нұртай Жұмашев.
Шаруалар жер телімдеріне тікенді қоршау қойғанымен, оған соғылып өліп жатқан киіктер үшін инспекторлар оларды жауапқа тартуды бастапты. Не өздерін, не егістіктерін қорғай алмай отырған кәсіпкерлер мәселеміз жуырда шешілмесе, көтеріліске шығамыз дейді.
«Кеше ғана Оралда бір шаруа тікенді сымға оралып өлген киікті алып келе жатқан кезде «Охотзоопромның» инспекторлары жаңағы жігітті қамап, көлігін тәркілеп тастаған. Біз «ол жігітті босатпасаңдар көтеріліске шығамыз» деп өз талабымызды қойып жатырмыз. Жайқалып тұрған егініңді таптап тастағанда ішің удай ашиды. Киіктерді осы уақытқа дейін өсірдік, қазір енді өз жерімізге – қазақ даласына сыймай жатыр. БҚО-ға Ресей шекаралас тұрғанын білесіздер, ол жаққа кіргендерін атып тастайды, себебі олар да «атуға болмайды» деген заң жоқ. Осы байлығымызды неге өзіміз өндіріске дұрыс пайдаланбаймыз?! Амалымыз құрығанда Ресейге киіктерді айдап тастаймыз ба деп ойлаймыз. Бірақ өз байлығыңды өзге елге өз қолыңмен бере салу да оңай емес қой...» - деп күрсінді оралдық кәсіпкер.
«КИІКТЕР ШАРУАЛАРДЫҢ ЖЕРІНЕ КІРГЕН ЖОҚ, КЕРІСІНШЕ БІЗ ОЛАРДЫҢ ЖЕРІНЕ КІРІП ОТЫРМЫЗ»
Киіктер мәселесін жиі көтеріп жүрген экобелсенді Сәкен Ділдахметтің сөзінше, мәселе – жануарлар дүниесін ойламай, жерді оңды-солды таратқан ауыл шаруашылығы басқармасы, әкімдіктегілер мен латифундистерде болып тұр.
«Биылғы санақтың қорытындысы бойынша, елдегі киіктер саны 1 млн 318 мың басқа жетті. Бүкіл әлемнің попуяциясы жүз пайыз Қазақстанда мекен етеді деп айтуға болады. Біздегі киіктердің саны әлі де болса атуға келмейді. Біріншіден, ол киіктің мекен еткен табиғи ортасы. Олар жыл сайын көшіп-қонып жүреді, бұл олардың миграциялық жолдары. Жабайы жануардың төлдейтін ортасы болады, бұл табиғи заңдылық. Киіктер шаруалардың жеріне кірген жоқ, керісінше біз олардың жеріне кіріп отырмыз. Әкімдіктер ешқандай ғылыми негізге сүйенбей миллиондаған жерлерді таратып тастаған. Президенттің өзі айтқандай, елімізде латифундистер көп. БҚО-да 100 мың гектар жерде 40 бас қана сиыр жайылып жүргенін өз көзіммен көрдім. Мұны киікке сылтауратуға болмайды. Киік кіреді десе, шаруашылықтар өз аумақтарын толықтай қоршап алсын», - деді белсенді.
«ӘЛЕМДЕГІ КИІК КОНТРАБАНДАСЫ ҚАЗАҚСТАНДА»
Сарапшы киіктер мен шаруалар мәселесін екі жаққа да тиімді етіп шешу мақсатында жауапты министрлік дұрыс жұмыс атқара алмай отырғанын жасырмады.
«ҚР Үкіметі, Ауыл шаруашылығы министрлігі, Экология министрлігі дұрыс шешім қабылдап жатқан жоқ. Киік мекен ететін облыс әкімдіктерімен бірлесіп, тапсырма беру керек. АШМ шаруаларға таратқан жерді қайта қарастыруы тиіс. Жабайы жануарлар миграциялық жолмен кіріп кетсе, шаруашылықтардың миллиондаған гектар жерінің қысқартылуы заңдылық.
Экология министрлігі киіктер санын қысқартуды емес, олардың түрлі вирустық өлімнен алдын алуды зерттеуі қажет. Себебі 2015 жылдан бастап бұл салада ешқандай зерттеу жүргізілген жоқ. Ертең сол кездегідей ауру ошағы пайда болса, ақбөкендер бір күнде қырылып қалады. Оның үстіне автожол, теміржолдардың түсуіне байланысты киіктердің миграциялық көшіне кедергілер көп, ешкімге зиян тигізбей өтуі үшін экологиялық дәліздер жоқ. Мал шаруашылығындағы фермерлер жаз басталған кезде малдарын арнайы өзінің суына түсіріп, ветеринарлық жолдарын жасамайды. Мал баяғыдай жайлау, көктеу, күздеуде жайылмайтынын есепке алсақ, мал аурулары киіктерге қауіп төндіреді.
Екіншіден, Қазақстанда осы жылдың аяғына дейін киікті атуға мораторий жарияланған», - деді Сәкен.
Сәкен шілденің алғашқы күнінен бастап БҚО-да ашылатын «Бөкей Ордасы» мемлекеттік табиғи резерватына өңірдегі жұмыссыз азаматтарды тарту қажет дейді.
«Экология министрлігіне тиесілі «Охотзоопром» мекемесі бар, киіктерді аулаумен, мүйізін өткізумен солар айналысу керек. Түскен қаржы табиғатты қорғау жұмыстарына жұмсалады, инспекторлар базасы жаңартылады.
Үшіншіден, түскен ақшаны ғылымға жұмсап, түрлі ауруларды киік төлдеуі кезінде зерттеуге мүмкіндік туындайды. Төртіншіден, бюджетке түскен ақшаны реттей отырып, жергілікті қоғамдық бірлестіктерді тарту керек. Ауылдың азаматтары киікті қорғауда атсалысу керек. Ауылдағы жұмыссыз азаматтар қазір браконьер деп те айтуға болады. Олар заңсыз атқаннан гөрі, киіктің мүйізін жинап, заңды жолмен ақша тапқаны дұрыс.
Халықаралық Cities конценциясында бізде нөлдік квота тұр. Біз бүгін-ертең атамыз десек те, халықаралық деңгейде құқымыз жоқ. Ол үшін Еуропаға барып келісімге келіп, жылына 100 мың бас киік атамыз деп квота алу керек. Біз қазақтың даласына киікті сыйдырмадық. Онсыз да БҚО-да қасқыр қалмады. Бүкіл әлемдегі киіктің контрабандасы Қазақстанда, ол Ресей арқылы Қырғызстан, Қытайға шығады. Ресей мен Моңғолияда 5 мың бас қана киік бар, Қазақстанда 1 млн 300 мың бас киік бар. Көктемгі төлдеуді есептесек 2 млн-ға жуық киік бар», - деді сарапшы.
МИНИСТРЛІКТІҢ ЫҚЫЛАСЫ ТЕГІН ҒЫЛЫМИ ЖҰМЫСҚА ЕМЕС, ТЕНДЕРГЕ АУЫП ОТЫР
«Жәңгір хан» атындағы БҚАТУ ректорының кеңесшісі, Казталов ауданында 400 гектар аумаққа тұңғыш киіктерді асырайтын питомник ашқан ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор Қазыбай Қараұлы да киіктерді атпау керек, оларды тек аулау қажет деп отыр.
«Киік геометриялық прогреспен өседі, биыл мамыр айында туған лақ күз айында қашып кетеді. Одан бөлек, киіктің үш ешкісінің екеуі міндетті түрде егіз туады. Жыл сайын киіктердің 10-15%-ын қыркүйек-қараша айларында аулауды тоқтату керек, себебі, ары қарай олар шағылысқа дайындалады. Кеңес заманында студенттермен бірге барып «Охотопромхоздың» киіктерді тор жайып, аулап ұстағанын көрдік. Сол жерде 600 тонналық ет сақтайтын тоңазытқыш болатын, ол қазір де жұмыс істеп тұр. Қазір де сол практиканы пайдалануымыз керек және бұл жұмыстарда мемлекеттік монополия болу керек. Ал ату деген киіктерге де, адамдарға да ауыр», - деді профессор.
«АЛДАҒЫ ҚЫС КИІКТЕРГЕ ДЕ, ШАРУАЛАРҒА ДА ҚИЫН СОҚҚАЛЫ ТҰР»
Профессор министрліктегілерге киіктер санын азайтудың ғылыми жолдарын тегін әзірлеп жатқанын айтты. Бірақ тендерге үйренген билік бұл жұмысты басқа институт мамандарына тапсырып, тендер жариялайтындарын айтқан.
«Бір киік күніне 5-6 келі шөп жейді, 3 литр су ішеді. Енді осыны 2 миллионға көбейтіңізші. Батыс Қазақстан облысында 825 мың сиыр, 1 млн 700 мың қой бар. Біз екі млн киікті бағамыз ба, әлде қой-сиырды бағамыз ба?! Миллион киіктің шөбіне 650 мың сиырды асырап шығады екенбіз. Министірлік биологиялық негіздеме керек дейді. БҚО-дағы Жәңгір хан атындағы университетте барлық қажетті ғылыми деректер бар. Олар зоологиядан келген ғалым Сергей Скляренконың биологиялық негіздемесіне екі-үш ай керек деп отыр. «Сіз бұл жұмысқа кемі 15-20 миллион сұрайсыз ғой?» десем, «бізге ақша керек» дейді. Ол үшін тендер жариялау қажет, оған тағы 4 ай кетеді. Министрлік бұл шаруаның бәрін келесі жылы жүзеге асырайын деп отырса, неліктен шаруалар мен ғалымдардың басын жинап талқыға салады?!
Премьер-министр Оралға келгенде жағдайды қарап: «Экология геология және табиғи ресурстар министрлігі 1 маусымға дейін киіктер мәселесін реттеуге қатысты үкіметке ұсыныс берсін» деп жазып кетті. Жаңағы айтқан биологиялық негіздемелерін біз тегін жасап беруге дайынбыз, жоғарыдағылар мұндай жобалардан тек ақша жасап үйренген», - деді Қазыбай Қараұлы.
Профессордың айтуынша, киік санын реттеуді келер жылға қалдыратындай негіз жоқ. Билік басындағылар батыл шешім қабылдамаса, алдағы қыс киіктерге де, шаруаларға да оңайға соқпайын деп тұр.
«Киіктер санын реттеуге – Үкімет қаулысы, Экология министрлігінің бұйрығы мен облыс әкімінің шешімі керек. Бұл жұмыстарды атқармайтын болсақ біраз шығынға ұшыраймыз. Себебі шаруалар биыл малдарын сойып сатамыз деп отыр, жем-шөп тапшылығынан киіктер де өледі. Киіктердің өсіп-өлуіне қатысты адами және антропогендік фактор ғана әсер етеді. Біздегі үш популяцияның тұқымдарын араластырып тұру керек. Олардың бір-бірімен шағылыса беруі де дұрыс емес, мемлекеттік резерваттарда соларды ұстап, шағылыстырып, өсіру керек. Киіктер біздегі ең үлкен канал Есілді жүзіп өтті. БҚО-да қазір Бөкей орда резерваты құрылып жатыр. Мен Калмыкта болып, Украинадағы Оскаинова тәжірибесін көрдім. Кіиктерге жерден су тартып, бұлақ ретінде жіберу қажет. Жайылым жақсарғанда миграциялық жол өзгереді. Осы кезде Жәнібек жақтан олар Ордаға қарай тартылады. Киік өзінің туған жеріне қайтып оралады. Қазір Жәнібек пен Казталовта миллиондап туады, шілде айында олар екіге бөлінеді. Киіктердің өздерін сақтау инстинкі жоғары, олар өздері-ақ екіге бөлінеді», - деді сарапшы ғалым.
ҚҰЗЫРЛЫ МЕКЕМЕНІҢ ЖАУАБЫ
Жануарлар дүниесі және аңшылық шаруашылық басқармасының бас сарапшысы Асқар Оразбайұлына хабарласып, ақбөкендерге қатысты мәселені шешу жолдары қалай жүргізіліп жатқанын сұрадық.
«БҚО-дағы Орал популяциясы киіктерінің өсуіне байланысты туындап жатқан мәселелерді қарастырып жатырмыз. Расында да БҚО-дағы киіктер қалыпты санынан бес есеге асып кетті. Мұны шешудің бір ғана жолы – сандарын реттеу. Қазір Зоология институты Орал популяциясының санын азайту үшін қанша басты қалай алу керек деген сауалға биологиялық негіздеме жасалып жатыр. Оны аңшылық шаруашылықтар күшімен немесе арнайы мекеменің күшімен киіктің санын реттеу жұмыстарын жүргізуді күзгі уақытқа жоспарлап отырмыз. Осыдан кейін келесі жаз киіктер саны ретке келуі керек. Бұл жұмыстарды қазір жүргізуге киіктің лақтары кішкентай», - деді басқарма өкілі.
Ал шаруалардың шығынын толтырып беруге қатысты әзірше нақты шешім қабылданбаған.
«Шаруалардың шығынын шешу үшін жергілікті әкімдік, біздің инспекция және Ауыл шаруашылығы басқармасымен бірлесіп тексеру жүргізіп, жайылымдар мен егістіктерге келтірілген шығынды есептеп жатыр. Қазір біздің инспекторлар, аңшылық-шаруашылық қорықшыларымен бірге киіктерді өздерінің жерлерінен айдасуға көмектесіп жатыр. Осы жұмыстарды бірлесіп жүргізіп жатырмыз. Қазір киіктер Жайық өзенінің сол жағалауына көшіп, қоныс аударып жатыр деген ақпарат алдық. Егер олардың жартысы Жайықтың сол жағалауына еніп кетсе, онда жаңағы шулап жатқан фермерлердің жерлері босайды. Киіктердің Ресейге де бір бөлігі өтіп кетті», - деді маман.
Айта кететіні, жуырда ғана құрылған «Бөкей Ордасы» мемлекеттік табиғи резерватының үш жылдық бюджеті 1 млрд теңгеге жуықтап отыр.
Просмотров материала: 562