Еліміздің қоғамдық-саяси өміріндегі өзгерістеріне үнемі үн қосып, ұлттық мүдде тұрғысынан өз көзқарасын білдіріп отыратын белгілі саясаттанушы Расул Жұмалының саяси және қоғамдық кейбір мәселелерге қатысты ойын білген едік...
- Бірер күн бұрын Астраханда өткен Каспий елдерінің IV Саммитінде Каспий теңізінің бүгінгі жай-күйі, ондағы табиғи ресурстар мен аймақтағы мемлекеттердің әскери мәселелері талқыланды. Ал, Қазақстан өз құқықтарын қаншалықты қорғай алды?
- Меніңше, бұл саммит көптен күткен Каспий теңізі маңайындағы 5 мемлекеттің басшыларының бас қосуы. Мүмкін, кішігірім, екі-мемлекеттердің немесе Сыртқы істер министрлігінің деңгейіндегі кездесуі болған да шығар, бірақ мұндай деңгейдегі кездесу соңғы 5-6 жылда болмаған оқиға. Мұның өзі жақсы нышан секілді.
Бірақ, бұл саммитте нақты бір келісімдерге, уағдаластықтар болған жоқ. Сондықтан, бір мемлекет ұтты, бірі ұтылды деп бір жақты айту қиын. Бәлкім, қандай да бір ұпайларды Ресей тарапы иеленген болар. Бірақ, қазіргі геосаяси жағдайда Украинаның төңірегіндегі мәселелерге қатысты Ресейдің халықаралық тұғыры өте әлсіз.
Батыспен теке-тірескен Ресейге көптеген мемлекеттер санкциялар, бойкот жариялап отыр. Осындай жағдайда Ресей президенті Путиннің қандай бір басқосуларға қатысуы ‒ тығырықтан шығудың бір амалы. Бірақ, саммитте келсек, Қазақстан ұтылды не, ұтты деп айту қиын.
Саммиттің негізгі мақсаты ‒ соңғы жылдары тоқтап қалған келісімдерді тең дәрежеде қайта жалғастыру. Өйткені, Каспий теңізі ‒ өте түйткілді тақырып. Каспий теңізі ең алдымен, бес мемлекеттің экономикалық және саяси мәселелерінің өзегі. Себебі, Каспий ‒ өте маңызды қуат көзі, мұнайдың орасан зор қоры.
Осы өңірдегі экологиялық жағдай, судың ластануы, оның табиғатқа әсері, т.б. мәселелер қаралды. Және басты мәселе ‒ теңіздің құқықтық статусы. Яғни, теңіздің қай бөлігі, қанша аумағы кімнің меншігінде, кімнің юрисдикциясына енеді, Ортақ тәртіптері қандай деген сұрақтар.
Өкінішке орай, Каспийдің құқықтық статусы Кеңес Одағы ыдырағаннан бергі уақытта бұл мәселе әлі күнге дейін шешілген жоқ. Соңғы саммитте де ештеңе шешілмеді. Сондықтан, мен бұл саммитті маңызды бас қосу деп санамаймын.
- Өзіңізге белгілі, өткен аптада Қазақстан Парламенті Еуразиялық Экономикалық Одақ құру туралы Келісімді ратификациялау жұмысына кірісіп кетті. Алайда, қоғамда әлі күнге бұл одақтың болашағына күмән бар. Бұл үрдіске қандай көзқарастасых?
- Менің ЕЭО-қа қатысты көзқарасым өте сыни. Себебі, сөз болып отырған Ресей, Белоруссия және Қазақстан мемлекеттерінің интеграциялық құрылымы, мемлекет аралық ұйымы. Оның бірінші баспалдағы Кедендік Одақ болса, ЕЭО үштік одақтың екінші кезеңі, бұрынғыдан да тығыз, кең көлемдегі интеграциялануы кезеңі.
Бірақ, бұған дейінгі жағдайға қарасақ, Қазақстанның ұтылған тұсы зор. Мәселен, тауар айналымынан Қазақстан соңғы 4-5 жыл ішінде Ресейге және Украинаға жіберетін экпортының көлемі екі есе азайды. Бұған дейін шекараларды ашсақ, тауарларымыз еш кедергісіз сатылады деген секілді уәделер берілді. Бірақ, бұлардың біреуі де болған жоқ. Керісінше, Ресей мен Белоруссиядан келетін тауарларға біздің нарық тәуелді болып қалды.
Себебі, Кедендік Одақ аясында басқа үшінші мемлекеттен мейлі Қытайдан, мейлі Еуропадан болсын келетін тауарларға өте үлкен кедендік баждар салынады. Соның нәтижесінде өте сапасыз болса да, екі елдің импорты нарыққа еніп кетті.
Қаржылық жағынан немесе ұйымдастырушылық жағынан болсын шикі дүниелер өте көп. ЕЭО ‒ Ресейдің саяси жобасы. Бұл жобаның түпкі мақсаты бұрынғы Кеңес Одағын қалпына келтіру. Және оған енетін мемлекеттердің тәуелсіздігін өзі иемденіп, одақ тұсындағыдай басқару.
Нәтижесінде, бұл ұйымды экономикамен ғана шектемей, оны саяси деңгейге көтеруді көздеп отыр. Ортақ парламенттің 80-90% Ресей өкілдері құрайды. Барлық салада: экономика, саяси, саудалық, инвестициалық, шаруашылық, стратегиялық тағы басқа салада біздің мүдделерімізде қайшы келетін тұстар бар. Сондықтан, мен ЕЭО-қа сыни тұрғыда қараймын.
Кедендік Одақтағы қордаланған проблемаларды шешпей отырып, одан да үлкен интеграцияға енуіміз үлкен ағаттық. Және мұны жекелеген азаматтар ғана емес, басқа да қоғамдық ұйымдар, экономистер, саясаттанушылар, сарапшылар дәлелдеп отыр.
Тәуелсіз сарапшыларды былай қойғанда, мемлекет мүшелерінің өздері бұл тақырыпты талай көтерді. Қаржы министрлігі, вице-премьерлер, қаншама депутаттар да айтып келеді. Бір мәрте ағаттық жіберіп, одан кейін қалпына келтірудің орнына тағы бір тығырықты жолға түсуіміз ‒ үлкен қате. Бірақ, ЕЭО құру туралы келісімді мақұлдау үшін асықпау керек.
Қоғамдық талқылауға түсіп, біздің мүдделеріміз қаншалықты сақталуы керек деген мәселе қаралып, сарапталуы тиіс. Конституциялық кеңес келісімнің қаншалықты Конституциямызға сай екеніне сараптама жасағаны дұрыс. Себебі, Конституциямызда көрсетілгендей, біздің экономикалық шешімдеріміз ‒ Қазақстанның егемендік құқығы, басқа ешкім араласа алмайды. Ал, қазіргі келісімде экономикалық құқықтардың бір талайы ЕЭО құзырына берілген.
Осындай мәселелерді негізге ала отырып бұл келісімді қайта көтеру керек. Өйткені, мұнда Қазақстанның тәуелсіздігі сөз болып отыр.
- Соңғы жылдары Қазақстан Ауғанстанға мүмкіндігінше көмектесіп келеді. Бұл үрдіс елімізге қаншалықты тиімді? Ал, тиімсіз тұстары қандай?
- Әрине, Қазақстан Ауғанстанға көмектесіп келе жатқаны рас. Нақтырақ айтқанда, азық беу, жастарын елімізге әкеліп оқыту, т.б. жағдайларында қолдан келген көмегін жасап отыр. Мұны Ауғанстан халқына, ондағы Қазақ диаспорасына беріп отырған көмегі деп ойлаймын.
Екіншіден, Ауғанстан ‒ аймақтас мемлекет және ондағы дүрбелең бұл мемлекеттегі әлеуметік, экономикалық, мәселелердің шешілмеуінен, кедейліктің нәтижесінен болып отыр және сол саяси проблемаларды шешудің бір жол ‒ экономикалық және әлеуметтік көмек көрсету. Мүмкін, соның нәтижесінде олар өз проблемаларын шешіп алар. Егер ондағы қақтығыстар жалғаса берсе, мүмкін көршілес елдерге де зардабы тиер. Сондықтан, Қазақстан мүмкіндігінше Ауғанстан жағдайына көмектесуін қолдаймын.
Екі жайт ескерілуі керек: біріншіден, Ауғанстанның ішкі істеріне Қазақстан араласпай, тек экономикалық көмекпен шектелгені дұрыс. Және осы тұрғыда басқа бір мемлекеттердің, халықаралық ұйымдардың жетегінде жүрмеуі қажет. Кезінде Қазақстан әскері НАТО-ның нұсқауымен жіберу туралы сөз болған еді. Меніңше, Қазақстанға мұндай дүниелерге араласудың қажеті жоқ. Өзге біреулердің мүддесін де қорғамай, өзіміздің ұлттық мүдде тұрғысынан қимылдауымыз қажет.
- Қазақстандағы діни ахуалға тоқтала кетсеңіз. Әлемде «исламофобия» деген түсінік немесе ағым бар. Бұл ұғымның Қазақстанға қатысы бар ма?
- Меніңше, әлемдегі де Қазақстандағы да бұл үрдістің анық-қанығын айырып алғанымыз дұрыс. Себебі, көп жағдайда білгілі бір дінге қалыптасатын көзқарастың пайда болуы діни сауаттылықтың, бәлкім, ақпараттың жетіспеуінен туындайды.
Ислам ‒ әлемдік діндердің бірі. Оған теріс көзқарастың болуы негізсіз. Ислам ‒ христиандық немесе буддизм сияқты толық бір өркениет, миллиондаған халық ұстанатын мәдениет. Алайда, ислам діні бір бөлек, ислам атын жамылып, қандайда да арам пиғылдарын ойлап жүрген қозғалыстарды, секталарды бөлек қарау керек. Осы тұрғыдан алғанда, Қазақстандағы ислам дініне, мәдениетіне оң көзқарас бар.
Бірақ, мына нәрсені естен шығармауымыз керек: тұтас ислам өркениетіне қатысты теріс көзқарасты қалыптастырып, ақпаратты бұрмалап, исламофобияның болуын көздейтіндер ‒ белгілі бір топ өкілдері, ланкестер немесе басқа бір бағытты ұстанатын топтар.
Сырттан келген дін атын жамылып, арандатушылардың әрекеті болуы мүмкін. Әрине, бұл өте күрделі дүние. Бірақ, ең бастысы, менің ойымша, Қазақстан өзінің ерте замандардан ұстанып келе жатқан ислам дінін ұстануы керек. Бұл қазақты ұлт ретінде құраушы негізгі алғышарттардың бірі. Және осындай үрдісті кірме, азғырушы дүниелерден таза ұстауымызға тиіспіз.
Біздің идеологияға жауап беретін орындар тарапынан, діни істер бойынша агенттік немесе діни басқарма насихаттау, түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, құқық қорғау орындары мен қауіпсіздік орындары дінге қатысты келеңсіздіктер жібермеуі керек.
- Фейсбуктегі парақшаңыздан антиресейлік посттарды көзіміз шалып қалады. Мұның мәнісі неде?
- Жоқ. Менің бірде де постымда, мақаламда немесе сұхбатымда Ресейге қарсылық жоқ. Ресей‒Қазақстанға жақын, ғасырлар бойы көрші болып келе жатқан мемлекет. Тарихта бірде жағымды, бірде жағымсыз тұстар бар,отарлау кезеңі бар. Сондықтан, Қазақстан игі көршілестікті, ынтымақтастықты дамытып, оған қолынан келгенше барлық жағдайды жасауы керек.
Бірақ, бір ғана алғышарт орындалатын болса: ынтымақтастық, көршілестік тең дәрежеде жүргізілетін болса ғана жүзеге асатын болуы қажет. Бір-бірінің ішкі істеріне араласпау деген секілді халықаралық нормаларды ұстауы керек және тең дәрежедегі көршілестікті дамытуы керек.
Ал, сыни көзқарастарға келер болсақ, жиі айтылатыны ‒ бүгінгі Ресейдің «би» болып отыруы, Путин режимінің, Кеңес Одағын жаңғыртуға тырысу, сөз бостандығын, басқа да демократиялық құндылықтарды шектеу, репрессия, бағынбайтындарды өздеріне қосып алу деген секілді пиғылдар.
Ресейді оның билігінен бөлек қарастыра алмаймыз. Оның өзінің сынаушылары бар. Егер Ресейдің саяси іс-әрекеттері дұрыс бағыттта болғанда, оған қарсы өз ішінде миллиондаған топтар болмас еді. Ең айқыны, әрине, қазіргі Ресей саясаты халқының емес, билігінің жүргізіп отырған ісі.
- Еліміздегі және әлемдегі қоғамдық-саяси құбылыстарды жіті бақылап, өз пікіріңізді білдіріп отырасыз. Бұл сіздің саясаттанушы маман ретіндегі пікіріңіз, талдауларыңыз, болжамдарыңыз. Бірақ, жеке азаматтық ұстанымдар мен эмоцияға ерік бересіз бе?
- Саясаттанушы бұл саяси үрдістерді, саяси оқиғаларды сараптап, оларға мүмкіндігінше әділ, объективті бағасын беріп отырады. Яғни, бір жақтың ғана мүддесін емес, әділқазы ретінде көзқарасын білдіреді.
Бейтарап саясаттанушы бірде-бір саяси топқа, партияға енбейтін саяси ұстанымын сақтап қалған ғылыми топтар, тәуелсіз сарапшылар. Бірақ, кәсіби саясаттанушы болғанмен, кей кездері ғылыми түсіндірмелермен қатар, ұлттық проблемаларға келгенде өз ұстанымдарыңа, азаматтық көзқарастарға сүйенуге тура келеді. Сондықтан, еліміздің саяси үрдістеріне дұрыс, адал көзқарас білдіру ұлттық позицияны да бірге алып жүруге тура келеді.
- Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан Жания Әбдібек, Матрица.kz
Просмотров материала: 5 981