Биыл Қазақстанда инфляция рекордық көрсеткішке жетті. Бұған дейін 8,5 проценттік қымбатшылық болмаған. Үкіметтің әлеуметтік-экономикалық даму болжамына сәйкес, келесі жылы инфляция 4-6 процентке дейін төмендейді, яғни азық-түліктің бағасы да түсуі керек. Алайда кейбір экономистер бұл болжамды іске асыру мүмкін емес деп отыр. Оған бірнеше себеп бар. Әрі теңге тағы құнсыздануы ықтимал.
Инфляция не болмақ?
Экономист Арман Байғанов инфляцияның 4 процентке дейін төмендейтініне күдікпен қарап отыр.
"Мысалы, жаңадан келген ауыл шаруашылығы министрі (Ербол Қарашөкеев - Sputnik) сұхбат беріп, азық-түліктің бағасы түспейді, керісінше көтеріле береді деп айтқан. Өйткені негізгі азық-түліктің әлемдік бағасы өсіп жатыр. Демек, министрдің өзі баға көтеріледі десе, инфляцияның төмендейтіні екіталай", - деді Байғанов Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұхбатында.
Осы орайда сарапшы жоғары мемлекеттік лауазымға ие болған адамдардың инфляцияны төмендету жайында жиі айтатынын еске салды. Бірақ көп жағдайда барлық бастама сөз жүзінде қалып жатады.
"Дәл қазір әлем бойынша пандемия аяқталмаса да, халықаралық биржаларда шикізаттық тауарлар мен азық-түліктің бағасы көтеріліп келеді. Сондықтан инфляцияның деңгейі бәрібір өсе береді. Халықаралық тауарлық биржаларда сауда-саттық доллармен жасалады ғой. Ал АҚШ-тың өзінде инфляция жоғары болып тұр. Биыл 5 процентке жетті. Бұның барлығы тауарларды доллармен импорттайтын дамушы елдерге әсер етеді. Қазақстан да импортқа қатты тәуелді болып тұр, біраз тауарлар сырттан келеді", - деп атап көрсетті Байғанов.
Бұдан бөлек, келесі жылы тағы құрғақшылықтың болмайтынына ешкім кепілдік бере алмайды. Осы факторларды да ескеру керек. Ал инфляцияны төмендету үшін отандық тауарларды барынша көбейткен жөн. Ол жұмыс бір күнде жасалмайды.
GSB UIB бизнесті талдау орталығының директоры, экономист Мақсат Халықтың айтуынша, қарапайым заттар экономикасы, бизнесті дамытудың жол картасы және тағы басқа мемлекеттік бағдарламалар өз жемісін бермесе, Қазақстан импорттық инфляцияға тәуелді бола береді.
"Үкімет 2025 жылға қарай инфляцияны 4 процентке төмендетуді көздейді. Ол үшін, біріншіден, айналымдағы артық ақша массасынан арылу қажет. Екіншіден, базалық мөлшерлемені бірте-бірте түсіру керек. Ал, ең бастысы, үкімет қолға алған жобалар өз нәтижесін беруі керек. Сонда ғана инфляция төмендейді", - деді Халық Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұхбатында.
Экономист Арман Байғанов тағы бір маңызды мәселені еске салды. Бүгінде Қазақстандағы инфляция Еуразия экономикалық одағына мүше елдерден жоғары болып тұр.
"Ресейде 6-7 процент, Қырғызстанның өзінде солай. Оны базалық мөлшерлемеден де анық байқауға болады. Бізде 9 проценттен жоғары, ал оларда, шамамен, 5-6 процентті құрайды. Міне, Қазақстандағы инфляцияның қаншалықты жоғары екенін осыдан-ақ көріңіз", - деді Байғанов.
"Жалақы қымбатшылыққа ілеспей келеді"
Келесі жылдан бастан Қазақстанда ең төменгі жалақының көлемі 60 мың теңгеге дейін көтеріледі. Бұл шара 1 миллионнан астам адамға тікелей пайдасын тигізеді деген болжам бар. Жұмыс беруші оларға айына кем дегенде 60 мың теңгенің жалақысын беріп отыруға міндетті.
"Бүгінде мемлекет жалақыны өсіріп жатыр. Бірақ айлық өсемін дегенше инфляция алға қарай кетіп қалады. Мәселен, мұғалімдердің жалақысын осы жылдан бастап өсіреміз деді, өсірді, бірақ педагогтер оны тек қазан айында ғана көрді. Сонда мұғалімдер 20 пайызға өскен жалақыны жылдың соңында алды. Ал инфляция қазір емес, жылдың басынан бері келе жатыр ғой. Демек, жалақы қымбатшылыққа ілеспей жатады. Әрине, жалақы өсе беруі керек. Бірақ оны жылдың соңына қалдырмай, басында көтерген дұрыс", - дейді экономист Мақсат Халық.
Ал сарапшы Арман Байғанов ең төменгі жалақыны тым кеш көтеріп отыр деп санайды.
"Бұл бастаманы 3-4 жыл бұрын іске асыру керек еді. Қазір одан пайда жоқ. Әшейін ең төменгі жалақыны бүгінгі жағдайға келтірген. Болды. Ашығын айту керек, қазіргі кезде ауылдағы ағайын болмаса, 60 мыңнан кем алатын адам аз ғой. Ауылды жерлерде минималды жалақыдан кем төлесе де, қалған ақшасын конвертпен бере салады. Меніңше, ең төменгі жалақыны 60 мың теңгеге көтеру шешімі кеш қабылданып отыр", - дейді экономист Арман Байғанов.
Теңге тағы құнсыздана ма?
Байғановтың ойынша, келесі жылы мұнай бағасы 80-90 долларға дейін көтерілсе де, ұлттық валютаның бағамы 430 теңгеден төмен түспейді.
"Оған бірнеше себеп бар. Біріншіден, АҚШ-та инфляцияның салдарынан мұнай өндірудің өзіндік құны да өсіп келеді. Доллар құнсызданып жатыр. Содан жалпы әлем бойынша барлық шикізат түрлерін өндіру бағасы көтеріліп келеді. Осыған байланысты мұнайдың бағасы өссе де, валюта бағамы қатты өзгермей жатады", - дейді экономист Арман Байғанов.
Осы орайда сарапшы ұлттық банктің теңге бағамын ұстау үшін интервенция жасағанын еске салды.
"Демек, теңгенің қазіргі бағамы өз құнына сай емес. Меніңше, көрші елдермен арадағы сауданың теріс сальдосын ұшықтырмау үшін тағы 5-10 процент көлемінде бір реттік девальвация керек болатын сияқты. Ұлттық банк үнемі интервенция жасай бермейді ғой", - деп атап көрсетті Байғанов.
Ал экономист Мақсат Халықтың айтуынша, халықтың өзі де теңгенің әлсіреуіне себепкер болып отыр. Бүгінде адамдар долларды көптеп алып жатыр. Алып-сатарлар да теңге бағамы 500-ге дейін барады деп елді дүрліктіріп қояды.
"Осының бәрі белгілі бір дәрежеде теңгенің әлсіреуіне әсерін тигізіп жатыр. Жақында ұлттық банк интервенция жасап, бұл жағдайды сәл басты. АҚШ-тың федералды резерві доллардың пайыздық мөлшерлемесін көтереміз деп жатыр. Сонда қазыналық құнды қағаздар бар, бәрінің пайызы өседі. Инвесторлар дамушы елдерден кетіп, ақшасын сол жаққа қарай бағыттайды. Ондайда дамушы елдердің валютасы құнсызданады", - дейді Халық.
Сарапшының ойынша, коронавирустың омикрон штамы қауіпті болып шықса, қайтадан карантиндік шектеулерді енгізуге тура келеді. Сонда теңгені күшейтуге қажетті шараларға қосымша уақыт болады.
Просмотров материала: 1 901