Жуырда ғана өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елдегі кей жастардың жалқаулығын сынға алды. Мемлекет басшысы ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүргендердің жақындарына да, мемлекетке де масыл болып отырғанын айтып, тіпті жәрдемақы мен жеңілдік сұраудан арланбайтынын жеткізді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Саясаттанушы Талғат Қалиев жастардың еңбекке деген қызығушығының төмендігін жаңа экономикалық бағытпен байланыстырады.
«Қазіргі жастардың тұрақты жұмыс кестесіне бейімделуі қиын. Бұл тек қазақстандық қана емес, әлемдік жастардың да проблемасы. Олар фрилансер ретінде жұмыс істеп, саяхаттап жүргенді қалайды. Жалпы қазіргі уақытта «әсер ету экономикасы» кең етек жайып келеді. Яғни адамдар сатып алғанннан және сатқаннан қандай да бір қуанышқа кенелуді қалайды. Бұл ретте кеңседе немесе қандай да бір объектіде жұмыс істеу жастарға қызық емес, олар одан жақсы эмоцияға бөленбейді. Сондықтан да бүгінде қоғам арасында «ақша тапқым келеді, бірақ жұмыс істегім келмейді» деген түсінік қалыптасқан. Бұл әсіресе жастар арасында кеңінен тараған», - дейді ол.
Сарапшының пікірінше, қазіргі жастардың көздері ашық, көкірегі ояу. Олар АҚШ-тың Кремний алқабының өкілдері саналатын Стив Джобс, Билл Гейтс, Илон Маск сияқты заманауи өнертапқыштарға ерекше қызығушылық танытады. Алайда олардың жетістікке жетуіне білім мен ізденістің себеп болғанына мән бермейді.
«Кез келген білім күшті талап етеді. Адамдар комфортты жағдайдан шыққан кезде ғана өз күштерін қолдана бастайды. Алайда ішерге тамағы, киерге киімі бар азаматтар көбіне өз жандарын қинағысы келмегендіктен, барды қанағат тұтып жүре бергенді жөн санайды. Бізде әлі де кеңестік түсінік бар. Біз үшін барлығын мемлекет шешкенге үйреніп қалғанбыз. Тегін білім, тегін емхана, түрлі тегін әлеуметтік бағдарламалар, тегін баспана дегендей. Өкінішке қарай бұл қағида қазіргі жастардың да санасына сіңе бастады», - дейді Талғат Қалиев.
Шымкенттік Гүлсім Райымбекова көпбалалы ана. Бүгінде Үкімет тарапынан берілетін атаулы әлеуметтік көмекті алуда азаматтарға кеңес берумен айналысады. Оның айтуынша, жастар мемлекет беріп жатқан мүмкіндіктерді игі іске пайдаланғысы келмейді.
«Мемлекет беріп жатқан көмекті қанағат тұтпайтындар өте көп. Олардың айтуынша, қазір байлар билеген заман болып кетті, ал қарапайым халық қайда барса да түрлі қағазбастылыққа тап болып жатады. Десе де, мемлекеттің жасап жатқан жұмысын жоққа шығаруға болмайды. Мәселен ЖОО-ны енді ғана аяқтаған, тәжірибесі жоқ жастар Жұмыспен қамту орталығына барса, ол жерде міндетті түрде жұмыс тауып береді. Бұл үлкен көмек, Сол арқылы оның тәжірибе жинауына мүмкіндігі болады. Ал орта жастағылар үшін қандай да бір курстарды оқып алуларына барлық жағдай жасалған, артынша арнайы сертификаттары да табысалады. Өкінішке қарай жұмыссыз азаматтар ол жерге барып, басын қатырғысы келмейді. Жеңіл ақша тапқылары келеді. Осылайша кейбірі қаржы пирамидаларына ақшаларын құйып, алаяқтарға ұрынып жатады», - дейді Гүлсім Райымбекова.
Жұмыссыздық мәселесін шешу үшін мемлекет азаматтарға кәсіпкерлікпен айналысуды кеңес етеді. Бұл ретте түрлі тиімді тетіктер де қарастырған. Алайда оны да пайдаға жарататындар аз екен.
«Үкімет қазақстандықтарға жан-жақты қолдау көрсетіп жатыр. Бұл ретте бизнес ашу үшін берілетін гранттарға баса назар аударғым келеді. Үкімет «халық мемлекетке тәуелді болмасын» деген мақсатпен осындай тиімді жолдарды қарастырған. Бұл жеке кәсіпкерлікті дөңгелетуге бағытталған өте қолайлы тәсілдің бірі. Бірақ көбі мұндай гранттарын жеке қажеттіліктеріне жұмсап, одан кейін мемлекетке қайтадан алақан жаяды. Сондай-ақ, мен әлеуметтік желідегі парақшама «жақында мемлекеттен грант бөлінеді» деген ақпарат салған кезде жұрт «бизнесті қалай ашамын?» деп емес, «сол ақшаны қалай аламын?» деп сұрайды», - дейді Гүлсім Райымбекова.
Жұмысысздықпен күресуден бөлек, халықтың қарны тоқ, көйлегі көк болуы үшін мемлекет кейбір санаттағы азаматтарға атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) тағайындайды. Алайда мұндай көмекті алу үшін қулыққа баратындар көп көрінеді.
«Қазақстандықтар жеке кәсіпкерлікті бастауға аса ынталы емес. Өйткені олар Үкіметтен берілетін АӘК-ке әбден үйреніп қалған. Көп азаматтар АӘК алу үшін өздерінің табысын жасырады. Мәселен бизнес бастау үшін олар алдымен жеке кәсіпкерлік (ИП) ашуы қажет. Ал АӘК-те жеке бизнестің кірісі автоматты түрде 75 мың теңге деп көрсетілетіндіктен, көбі одан бас тартады. Олар мемлекеттің жәрдемақысынан айырылғысы келмейді, сол себепті жеке кәсіп ашуды тіпті жоспарламайды. Керісінше қалай болса да, АӘК алсам деген оймен өмір сүреді», - дейді Гүлсім.
Белгілі болғандай, қазақстандықтар мемлекеттен материалдық емес, көбіне қаржылай көмек сұрайды екен. Гүлсім Райымбекова жекесіне келетін сұрақтардың басым бөлігі «Үкіметтен қалай ақша алсам болады? Қандай жолдары бар?» деген мәселелермен байланысты екенін найтады.. бір қызығы Үкіметке алақан жаятындардың көбі 35-40 жас аралығындағылар екен.
Талғат Қалиев мемлекеттің халыққа бұлай көмек көрсетуін қолдамайды. Айтуынша, бұл биліктің қателігі. Әсіресе жас буынның бірде-бір бос уақыты болмауы тиіс.
«Халыққа шектен тыс жағдай жасалды. Алайда бұл барлық мәселенің тиімді шешімі еместігін көріп отырмыз. Шындап келгенде жастардың еңбегін дұрыс бағалау керек, дұрыс бағытты қолдану қажет. Бұл мәселеге аға буын өкілдері жауапты болуы тиіс. Жастардың жұмыс кестесі оның мүмкіндігінің шегінде болуы керек. Жастар өздерінің қабілеттері мен мүмкіндіктерін қатаң жұмыс кестесі мен өзіне деген талабы арқылы ғана кеңейте алады. Егер де оның тұрақты жұмыс кестесі болмаса, ол өзі үшін қосымша басқа да шаруалармен немесе спортпен айналысуы тиіс. Яғни жастар бос жатпауы керек. Тек сол кезде ғана оның өмір сүру қарқыны жоғары динамикаға ие болады. Олай болмаған жағдайда жасы 45-тен асқаннан кейін ол әлсіз бола бастайды. Оның өмірлік белсенділігі де төмендей бастайды», - дейді ол.
Сондай-ақ, саясаттанушы аға буын өкілдеріне тиесілі стереопиті көзқарастан айырылу қажеттігін айтады.
«Билік неғұрлым жас буынды өз қорғауына алған сайын, олар соғұрлым ізденіске артық күш жұмсағысы келмейді. Меніңше, жастар саясаты қиын жағдайға тап болған жастарды әлеуметтендіру мәселесіне бағытталуы тиіс. Ағылшындар «Желдің екпіні қаншалықты қатты болса, ағаш соншалық мықты болады» дейді. Жастарға қатысты айтар ойым осы», - дейді Талғат Қалиев.
Просмотров материала: 688