Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, әлемде жылына 700 мыңнан астам адам өзіне қол жұмсайды. Ал, Қазақстан суицид көрсеткіші ең жоғары елдердің санатына бұрыннан кіреді. БҰҰ-ның Балалар қоры біздің елдегі жасөспірімдер мен жастар арасындағы қайғылы жағдайлардың көбейюіне алаңдайды. 2019 жылы мұндай оқиғалардың 77%-і табысы төмен және орташа елдерге тиісілі болған.
Суицидтің себептеріне келсек, ересектер арасында негізінен жалғыздық, ауыр материалдық жағдай, баспананың болмауы, туыстармен кикілжің, ажырасу, ауыр дерт, жақыннан айырылу, ұятты боп қалудан қорқу сияқты шешімі бар түйткілдер келтіріледі. Бір айта кетерлігі, суицид бойынша ең жоғарғы көрсеткіштер Оңтүстік Американың бұрынғы колонияларымен қатар, посткеңестік елдерде тіркелген. Өкінішке қарай, бұл рейтингтің алдыңғы жиырмалығына Қазақстан, Ресей, Беларусь пен Украина, Балтық жағалауы елдері кіреді. Бұл қатарда дамыған Оңтүстік Кореяның болуын мамандар мектептен бастап балалардың материалдық жағдайына қарай бөліп оқыту, өзара қатал бәсекелестік пен қаржы, байлық үшін өмір сүру қағидаттарымен байланыстырады.
Ал, отарлық қамытынан босаған елдерде неге адам өз-өзіне қол жұмсайды? Мұның тарихи себебі бар ма? Неге репрессия, аштық, соғыс пен көтерілістерден аман қалған елдің ұрпағы бүгін өз-өзіне қол жұмсайды? Қазақстан Психоанализ қауымдастығының мүшесі, Орталық Азия Психоанализ институтының түлегі, психоаналитик Жұлдыз Төлеу мұның астары тереңде жатқанын алға тартады.
«Адам суицидке бірден бармайды»
– Статистиканы қарасақ, расында да, әлемде суицид бойынша посткеңестік елдер алдыңғы қатарда тұр. Мұның бірнеше факторы бар, атап айтсақ, тарихи, экономикалық, әлеуметтік және рухани жағы бар. Адам суицидке бірден бармайды. Бұл нәрсе оның ойында бірнеше ай, тіпті, бірнеше жылдан бері жүруі мүмкін. Мұндай қадамға көбіне меланхолик, депрессияда жүрген адамдар барады.
Біріншіден, неге посткеңестік елдерде суицид көп дегенге келер болсақ, Кеңес одағында адамдарда ішкі рухани еркіндік болған жоқ. Оларда белгілі бір идеология болды. Адамдардың бәрі сол идеологиямен өмір сүрді. Ондағы идеология тек жұмыс істеуге негізделді. Мәселен, «Мен кіммін?» деген сұрақты адам өзіне қоя алмады. Өйткені сен кімсің, кім боп жұмыс істейсің – мұның бәрін советтік идеология әрбір адамға таңып қойған. Совет үкіметі құлады. Шын мәнінде бұл жерде адамды ұстап тұратын екі нәрсе құлады: біріншісі – ішкі рухани сенім (ол рухани күш беретін сенім немесе дін болуы мүмкін), екіншісі – биліктің идеологиясы. Адамның бойында үлкен қорқыныш-үрей пайда болды. Ішкі тірек те, сыртқы тірек те жоқ, құлдырап кетті. Екіншіден, экономикалық жағы. Кеңес одағы құлаған кезде «Мен кіммін?» деген сұраққа жауап іздеуге мүмкіндік те болған жоқ. Бар проблема – бала-шағаны асырау еді. Тәуелсіздік алған соң экономикамыз біртіндеп көтеріле бастады. Бірақ тоқырау кезеңінде алған жан жарасы біртіндеп шыға бастады.
Негізі, соғыста болсын, тоқырау кезеңінде болсын, психикалық соққы алған адам дәл сол кезде оны іштен шығара алмайды. Ол соншалықты ауыр дүние болған соң, адам оны санасынан ығыстырады. Мәселен, қайғылы жағдайларды басынан өткізген ата-бабаларымыз, ата-әжелеріміз бұ дүниеден өтіп кетуі мүмкін немесе бұл дүниеде болуы да мүмкін, бірақ адамның психикасында қалған жара адаммен бірге о дүниеге өтпейді, ол жара өз ұрпағына беріледі екен. Себебі ұрпағының жаны да, дені де сау болуы үшін сол «дерттен» айығуы керек.
«Тәннің ауруынан гөрі жанның ауруы қиын»
– Елімізде көп түйткіл шешілген жоқ. Соғыс боп кетті, соғыстан кейін күн көрістің қамы басталды, Кеңес одағында адамда ішкі еркіндік болмады, кеңестік жүйе құлаған соң тоқырау заманы басталды. Яғни, бірінен кейін бірі проблема көбейе түсті де, оны шешу біздің ұрпаққа қалды. Ата-бабаның жан жарасын шығару балаға өте ауыр болады екен. Қазір шизофрения, паранойя, эпилепсия сияқты ауру түрлері көп, өте ауыр жағдайды басынан өткізгендердің ұрпағы сондай ауруларға шалдығуы мүмкін екен. Рухани жағынан оны көтере алмағандар суицидке барады.
Тәннің ауруынан гөрі жанның ауруы өте ауыр ғой. Суицид жасайтындар тән ауруынан емес, жан ауруынан бұған барады. Бұл бір. Екіншіден, жан жарасын алғандардың ұрпағында еркіндік бар. «Мен кіммін» деген сұраққа әркім өзінше жауап іздеп жатыр, әрбір индивид өзін табуға тырысады. Қазіргі жастардың бір бөлігі өзінің арғы тегіне ұқсағысы келмейді. Өйткені ғаламдастыру заманы болып жатыр. Жастар басқа әлемнің қалай дамып жатқанын көреді. Ол жақта техника, технология, өнер, мәдениет, бәрі-бәрі дамып кеткен. Ал жастар дамыған елдердің азаматтарына ұқсағысы келеді. Бұл жерде «ұрпақтар қақтығысы» тағы бар. Жастар өз түбірін үзіп, ғаламдастыру үдерісіне ілескісі келеді. Әлем азаматы болғысы келеді. Ал, оның ата-әжелері бұдан қорқады, жастарды аяғынан тартады, ұстап қалуға тырысады. Көбінде «қазақ бол, тіліңді біл, исламды ұстан, қазаққа тұрмысқа шық» дегендей көзқарас қалыптасқан. Ал баланың әлемді тануына шектеулер жасау да психиканы зақымдайды. Мысалы, маған келетін жасөспірімдердің көбінің проблемасы осы. Жасөспірімдер өтпелі кезеңде тұрған адамдар екенін ескеруіміз керек.
«Жасөспірім шақ психологиялық «зақымды» емдейтін кезең»
– Қазақ қоғамында суицидке апаратын тағы бір нәрсе – дін, яғни, ата-бабамыз ұстанған дін емес, сырттан келген исламның қатайған түрі, фундаменталистік дін. Ол да жастарды жаулап жатыр. Ал ата-бабамыз ұстанған дінде ең алдымен еркіндік болды. Қазіргі сырттан келіп жатқан фундаменталистік дінде бәріне тыйым салынады. Тіпті, өзінің өткеніне де, ата-бабасын тануға да қатаң тыйым салынып жатқанын көріп отырмыз. Жастар бұған шыдамай, амалсыздан тағы да суицидке барады. Өйткені ішкі, рухани тыйым деген өте ауыр дүние. Мысалы, өз-өзін, оң-солын танымай жатқан кіп-кішкентай 4-5 жасар қыздардың бет-аузын тұмшалап, байлап тастайды. Хиджап кигізіп мектепке апарады. Басқа балалар басқаша киінеді, ол бөлек, бұл да қиын. Ол қатарластары сияқты еркін күліп, ойнай алмайды. Бала іштей булығып өседі. Бала жасөспірім жасқа келгенде іштегі булыққан дүниелер еріксіз сыртқа шығады. Психологияда жасөспірім «зақымдарды» емдеуге мүмкіндік беретін кезең дейді. Егер әке-шешесі сол кезеңде шамалы еркіндік берсе, ол өзі емделуі мүмкін. Керісінше, баланы қатты қыспаққа алса, ол баланың жағдайы қиын, теріс қадамға баруы мүмкін.
«Суицид ерлер арасында көп»
– Қазір қоғамда «ата-бабамыз бұдан да қиын кезеңдерді басынан өткізген, сендер не қиындық көрдіңдер» деп айтатындар бар. Шын мәнінде, дәл қазіргі өмір адам психикасына өте ауыр кезең екен. Өйткені ақпараттық заман. Қазір балаларға, жасөспірімдерге тыйым салынған дүние жоқ. Ересектер еркін өмір сүреді, ал балаларға соншама ақпаратты қабылдау өте қиын. Адамның бейсанасында өмірге деген құштарлақпен қатар, өлімге деген құштарлық та болады. Өмірге деген құштарлық дегеніміз – шығармашылық. Кез келген зақымды, жан жарасын шығармашылық арқылы шығара алады. Екіншісі оны сублимациялай алмаған кезде мұны агрессияға апарады, өлімге барады. Менің қабылдауыма көбіне жігіттер келіп, көмек сұрайды. Көбі енді үйленген, бірақ отбасында проблема бар. Келіншектері жас, инстаграмнан түрлі жағдайды көріп, «аналар керемет, біз керемет емеспіз», «анау сыйлық беріп жатыр, сен сыйлық әпермейсің» деп қынжылады. Өмірді салыстырумен өткізу де отбасының бұзылуына әкеп соғады. Яғни, біреулер жылтыраған өмірді көріп, өзін бақытсыз сезінеді. Себебі ол өзінің өмірін бағалай алмайды.
Суицид ерлер арасында көп. Қазақ қоғамы әлі де патриархалды ғой. Соған қарамастан, ерлер барлық жағынан әлсіреп кетті. Ерлердің денсаулығы да, қоғамдағы орны, ұстанымдары да әлсіреп барады. Оның бір себебі, тоқсаныншы жылдардағы тоқырау кезеңінде ұлдар оқымай қалды. Негізінен, көп отбасы «ертең бір жерге келін боп барғанда қиналып қалмасын» деп қыздарын оқытты. Ұлдар базарда арба тасумен шектеліп қалды. Салыстырмалы түрде айтсақ, әрине, жан-жақты, мықты, білімді жігіттер де бар, бірақ әлсіз ерлер де жоқ емес. Әлсіз жігіттер қоғамдағы өз ролін қолға алу үшін не істейді? Әрине, дінге барады. Сол кезде әлсіреген жігіттердің көбі радикалды дінге кетті. Оның салдарынан жаны одан сайын қатайып кетті. Агрессия басым. Тіпті, солардың көбі Сирияға кетіп, сол жақта қаза тапты. Қазір де ерлер қоғамдағы орнын табу үшін көбінесе архаикалық жаққа бетбұрады. Қатал мінез көрсету арқылы қоғамды бағындырғысы келеді. Көбіне тұрмыстық зорлық-зомбылық дінді қатаң ұстанатын отбасында болады. Ер адам өзінің әлсіздігін білдірмеу үшін әйел, бала-шағасын ұрады.
«Адам жиі құласа, сүрінсе, апатқа ұшыраса, алаңдатарлық жәйт»
– Психоанализдің негізін қалаған Зигмунд Фрейдтың айтуынша, суицид жасаған адам өзін өлтірмейді, ол ішіндегі объектісін өлтіреді. Адамның «менінен» бөлек, ішінде оның «қатал мені» бар. Сонымен қатар, «инфантильді мен» бар. «Қатал мен» күшті болған кезде ол адам суицидке барады, себебі ішкі конфликтілер қозып, «дені сау» бөлігі мен «ауру» бөлігі үнемі қақтығыста болған кезде «қатал менді» өлтіру арқылы өз өмірін қияды.
Соңғы оқиға, яғни үш баласын өлтіріп, өзіне қол жұмсаған әйелдің тағдырына келетін болсақ, бұл ақпаратты оқыған бойда күйеуімен конфликт тұр деп ойладым. Өйткені кез келген замандағы адам өмірге келген кезде осы өмірдің мәнін іздейді. Бірақ адамның архитипі бұрыннан жазылып қойған. Мәселен, Ежелгі грек мифологиясындағы Медея күйеуі басқа әйелге кеткен кезде туған екі баласын өлтіреді ғой. Өз баласын өлтірген әйелдерде «Медея комплексі» бар деуге болады. Өз баласын өлтірген әйел ең бірінші балаларын емес, күйеуін өлтіріп отыр деген сөз. Өйткені бала – күйеуінің жалғасы, ұрпағы. Бұл оқиғада қызғаныш, ыза-кек тұр.
Мұның алдын алуға болар ма еді? Ең алдымен мұны жанындағы адамдар білуі керек. Мысалы, ол жанындағы адамдарға өлім туралы әңгіме айтуы мүмкін. Мәселен, өлім туралы кино көрдім немесе суицид оқиғасын естідім деуі мүмкін. Егер айналаңыздағы адамдар жиі құлап қала берсе, сүрінсе, апатқа ұшыраса, демек, оның бейсанасында өлуге деген бағдарлама бар деген сөз. Мысалы, мектеп балаларында, жасөспірімдерде сондай жағдайлар көп болса, бұл алаңдатарлық жағдай. Өлетін адам бәрібір өз құтқарушысын іздейді. Ал мұны жақындары сезбеуі де мүмкін.
«Адам ең үлкен байлығы – өзі екенін түсінбейді»
– Қазір «халықтың тұрмыстық, әлеуметтік жағдайы түсіп кетті» дегенді жиі естиміз. Соғыс жылдарында да адам бәрібір өмірге ұмтылады. Адамның рухани тірегі болмаса, тіпті ақшасы бар, бай-бақуатты адамдар да биік қабаттардан құлап, өмірмен қош айтысып жатыр. Негізі, суицид байлардың арасында көп. Мысалы, Үндістан кедей мемлекет, бірақ суицид аз. Негізі, кез келген дінде, рухани ілімде адам өлтіру үлкен күнә. Тіпті, үнділердің қатарында далада өмір сүріп жатқан адамдар да бар. Бірақ лашықтың ішінде бақытты өмір сүруі мүмкін. Өйткені олар өз өмірін солай қабылдайды.
Біздің қоғам материалдық тұрғыдан бірінші кезекке тұтынушылықты қойып тастады. Рухани жұтаңдық бар. Қазақстанда ұжымдастыру кезінде байларды құртып, оларды дүние-мүліктен айырды. Зигмунд Фрейдтің айтуынша, адамның өз кеңістігі болады. Оның сол кеңістіктегі мүлкі өзіне тиісілі. Бұның бәрі адамда болса, ол жеке тұлға ретінде дамиды. Егер оның кеңістігіндегі жеке заттарын тартып алсаң, ол тіреусіз қалады дейді. Бұл мәселе Маслоу пирамидасында да бар. Адам тұлға болу үшін ең алдымен тамағы тоқ болуы керек. Бұдан кейін ол рухани дамиды. Бізде сол қорқыныш әлі де бар, сондықтан адамдар айналасын дүниемен толтырып тастайды. Дүниені өмірдегі тірекке айналдырып жіберген. Ал одан айырылса, өмір де біткен сияқты көрінеді. Мысалы, адам өмірге келген кезде оның ең басты байлығы, құндылығы өзі екенін түсінбейді. Адам бірінші кезекке өзін қойып сыйлай білсе, жоғалған дүниесіне қатты қайғырмай, ары қарай өмір сүре алады.
«Псевдопсихологтарға бірінші кезекте тобыр барады»
– Әйелдердің қоғамдағы ролін төмендетіп, санасына кері әсер етіп жатқандар – инстаграмдағы әйел тақырыбын көтеріп жүрген коучтар дер едік. Себебі олар әйелдерді ерлердің заты ретінде көреді. «Әйелдер, сендер тек ер адамдарға қызмет етулерің керек». «Сендердің орындарың – отбасы, бұ дүниеде ерлерге қызмет ету арқылы ертең жұмаққа барасыңдар» дегендей түрлі тренингтер өткізеді. Дәл қазіргі қоғамда «мынау әйелдің ролі, мынау ердің ролі» деуге болмайды. Отбасын құрған соң, екеуі теңдей қоғамдағы орнын алып, қызметтерін бірдей ұстап жүруі керек. Мұндай тренингтер әйелдің дамуына кері ықпалын тигізеді. Керісінше, ер де, әйел де білім жағынан жан-жақты дамуы керек. Бұл жерде әйелдің рухани дамуын одан сайын құлдыратып, оны отбасы, ошақ қасындағы адам ретінде қалдыру дұрыс емес. Егер ертең ер адам басқа әйелге кетсе, үйде қалған әйел адам ретінде жоқ болады. Оның «өз мені» жоқ, көбіне сондай әйелдер өзіне қол жұмсайды. Өйткені ол ең алдымен өзін сыйламайды.
Бұл қоғамда адам тұлғалық дамымаса, зардабы қиын. Псевдопсихологтарға бірінші кезекте тобыр барады. Коучтар әр адаммен жеке жұмыс істемейді. Олар 4-5 мың теңгеге мыңдаған қыздарды жинап алады да, өз тренингін өткізеді. Ал оның айтып отырғаны бір қызға келсе, бір қызға келмейді, ал бір қызды тіпті ауру етіп шығарады. Себебі әр адамның психикасы әртүрлі. Коучтар тұлғалық санаға емес, тобырлық санаға жұмыс істейді. Псевдокоучтардың ұстанатын механизмі – мотивация ғана. Бұрын соғыс алдында адамдарға мотивация берген. Бұл да дәл сондай мысал. Адам психикасының трансформациясы сондай, адам дамығысы, өзгергісі келеді. Бірақ бұл бір күнде, бір тренингтен кейін тез бола қалатын дүние емес. Бұл ұзақ уақытты талап етеді, тіпті, адам жан жарасын емдеу үшін кемінде 3-4 жыл керек. Тренингтен адам бір күні мотивация алуы мүмкін, бірақ ішкі жарасы оны бәрібір де тартып алады. Ал қазіргі пандемияның зардабы болашақта сезіледі.
Дерекккөз: AzattyqRuhy.kz.
Просмотров материала: 581