Фото: elements.envato.com
Бала дүниеге келген соң соған сай қажеттіліктері көп болатыны түсінікті. Осы орайда маңызды мәселенің бірі - декретке байланысты төлем алу. 15 жылдық тәжірибесі бар есепші, салық кеңесшісі Гүлзейнеп Муздыбекова Tengrinews.kz тілшісіне декретке миллионмен шығу жолдарын түсіндірді.
Декретке шықпас бұрын әрбір әйел адам білуі қажет ақпараттар бар. Оған "еңбек демалысын қандай түрі бар, қандай жәрдемақы беріледі, төлем қанша рет жасалады?" деген секілді сауалдар жатады. Алдымен egov.kz сайтындағы мәліметтерге сүйеніп, осы сұрақтарға жауап беріп көрейік.
Еңбек демалысының қандай түрлері бар?
Еңбек Кодексінің 99 бабы бойынша, жүкті, босанған, жаңа туған баланы асырап алған әйелдерге еңбек демалыстары беріледі. Оған жүктілікке, босануға байланысты демалыс, жаңа туған баланы асырап алғандарға арналған демалыс, бала үш жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты жалақы сақталмайтын демалыс түрлері жатады.
Босанған әйелдерге қандай жәрдемақы беріледі?
Босанған әйелдерге берілетін жәрдемақының түрлері бар. Оған мына жәрдемақы түрлері жатады:
Жұмыс істейтін босанған әйелдерге жүктілігі және босанғанына байланысты табысынан айырылған соң әлеуметтік төлем беріледі. Сонымен қатар, бір жасқа толғанға дейін жасалатын бала күтіміне байланысты әлеуметік жәрдемақы төленеді.
Жұмыс істемейтін әйелдерге бір жасқа толғанға дейін жасалатын бала күтіміне байланысты әлеуметік жәрдемақы төленеді.
Төлем қанша рет жасалады?
Жүкті, босанған, жаңа туған баланы асырап алған әйел табысынан айырылса, әлеуметтiк төлем бір рет, ал бала бiр жасқа толғанға дейiн оның күтiмiне байланысты табысынан айырылса, әлеуметтiк төлем ай сайын төленеді.
Құжат қанша күн ішінде қаралады?
Электрон үкімет порталы арқылы әлеуметтік төлем тағайындау қызметін 8 жұмыс күні ішінде алуға болады. "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорация" КЕАҚ құрылымдық бөлімшелері әлеуметтік төлемдерді тағайындау үшін қажет құжаттар қабылданған күнінен бастап 4 күн ішінде ақпараттық жүйе арқылы оларды мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына береді. Қор құжаттар түскен күннен бастап 4 күн ішінде әлеуметтік төлемдерді тағайындау немесе тағайындаудан бас тарту туралы шешім қабылдайды. Әлеуметтік төлем тағайындалмаса, не үшін берілмейтіні айтылады. Кейін ұсынылған құжаттарды "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорация" КАҚ арқылы өтініш берушіге қайтарады.
Әлеуметтік төлемдерді тағайындау үшін құжаттарды:
жүктілікке және босануына байланысты жәрдемақы тағайындалуы үшін құжаттарды уақытша жұмысқа қабілетсіздігі парағы берілген күннен бастап 12 айдан асырмай беру қажет;
1 жасқа дейін бала күтімі бойынша баланың туу туралы куәлігінде көрсетілген күннен бастап 12 айдан асырмай беру қажет.
Құжаттар қайта тексеріле ме?
Қордың әлеуметтік төлемдерді тағайындауға, қайта есептеуге, тоқтата тұруға, қайта бастауға қажет құжаттарды тексеруге құқығы бap. Осы мақсатта қор мемлекеттік органдарға және тиісті ұйымдарға, салық төлеген, өтініш берген адамға сұрау салу құқығы бар.
Есепші Гүлзейнеп Тұрарқызы қандай адамдар төлем ала алатынын айтты.
"Жеке кәсіпкер ретінде тіркелген немесе жеке кәсібі бар адамның қолында жұмыс істейтін әрбір әйел адам мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан декретке шығар алдында және ай сайынғы бала күтіміне байланысты ақша ала алады", - деді есепші.
Төлем қалай есептеледі?
Гүлзейнеп Муздыбекованың айтуынша, бұл үшін бірнеше шарт орындалуы тиіс. Маман санамалап берген шарттар:
Бірінші - босануға дейінгі жәрдемақыны есептеу формуласы. Кейінгі 12 айдағы табыс бойынша есептеледі: 12 × 4,2 - 10 пайыз (зейнетақы)
Екінші - ай сайынғы бала күтіміне байланысты жəрдемақыны есептеу формуласы. Кейінгі 24 айдағы жалпы табыс бойынша есептеледі: 24 × 0,4 - 10 пайыз (зейнетақы)
"Бірінші формула бойынша, жеке кәсіпкер болсаңыз, табысыңыздың 1 пайызы (егер патент негізіндегі салық режимі болса) табыс салығы ретінде төленеді. 10 пайызын зейнетақы қорына аударасыз. Табыстың 3,5 пайызын әлеуметтік сақтандыру қорына аударасыз. Кейінгі 12 айдағы табысыңызды қосып, 12-ге бөлесіз. Ортасында кейбір айда табыс болмаса да, жалпы табыс 12-ге бөлінеді. Шыққан соманы 4,2-ге көбейтесіз. Əдетте əйелдерге босанғанға дейін 70 күн жəне босанғаннан кейін 56 күндік демалыс береді. Сəйкесінше, 70+56=126 және 126/30 (бір айдағы күн саны) = 4,2 деген формуладағы коэффициент осыдан шығады. Әйел адам кесір тілігімен босанса немесе дүниеге егіз не үшем əкелсе, босанғаннан кейін 70 күндік демалыс беріледі. Сəйкесінше, коэффициент 4,2 емес 4,6 болып өзгереді. Одан 10 пайыз зейнетақы қорына жіберілетін аударымды алып тастаса, қолға алатын сома шығады", - деді маман.
Есепші қандай жағдайда жоғары төлем алуға болатынын түсіндіріп берді.
"12 айдағы әр айлық табыс 420 мыңнан кем болмаса, қордан 1 587 600 теңге алуға мүмкіндік бар. Аударымдар жүктілікке дейін 5 ай, жүктіліктен кейін 7 ай, жалпы 12 ай үзілмей салынуы тиіс. 420 мыңнан кем болмауы керек деген міндетті талап емес. Әркім табысына қарай қаржы салып отырады және сәйкесінше ақша алады", - деді салық кеңесшісі.
Ол үйде түрлі кәсіппен айналысып отырған аналарға жұмысын заңдастыруға кеңес берді.
"Болашақ аналар торт, бәліш, самса, бауырсақ пісіріп, сүт, айран, құрт-май, бақша өнімдерін, салат, тоспа жасап сатып жатады, күтуші болып еңбек ететіндері де бар. Тапсырыс қабылдап, түрлі бұйым тігеді. Инстаграмда СММ, таргетолог, сторизмейкер, маркетолог болады немесе көтерме тауар алдырып, көрші-таныстарға инстаграм арқылы сатып жатады. Осындай аналар, қыз-келіншектер кәсіптерін заңдастырса деймін және заңды түрде өздеріне тиесілі миллиондарын алса екен деп ойлаймын. Қазір әйел адам жүктіліктің алғашқы айларында болса, 4-5 айға салып үлгере алады. Сəйкесінше, одан 1,5 миллион емес, 500-700 мың теңгедей алуға мүмкіндік бар. Салықтан қашпай, керісінше одан пайда көруге болады", - деп кеңес берді ол.
Маман басқа адамға жұмыс істеу арқылы да тіркелуге болатынын түсіндірді.
"Басқа адамның жеке кәсібінде жұмысшы ретінде тіркеліп те, жіберіп отыруға болады. Бірақ ескертетін бір жайт жалдамалы жұмысшы ретінде шығын көбірек болады. Кәсіпті заңдастыру арқылы 1,5 миллион теңгемен декретке шығуға болады және бала 1 жасқа толғанша, ай сайын 75 600 теңге жәрдемақы алуға болады. Оның басқа да мүмкіндігі көп. Зейнетақы жүріп отырады, аурухана, емханаларда тегін қаралуға мүмкіндік болады, салық қызметкерлерінің алдында міндеттеме болмайды. Сонымен қатар, салық уақытылы төленіп отырған соң, қорықпай кәсіпті жалғастыруға болады", - деді салық кеңесшісі.
Оның айтуынша, жеке кәсіпті заңдастырудың 2 жолы бар.
1. Онлайн арқылы ЭЦҚ алып, сайт арқылы тіркелуге болады. Оған ЭЦҚ болса жеткілікті.
2. Салық басқармасына барып, қағаз күйінде өтініш беруге болады. Ресми түрде тіркеу 3 жұмыс күні ішінде іске асады, тіркеу үшін тек жеке куəлік қажет.
Маман жеке кәсіпкер ретінде тіркелген кезде салық режимін таңдау қажет екенін айтты. Оның үш түрі бар екен:
1. Жалпыға бірдей салық режимі (табыс салығы 10 пайыз; салық есебі жұмысшылар үшін əр тоқсан сайын тапсырылады, ал табыс салық есебі жылдық болады)
2. Оңайлатылған салық режимі (табыс салығы 1,5 пайыз; әлеуметтік салығы 1,5 пайыз, салық есебі жарты жыл сайын тапсырылады)
3. Патент негізінде (табыс салығы 1 пайыз; салық есебі алдын ала кемінде 1 айға, ең соңғы мерзім жыл аяғына дейін тапсырып қоюға болады. Мысалы, бүгін патент арқылы ЖК тіркесеңіз, жыл аяғына дейінгі салығыңыз бен аударымдарды төлеп қоюға болады.
Ол табыс салығы бойынша есептеп берді.
"Заң бойынша, 6 айда бір рет жалпы табыстың 1,5 пайызы табыс салығы ретінде төленеді. Бұл жеңілдетілген салық режимі бойынша жүзеге асады. Ал патент болса, табыс салығы ретінде 1 пайыз төленеді. ЖК өз атыңызда болса, 1 айлық табыс 420 000 теңге болса, былай есептеледі. Зейнетақы қорына 42 000 теңге (10 пайыз), әлеуметтік сақтандандыру қорына 14 700 теңге (3,5 пайыз), табыс салығы 4 200 теңге (1 пайыз патент болса, 2023 жылдан бастап, пандемияға байланысты салықтан босатылған), медицаналық сақтандыру бойынша төлем - 4 200 теңге, жалпы ай сайынғы шығын 60 900 теңге болады", - деді Гүлзейнеп Муздыбекова.
Ол жұмысшы ретінде тіркелгенде, бұл есеп қалай жүргізілетінін түсіндіріп берді.
"Жұмысшы ретінде тіркелгенде және табыс 466 667 теңге болса, зейнетақы қорына 46 667 теңге (10 пайыз), әлеуметтік сақтандандыру қорына 14 700 теңге (айлық - міндетті зейнетақы жарнасы) × 3,5 пайыз, табыс салығы 36 779 теңге (айлық - міндетті зейнетақы жарнасы - 14 АЕК - медициналық сақтандыруға жарна) × 10 пайыз, медицаналық сақтандыруға аударым 14 000 теңге (айлықтан 3 пайыз), медициналық сақтандыруға жарна 9 333 теңге ( айлықтан 2 пайыз), сонда ай сайынғы шығын 121 479 теңге болады. "Неге жұмысшы ретінде дәл осы сома 466 667 теңге?" деген сұрақ туындайды. Себебі жүктілікке байланысты төленетін жəрдемақы əлеуметтік аударым жіберілген сомадан есептеледі. Яғни, біз табысты 420 000 деп көрсетсек, əлеуметтік сақтандыру қорына аударым 378 000 теңгеден кетер еді", - деді ол.
Маман бірқатар ескерту жасады. Мысалы декретке ЖК арқылы шығу жолдарын түсіндіру барысында кейбір салық инспекторы қате есептеп беретін жағдайлар болады. Салық инспекторлары есептеп беріп жатқанда, мұқият болу керек. Олар да қателесуі мумкін. Тек заңға сүйеніп, есеп мамандарына бір тексертіп алу дұрыс.
"ЖК-ті тек декретке дейінгі ақшаны алу үшін ашқан дұрыс емес. Кәсібіңіз болмаса, ЖК-ті ақша алу үшін ғана ашуға болмайды. Басқа адамның кәсіпорнына тіркеліп, өтіп кеткен айлардан зейнетақыға жəне әлеуметтік қорға аударым жіберу де дұрыс емес. Барлық төлемді уақытылы жəне ай сайын салу керек. Бəрін бірге сала салсаңыздар, ол күмəнді әрі қабылданбайды. Оны дәлелдеп, қаншама жүйкеңіз жұқарады әрі бұл алаяқтық болып саналады. Ал алаяқтық үшін заң, жаза бар, соны да ескере жүрген абзал", - деді Гүлзейнеп Муздыбекова.
Декреттік демалысқа шығу үшін қандай құжаттар қажет?
Маман жүктілікке және босануға байланысты жәрдемақы алу үшін құжаттар тізімін айтты.
Жеке куәлік;
Банктен алынған 20 сандық КZ шоты жазылған анықтама;
Уақытша жұмысқа жарамсыздығы жайлы анықтама.
Еңбекке уақытша жарамсыздық парағы керек пе?
Жүктілікке байланысты декреттік демалысқа шығу және әлеуметтік төлем тағайындау үшін еңбекке уақытша қабілетсіздігі парағы қажет болады. Жұмыс істеген жүкті әйелдер, баланы/балаларды туған әйелдер, жаңа туған баланы асырап алған әйелдер еңбекке уақытша жарамсыздық парағын ала алады. Оны медицина қызметкері (акушер-гинеколог дәрігер) немесе ДКК қорытындысынан кейін бөлімше меңгерушісімен бірлесіп, дәрігер - жүктіліктің 30 аптасынан, ал ядролық сынақ әсеріне ұшыраған аумақтарда тұратын әйелдерге жүктіліктің 27 аптасынан бастап ҚР Еңбек кодексінің 99-бабында көрсетілген мерзімге беріледі.
Жеке кәсіп арқылы декретке шықса, қосымша мына құжаттарды сұралуы мүмкін:
Жеке кәсіпкер ретінде тіркелген талон;
Салық төлеушінің кабинетінен салық және басқа да міндетті салыстыру актісі және т.б.
Просмотров материала: 778