Қазақстанда жылу электр орталықтары құрал-жабдықтарының 70 пайызға жуығы тозған. Кәсіпорындардың басым бөлігі жекенің қолында. Стратегиялық нысандар неге күтім көрмейді? Петропавлдағы апат қайталануы мүмкін бе? Azattyq Rýhy тілшісі Энергетика вице-министрі Жандос Нұрмағанбетовпен сұхбатасқан еді.
- Қазақстанда неше жылу электр орталығы жұмыс істеп тұр? Олардың тозу көрсеткіші неше пайызды құрайды?
- Облыс орталықтарында, республикалық және облыстық маңызы бар қалаларда 37 жылу электр орталығы жұмыс істейді. Барлығы өткен ғасырда пайдалануға берілді. Ең алғашқысы Семей қаласында 1934 жылы салынса, соңғысы 1981 жылы Шымкент шаһарында бой көтерді. Аталған кәсіпорындардың негізгі жабдықтарының орташа тозуы 66 пайызды құрайды. Орал, Тараз, Кентау, Қызылорда және Степногор қалаларындағы жылу жабдықтарының тозуы 80%-дан асады.
- Бүгінгі күні неше жылу орталығы жекеменшік, нешеуі мемлекет қарамағында? Аталған нысандар жекенің қолына қашан беріле бастады?
- Елімізде 37 жылу электр орталығы жұмыс істеп тұрғанын жоғарыда атап өттім. Оның 10-ы коммуналдық меншікте, 2 нысан мемлекет қарамағында, 3-еуі квазимемлекеттік және 22-сі жеке меншікте. 28 кәсіпорынның пайдалану мерзімі 50 жылдан асып кеткен. Бұл жалпы көрсеткіштің 50 пайызы. Ал 9 нысанның қолданысқа енгізілгеніне 30 жылдан асты. Жылу электр орталықтарының орташа жасы 60-тан жоғары. 1996 жылы 30 мамырда Үкімет қаулысымен «Электр энергетикасындағы жекешелендіру және қайта құрылымдау бағдарламасы» бекітілді. Соған сәйкес кей нысандар жекенің қолына өтті.
- Елімізде жылу орталықтарының жағдайы қаншалықты жиі тексеріледі?
- Министрліктің Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитеті электр станциялары, электр желілері энергетикалық жабдықтар, тұтынушылардың электр қондырғыларының пайдаланылуы мен техникалық жай-күйін бақылайды. Сонымен қатар, электр станцияларында пайдаланылатын қауіпті техникалық құрылғыларға қауіпсіздік саласындағы уәкілетті орган және жергілікті атқарушы органдар жүзеге асырады. Мұндай нысандарда өрт қауіпсіздігі де тексеріледі. Заң талаптары бойынша жылу өндіруші компанияларды жылына бір рет қана тексеруге рұқсат.
- Петропавл жылу электр орталығында тексеріс соңғы рет қашан болды? Қандай ұйғарым берілді?
- 2021 жылы министрліктің Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитетінің СҚО бойынша аумақтық департаменті «Севказэнерго» АҚ Петропавл 2-ші жылу электр орталығына қатысты профилактикалық бақылау жүргізді. Нәтижесі бойынша басшылығына анықталған ақауларды жою туралы нұсқама берілді. Аталған нысанда бұдан басқа 2021-2022 жылдары күз, қыс айларында 37 профилактикалық бақылау жүргізілді, нәтижесі бойынша 7 ұйғарым берілді. Сондай-ақ, энергия кәсіпорындарының ҚР Бірыңғай электр энергетикалық жүйесінде болатын технология талаптарын сақтамау мен жазатайым оқиғалар туралы жедел хабарламаларды беру регламентіне сәйкес бір рет жоспардан тыс тексеру жүргізілді. Тексеру нәтижесінде олқылықтарды жою туралы нұсқама беріліп, «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» ҚР Кодексінің 301-2-бабы бойынша 400 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынды.
- Петропавл жылу электр орталығындағы апат басқа қалада қайталануы мүмкін бе?
- Үстіміздегі жылдың 20 наурызында Петропавл 2-ші жылу электр орталығының 150 метрлік түтін құбырының жоғарғы бөлігі, шамамен 60 метр жері опырылып құлады. Салдарынан 200 шаршы метр алаңда қазандық цехының шатыры опырылып құлады, жылыту құбыры мен күл құбыры зақымданды. Бірыңғай электр энергетикасы жүйесінің, электр станцияларының, аудандық қазандықтардың, электр және жылу желілерінің жұмысындағы технологиялық талаптарының бұзылуын тергеп-тексеру жүргізу және оларды есепке алу қағидаларына сәйкес энергетика вице-министрінің төрағалығымен арнайы технологиялық комиссия құрылды. Тергеу нәтижелері бойынша басқа нысандарда осындай апатты болдырмау жөніндегі іс-шаралар жоспары әзірленеді.
Бизнесті дамытудағы кедергілерді азайту реформасы шеңберінде мемлекеттік органдар тарапынан энергетикалық ұйымдарды бақылау әлсіреді. Осыған байланысты, Энергетика министрлігі бастама көтерді. Ол заңнамаға енгізілетін түзетулер жөндеу жұмыстарының сапасы мен қаражаттың мақсатты пайдаланылуы үшін электр станциялары басшыларының жауапкершілігін арттыру мәселелеріне де қатысты болады. Сонымен қатар мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша энергия өндіруші ұйымдарына ауқымды технологиялық аудит жүргізу жұмыстары басталды. Оның нәтижесі бойынша электр станцияларын жаңғыртуға, оларды пайдаланудан шығаруға бағытталған іс-шаралар жоспары айқындалады. Энергетика саласында табиғи және моральдық жағынан ескірген жабдықтарды жаңғыртуға, реконструкциялауға, ауыстыруға, сондай-ақ электр станцияларының жабдықтарын күрделі жөндеуге инвестициялық жобаларды іске асыру үшін қаржы қаражаты жетіспейді. Мәселелерді шешу үшін ҚР Энергетика министрлігі жылу электр орталықтарын жаңғырту бағдарламасын әзірлеп жатыр.
- Қазақстанда жылу орталықтарында маман тапшылығы бар ма? Болса қандай мамандар?
- Бүгінгі күні мұнай, газ, құрылыс және тағы басқа салада кадр тұрақсыздығы бар. Статистикаға сүйенсек, шекаралас мемлекеттерге кетіп жатқандар көп. Оның басты себебі – жұмысы ауыр салада жалақының аздығы. Маман жетіспеушілігі – электр станцияларының жұмысына тікелей әсер етеді. Мәселен, энергетикалық компанияларда турбина цехының машинистері, тексерушілер, электромонтерлар, жөндеу жөніндегі электр слесарьлар және басқалар тапшы. Бұл – кәсіпорын жұмысын қамтамасыз етуде ең қажетті мамандар. Олардың болмауы объектілерді тапсыру, пайдалануға беру мерзімдерінің уақытылы орындалмауына және жалпы жөндеу компанияларының жұмыс сапасының төмендеуіне алып келеді. Жақын арада энергия өндіруші ұйымдарды басқару жүйесіндегі басты басымдық – білікті персонал және осындай біліктілікті жоғары деңгейде ұстап тұру болады. Ол үшін тиісті бағдарламаларды әзірлеу бойынша шаралар қабылдау және энергия кәсіпорындары қызметкерлерінің еңбекақысын жоспарлы түрде ұлғайту талап етіледі.
- Сұхбаттасқаныңызға рахмет!
Просмотров материала: 2 680