«QANDAS NEWS» Youtube каналында «Отандастар қорында» жұмыс істеген, Монғолиядан көшіп келген Бақыт Сараймен болған шағын видео жарық көрді. Видеода сұхбат беруші Бақыт Сарай «Отандастар қорындағы» жұмысқа көңілі толмайтынын, өзін жұмыстан шығарып жіберуіне тіл мәселесі әсер еткенін айтады. Бұдан бөлек қордың бюджетіне байланысты да ақпарат береді. Осы мәселе бойынша Bugin.kz редакциясы Бақыт Сараймен телефон арқылы байланыс орнатып, аталған мәселе бойынша сұрақтарға жауап алды.
1. Қорда қандай жұмыс істедіңіз? Қазір қайдасыз?
2019 жылы «Отандастар» қорына вице-президент Мәди Манатбекұлының шақыртуымен келдім. 2020 жылы декреттік демалысқа кеттім. Бірақ, декреттік демалысқа «Отандастар» қорынан шыққан жоқпын. Қорда 6 департамент бар. Біздің департамент тікелей қандастардың мәселесін шешу және қандастармен байланыс жасайтын ақпараттық орталық.
2. Жұмыстан кетуіңізге байланысты заң аясында қандай жұмыстар жасалды?
Негізі ол жерде біздің еңбек шартымыз штаттан тыс тапсырма орындаушы еді. Менің аяғым ауыр болып, алты айға толған кезде есепті қазақша тапсырдың деп жұмыстан шығарып жіберді. Негізі Отандастар қоры этникалық қазақтарға арналған. Мен неге қазақтың жерінде отырып қазақша жұмыс нәтижесін тапсыра алмаймын? Неге орысша тапсыруым керек? - деп едім, сол кездегі Департамент басшысы Данияр Асқарұлы министрлікке есебіңізді қазақша тапсырдыңыз, сондықтан біз сізді жұмыстан босатамыз деді. Мен Еңбек министрлігіне барып, жалпылама жағдайымды айтып едім, еңбек шартымыз штаттан тыс болғандықтан өтінішіміз өтпеді. Негізі штатта 50-дей адам бар. Ол жерде ешқандай қандас жоқ. Өйткені, қандастарды сыртынан ғана алып, жұмысты жасатып алады. Сондықтан, мен заңға жүгінгенде ештеңе жасай алмадым.
3. Есепті орыс тілінде жасамадың деп жұмыстан босатты дедіңіз, жалпы жұмысқа орналасарда орыс тілін міндеттеді ме?
Біз тек қандастармен жұмыс жасайтындықтан орыс тілін міндеттеген жоқ. Өйткені, мұнда орысша білетін қандас келмейді. Тек қазақ тілінде сөйлейтіндер. Тіпті, Түркия, Арабия, Ауғанстан, Иранда тұрса да кез келген қазақ өз ана тілінде сөйлейді. Департамент басшысы Данияр Асқарұлы басшы болып тұрып бізге тек орысша сөйлейтін. Орысша сөйлегеніне қазақша жауап бергенім титығына тиген болу керек жұмыстан шығарып жіберді. Мен біраз тіл білемін. Бірақ, өз жерімде жүріп неге қазақ тілінде сөйлемеуге тиіспін? Басқа мемлекетте болсам сол елдің тілінде сөйлер едім. Бірақ қазақ жерінде тұрып қазақ тілін қорлатуға жол бергім келмеді.
4. Сіздермен бірге тағы кімдер жұмыстан кетті?
Біздің департаментке алты адам жиналған. Оның сыртында қаншама қызметкерлер бар. Жиырмаға жуық адам жұмыстан шығып кетті. Нағыз жұмыс істейтін, қандастарды қолдайтын қызметкерлер жұмыстан кетті. Тіпті, қордағы ақша қайдағы жобаларға кетпей, Абай үйі, қазақ тілін шетелге шығып үйрету, қандастарға бөлінген ақша діттеген жеріне жетсін деген ұсынысты айтқан Мәди Манатбекұлын да жұмыстан шығарып жіберді. Қордың ақшасы туралы кім сөз қозғайды сол адамды жұмыстан шығарып отырды.
5. Бұл мәселені неліктен үлкен деңгейде көтердіңіз? Неге бұл мәселе жауапсыз қалды?
Қаншама қандас әлі күнге дейін менен көмек сұрап, байланысқа шығады. Қазақстанға көшіп келу сұранысы өте көп. Олардың ешбір мәселесі шешілмейді. Отандастар қорына, Президентке қандастардың атынан хат жаздық. Ешқандай жауап қайтпады. Жалпы қазақтардың өз жеріне келуіне толықтай құқығы бар. Оларды дұрыс бағытта, жақсы жұмыс нәтижесімен Қазақстанға алып келуге тиіспіз. Олардың ел дамуына үлес қосуына толықтай құқығы бар. Сондықтан қазіргі таңда Президенттің тексеріс жүргізіп жатқан кезіндегі мүмкіндікті пайдаланып қалғым келеді. Мен бір қазақ болсам, менің соңымда мың қазақ тұр. Сондықтан, бұл жалғыз менің емес мың қазақтың тағдыры.
6. Қордағы бұрын жұмыс істеген адамдардың бірімен байланыс орнаттық, олар сізді жалған сөйлейді дегенге келтіреді, бұған не дейсіз?
Олардың тірлігінің соңын ашқан соң мен туралы жалған сөйлейді. Бақыт делдал деп айтады. Бірақ, ақиқат қашан да ақиқат. Менің даусым қай жерге дейін жетеді сол жерге дейін бара аламын. 2019 жылы қандастардың атынан Президентке дейін хат жолдағанмын. Одан бері 3 жыл өтті. Қандастар Қазақстанға көшіп келуге виза ала алмай жүр. Ешқандай кедергі жоқ. Бірақ, мұндағылар себебін айтпайды.
7. Қордағы қызметкердің бірі сіз туралы бір әңгімеде Монғолияға студенттерді жеткіземін деп, белгілі бір сома алып, бірақ оны орындай алмағаныңызды айтады. Нақтыласақ, бұл 2020 жылы карантин кезінде орын алыпты. Бұл туралы ашып айта аласыз ба? Бұл ақпарат шындыққа жанаса ма?
Мұның бәрі жалған. Білім министрлігінен 1000 балаға грант бөлінді. Бірақ, мен 1300 бала шақырып қойғанмын. Сосын білім министрлігінен бір айдай соғысып жүріп 300 балаға грант алып бердім. Бұл кісілер өздері жасай алмаған іс болған соң маған солай жала жапқан. Мысалы, 250 баланы лагерьге шақырғанда мен 750 бала шақырып қойғанмын. Жұмысты еселеп істеп, артығымен атқарып тастадым. Қолдарында ешқандай дәлел жоқ. Бұл қорды тоқтату керек немесе дұрыс бағытқа салу қажет.
Бір ай бұрын бір депутат ағамызбен сөйлестім. Қорда жұмыс жасағанмын деп едім, ол кісі Отандастар қорынан танысы барын айтты. Сосын ол кісіге хабарласып мен туралы сұрап еді: «Бақыт деген делдал» деп айтты. Енді бұл сөзге дәлеліңіз бар ма? - десем біреулерден естігенмін дейді. Бұл енді - арзан әңгіме.
Қай министрлікке барсаңыз да Отандастар қоры жарнама жасағаннан басқа түк бітірмейді деп күледі. Мен үшін қордың мен туралы айтқан әңгімелері маңызды емес. Мені қандастарға арналған қор болғанымен оларға ешқандай көмек бермейтіндігі мазалайды.
8. Көші қон болмай жатса бюджет қаржысы қайда жұмсалып жатыр? Үкіметке есепті қалай тапсырып жатыр, қалай тапсырып келді? Қаражат қалай есептеліп жатыр? Сіз есеп тапсырғанда құжатты қалай толтырдыңыз?
2019 жылы біз қызмет істеген кезде нақты жұмыстар жүрді. Моңғолияның өзінен 20 отбасы Қазақстанға көшіп келді. Отандастар қорының бюджетінен төленді. Оны жоққа шығармаймын. Ол кезде вице-президент Талғат Мүбаракұлы болды.
9. Жылына 6 миллиард теңге бөлінгені туралы ақпаратты қайдан алдыңыз?
Мен қызмет істеп жүргенде бухгалтер мен хатшылар 33 миллиард деп айтып жүретін. Жақында сонда қызмет жасайтын кісіден сұрап едім 6 миллиардқа жуық ақша Одандастар қорына бөлінеді деді. Дүниежүзілік қазақтар қауымдастығы бұрын өзін өзі қаржыландыратын. Қазіргі таңда Дүниежүзілік қазақтар қауымдастығын Отандастар қоры қаржыландырады. Балалар шет елден лагерьге келді деген күннің өзінде шақыртқан мекеме өздері көтереді. Мысалы, 2019 жыл Назарбаев зияткерлік мектебі шақыртты, оның өзінде барлық қаражатты өздері көтерді. Студенттер өз қаражаттарымен келді. Квотаны білім министрлігі бөлді. Көші-қон келді Еңбек министрлігі квотаны өздері қаражаттандырды. Ал қандастарға ешқандай көмек жоқ. Отандастар қорына барып көмек сұраса біздің міндетіміз тек қана ақпараттық көмек беру деген ғана жауап алатын көрінеді. Егер тек қана ақпаратпен қамтамасыз етумен айналысса миллиондар қайда кетеді?
Былтыр қандастарымыздың пандемияға байланысты виза мен паспорттарының уақыты бітті сол кезде қандастарды ертіп, қордан көмек сұрап бардым. Мүлде көмектеспеді. 2019-2020 жылдары ақпарат және қоғамдық даму министрі болған Дәурен Абаевқа шағымданып, екі рет қабылдауында болғанмын. Сонда да мәселенің шешім табылмады. Одан кейін ақпарат және қоғамдық даму министрі болған Айда Балаеваның да қабылдауында болып қандастар мәселесін сол кезде де көтердім. Айда Балаева 2021 жылы Отандастар қорымен бірлескен жиынға шақырды. Бірақ Отандастар қоры мені жиналысқа кіргізбей қойды. Ендігі жерде, Қасым-Жомарт Кемелұлынан үлкен үміт күтемін.
Төменге Бақыт Сарайдың үндеуін ұсынып отырмыз!
Президент Қасым-Жомарт Кемелұлына үндеу!
Отандастар қорының соңында бір ғана емес мың қазақтың тағдыры тұр. Сондықтан, осы қорды жақсылап тексеріп, жалпылама қандастарға халықтың салығынан бөлінген ақшаны ауаға шашқызбай, халықтың еңбегін өзіміздің қазақтар көрсе деген ниет бар.
Отандастар қорының қаржысы қандай мақсатта жұмсалады? Қайда кетеді? Басынан аяғына дейін тексерілсе деймін. Мысалы, студенттер келетін болса Білім министрлігі квота бөліп, оның мәселесін өздері шешеді. Көші-қонға келсек Еңбек министрлігі мәселесін өздері шешіп береді. Ал Отандастар қорының ешқандай қатысы жоқ. Сонда қорға жыл сайын бөлінетін миллиондаған ақша қайда кетеді? Қандастарға ешқандай көмек жоқ.
Жалпы біз Нұртай Әбіқаевты айына, жылына жиын болған кезде ғана көреміз. Бір қағазға қол қою үшін біраз уақыт күтіп жүретін кездер де болады. Жалпы ол кісі қол астында кімдер жұмыс істейтінін де білмейді. Білсе осындай сұмдыққа жол бермес еді. Бірде бір қандас Отандастар қорында жұмыста жоқ. Бәрі уақытша штаттан тыс жұмысқа қабылданған.
Нақты жұмыс істесе деп іздерінен қалмаймын. Маған көп қандастар көмек сұрап жазады. Мен тікелей қорға жіберемін, бірақ ешқандай мәселе шешілмейді.
Мұндағылар менің соңымнан мәлімдеме жасаған. Себебі, Сыртқы істер министрлігіне көп барамын, қазақтардың елге келуіне неге кедергілер көп, неге виза берілмейді. Мұндағылар жұмыс жасағысы келмейді, жұмыс жасайтын адамға мүмкіндік бермейді.