Украинадан алғашқы эвакуациялық рейспен оралған қазақстандықтар елге қалай жеткендерін айтып берді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Қазақстанның 175 азаматы отырған ұшақ 28 ақпанда сағат 22:30-да Алматы әуежайына қонды. Алғашында ол 26 ақпанға қараған түні келеді деп жоспарланған еді. Әуежайда қазақстандықтарды туыстары қарсы алды. Көбі гүл шоқтары, шарлармен келді, кейбіреуі эмоциясын ұстай алмай, жылап қауышты.
Күткендердің арасында "Эйр Астана" әуекомпаниясының вице-президентінің жұбайы Нина Небога да болды. Оның күйеуі Александр компанияның басшысы Питер Фостермен бірге 23 ақпанда қарулы қақтығыс қарсаңында Украинаға ұшып кеткен.
"Күйеуімнің ол жаққа бара жатқанын білдім. Бұл сапар ұзақ талқыланды және күні де таңдалды. Бәріміз алаңдадық. Олар қазақстандықтар үшін рейс қажет болған жағдайда ұйымдастыру үшін Питермен бірге ұшып кетті. Мұндай қажеттілік олар келгеннен кейін көп ұзамай пайды болды. Олар қонақүйге орналасқаннан кейін 4 сағаттан соң елшілікке барған, себебі елде соғыс қимылдары басталып кеткен. Репатриация рейстерін ұйымдастыру бойынша барлық жұмыс елшілік нұсқауы бойынша істелген, оның ішінде әуе дәлізін ашу бойынша келіссөздер, Польшамен келіссөздер бар. Әрине, көп жағдайда дипломатиялық жұмыс жүргізілген, ал "Эйр Астана" тарапынан рейстерді ұйымдастыру жұмысы істелген. Қазір күйеуім мен компания президентінің аман-есен жеткеніне және олар қазақстандықтармен бірге оралғанына өте қуаныштымыз", - деді Нина Небога.
Қазақстандық Әнел Аманғалиева ағасының Польшадан келуін күтті. Ол қақтығыс басталған кезде Киевте оқып жүрген.
"Біз олармен дереу хабарласып, елшілікке жүгіндік. Ал олар алып кетуге уәде берді. Кәмелетке толмағандар бірден елшілікте түнеп шықты, өйткені бірден кетуге көлік болмады. Таңертең ерте оларды Львовқа апарған, бірақ қалаға жету үшін 16 сағат кеткен. Содан кейін Польшаға ұзақ жол жүрген. Шекараға жеткенде байланысымыз үзілді. Ағам оларды елші жалғыз қалдырғанын жазып үлгерді. Біз қорқа бастадық, әлеуметтік желіде резонанс тудырған жазбалар жарияладық.
Кейін елшілік хабарласып, байланыс неге үзіліп кеткенін түсіндірді. Сөйтсек, олар азаматтарды шекарада кезексіз өткізе алмағаны белгілі болды. Бір африкалық автобус кезексіз өткісі келіп, аударылып қалған. Нәтижесінде олармен бірге елшілік қызметкерлерінің бір бөлігі қалып, ал қалғаны эвакуация жұмыстарын ұйымдастыру үшін ертерек кеткен", - деді Украинадан оралған қазақстандықтың әпкесі.
Украинадан оралған қазақстандық Николай Татаренко. Фото: Tengrinews.kz/©Әлихан Сариев
Алматылық кәсіпкер Николай Татаренко шиеленіс ушыққанға дейін бірнеше жылдан бері Украина мен Қазақстанда бизнес жүргізіп, Одесса порты арқылы Қытай мен Еуропадан автокөліктер жеткізеді. Былтыр жыл соңында Николай Украинаға іссапармен кеткен.
"Украинаға үш ай бұрын бардым. Жағдай шиеленісіп тұрғанын түсіндім, бірақ соңына дейін бұлай болатынына сенбедім. Оқиға болып жатқанда, Львовта болдым. Соғысты көрген жоқпын, бірақ шамамен екі сағат сайын әуе дабылы сиреналары естілді. Біз Қазақстан консулдығында болдық. Бізге дипмиссия қызметкерлері көмектесті. Олар бізді Львовтан шекараға апаратын автобус ұйымдастырды. Сондай-ақ, кезектен өтуімізге де көмектесті. Бізді алып жүрген полиция көлігі болды, бірақ бәрібір автобустар кезекте тұрды. Біз де кептеліске тұрып қалдық. Польша жағына өткен кезде бірден тамақтандырды. Шай іштік. Кейін жақсы қонақүйге алып барды, онда өзімді босқын секілді сезбедім, тамақтандырды. Онда тағы екі автобус келуін күттік, содан кейін ұшаққа отырдық, бізді алып кетті", - деді ер адам.
Ол жағдай қалыпқа келген кезде Украинаға оралып, бизнесін жалғастырғысы келетінін атап өтті.
Бағлан Аязбаев пен Лана Диканчиева үш баласымен бірге Киевте кейінгі үш жылдан бері тұрды. Олар білім беру саласында бизнеспен айналысады. Олар 24 ақпанда сағат 05:00-де жарылыс дыбысынан оянған. Снарядтар Киев облысы аумағына құлаған, бірақ ерлі-зайыпты бәрін естіген.
"Біз жағдайды қадағалап, психологиялық тұрғыдан дайын болдық. Бірақ осындай нәрсе болады дегенге сенбедік. Жарылыстарды естігенде, жақсы, қазір тоқтайды деп ойладық. Бірақ кейін әуе дабылы естілді. Балаларды жинап, тек құжаттарды алдық, тіпті жолда тамақ алмадық. Таныс ауылдарға қарай жол тарттық, Киевтен неғұрлым алысқа кету керек екенін түсіндік. Жолда елшіліктен хабар алдық. Су, нан алып, Львовқа қарай бет алдық. Өзім екі күн бойы ештеңе жеген жоқпын, бірақ балалар үшін қатты уайымдадым. Бізге барлық жерде көмектескендері таңғалдырды, барлығы жақсы ұйымдастырылған. Шекарада Украина мен Польшадан келген еріктілер бәрін түсіндіріп тұрды", - деді Лана Диканчиева әуежайында.
Львовқа келгеннен кейін олар Украинадан эвакуацияланған қазақстандықтарға қосылған. Шекараға 19 шақырым жерде олар екі күнге жуық жүріп, автобуста түнеген. Қазақстан елшілігі қызметкерлерінің арқасында ғана кезекте тұрса да шекарадан тез өткен.
"Біз жылы автобуспен жүрдік, ал "жасыл дәліз" арқылы бала ұстаған аналар жүрді. Украинадағы ер адамдарға елден кетуге тыйым салынды, әйелдер ғана эвакуацияланды. 19 шақырым жаяу жүріп, көшеде түнеді. Бұл Украинада көрген ең ауыр көрініс болды. Кейбіреулері бізге өтініш жасады, бірақ оларды ала алмадық. Біз қауіпсіз, жылы жерде болдық, олар сол жерде, көшеде қалды. Біздің жолымыз болды, тез кетіп қалдық", - деді қазақстандық.
Олардың айтуынша, Украинада олардың достары қалған, қайта оралғылары келеді.
"Эйр Астана" компаниясының президенті Питер Фостер әйелімен бірге. Фото: Tengrinews.kz/Әлихан Сариев
"Эйр Астана" компаниясының президенті Питер Фостер репатриациялық борттан соңғы болып түсті. Оның айтуынша, вице-президентпен бірге Украинаға соғыс басталғанға дейін түнде келген.
"Мен, біздің вице-президент және Украинадағы өкіл Вероника елшілікке бардық. Дархан Кәлетаевпен кездестік. Төтенше жағдай кезінде бірнеше сағат ішінде елшімен, оның әріптестерімен және қызметкерлермен эвакуация жоспарын әзірледік. Елестетіп көріңізші, қиын жағдай болды. Біз бен елшілік эвакуация жоспары бойынша жұмыс істеуге мәжбүр болдық. Бәрі қалай басталғанын өз көзімізбен көрдік. Келесі түнді елшілікте өткіздік. Сол кезде эвакуация үшін жолаушылар елшілікке келді. Біз аздап демалуға мүмкіндік алдық, бірақ сәл ғана уақыт. Елшілік қонақжайлық көрсетті. Келесі күні таңертең сағат жетіде 15 көліктен тұратын конвой Львовқа қарай бет алды", - дейді Петр.
Компания президентінің айтуынша, Львовқа сапар жолдағы жүктеме мен қауіпсіз маршрутты таңдауға байланысты 18 сағат уақытты алған. Олар консулдыққа 26 ақпанда сағат 03:00-де барған. Соңғы 100 шақырымды еңсеруге жеті сағат кеткен.
"5:30-да шекарадан кетуге тырысқан адамдардың кезегінің соңына жеттік. Шекараға дейінгі 19 шақырымға 12 сағат уақыт кетті. Сенбіде сағат 16:00-де Польшада болдық. Шекарадағы жағдай өте күрделі. Бұрын мұндай нәрсені көрген емеспін, енді көрмеймін деп үміттенемін. Шекарадан өтуге тырысқан мыңдаған адам бар. Егер елші мен елшілік қызметкерлері қолдау көрсетпесе, одан да көп болар еді", - деді Питер Фостер.
Авиакомпания өкілінің айтуынша, Қазақстанның Украинадағы елшісі Киевте қазақстандықтарды эвакуациялау бойынша іс-қимылдарды жалғастырып жатыр. Оған "Эйр Астана" өкілі көмектеседі. Польшадан Қазақстанға келетін екінші репатриация рейсі 1 наурызда түске дейін ұшады деп жоспарланып отыр. Фостер Украинадан кеткісі келген барлық қазақстандықты алып кетпейінше, рейстер жалғасатынына сендірді. "Эйр Астана" президентінің айтуынша, эвакуация үшін қазақстандықтарды жинау жолға қойылған және бәрі тез іске асырылады.
Просмотров материала: 530