Қазақ медицинасының Қазақстандағы даму бағыттары және Қазақстандағы болашағы хақында медицина ғылымдарының магистрі, Қытай Халық Республикасы инемен емдеу қоғамының мүшесі, ҚХР-дағы қазақ дәрігерлік-дәрішілік ғылыми қоғамының жауапты хатшысы Мақсат Әбдіқадірұлымен әңгімелескен едік.
– Соңғы бір-екі жылда біз «Қазақ медицинасы» деген ұғымды жиі еститін болдық. Алайда, Қазақстанда ұлттық медицина ғылыми түрде зерттеліп, іске асырылмаған. Қазақ медицинасы дегенде көпшіліктің ойына: халық емі, бақсы-балгерлер оралады. Осы жөнінде сіздің көзқарасыңызды білсек…
– Халық емі дегеніміз – ғылыми түрде негізделмеген, халық ортасындағы әдіс амалдарменен ауру-сырқауларға өз бетінше ем-дом қолдану. Оның ішінде құмалақ ашатындар, қалақшы дейді, бақсы-балгерлер, сынықшылар бар. Мұның барлығының қазақ медицинасына ешқандай қатысы жоқ деп басып айтуға да болмайды. Олардың кейбірін қазақ медицинасының бір тармақтары деуге болады.
– Өз ата-бабамыздан келе жатқан осындай әдіс-тәсілдерді тек халық емі деңгейінде қалдырмай, Қытайда ғылыми дәрежеге ие болуы қазақ медицинасының осал еместігін көрсетеді. Оның себебі неде?
– ҚХР медицина саласына баса назар аударады. Онда 56 ұлт бар, оның ішінде жалпы алғанда, қытайлықтар үлкен басымдылыққа ие. Өзге 55 ұлттың әрбірінің медицинасы заңды түрде тіркеліп, мемлекет тапсырмасымен терең зерттелген. Бұл шара 1983 жылдан бастап қолға алынды. Ол кезде қазақ медицинасы небары 32-33 орындарда болатын. Бұл істің бастамасы халық арасында емшілікпен шұғылданып жүрген мамандарды, ғалымдарды жинау болды. Бірінші рет қазақ медицинасының нәзіриялық негіздері топтастырылды.
Осылайша ұйымдасқан түрде үлкен жұмыстар істелген. Қазақ даласын зерттеу арқылы ондағы шөп дәрілердің қай топ, қай жікке жататындығы ажыратыла бастады. Ерте заманда дәрілік мақсатта қолданылған шөптердің шежірелері жазылған еңбектерді пайдалана отырып, қазақ медицина саласында көптеген кітаптар жарияланды. Сонымен қатар, тұңғыш рет Алтайда «Алтай аймақтық қазақ медицинасы клиникалық емханасы» құрылды. Бұл аурухана қазірге дейін міне 30 жылға жуық уақыт бойы халыққа қызмет көрсетіп келеді. Қаншама білікті мамандар осында жұмыс жасайды.
Ұлттық медицинамыз дами келе, алғашқы колледждерді құрды.
Қазақ медицинасы дәрігерлерін, медбике, фельдшерлер тәрбиелене бастады. Осыдан үш жыл бұрын Қытайдағы алдыңғы қатарлы оқу орындарының бірі Шыңжаң медициналық университінің қабырғасында «Шыңжаң қазақ медициналық факультеті» құрылды. Факультетті құрудың алдында қазақ медицинасының нәзіриялық негіздері, ішкі ауру, сыртқы ауру, анатомиясы, физиологиясы, шөп дәрілері, емдеу әдістерінің барлығы зерттеліп қытай тілінде және қазақ тілінде бірдей оқулықтарға енді. Бұл оқу құралдары Қытайдың медицина және оқу-ағарту министрлігі тексеруінен өтіп, ресми түрде бірінші курс студенттері қабылданды. Бүгіндері олар қазақ медицинасынан үшінші жыл білім алып жатыр.
– Қытайдағы қазақ медицинасының даму бағыты жаман емес екен, өзге ұлттардың арасында біздің медицинамыз қандай орынға ие?
– Қытайдағы қазақ медицинасының дамуы ұшқан құстай деп айтуға болады. Қазірде көптеген ғалымдар қазақ медицинасының ашылмай жатқан құпияларын, тұнып тұрған дүниелерін зерттеп жатыр. Олар біздің медицинаның артықшылығын дүниежүзіне дәлелдейді деп есептеймін. Қытайдағы елу алты ұлттың ішінде қазақ медицинасы 9-шы орынға шықты. Бұл көрсеткіш нені білдіреді? Адам баласы дүниеге келгеннен бастап, аурумен күрескен, оны зерттеген, қандай ауру екендігін анықтаған, емдеу әдістерін ойлап тапқан.
Қазақ арасынан шыққан бірден-бір қазақ медицинасын зерттеуші ғалым – Өтеубойдақ Тілеуқабылұлы ғұмырлық тәжірибесі арқылы көптеген зерттеулер жасап, кітаптарын қалдырды. Осындай қазақ медицинасын зерттеген ғалымдардың еңбектері қазіргі ұрпақтың қолына жетпегендіктен, халық емшісі мен қазақ медицина қызметкерлерін ара жігін ажырата алмай жүрген жайы бар. Қазақ медицинасы десе құраннан пайдаланып, құдайдан пайдаланып, ұшықтап емдейтін халық емшілерімен шатастырады. Осылардың әсерінен қазақ медицинасының орны Қазақстанда өз мәртебесіне жете алмай келеді. 70 жылдан астам өктемдік жүргізген Совет одағы қазақтың тілін, дінін, мәдениетін құртты деген сөздер көп айтылады. Ал, медицинаның жойылғандығы туралы ешқандай ғалымның, академиктің, профессордың көзқарастарын естіп көрген жоқпын.
– Қазақстанның өзінде мүлдем зерттелмеген біздің медицинамыз қалайша осы күнге дейін сақталып қалды деп ойлайсыз?
– Адам баласы өмір сүретін қоғамда — мәдениет, оқу-ағарту, денсаулық саласы бірінен-бірі бөлінбейді. Сонау мыңдаған ғасырдан бері тіршілік етіп келе жатқан адамдар ауырып, сырқамады ма? Өз ата-бабамыздың бастары ауырып, балтыры сыздамады ма? Сол кезде біз Европаға барып бас аурудың, іш аурудың дәрісін алған жоқпыз ғой. Өйткені, біздің өзімізде медицина әдістері болған. Қазақ медицинасы не үшін Қытайда, Моңғолияда, Түркияда сақталып қалды? Себебі, ол мемлекеттер қазақтардың мәдениетін, денсаулық саласындағы өзіндік ерекшелігін гүлдендірді, зерттеді. Өшіп бара жатқан дүниелерін қайтадан осы заманға алып келді.
Ал, Совет одағы барлық нәрсені керісінше жоқ қылып, тілінен, дінінен айырғанда медицина саласы сақталып қалды деп кім айта алады? Жарты ғасырдан астам уақыт ауызға алынбаған қазақ медицинасының көмілген нәрсесін зерттеген адам жоқ. Ғылыми түрде зерттеудің орнына «ойбай алдамшы», «сенімсіз халық емі» деп қашқақтайды. Орыстың да халық емі бар, ұйғырдың да халық емі бар. Ал, ол орыс медицинасына ешқандай өктемдік етпейді.
– Қазақ медицинасының қандай айрықша артықшылығы бар, қандай ғылыми теорияларын атап айтуға болады?
– Адамның денсаулығы болсын хайуанаттардың денсаулығы болсын табиғи тепе-теңдікті сақтау керек. Тепе-теңдік бұзылғаннан кейін, міндетті түрде ауру пайда болады. Қазақ медицинасының бір ерекшелігі тамыр ұстау арқылы, тіліне қарап, райы, дәмі, ыстықтық-суықтық, құрғақтық дегендердің барлығын парықтау арқылы емдік шаралар жасалынады. Ауруды асқындырмай, алдын алу керек. Көзге, тілге, тамыр соғысы, терісіне қарап диагноз қойылады. Ілме, шетпе секілді ауруларды қазақ тарихтан іліп, шетіп жазған. Бұл туралы зерттеген мақалаларым бар, қазіргі кезде дәрігерлерге ол тәсілдерді қалай қолдану керектігін үйретіп те жүрмін.
Іші өткендерге түрлі-түсті антибиотиктерді бергенше қайыңның қабығын күйдіріп соның күлін қайнаған суға езіп ішкізу керек. Бір-екі рет қайталаса іштің өтуі тоқтайды. Антибиотикті бала кезден көп қолдану – бедеулік пен белсіздіктің пайда болу қаупі бар фактор болып есептелінеді. Сондықтан балаларымызды әлден оған үйретпей, қарапайым қазақ медицинасының амалдары арқылы емдесек, қазақтың санын көбейтуге, сапалы ұрпақты дүниеге келтіруге жағдай жасаймыз. Қазақ медицинасы барлық ауруларды жаза алады деп айта алмаймын. Кейбір рактың өткір түрлері, бауыр рактары, көтеншек рактарға ем болмағанмен, оларды жеңілдете алады.
Ал, басқа ауруларды емдеу өнімділігі өте жақсы. Қазақ медицинасы не екендігін түсіндіретін тұжырымдамалық негіз бар. Нәзірияда аурулардың диагностикасы, арнайы жасалынатын дәрі-дәрмектері, ересектер мен балалар ауруы, сынықшылық туралы құнды дүниелер бар. Қазақстанда емнің бірден-бір сақталған түрі тек қана сынықшылық деп айтуға болады. Европада ота жасатып, бұғана қабырғаларын дұрыс сала алмаған жағдайлар кездеседі. Ал, қазақ медицинасында ботаның жіліншігін әкеліп, адамдардың бұғана қабырғасын алмастырып салған. Осы тектес хирургиялық негіздері бар қазақ медицинасын әрі қарай зерттеген халыққа өте пайдалы.
Мәселен, көптеген қазақ сынықшылары пайдаланып жүрген мына бір әдіс әлі де қолданыста: қисық біткен сүйектерді жылқының майыменен жібітіп, босатып қайтадан орнына салу. Бұл деген үлкен ғылым. Әдетте шағып сүйекті орнынан алсаң ол денедегі көптеген тканьдарды бүлдіреді. Ежелден көшпелі болған қазақ халқы атпенен, түйемен көп жүрген. Одан жығылып, аяқ-қолын шығарып алатын жағдайлар жиі кездескендіктен, сынықшылар түрлі әдістерді ойлап тапқан. Қазақ медицинасының осындай мамандары өз қолыменен салып, өз қолымен ота жасап сауықтырып келген. Олардың сынықты жазуда көптеген таңу әдістері бар, оны халық арасында жасау үшін рұқсат алған адамдар да жетерлік. Мәселен, Шығыс Қазақстан облысында Кәбидолла деген ақсақал бар. 80-нен асқан осы кісінің қолындағы дүниелерді біз алып қалумыз керек.
– Қазақ медицинасы әдістерін сіз өз тәжірибеңізде қолданып жүрсіз бе? Және қазақ медицинасының Қазақстандағы болашағын қалай елестетесіз?
– Көбінде біздің қолданыста шөп дәрілер, яғни тосап-дәрі, талқан-дәрі одан кейін булау әдістерін қолданамыз. Шөп дәрілермен булап емдеуде арнайы капсулалар әзірленеді. Сыртқы және ішкі қолданысқа арналған дәрілер бар. Емханада қолданылатын шөп дәрілердің нәтижелері де жаман емес. Қаншама жыл емделе алмай, табанын тоздырып жүрген науқастардың демікпе сынды аллергиялық ауруларын емдеуде шөптен жасалған дәрілер құлан таза айығуына шипа болып отыр. Дегенмен, қазақ медицинасындағы жамбастан, тамырдан қоятын екпелер Қытайдың өзінде әлі толық зерттеліп, жарыққа шыға қойған жоқ.
Оның барлығы уақыттың еншісінде деп ойлаймын. Қазақстанда қолға алынса, қазақ медицинасының мүмкіндіктері тіптен жоғары. Неге десеңіз, Қытайдағы 56 ұлттың біреуі ғана қазақ. Өз еліміз Қытайдағыдай қаражат бөліп, мамандарды ұйымдастырған жағдайда болашағы өте нұрлы. Онда бүкіл дүние жүзі халқы қазақ медицинасын мойындап, осының игілігін көрер еді деп ойлаймын. Сол себептен, Қазақстан Республикасы қазақтың қара шаңырағы болғандықтан, алдағы уақытта қолға алып, Денсаулық министрлігі, Оқу-білім министрлігі Қытайдағы колледждерден ұстаздарды шақыртып, осында жүрген мамандарды тартып оқуды ұйымдастыруға тиісті.
Бір жарым миллиард халқы бар алып Қытай мойындаған қазақ медицинасын өз елімізде қолға алса, менің ойымша, болашақта ең қиын деген ауруларды емдейтін дәрежеге жетіп, өзгелерден оқ бойы озық тұратын боламыз. Еліміз осы ғылым саласындағы адамдардың еңбегінен пайдаланып, оларды оқулық етіп, кириллицамен жазғызып,оқулық екенін мойындап, кіргізсе, осыдан мамандарды тәрбиелесе, осыған қарата клиникаларды ашса, ол халыққа өте пайдалы болатын еді. Қазақ медицинасын Қытайда тек қазақ қана емес, барлық ұлт жақсы көріп қабылдап отыр. Неліктен?
Өйткені халық Европаның химиялық препараттарынан, зиянды қоспасы бар дәрілерінен шаршаған. Зеріккен науқастар таза шөп дәрілермен қарапайым медицина әдістерімен емделуді қалайды. Одан кейін тері ауруларын емдеу, ревматизм яғни, буын ауруларын емдеу жағы өте жақсы. Тағы бір ерекшелігі қазақ медицинасынында қолданылатын дәрілерде ешқандай химиялық, гармоналдық қоспалар жоқ. Біздегі бар әдістер жерден тапқан алтындай дүние, оны дамыту керек.
– Қазақ медицинасын Қазақстанда қалай дамыту керек?
– Осы көзқарас Парламенттегі, министрліктегі атқа мінер азаматтар құлағына тисе, солар ойланса, осы бағытта ұйымдастыру жұмыстарын жүргізсе деген тілек бар. Бастапқыда Қытайдың дайын оқулықтарын пайдаланып, колледждерден бастап, университеттерде қазақ медицинасы факультеті құрылса, оған маман жетіспейді деуге болмайды. Қазірге дейін Қазақстанға келген азаматтардың ішінде қазақ медицинасының әрбір саласынан хабары бар маман жетерлік. Тіпті қажет жағдайда Америка, Германиядан да мамандарды шақыртамыз ғой, ал, Қытайдағы маман қазақ қандастарымызды, профессорларды шақыртуға неге болмасқа? Сол арқылы өзімізден де жас мамандарды тәрбиелеп, халыққа қызмет еткізу керек еді. Міне осы істі қолға алса жақсы болар еді деп ойлаймын.
Сұхбаттасқан Жания ӘБДІБЕК
Просмотров материала: 6 731